ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНДА ЖЫЛЫЖАЙ САЛЫНДЫ

83

0

Талсуат елді мекеніндегі «Мү­ге­дектерді оңалту орталы­ғында» жаңа­дан соғылған жылы­жайдың ашылу рәсімі өтті. Аталған жылыжай БҰҰ мен «SAMSUNG» ком­па­ниясының қолдауымен салынған.

Айта кетейік, БҰҰ Даму бағ­дар­ламасы облысымызда 2014 жыл­дан бас­тап жұмыс жасайды. Бұл бағдарлама арқылы жергілікті халыққа әлеуметтік, экологиялық жағынан көмек беру көзделген. Осы мақсатта әлеуметтік және білім беру салаларында жылыжайлар салынуда. Талсуаттағы жылыжай осы жұмыстардың жемісті жалғасы деп айтуға болады.

Оңалту орталығы алаңында бой көтерген жылыжай осы өңірдің аптапты желі мен ыстығына төзімді құрылыс материалдарымен салын­ған. Оның ені 7,5 метр болса, ұзын­дығы 27 метрді құрайды. Осындай игіліктің басы-қасында жүрген БҰҰ облыстағы менеджері Баян Егізбаева мұндай жылыжайдың аудан­дарда да салынып жатқанын айтты.

– Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгін мүгедектерді оңалту орта­лы­ғын­да жылыжай салынды. Енді аталған нысан осы жерден ем қабылдайтын адамдардың игі­лі­гіне жарайды. Ем алушыларды табиғи өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Ең бастысы, бұл жұмыстардың барлығы БҰҰ мен «SAMSUNG» компаниясының қол­дауымен қайтарымсыз грант арқылы жүргізілуде. Мұндай жылыжайлар Шиелі, Жаңақорған, Жалағаш, Қазалы аудандарында да пайдаланылуға беріледі, – деді Б.Егізбаева.

Оңалту орталығындағылар өз­деріне осындай жылыжай салып бергендерге дән-риза. Әсіресе, ем алушылардың қуанышында шек жоқ. Біз  орталық директоры Мейрамбек Әбдікәрімовті сөзге тартқан едік. Ол кісі ағынан жарылып, рақметін айтуда.

– Бұл жұмыстардың барлығы қай­тарымсыз грант негізінде жасалуда. Жылыжай толық іске қо­­сылған жағдайда оңалту ор­та­лығына келіп емделушілерді кө­кө­­ніспен қамтамасыз етуге болады. Осы жұмысты ат­қарып жүрген аза­маттарға, БҰҰ Қызыл­ордадағы өкілдеріне алғысым шексіз, –  деді М.Әбдікәрімов.

 

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз