ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

152

0

Мерейлі отбасы

 

ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫАсқар Тоқмағамбетов атын­­­дағы қалалық мәдениет үй­ін­­де
«Мерейлі отбасы-2016» бай­қауының жеңімпаздарын ма­ра­паттау рәсімі өтті. ­Сал­та­­нат­ты
шарада сөз алған ­облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жеңімпаздарды арнайы құттық­тап, мемлекет тарапынан
отбасына көрсетіліп отырған қолдау­ларға тоқталды.

– Мемлекет тарапынан отбасына жасалып отырған ерекше
қамқорлық пен жүйелі көмек әрбір қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін
күн өткен сайын нығайта түсуде. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы,
көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар өлшемі жыл сайын
өсуде. Айта кету керек, ағымдағы жылдың І жартыжылдығы бойынша облысымызда бала
туу көрсеткіші 33,5 пайызға өсіп, өңіріміз республика бойынша алдыңғы қатарға
шықты. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен алтын құрсақты
аналарымыздың 14 мыңға жуығы «Алтын алқа» белгісімен марапатталса, 12 мыңы
«Күміс алқа» иегері атанды. Отбасы – ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда, адам
бойындағы асыл қасиеттерді қалыптастыруда рухани-адамгершіліктің ­бастауы.
Сіздер, әрқайсысыларыңыз, өз отбасыларыңызды берік сақтау, өнегелі ұрпақ
тәрбиелеу арқылы еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып
келесіздер, – деді аймақ басшысы.

«Мерейлі отбасы» конкурсы елімізде отбасы құндылықтарының
артуына, бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыз­дылығын насихаттауда
орны ерекше, өнегелі шараның біріне айналып келеді. Елбасының бастамасымен 2014
жылы алғаш өткізілген бұл сайыс бүгінде дәстүрге айналды. Үшінші мәрте
ұйымдастырылған байқауға жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Өткен жылы
өнегелі сайыста 146 отбасы бақ сынаса, биыл қатысушылар саны 297 жанұяға жетіп
отыр. Айта кетейік, былтыр Айымбетовтар мен Нұрмағанбетовтар отбасы аталған
байқаудың жеңімпазы деп танылып, республикалық кезеңге жолдама алған болатын.
Үстіміздегі жылы байқаудың облыстық кезеңіне әр ауданнан 4 отбасы жолдама алып,
нәтижесінде 32 жанұяның құжаты облыстық комиссияның қарауына ұсынылған еді.
Облыстық комиссияның шешімімен 8 отбасы үздік деп танылып, марапатқа ие болды.

Марапаттау рәсімінде І орынды Жаңақорған ауданынан келген
Сыздықовтар отбасы мен жалағаштық Мұстафаевтар әулеті жеңіп алды. Ал жүлделі ІІ
орынға Жалағаш ауданының тұрғыны Сүлейменовтер отбасы мен қар­мақ­шылық
Құлмырзаевтар ­отбасы лайық деп танылды. Келесі орынды Шиелі ауданынан келген
Ноғайбаевтар жанұясы мен қызылордалық Әбдірахмановтар отбасы иеленді. Жүлделі
орындардан бөлек «Ізгілікті шаңырақ” номинациясымен Сырдария ауданынан келген
Жүсіповтер отбасы марапатталса, «Үздік шебер” номинациясына қызылордалық
Жақыповтар отбасы тұрақтады.

Аймақ басшысы барлық қатысу­шыларды құттықтап, дипломдар мен
естелік сыйлықтар табыстады. Алдағы уақытта жеңімпаз отбасылар Астана қаласында
қыркүйек айында отбасы күніне орай өтетін шараға қатысатын болады. Марапаттау
рәсімі мерекелік концертке жалғасты.

 

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз