ҚОС ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАҒАН ЖАН

48

0

ҚОС ЖҰЛДЫЗЫ  ЖАРҚЫРАҒАН  ЖАНҚасиетті
Жер-Ана адам баласына бойындағы барын да, нәрін де беріп келеді. Еңкейіп еңбек
еткенге омырауы иіп, бойындағы құнарын ұсынады. Жастайынан қойнауы қазынаға толы Жер-Ананың
төсін емген жандардың құрметке бөленуі заңдылық сияқты. Социалистік Еңбек ері, Батыр ана, Қармақшы
ауданының Құрметті азаматы Сәлима Жұмабекова 80 жастың сеңгіріне халқының
қошеметіне бөленіп жетіп отыр.

Сәлима апаның еңбек жолы соғыстан кейін ел есін әрең
дегенде жинаған кезде басталды. Ол өз
заманының балалары сияқты ерте есейді. Әкесімайдан даласында ерлікпен қаза тапты. Тұрмыстың, күнкөрістің ауыр азабы
балалықтың бал дәмін татқызбады. Жас болса да анасы мен апасына көмекші болды.
Буыны қатпай тұрып масақ терді, сиыр бақты, сауыншы болды. Сегізінші сыныпты
бітірісімен оқуды сырттай жалғастырып, сауыншы анасы Ақсалыға көмекшілікке
барды. Одан құрылысқа ауысты. Бұл Қармақшы ауданының күріш өсіруге бағыт алып,
егіншілік мәдениетін жаппай меңгеруге бетбұрыс жасаған кезеңі еді. Атақты диқан
Ыбырай Жақаев бүкіл облыс жастарына үндеу тас­тап, оларды күріш егуге шақырды.
Совхозда күріш егісінің көлемі ұлғайып, шаруашылық басшылары осы кәсіппен
айналысатын адамдардан звено құрмақ болды. Сәлима апа жиналыс үстінде ешкімнің қозғала қоймағанын байқап, тізімге
өзін жазуды сұрайды. Сонда балалары жетілмеген жас келіншектің қайсарлығына
жиналғандар таңқалған еді.

Күріш егісінің көлемі күрт өскен 1963 жылдары диқан кетпенін ұстады. Ленин орденді күрішші
Шәймерден Шегебаевтың үйретуімен
күріштен мол өнім алды. Сол уақытта
аудан шаруашылықтарында қызмет атқарған Нұртілеу Салықов «ол кезде Шәкең күріш
тұқымын үлкен қамбаға салып жуып, оған топырақ, минералды тыңайтқыштар
араластырып, күріш тұқымын әбден ісіндіретін. Суда шайылған тұқымның жармағы,
қауызы, салмақсызы су бетіне қалқып шығатын. Ал, жерге өзге қоқыстар мен басқа
да құрт кесек секілді қоқыстардан айырып, таза тұқым ғана себілетін. Бұл әдісті
Шәймерден ақсақалдың «яровизация» деп айтатынын ол кісінің аузынан талай
естігенмін. Міне, осы әдістерді Шәкең ақсақал Сәлимаға да үйретіп, күріштен мол
өнім алудың жолдарын барынша ұғындырғаны соншалық, кейінгі жылдары ауданда және
облыс көлемінде күріш тұқымын ісіндіріп себу үрдіске айналды. Ол үшін көне
комбайнның астық жинайтын бункері кеңінен пайдаланылды. Оған суда ерітілген
аммиак ерітіндісі салынды. Бұл жұмыстар кезінде өте жоғары дәрежеде өз жемісін
берді. Кейін егіншілікте сортты тұқымдарды пайдалану кең етек алып, әрі тұқымды
күз бен қыста қайта-қайта тазалау жұмыстарын жүргізіп үлгеруге қол жетіп, тұқымды жуу кейінге шегерілді.
Дегенмен, тәжірибелі мамандар бұл жұмысты әлі де жалғастырып келеді,– деп
жазады.

 

Он жылдан кейін Қармақшы топырағынан да Сәлима
Жұмабековадай жүз центнерші диқан шықты.1973 жылы 20 гектар күріштің әр гектарынан 113 центнерден өнім жинады,
1974 жылы әр гектардан 100 центнерден өнім алды. Сәлима апа 1978 жылдың
көктемінде звено құрды. Жастарға еңбекті сүюді үйретіп, жігерлерін жаныды.
Күріш дақылын баласындай мәпелеуді
үйренген звено мүшелерінің де мерейі үстем болды. Кейін отбасылық звено
жасақтап, үлкен ұлдары Орынбасар, Жарылқасынмен бірге тегістелмеген учаскені
игерді. Жойқын жұмыс атқарып, қайсарлық пен табандылықтың ерен үлгісін
көрсетті. Отбасылық звено 60 гектар учаскенің әр гектарынан орта есеппен 83,6
центнерден өнім жинады. Ал Сәлима апаның өз қарауындағы 20 гектардан 106
центнерден маржан дән тасқындады. 1980 жылдың көрсеткіші де осы деңгейден
түспеді. Сөйтіп диқан әр гектардан 108 центнерден өнім алса, ұлдары әр гектарға
80,1 центнерден айналдырды.

 Еңбегі жанған Сәлима апа Одақтық дәрежедегі депутат
болумен қатар, КПСС-тің ХХVІ съезіне және Қазақстан Компартиясының ХІІІ-ХІV съездеріне делегат болып қатысты.
Дала төсінде таңды таңға ұрып, Сыр маржанын өсірудегі еңбегі мемлекет тарапынан
дер кезінде бағаланып, «Құрмет белгісі», «Ленин» ордендерін иемденді. 1980 жылы
Социалистік Еңбек ері атанды. Он бір бала тәрбиелеген Батыр ана 2000 жылы «Ғасырдың батыр анасы» атағын алып,
келер жылы Астанада Елбасының қабылдауында болды. 2005 жылы 70 жасқа толуына
байланысты Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» атағы салтанатты түрде
тапсырылды.

Бүгінде елдің
анасына, тілеуқорына айналған Сәлима апа келелі жиындарда «Мұндай атақ-даңққа
ие болуым өзімнің еңбексүйгіштігім, адал маңдай терімнің жемісі болар, бірақ
қасиетті ауылымның киелі топырағы, елдің бірлігі, сыйластықтары, ірі тұлғалар
бастап кеткен жолының шапағаты деп білемін», – деп ағынан жарылады.

Сексен жастың
биігіндегі Батыр ана елдің елдігін, ынтымағы мен бірлігін айғақтайтын
шаралардан шет қалмайды. Білгені мен түйгенінжастарға үйретуге әркез дайын. Өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген
ауылының қоғамдық жұмыстарының басында жүреді. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты өз
ойларын білдіріп, ақылын айтып отырады.Жары Ноғай екеуінен өрбіген ұрпақ бұл күні бір қауым елге айналып, әрқайсысы
әр салада қызмет етіп жүр. Ал тамырын тереңге жіберген алып бәйтерек іспетті
Батыр ана Сәлима Жұмабекова балаларынан тараған немере-шөберелерінің амандығын,
елдің тыныштығын тілейді. Маңдай тердің өтелгенінен артық бақыт жоқ деп
санайды. Еңбектің өрге бастайтынын, ер атандыратынын, елдің алдында еңсеңді
биік ететінін айтудан жалыққан емес.

М.МЕРЕЙ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз