ҚОЙ ЖЫЛЫ 2600 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

51

0

ҚОЙ ЖЫЛЫ 2600 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫЖаңа жыл қарсаңында 120
қызылордалық отбасы баспаналы болды. Яғни, сәрсенбі күні облыс орталығында екі
бірдей көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның бірі – Жаппасбай батыр
көшесінен бой көтерген. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы
аясында салынған үйге пәтер кезегінде тұрған 60 қызылордалық отбасы қоныстанды.
Осы орайда, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қоныстой иелерін құттықтап, жаңа
пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

Жалпы, толағай табыстарға
толы Қой жылы Сыр өңірі үшін қоныстой жылы болып тарихта қалмақ. Олай деуге
себеп, бұл жылы 2600-ден астам отбасы жаңа баспананың кілтіне қол жеткізді. Дәл
мұндай құрылыс қарқыны аймақта бұрын-соңды болған емес.

– Елбасының әлеуметтік саланы
ерекше қолдауының арқасында тұрғын үй құрылысы Қызылорда облысында жоғары
қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Айта кетейік, Қызылорда облысында құрылыс
көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 3,5 есеге өссе, облыс орталығы – Қызылорда
қаласында 8 есеге артып отыр, – деді аймақ басшысы.

Үйлі болғандардың арасында
Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ата-ана қам­қорлығынсыз қалған жастар,
сондай-ақ кезекте тұрған өнер, спорт саласы мамандары мен ұстаздар да бар.

 

 

 

АПАТТЫ ҮЙ
ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ

 

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында
облыс орталығындағы Титов шағын ауданында да 60 пәтерлі үй ел игілігіне
берілді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қоныстой иелеріне жаңа пәтердің кілтін
табыстап, қуанышымен бөлісті.

Аталған тұрғын үй бұрын
жарамсыз болып қалған баспананың орнына салынды. Апатты үйде тұратын 192
қызылордалықтың 60-ы бүгін баспаналы болды. Облыс әкімі келесі жылы тағы 160
пәтер халық игілігіне беріледі деп отыр. Сонымен апатты үйлер мәселесі толық
шешіледі.

– Биыл Қызылордада 53
көпқабатты үй бой көтерді. 2014 жылы 264 пәтер пайдалануға берілсе, биылғы жылы
2652 отбасы баспаналы болды. Бұл – Қызылорданың тарихында болмаған құрылыс.
Қоныстарыңыз құтты болсын! Үйлеріңізден сәбидің күлкісі арылмасын. Жаңа жыл
елімізге ынтымақ пен ырыс алып келсін, – деді облыс әкімі.

Ал жаңа пәтерге ие
болғандардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі – Нүрия Райымбаева.

– Біз талай жыл апатты үйде
тұрған едік. Енді міне, жаңа баспанаға көштік. Жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы
алғалы тұрмыз. Біздің жағдайымызды ескеріп, үй салып берген ел ағаларына
алғысымды айтамын, – деді қоныстой иесі.

 

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз