«ҚОРҚЫТ АТА МҰРАСЫН» ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне дайындауда

79

0

«ҚОРҚЫТ АТА МҰРАСЫН» ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне дайындаудаОблыс әкімдігінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне «Қорқыт ата мұрасы” көпұлттық номинациясын дайындау бойынша сараптамалық кездесу өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның бас хатшысы Әсел Өтегенова, Ұлттық комиссия жанындағы Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау комитетінің төрайымы Ханзада Есенова, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзірбайжан, Қырғызстан және Түркия елдеріндегі Юнесконың ресми өкілдері мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысты. Кездесу барысында номинацияны дайындау жұмысының іс-әрекет жоспары бекітіліп, ағымдағы жылдың наурыз айына дейін оны бүкіләлемдік мұралар орталығына жеткізу қажеттігі айтылды.
– Ұлттық құндылықтарды ардақтау, оны көздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа сабақтастық ретінде табыстау, мәдени мұрамызды әлемдік ғылыми орталықтарға таныту бағытында түрлі шаралар қолға алынды. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның облыстағы жұмысы жемісті нәтиже беруде. Айта кету қажет, материалдық емес мәдени құндылықтарды қорғау туралы конвенция 2003 жылы қабылданып, 2011 жылы біздің елде ратификацияланды. 2003 жылы Елбасы тапсырмасымен «Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы да қабылданды. Осылайша, Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып ауқымды жобаны жүзеге асырды. Соның нәтижесінде ЮНЕСКОның мәдени мұралар тізбесіне көптеген ұлттық құндылықтарымыз енді. Мәселен, 1-2 жыл көлемінде бүкіләлемдік мұралар тізбегіне қазақтың киіз үйі, айтыс және күй өнері қосылды. Бүгінгі Ұлттық комиссия отырысының келесі этапында да Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ұсынған Қорқыттың күй-мұраларын әлемдік мәдени құндылықтардың қатарына қосу жұмысы таныстырылды. Әріптестік байланыс арта  берсін деген ниетпен семинар жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Р.Рүстемов.
Келесі кезекте сөз алған Дархан Қыдырәлі философиялық мазмұны  терең аңыз кейіпкері Қорқыт баба  рухани болмысымыздың алтын арқауы екенін, оның қалдырған «Мәңгілік өмір” идеясы Елбасы Н.Назарбаев тұжырымдаған «Мәңгілік ел” концепциясымен сабақтасатынын айтып өтті. Сондай-ақ, спикер Түркияның Байбұрт қаласында да, Кавказда да Қорқыттың мазары болғанымен, Қорқыт мазарларының негізгісі – Сыр бойында тұрғанын, күйлерінің тек қазақ арасында сақталуы, басқа түркі халықтарында кездеспейтін Қорқыт аңыздарының бүгінге дейін қазақ арқылы жетуі – Қорқыт мұрасының мұрагері қазақ екенін көрсететініне тоқталды.
Жалпы, маңызы мол кездесуде бірқатар мәселенің басы ашылды. Ұсыныстар қаралып, ғылыми баяндамалар тыңдалды, презентациялық жұмыстарға мән берілді. Ал ең бастысы, сырбойылықтардың Қорқыт бабаның күй мұрасы дүниежүзілік мәдени құндылықтар қатарын толықтырса, беделді ұйымның материалды емес игіліктерінің тізіміне енсе деген арманына қанат бітті.
 
«ҚОРҚЫТ АТА МҰРАСЫН» ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне дайындауда
«ҚОРҚЫТ АТА МҰРАСЫН» ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне дайындауда
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз