ОҢАЙ ОЛЖА ОПА БЕРМЕЙДІ

142

0

Мал баққанға бітеді, бұған шүбә жоқ. Бабына қарай басы біріксе, қораға құт кіреді. Есең кетсе ешкі бақ, төресін тізгіндесең түйе бақ. Әйтеуір, шамаңа қарай шаруа етсең болғаны. Түптеп айтқанда, бүгінгідей нарық уақытында азығың да сол, қысылғанда кіріптарлықтан құтқаратын да сол.
Бағзы дәуірден дәстүр болған малшылыққа мүмкіндік келсе мойын бұрған мақұл іс. Саусаң  – сусының, сойсаң – азығың, мінсең көлігің дейтіндей қажеттілікті өзі-ақ өтейді. Алайда, ұры-қары адымыңды аштырмай жатса, оған амалың жоқ екен.
Соңғы ай – қазан-қарашада қала іргесіндегі «Сабалақ» саяжайында мал ұрлығы етек алды. Қорықпай қораға түсетін қандай бәтшағар екені белгісіз. Әйтеуір әрекеті жаға ұстатады! Санамалап көрсек, он-он бес бас ірі қара қолды болыпты. Сан соғып қалған тұрғындар тоғай-тоғайдан табаны тозып іздеді, із ізім-ғайым жоғалады да кетеді. Бұл не деген көзбайлау кәсіп. Ірі көше бойындағы бақылау камералары да бейғам. Көзден таса. Сонда кәсіби ұры болғаны ма?
Полицияға шағымданып, істің ақ-қарасын ашуды өтінген адамдардың басар тауға, шығарға шыңы қалмады. Ашу-ызасында шек жоқ. Енді қайтсін, адал бейнетпен тапқан малын айдың күні аманда жымқырып, таяқ ұстап қалды. Бірде алданыш, бірде сүйеу болған түлігі туралы сан түрлі ойға беріледі. Тіпті тұрғындар арасында «Осының астарында кім тұр екен? Қалың елдің ішіне қаймықпай кіріп, емін-еркін баса көктейтін қай «батыр»? Ұры ұсталмайтындай аспанға ұшып кеткен жоқ, жер басып жүр. Тұзаққа түскені есебін тауып шығып кетеді. Бұл қалай болғаны?» деген әңгіме шаң беріп жүр. Бір қарағанда, біреуді сыртынан ғайбаттау секілді. Десекте, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамас болар…
Естуімше, шұжық жасайтын немесе ет сататын кәсіпкерлік нысандар ұрлықы малға құмар көрінеді. Өйткені ұрылар малды оларға жарты бағасына өткізеді. Олар үшін обал-сауаптан гөрі бұл тиімді шаруа саналады. Себебі, пайдасы көл-көсір. Ал, адами тұрғыдан келгенде, біреудің зар қаққан көз жасын ескере бермейді. Демек, ақша табудың да астарында ұятты ысырып тастаған ұғым басым. Бәлкім, кәсіпкерлік нысандарға да жоспарсыз тексеру артықтық етпейтін сияқты.
«Отынды шапқанға жақтыр» деген бар. Сол секілді мал ұстаған адам оңайлықпен қазынаға қарқ бола қалмайды. Жем-шөбі, қарауы бар, біреу соңында жүрмесе малдың басы құрала бермейді. Сөйткен малы қолды болса кімнің іші ашымас? Бір анығы, елдің наласы, көз жасы жібермейді. Ол тек ұрыға ғана емес, ұрлықы малды біліп тұрып арзан алған адамға да залалы тимей қоймайды. Бұл тәңір алдындағы ақиқат.
Ілгеріде біздің ауылда Өмірзақ деген ұры болатын. Ол жылқы ұрлайтын. Жайын жүрген жылқыны не атып алады, не құрықпен тұзақтайды. Сөйтіп пышақ үсті сойып, етке өткізеді. Оның үстінен түскендер де бар, көбінше ол түн жамылып, тоғай-тоғайдан іс бітіріп жүретін. Халықтың қарғысы жібере ме, ақыры сол азаппен өлді. Бір аяғы тізгінде қалып, ат үріккен бойы сүйретіп, тепкінің астына алған. Сол кісі бір аптадай далада өлі жатты. Денесі адам танымастай бұзылып, жерлеуге мүмкін болмай қалды. Міне, елдің көз жасына қалудың мұнан артық азабы болмас.
Біз қапелімде малдан айырылған азаматтармен тілдескенде әрбір ауыздан «тәтті сөз» ести қоймадық. Бұдан ұрыға деген лағнет ниетті аңғардық. Наразы топ маған оңай олжа опа бермейтінін ұқтырып жатты.

Қ.ҚҰРБАН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз