НЫСАНДАР ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ИГІЛІГІ

52

0

НЫСАНДАР ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ИГІЛІГІКеше Астанада Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалпы­ұлттық телекөпір өтті.

 

Индустрияландыру күні
аясында өткен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты
жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы онлайн режимінде
Индустрияландыру картасының 16 жаңа нысанын іске қосты.

Атап айтсақ,
Индустрияландыру картасына енген бірегей жоба – «Karazhal Operating»
серіктестігінің барит өңдеуге арналған өндірістік кешенін іске қосуға рұқсат
берді. Сонымен қатар, «KAZ Minerals» тобының «Бозшакөл» және «Ақтоғай» кен
байыту кешендері, Батыс Қазақстан облысындағы электр стансасы мен Ақмола
облысындағы жел-электр стансалары және
Маңғыстау облысындағы «Ақтау солтүстік теңіз терминалы» ЖШС Ақтау халықаралық теңіз
сауда портын солтүстік бағытқа кеңейту жобалары іске қосылды. Елбасы Қызылорда
облысында «РМЗ-Шапағат» серіктестігінің үй құрылысы комбинатын іске қосты.

«Телекөпір барысында біз 16
жобаның іске қосылғанын бақыладық, оларда 3300 жаңа тұрақты жұмыс орны
құрылады. Олар Қазақстанның өнеркәсіп өндірісінің 8 басымдықты саласында жүзеге
асырылып отыр. Ең төменгі есептеулердің өзінде бұл жобалар біздің
экономикамызға қосымша 270 млрд теңге кіріс әкеледі», – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарды
жаңа кәсіпорындардың құрылысына атсалысуға шақырды.

«Құрметті отандастар! Бүгін
жаңа индустриялық жобаларға бастау бере отырып, біз халқымыздың басты мерекесі
– Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан
халқына сый жасап отырмыз. Бүгін мен отандық кәсіпорындардың барлығын еліміздің
индустриялық қуатын арттыруға белсене атсалысуға шақырамын. Индустрияны дамыту
арқылы ғана біз өзге елдердің көшіне ілесе аламыз. Ал, жастарды жаңа
кәсіпорындардың құрылысына қатысуға шақырамын. Бұл – уақыт талабы. Ал бүгін
экономикалық әлеуетімізді жаңа өндіріспен толықтырған, кәсіпорындар туралы жіті
баяндаған сіздерге, кәсіпорынды салған, оны пайдалануға берген қызметкерлердің
барлығына, аймақ әкімдіктеріне алғысымды
білдіремін. Қазақстанның қуатты мемлекет болуына барлығымыз үлесімізді қосайық.
Мәңгілік еліміздің мерейі үстем, айбыны асқақ болсын! Істеріңіз ілгері болсын!»
– деді Елбасы сөзін қорытындылап.

Биылғы жылы Индустрияландыру
картасы бойынша барлығы 120 жаңа нысан пайдалануға беріліп, 10 мың тұрақты
жұмыс орны ашылды. Жалпы, бағдарлама жүзеге асырылған 6 жылда елімізде 890
өндіріс іске қосылды. 85 мың адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген.
Жобалардың 90 пайыздан астамы жеке бизнестің есебінен жүзеге асты.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз