«Нұрлы жер\» жеке баспанаға басымдық береді

63

0

«Нұрлы жер" жеке баспанаға басымдық бередіБаспаналы болу отбасылы жандар үшін бір бақыт, үлкен қуаныш. Сондықтан да  қазақ «Үйің болмай, күйің болмайды» деп бекер айтпаған. Мемлекет халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытында «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы шеңберінде ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Әлемді экономикалық дағдарыс құрсауы шырмап тұрған жағдайдың өзінде аталған бағдарлама аясында бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге қол жеткізудеміз. Оны өзіміздің Қызылордадан анық байқауға болады. Егерде бұрынғы кезеңдері көпқабатты үйлерден құралған бір шағын ауданды салып шығуға кемінде 4-5 жыл кетсе, соңғы екі жылда екі-үш шағын аудан үйлері жыл соңына дейін салынып бітіп жатыр. Соның арқасында қаншама отбасы жаңа баспанаға ие болды.
Алайда, тұрғын үй мәселесі әлі де болса күрделі күйінде қалуда. Осы орайда мемлекет жаңа қадамдарға баруды көздеп отыр. Ақордада өткен  Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасын қолға алу қажеттігін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бүгінде тұрғын үй құрылысына арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың қолға алын¬ғанына қарамастан, xалықтың баспанаға деген мұқтаждығы жоғары болып тұр. «Біз аталған проблеманы шешудің жаңа жолын ұсына аламыз. Осыған орай, Үкіметке тұрғын үй құрылысы бойынша «Нұрлы жер» атты бірыңғай бағдарламаны әзірлеуді тапсырамын. Бұған дейін «Нұрлы жол» болса, енді «Нұрлы жер» болады. Оған қазіргі бағдарламалардың тетіктерін (ипотека, жалға алу, тұрғын үй жинақтары) енгізу керек. Жаңа бағдарламада жеке тұрғын үй салуға басымдық беру керек», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы әрбір аза¬матқа 10 сотық жер тиесілі екенін жеткізді. Алайда, ол жерді беру кезінде инженерлік коммуникациялар болуы шарт. Ондай жерде электр энергиясы мен су құбырлары тар¬тылуы қажет. «Сондықтан алдымен инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды жасап беру керек. Сол кезде жеке үйді салтындардың шығындары азаяды. Демек, біз жеке баспанаға кететін шығындардың 30 пайызын өз мойнымызға алып отырмыз», – деді Президент. Н.Назарбаевтың айтуынша, инженерлік инфрақұрылымға кететін шығындарды қайтару меxанизмін де әзірлеп қою қажет. Ал қалалардың аумағына кіретін бос жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуы шарт. Соның есебінен қазақтандықтарға қалаға жақын 10 сотық жерлерді беру көзделіп отыр. Ондай жер учаскелеріне инженерлік желілерді тарту жұмысы да арзанға түседі.
Иә, бұл жаңадан жасақталған  Үкіметке берілген алғашқы тапсырмалардың бірі болатын. Көп ұзамай жаңа Үкіметтің алғашқы отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев халықты баспанамен қамтамасыз етудің кешенді қадамы ретінде «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеуді жүктеді. «Елбасы халықты баспанамен қамтамасыз етуге кешенді қадам жасауды жүктеп отыр. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне облыс әкімдерімен, мүдделі мемлекеттік органдар және ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Аталған бағдарламаға қолданыстағы бағдарламалардағы баспанаға қатысты мәселелердің барлығы шоғырлануы шарт», – деді Б. Сағынтаев. Бұл ретте Үкімет басшысы Ауыл шаруа¬шылығы министрлігіне қолданыста бар жер қорына тиісті сараптама жүргізуді, ал өңір әкімдеріне бас жоспарларының өзгеруіне қатысты тиісті ұсыныстар жолдауды тапсырды.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл жаңа бағдарламаның әлеуметтік маңыздылығы жоғары екенін, сондықтан да оны халықпен, бизнес өкілдерімен және қоғаммен тиянақты талқылаудың керектігін атап айтқан болатын», деді Үкімет басшысы. 
Сонымен, алдағы кезеңдері жеке тұрғын үй құрылысын жандандыруға серпін беретін жаңа бағдарлама дүниеге келмек.
Ы.ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз