ОБЛЫС СПОРТЫ СЕРПІНДІ ДАМУДА

49

0

ОБЛЫС СПОРТЫ СЕРПІНДІ ДАМУДАОблыстық дене шынықтыру және
спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев биылғы жылы атқарылған жұмыстардың
қорытындысы жайлы және алдағы міндеттер туралы баспасөз мәслихатын өткізді.

Оның айтуынша, облыста дене
шынықтыру және спортпен шұғылданатын тұрғындар үлесі 25,3 пайызға жетті.
Халықтың жаппай бұқаралық спортқа ден қоюына бюджеттен 106,3 млн. теңге
бөлініп, 263 спорт нұсқаушысы 133 елді мекенді қамтып, 41580 адамды тұрақты
дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді. Бұқаралық спортты дамыту,
салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 1407 бұқаралық-спорттық шара
өткізіліп, оған 370 086 адам қатысқан. Ал халықтың спорттық нысандарға деген
қолжетімділігін арттыру мақсатында Нағи Ілиясов ауылында осы ауылдың инвесторы
қаржысына стадион мен спорт кешені биыл қолдануға берілсе, Қазалы, Жаңақорған
аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Сондай-ақ, ұлттық ат
спорты түрлерін дамыту мақсатында 3000 орындық ипподром пайдалануға берілді.
Бұған қоса Қазақстан бокс федерациясының қаржысына қаламызда бокс орталығы
салынды. Мұның барлығы мемлекет пен жекенің әріптестігі негізі аясында салынған
спорт нысандары.

Жыл басынан бері аймақ
спортшылары ҚР чемпионаттарында 467 медальды иеленді. Оның ішінде 153 алтын,
121 күміс, 193 қола медаль бар. Азия және әлем біріншіліктерінде 44 медальға
қол жеткіздік. Оның жартысы алтын, қалғандары күміс, қола медальдар.

Сонымен қатар 10 халықаралық
дәрежедегі спорт шебері, 30 спорт шебері, 293 спорт шеберіне үміткерлер
дайындалып, Ұлттық құрама командасына жергілікті 306 спортшы енді.

Ел байрағын шетелдерде
желбіретіп жүрген спортшыларға келсек, тоғыз­құмалақтан ересектер арасында
Хәкімжан Елеусінов екінші мәрте Әлем чемпионы атанды. Еркін күрестен Дәулет
Ниязбеков Азия чемпионы атанса, шахматтан Әсел Серікбай Азияны бағындырып,
облыс тарихында алғашқы болып ФИДЕ шебері атағына қол жеткізді. Сондай-ақ,
каратэ-додан қаршадай қызымыз Мөлдір Жаңбырбай Тбилисиде әлем чемпионы атағын
жеңіп алды. Ойлылардың жарысы – шахматтан жасөспірімдер арасында Назерке
Нұрғали, велоспорттан жастар арасында Асылхан Тұрар және кикбоксингтен
ересектер арасында Алтынбек Жүнісов Азияны бағындырды. Ауыр атлетикадан өткен
Азия чемпионатында Рүстем Сыбай алтыннан олжа алса, Мағжан Шамшадин жастар
арасында әлем чемпионы атанып, Қазақстан Туын көкте желбіретті. Ал кеше ғана
Хьюстонда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Александр Зайчиков алтын
жүлдені алса, Алмас Өтешов күміс жүлдені еншіледі. Сондай-ақ, өткен қазан
айында Қазақ хандығының 550 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20
жылдығына арналған ұлттық спорт түрлерінен IV республикалық фестиваль
ұйымдастырылып, онда облыстың құрама командасы жүлделі 1-орынды иеленді.

Жоғары білікті спортшылар
және спорт резервін әзірлеу бағытында спорт түрлерінен 8 ҚР чемпионаты,
гандбол, таэквондодан ҚР IV жазғы спартакиадасы, ұлттық спорт түрлерінен IV
республикалық фестиваль, 3 халықаралық және 23 республикалық турнирлер
ұйымдастырылып өткізілген.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз