“НҰРЛЫ ЖОЛ” – АЙМАҚ АЖАРЫ

103

0

“НҰРЛЫ ЖОЛ” – АЙМАҚ АЖАРЫСейсенбі күні облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады
және «Нұрлы жол» бағдарламасының жұмыстарымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен ұзындығы 6 шақырымнан асатын
Сұлтан Бейбарыс көшесінен бастау алатын «Қызылорда-Жалағаш» трассасына дейінгі
магистральді көше құрылысымен танысты. Жол құрылысына облыстық бюджеттен 1 млрд
933 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда мердігер мекеме – «Автомобиль жолдары
басқармасы» серіктестігі сол қаражаттың 80 пайызын игерген. Құрылысты қазан
айында аяқтамақ.

Айта кетейік, ені 9 метр болатын жаңа жолда
автокөліктерге арналған 2 жолақты және жаяу жүргіншілер жолы мен велотрек
болады. Жол бойында 6 аялдама салынады. Сонымен қатар, жағалау толықтай
абаттандырылып, жарықтандырылады.

Жаңа жол қаладағы көп мәселені шешуге мүмкіндік
береді. Бұл жол бөгеттің де қызметін атқарады. Аудандардан келген автокөліктер
айналма жол арқылы қалаға кірмей, әуежайға немесе «Батыс Еуропа – Батыс Қытай»
халықаралық көлік дәлізіне шыға алады. Яғни, қаладағы көлік кептелісі де
азаяды. Ең бастысы, жаңа жол сол жағалаумен байланыстыратын көпірге апарады.
Тұрғындар демалып, велоспортпен шұғылдануға да ыңғайлы жер болады.

Бұдан кейін облыс әкімі «Арай-3» шағын ауданында
салынып жатқан тұрғын үй құрылысын көрді. Жаңа шағын ауданда «Өңірлерді
дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде 20 көппәтерлі тұрғын
үйдің құрылысы жүргізілуде. Тек биылдың өзінде облыс орталығында 80 көпқабатты
тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары негізінен жыл аяғына дейін аяқталып,
пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы «Сәулет» шағын ауданына
да барды. Мұнда «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы 50 пәтерлік 7 көпқабатты
тұрғын үй салынып жатыр. Әр тұрғын үйде 40 екі бөлмелі, 10 үш бөлмелі пәтер
бар. Құрылысы аяқталуға жақын. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой түзеп
жатқан бұл үйлерге 2 млрд 940 млн теңге қарастырылған. Бұрын осы аумақта ретсіз
орналасқан екі жүзге жуық автожайлар тұрған болатын. Олардың құжаттары
рәсімделмеген, ретсіз және қараусыз қалған-ды. Облыс әкімінің тапсырмасына әрі
халықтың сұранысына сәйкес, автожайлардың орнына баспана салу туралы шешім
шығарылды. Әрине, бастапқыда автожай егелері тарапынан түсініспеушіліктер
болыпты. Бірақ бүгінде бой түзеген зәулім үйлерді, көрікті шағын ауданды
көргенде қабылданған шешімнің дұрыс екендігіне көздері жеткен.

Облыс әкімі жақында ғана ел игілігіне берілген
«Бәйтерек» шағын ауданында да болды. Естеріңізде болса, 4 шілде күні 6600
азаматқа жер телімі табысталған еді. Бұл біздің өңір үшін тарихи оқиға һәм
қуанышты сәт болды. Себебі, қажетті инфрақұрылымның болмауына байланысты 2004
жылдан бері облыс орталығында ешқандай жер телімі берілмеген. Қазіргі таңда
аумағы 980 гектар
болатын шағын ауданға инфрақұрылым желілерін жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Қаражаты да дайын. Жыл аяғына дейін инженерлік инфрақұрылымға бөлінген 9,5 млрд
теңге игерілетін болады. Жеке тұрғын үй құрылысын бастаған қала тұрғындарын
мемлекет есебінен су, электр, газбен қамту нысандары мен жолдар салынады. Яғни,
жаңа қоныста желтоқсан айына дейін 75 шақырым жол төселеді, 353 шақырым су
жүйесі, 112 шақырым газ құбыры, 152 шақырым электр желілері тартылады.
Сондай-ақ, мектеп, балабақша, емдеу мекемелері сияқты әлеуметтік нысандарды
жоспарлау жұмыстары басталды. Айта кеткен жөн, республика бойынша мұндай ірі
көлемде толық инженерлік-инфрақұрылымымен тұрғын үй үшін жер телімдерін
табыстап отырған бірден-бір аймақ – Қызылорда облысы. Келешекте «Бәйтеректе» 36
мыңнан астам қызылордалық тұратын болады. Бұл жаңа шағын ауданда Тасбөгет
кентінің халқымен пара-пар ел тұрады деген сөз.

Бұдан бөлек, облыс орталығына Шиелі мен Сырдария
аудандары арқылы кіретін жолдың бойынан қақпа салынып жатыр. Құны 120 млн теңге
болатын нысандардың құрылысын «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
жүргізуде. Кіреберіс қақпалары жүк көлігі мен автобустардың жүруіне
ыңғайластырылған. Мердігер мекеме жұмысты келесі айда аяқтамақ.

Сонымен қатар, облыс әкімі қайта жаңғыртудан өткен
Шымбай көшесін аралап көрді. Соңғы 3 жылда қаланың жол құрылысын дамытуға 15
млрд теңгеден астам қаржы тартылды. Бұл қаражатқа 300 шақырымды құрайтын жолдар
орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті.

Биылдың өзінде облыс орталығында ұзын­дығы 22 шақырым
болатын 16 көшеге орташа, 24,5 шақырым болатын 80 көшеге ағымдағы жөндеу
жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 1,1 шақырымдық Шымбай және 1,5 шақырым
болатын Сүлейменов көшелері жөнделуде.

Облыс әкімі қайта жаңғыртылып жатқан «Нұр Отан»
партиясы Қызылорда облыстық филиалының ғимаратын көріп, құрылысшылардың
жұмысына сәттілік тіледі.

Қала нысандарын аралау барысында аймақ басшысы тиісті
мемлекеттік органдар мен құрылыс компания басшыларына бірқатар тапсырмалар
берді. Ең бастысы, жолдар мен ғимараттардың құрылысы қызылордалықтар
алаңдамайтындай сапалы салынуы тиіс.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз