ОТАНДЫ ҚОРҒАУДАН АСҚАН БОРЫШ ЖОҚ

42

0

 

ОТАНДЫ ҚОРҒАУДАН АСҚАН БОРЫШ ЖОҚКеше облыс әкімі Қырымбек
Көшербаевтың төрағалығымен селекторлық режимде аппараттық мәжіліс өтті. Онда
жергілікті өзін-өзі басқару және әскерге күзгі шақыруды ұйымдастыру мәселесі
қаралды.

Бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік
жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Р.Ысқақова баяндама жасады.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі негізінде қала және
ауылдық округ әкімдеріне ақылы қызметтерден түсетін кірістер мен ерікті
жинаулар, айыппұлдар және тағы да басқа түсімдер көзін қарастыру құқығы
берілгені белгілі. Қазіргі күнде қала және ауылдық округ әкімдіктері өз алдына
дербес есеп шоттар ашты. Оны жергілікті қауымдастық өкілдерімен бірлесе отырып
жұмсау құқығын да алды. Алайда көрсеткіш көңіл көншітерліктей емес. Шоттарға
осы қаржының түсуі әлі де мардымсыз.

Дәлірек айтсақ, облыста 146 ауылдық округте жергілікті
қоғамдастық құрылған. Алайда бүгінгі күнге дейін облыс бойынша қолма-қол
бақылау шотындағы қаржы – бар болғаны 19 миллион теңге. Яғни, ауыл әкімдерінің
жұмысы әлсіз, заңмен белгіленген мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отыр.

Баяндамашы Р.Ысқақованың санайғағына сенсек, 49 ауылдық
округтер бойынша мүлдем түсім жоқ. Мысалы, Арал ауданы бойынша Арал қаласынан
тек жарнаманы орналастырудан түсетін түсімдер 425,2 мың теңгені құрады. Қалған
елді мекендер тарапынан жұмыстар жасалмай отыр. Қазалы ауданы бойынша
түсімдердің екі түрі (ерікті, мүлікті жалға алудан) 814,8 мың теңге, Қармақшы
ауданы бойынша салықтардың барлық түрінен 2 351,1 мың теңге, Жалағаш ауданы
бойынша 424,1 мың теңге, Сырдария ауданы бойынша ерікті және мүлікті жалға алудан
түскен түсім 161,3 мың теңге болып отыр. Ал Шиелі ауданы бойынша салықтардың
барлық түрінен 2 034,3 мың теңге жиналған. Аудандағы 23 ауылдық округтің
алтауында жұмыстар жүргізілмеген. Жаңақорған ауданы бойынша салықтардың барлық
түрінен 6 777,6 мың теңге, бұл жерде 26 ауылдық округтен 12-де жұмыстар
жүргізілмеген. Тек Қызылорда қаласында барлық ауылдық округтерден түсімдердің
екі түрі бойынша 6 885,1 мың теңге құралған.

Ал қолма-қол бақылау шоттарына түскен түсім де жөнді
игерілмеген. Мәселен, 146 ауылдық округ әкімдігінің 133-де қаржыны жұмсау
бойынша жұмыс жасалмаған.

– Бұл жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі бойынша ауылдық
округ әкімдерінің жұмыс жүргізбегенінің айғағы. Қаржының түсуі де, жұмсалуы да
мүлдем сын көтермейді, – деді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы.

Осы ретте, аймақ басшысы барлық ауылдық округтердің
әкімдеріне орын алған кемшіліктерді жою қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Қырымбек
Елеуұлы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айта
келе, қала және аудан, ауылдық округтердің әкімдеріне бірқатар тапсырмалар
жүктеді.

Мәжілісте қаралған екінші мәселе күзгі әскерге шақыруды
ұйымдастыру мен Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүргендердің жайы
болды. Жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығының
басшысы С.Сермағамбетовтің баяндауынша, биылғы жылы облыс бойынша әскери есепте
52 409 азамат есепте тұрса, оның ішінде 28 693-і шақыруға жатпайтындар, әскери
қызметке шақыруға жататындары 23 716 азаматты құрайды. Биылғы көктемгі мерзімді
әскери қызметке облыс бойынша 4 641 азамат шақырылып, оның ішінде 701 азамат
Қазақстан Республикасының әскери күштері қатарына жөнелтілді. Ал күзгі мерзімді
әскери қызметке шақыру науқаны басталғалы бері әскер қатарына 120 азамат
алынды. Бұл жұмыс әлі жалғасуда.

– Бүгінде 600-дей азамат әскерге барудан қашып жүр. Әскерден
жалтарғандардың ең жоғары көрсеткіші Қазалы мен Қармақшы аудандарында. Нақты
айтсақ, 224 қазалылық пен 109 қармақшылық Отан алдындағы парызын өтегісі
келмейді. Әскерден жалтарушы азаматтардың аты-жөні бұқаралық ақпарат
құралдарына жариялануы керек. Тепсе темір үзетін, бірақ әскери борышын өтеуден
жалтаратындармен күресті қатаң жүргіземіз, – деді аймақ басшысы. Осы ретте
облыс әкімі бірқатар тиісті құзырлы орындардың басшыларына тапсырмалар берді.
Ал қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Дәулетқали
Нұржоғинге әскерге шақыруды жүйелі ұйымдастыру және осы бағыттағы жұмыстарды
жандандыру керектігін айтып, қатаң ескерту жасады.

Сонымен қатар, облыс әкімі әскерге шақырушылардың денсаулығын
тексеретін аудандық медициналық комиссияның жұмысын сынға алды. Себебі, бүгінгі
күнге дейін облыстық жиын пунктінің медициналық комиссиясынан денсаулығы
жарамсыз болып 6 азамат кері қайтарылған. Ал оларды аудан «жарамды» деп
жіберген. Осыған орай облыс әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасы
басшылығына медициналық комиссия құрамындағы дәрігерлердің жауапкершілігі мен
біліктілігі мәселесін қайта қарауды жүктеді.

 

Дәурен
ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз