ОТБАСЫНЫҢ БІРЛІГІ – ОТАННЫҢ БІРЛІГІ

49

0

ОТБАСЫНЫҢ БІРЛІГІ – ОТАННЫҢ БІРЛІГІКеше Астанада биыл елімізде алғаш рет өткізіліп отырған «Мерейлі отбасы»
Ұлттық байқауы мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Жеңімпаз отбасыны
Мемлекет басшысы құттықтап, арнайы диплом және қазақстандық өндірісте құрастырылған
шағын автобус кілтін табыс етті.

– ХХI ғасырдың ортасында отбасылары­ның басым көпшілігі тыныштық пен молшылықта өмір сүретін ел ғана ең дамыған мемлекет қатарында болады. Балаларды тәрбиелеп, оларға сапалы білім береді, аға буынға қамқорлық көрсетеді, саламатты өмір салтымен жүреді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті отбасылық қаты­настарды, моральдық-этикалық және рухани адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы осынау маңызды жұмыстың басты орталығы Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия болуы тиістігіне тоқтала отырып, оның құрамын күшейту және жұмысына азаматтық қоғамның беделді өкілдерін тарту қажеттігін айтты.

Қазақстан Президенті бірінші рет өткізіліп отырған, 15 этностың отбасылары мен 34 аралас отбасы қатысқан «Мерейлі отбасы» байқауының маңыздылығын атап өтті.

– Әрбір отбасының тарихы, бұл – Қазақстан тұрмысының үлкен энциклопедиясы. Ең лайықты және құрметті отбасылар өңірлік байқаулардың жеңімпазы болды. Осы отбасылардың әрқайсысы туралы роман, повесть жазып, фильм түсіруге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Марапаттау рәсімінде Елбасы Бимаханбетовтер отбасына диплом және отандық өндірістен шыққан әмбебап шағын автобустың кілтін тапсырды және қалған 15 отбасы да автокөліктерге ие болатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев же­ңім­­паздарды құттықтады жә­не Қа­зақстанның барлық отбасыларына денсаулық, бақ-береке тіледі.

Байқауға Қазақстанның барлық өңір­лері­нен жалпы саны 1298 отбасы қатысты. Ал ақтық мәреге смс және интернет-дауыс беру арқылы өңірлік турлар қорытындысы бойынша 16 үміткер-отбасы шықты.

Жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» Ұлттық
байқауы адамгершілік құндылықтарды және неке мен отбасының жағымды образын
қалыптастыру, отбасы мәртебесін көтеру мақсатында Мемлекет басшысының Өкімімен
бекітілген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз