ОТАНДЫҚ ӨНІМДІ ҚОЛДАУ МАҢЫЗДЫ

54

0

ОТАНДЫҚ ӨНІМДІ ҚОЛДАУ МАҢЫЗДЫЕлбасы Нұрсұлтан
Назарбаев жұмыс сапары аясында Алматы қаласы және Алматы облысында болып, бірқатар
нысандарды аралап, жұртшылықпен кездесті.

Елбасы Алматы қаласында орналасқан №125 балабақшасында болды.
Жұмыс сапары барысында жаңа ғимаратты аралап көріп, мемлекет-жекеменшік серіктестігін
дамыту бағдарламасы аясында салынған балабақша қызметімен таныс­ты. Мемлекет басшысына
сондай-ақ қаланың әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық мақсаттағы нысандарының құрылысы
туралы баяндалды.

Қазақстан Президенті мекеме ұжымымен және тәрбиеленушілердің ата-аналарымен
әңгімелесу кезінде елімізде қазір мемлекет-жекеменшік серік­тестігі аясында әлеуметтік
жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

– Осындай жобалар үшін мемлекет жер береді, коммуникацияларын
қамтамасыз етеді, жол салады. Ал бизнес нысанның құрылысына қаражат салуы
керек. Мемлекет пен жекеменшік сектордың ын­­­­­­тымақтастығы осы, –деді
Нұрсұлтан Назарбаев.

Жалпы алаңы 3,5 мың шаршы метр болатын, 216 орындық балабақша
мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын азайту жобасы аясында салынған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы»
ЖШС-да болды. Елбасы нысанды аралау барысында кәсіпорын қызметімен және оның
өндірістік цехы жұмысымен танысты. Сондай-ақ, қаладағы жеңіл өнеркәсіптің ірі
және орташа кәсіпорындары өнімдерінің көрмесін аралап көрді.

Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорын ұжымымен әңгіме барысында
отандық өндірушілерді халықтың қолдауы маңызды екенін айтып өтті.

– Барша қазақстандықтарға өзіміздің отандық тауарларды, соның
ішінде «Мade in Kazakhstan» белгісі бар аяқ киімдер мен костюмдерді сатып алу
қажеттігін айтқым келеді. Егер жеңіл өнеркәсіп ілгері басатын болса, сала
кәсіпорындарында жұмыс істейтіндер еңбекақы алып, мемлекетке салық төлейді. Бұл
бәріне тиімді – бюджетке түсім түседі, елде өзіміздің өндірген тауарларымыз
пайда болады. Яғни, өнім сапасын ұдайыжетілдіріп отырған жөн, – деді Қазақстан Президенті.

«Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» ЖШС – аяқ киім мен киім, соның
ішінде әскерилер мен күштік құрылымдарына арналған киімдер шығаратын ірі
өнеркәсіптік кәсіпорын. Фабрика жұмыс істей бастаған 2011 жылдан бері
жұмысшыларының саны 15 есеге артты.

 

***

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
жұмыс сапары барысында Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбекті және Алматы облысы
әкімі Амандық Баталовты қабылдады.

Елбасы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекпен кездесу
барысында экономикалық, қаржылық, мәдени және білім орталығы ретінде бүгінде
Алматының ел дамуында зор маңызы бар екенін айта келіп, қалада мемлекеттік
бағдарламаларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

– Алматы – үлкен қала, оны басқару күрделі міндет жүктейді
және бұл осында болып жатқан үдерістерді терең талдауды қажет етеді. Инвестиция
тарту, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту осы кезеңде жұмыстың негізгі
бағыттарының бірі болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, көші-қон
ауқымы өсуін ескере отырып, қаладағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне
айрықша көңіл бөлуді тапсырды.

Б.Байбек қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі
көрсеткіштері, инвестициялық және инфрақұрылымдық бағдарламалардың жүзеге
асырылу барысы туралы баяндады. Әкім сондай-ақ өнеркәсіпті дамыту, қаланың 2017
жылғы Универсиадаға дайындығы мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Соңында Қазақстан Президенті елдегі ірі қаланы басқару зор
жауапкершілік жүктейтініне тағы да назар аударды.

– Мегаполис ауқымын ескере отырып, Үкімет қолдау көрсетуге
тиіс. Қалада тәртіпке келтіретін көп жұмыс бар. Әсіресе, террорлық қатер
ұлғайып келе жатқан қазіргідей жағдайда
құқық қорғау органдарының үйлесімді қызмет еткені маңызды, – деді Нұрсұлтан
Назарбаев.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты
тапсырма берді.

Алматы облысындағы сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс
әкімі Амандық Баталовты қабылдады. Кездесу барысында өңір экономикасын
тұрақтандыруды жалғастырудың, мемлекеттік бағдарламаларды орындаудың, сондай-ақ
жұмыспен қамтылуды ұлғайту және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында
дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Алматы облысының әкімі өз сөзінде облысты дамытудың негізгі
бағдарламалық құжаты осы мақсатта арнайы әзірленгенін, он алты бағытты қамтитын
Жоспар болғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар
берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз