ОБЛЫС ӘКІМІ ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

72

0

ОБЛЫС ӘКІМІ ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІБейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев білім гранты иегерлерімен
кездесті.

Айта кету керек, өңірімізде екі жылдан бері облыс әкімінің гранты тағайындалып келеді. 2013 жылы 123 түлек грантқа ие болып, студент атанса, ағымдағы жылы олардың саны 242-ге жетті. Олардың оқу ақысына облыстық бюджеттен 158,2 млн. теңге бөлінсе, онан бөлек әр студенттің тұруы мен тамағына бір жылға 95214 теңгеден қаралған.

Мұндағы мақсат жастарды металлургия, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, авиация секілді мамандыққа баулу, ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларынан шыққан талабы таудай, білімге құштар, дарынды жеткіншектерді қолдау болып табылады.

– Сіздер, міне облыс әкімі грантының иегерлерісіздер. Негізінде бұл грант әлеуметтік аз қамтылған, толық емес және көпбалалы отбасы балаларына арналып отыр. Ғылым, білімге құштар, таудай талабы бар Сыр елінің ұл-қыздарына, ауыл жастарына терең білім алып, мықты маман атануына отбасының әлеуметтік жағдайы кедергі болмасын деп осы грантты тағайындадық. Басты мақсат осы. Сондықтан сіздерге үлкен үмітпен, сеніммен қараймыз,– деді Қырымбек Елеуұлы.

Кездесу еркін форматта өтті. Облыс әкімі сонымен бірге жастарға өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде студенттер аймақ басшысына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

– Санаулы жылдардан кейін бір-бір сала­ның маманы атанасыңдар. Біздің жас мемлекетіміздің болашағы, оның өркендеп, дамуы сіздерге байланысты. Елбасының, Сыр елінің үмітін ақтап, Тәуелсіздігімізді нығайтатын тұлға болуларыңа тілектеспін, – деп аймақ басшысы жастарға жылы лебізін білдірді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Сыр өңірінің 117 түлегі шетелдердің ірі жоғары оқу орындарында білім алуда. Сонымен бірге, «Байқоңыр инвестициялық форумы» аясында қол қойылған екіжақты келісімнің нәтижесінде бүгінде 82 мектеп бітіруші Ресей есебінен Мәскеу қаласындағы Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің, 25-і Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық университетінің грант иегері атанды.

Кездесу соңында жерді мелиорациялау, баптау және қорғау мамандығының 1-курс студенті Сәбира Жұмабек студенттер атынан аймақ басшысына алғысын білдірді.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз