ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРМЕН САНАСҚАН ОЗАДЫ

69

0

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінің күн тәртібінде алты мәселе қаралды. Оның алғашқысы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының осы жылдың 9 айында атқарған жұмыстары туралы басқарма басшысы Марсбек Молдабаев хабарлама жасады.
Ол есепті кезеңде басқармаға мемлекеттік бюджет және жеке инвестициялар есебінен салынатын нысандарға құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 296 хабарлама түскенін мәлімдеді. Оның 168-і бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан құрылыстарға қатысты болса, қалған 128-і жеке қаражатқа салынып жатқан нысандар жайлы. Құрылыс жұмыстары басталған күннен бастап оның сапасына тұрақты бақылау орнатып, орын алған кемшіліктердің нысанды қабылдағанға дейін толық жойылуын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізген.
Басқарма  есепті мерзімде жалпы 262 тексеру жүргізсе, оның 158-і жоспардан тыс, 104-і бақылаудың өзге де нысандарына қатысты тексерулер. Тексерулердің нәтижесімен анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөнінде 58 нұсқама беріліп, олардың толық орындалуы қамтамасыз етілген. Есепті мерзімде сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты жалпы 127 әкімшілік іс қозғалып, 22 млн 300 мың теңге айыппұл салу шарасы қолданылды.
Бұған қоса, сәулет-құрылыс сала¬сындағы заңнамалар мен мемлекеттік нор¬матив талаптарының өрескел бұзылуына жол берген 7 тұлғаға әкімшілік айыппұл салумен бірге сарапшы аттестатының қолданысын тоқтату «жазасы» қолданылған. Нысандарда мердігер мекемелер тарапынан қолданылатын құрылыс материалдарының сапасына лабораториялық зерттеулер жүргізілген. Нәтижесінде, мердігер «СтройТоргБилдинг» ЖШС тарапынан «Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысы» нысанына монтаждалған жабынды плиталардың сапасыз екені анықталып, берілген нұсқама негізінде бұл құрылыс материалы қолданыстан алынған.
Осы орайда облыс әкімі сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланған мекемелердің лицензиясын алуға дейінгі іс-шараларын қолдану керек деді. Сондай-ақ, құрылыс зертханаларының қызметтеріне жұмсалатын шығынды келесі жылдың бюджетіне енгізу туралы тиісті құрылым басшыларына тапсырмалар берді.
Мәжілісте жаңа сипаттағы «Атаулы әлеуметтік көмек» енгізуге дайындық барысы туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұрат Ергешбаев айтып өтті. Оның айтуынша, жаңа сипаттағы АӘК аз қамтылғандарға арналған қолданыстағы төлемдердің үш түрін біріктіру арқылы енгізіледі. Олар: АӘК, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, 4 және одан да көп 18 жасқа дейінгі көпбалалы отбасыларға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы. Жобаны 2017 жылы жүзеге асыру мақсатында, елдің барлық ауданы мен қаласынан кем дегенде 5139 аз қамтылған азаматтарды тарту үшін бюджетте 145,3 млн теңге қаражат қарастырылған.
Аймақ басшысы жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, көпшілік орындарда ақпараттардың жеткілікті болуын басты назарға алу туралы, сонымен қатар, Байқоңыр қаласында жұмыспен қамту орталығын құру жөнінде тапсырмалар берді.
Облыста дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші ол – тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту болып табылады. Жыл басынан бері өңірде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 26,5 пайызға көтеріліп, 203594 адамға жетіп отыр. Бұқаралық спортты дамыту үшін бүгінгі таңда мемлекеттік – әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджеттен 113 млн теңге бөлініп, 138 елді мекендегі 282 спорт нұсқаушысы 41040 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді. Бұл жөнінде мәжілісте дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов баяндады.
Бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту. Осы мақсатта облыс аумағында 1198 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 203190 адам қатысқан. Соңғы 3 жылда облыста 9 спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл облыстық бюджеттен 7 елді мекенде спорт кешендерінің құрылысы басталды.
Облыс әкімі осы ретте салауатты өмір салтын насихаттау маңызды мәселе екенін атап өтті. Сондықтан да аймақта бұқаралық спортты дамыту мәселесі бойынша облыстық актив өткізген жөн. Ол үшін өндіріс орындарындағы, мемлекеттік мекемелердегі, құқық қорғау органдарындағы спорттық шараларға, студенттер, ардагерлер, мүгедектер спортына зерттеулер жүргізу керек. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлкен мән беру қажет.
Мәжілісте келесі қаралған мәселе облыста жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау бағытында атқарылған жұмыстар жайында жауапты басқарманың басшысы Қайрат Тоғызбаев хабарлама жасады. Оның атап өткеніндей, жалпы көлемі 83,5 мың гектарды құрайтын жер учаскелерінде 372 бақылау шарасы жүргізілген. Жалпы көлемі 17,7 мың гектар жер учаскелерінде 289 субъекті тарапынан 330 құқық бұзушылық деректері анықталып, 156 дерек бойынша 19507,7 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, 88 дерек бойынша ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылып, әкімшілік іс өндірісі қозғалмай 86 жер учаскелерге заң бұзушылықты жою туралы нұсқамалар берілген.
– Жер – тек әлеуметтік мәселе емес, бұл саяси мәселе. Сондықтан бұл – салада бақылау тұрақты жүргізіліп тұруы тиіс, – деді аймақ басшысы. Сонымен бірге, «Бәйтерек» ауданын Қызылорда қаласының бас жоспарына енгізуді тездетуді тапсырды. Ал осы аудандағы инфрақұрылымдық желілер тиісті құрылымдар теңгеріміне беріліп, жергілікті полиция осы желілердің аман сақталуына қадағалау жасауы тиіс.
Аймақта балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы  хабарлама жасаған табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлыбек Жолдасбаев келесі деректерді көпшілік назарына ұсынды. Биылғы жылға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен облысқа 7696 тонна балық аулау лимиті бекітілді. Оның 6934 тоннасы – Кіші Арал теңізінің үлесінде. Осы жылдың 9 айында 3512 тонна балық ауланып, жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін республикалық бюджетке 80 млн теңге қаржы түскен. 2017 жылға бөлінген лимитті 100 пайызға орындау күтілуде. Облысқа бөлінген лимит негізінде балықтың 14 түрі ауланады. Нақты кезеңде облыста 8 балық зауыты жұмыс жасайды. Балық өңдеу зауыттарының жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асады. Оларда 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық зауыттарының 3-і Еуропалық сапа стандартына сәйкестігін растайтын «Еурокод» санын алған. Облыс аумағында негізінен балық өнімдерін экспорттаушы 5 мекеме бар.  Осы жылдың 9 айында 2335 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды.
Басқарма басшысы күріш атыздарынан 5 млн 699 мың  дана балық шабақтары құтқарылып, резервте тұрған су айдындарына жіберілгенін жеткізді. Сол секілді «Көкарал» су тоспасынан 6 млн 900 мың дана балық шабақтары құтқарылып, Кіші Арал теңізі мен жақын маңдағы су айдындарына жіберілді. Тағы бір жағымды жаңалық, алдағы 5-6 жылда қаяз балығын «Қызыл кітаптан» шығарып, кәсіпшілік аулау дәрежесіне жеткізуге мүмкіндік бар. Дегенмен,  аймақ басшысы өңірде балық шаруашылығын дамытудың мүмкіндігі әлі де толық игерілмей отырғанына қынжылыс танытты. Балық шаруашылығын облыстың барлық аудандарында дамытуға болады. Сондай-ақ, осы саладағы инвестициялық жобаларға инвестор тартуға бастамашылар табылмай отыр.
Мәжілісте обылыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғ.Жақсылықов аймақтағы кәсіпкерлікті қолдаудың кейбір мәселелеріне қатысты ойын ортаға салды.  Осы ретте ол экспорттаушылар орталығын құру туралы айтып өтті. Облыста ауыл шаруашылығы тауарларын экспортқа шығаратын кәсіпкерлер жеткілікті. Тауарларын экспортқа шығаруға дайындау барысында компаниялар қажетті құжаттарды алу үшін 5-7 күн аралығында 6 мекемені аралауға мәжбүр. Мемлекет басшысы 2017 жылғы халыққа арнаған Жолдауында өңірлердегі экспортерларға «бір терезе» қағидасы аясында қызмет көрсете отырып, қолдау керек деген болатын. Осы ретте ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі негізінде арнайы «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін жұмысшы органын құруды ұсынды.
Облыс әкімі кәсіпкерліктің дамуы көптеген мәселе – жұмыс орындарының ашылуына, салық базасының дамуына тікелей септігін тиігізетіндігін, сол себепті, бұл бағыттағы барлық дұрыс бастамаларға қолдау болатынын жеткізді. Сонымен бірге, мәжіліске қатысушы барлық саланың басшыларына орын алып жататын проблемаларды шешуде бүгінгі күні әлеуметтік желіні тиімді пайдалану қажеттігін ескертті. Қоғамдық пікірмен санасып, жұртшылық тарапынан болатын ұсыныстарды ескеріп отыру қажеттігін айтты.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз