Озық тәжірибе өз жемісін беруде

119

0

Озық тәжірибе өз жемісін берудеМемлекет басшысының 2015 жылдың наурыз айындағы тапсырмасына орай «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін тарату мақсатында облыс әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымдары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, өңірімізде 22 инновациялық мектептер желісін құру жобасы қолға алынды. Осы орайда Қызылорда қаласы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» мен педагогикалық шеберлік орталығының филиалы, облыстық білім басқармасымен бірлесіп инновациялық білім беру ұйымдарына кәсіби қолдау көрсету жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізуде. Бір жарым жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі «Қызылорда облысында жаңартылған білім беру мазмұнын енгізудегі инновациялық мектептердің тәжірибесі» тақырыбындағы басқосуда кеңінен талқыланып, сараланды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жетекшілік еткен «дөңгелек үстел» жұмысына «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымы Күләш Шамшидинова, облыстық білім басқарамасы, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен ұстаздар қауымы қатысты.
–  Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесінде 25 жылда қол жеткен ең ірі табыстың бірі де бірегейі «Назарбаев зияткерлік мектептері» десек, артық айтқандық болмайды. Бұл жай ғана жаңа мектеп емес, бұл – ХХІ ғасырдағы жаһандық өзгерістердің адам мен маманға, қоғам мен мемлекетке қоятын жаңа талаптарына Қазақстанның берген жауабы. Осы мүмкіндікті пайдаланып, өңірлік инновациялық мектептер желісін құру жобасына ерекше қолдау көрсеткен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының төрайымы Күләш Ноғатайқызына қызылордалық ұстаздардың, оқушылар мен ата-аналардың атынан алғыс айтамыз!  – деді аймақ басшысы.
Екіжақты меморандум аясында облыс тарапынан жасалған жұмыстарға тоқтал-ған өңір жетекшісі, бұл бастамаға барынша қолдау көрсетіліп келетінін жеткізді.
– Бұл бастама әлемдік экономикалық дағдарыспен және соның әсерінен орын алған аймақ экономикасындағы қиыншылықтарға сәйкес келді. Соған қарамастан, қолға алған бастамаға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Педагог кадрлардың әлеуетін арттыру мақсатында облыс бюджетінен қаржы қарастырылды. 2016 жылы инновациялық мектептердің ағылшын тілі пәні және информатика пәні мұғалімдерінің біліктіліктерін жетілдіруге  124 млн теңге бөлініп, 500-ге жуық ұстаз арнайы оқудан өтті.
Педагог мамандардың кәсіби білігін арттырумен қатар, осы мектептердің материалдық-техникалық базасын да жабдықтау мәселесі назардан тыс қалдырған жоқ. 2016 жылы 43 инновациялық мектептердің ақпараттандыру жүйесін дамытуға облыстық бюджеттен 150 млн теңге бөлініп, толықтай игерілді.
2017 жылдың бюджеттік жоспарында инновациялық мектептер мен мектеп-лицейлер үшін 184 млн теңге 45 физика кабинетін алуға және 167 млн теңге 50 робототехника кабинетін сатып алуға, сонымен бірге, компьютерлерін жаңартуға 150 млн теңге, мектеп парталарын ауыстыруға 82 млн теңге қаржы қарастырылуда.
«Дөңгелек үстел» барысында ахуалдық орталықтағы ақпараттық жүйенің шеңберінде әлеуметтік сала, соның ішінде білім беру саласына қатысты жоспарлар құрып, тиісті шешімдер қабылдауға, көмектесетін модульмен облыс әкімінің кеңесшісі Рауан Кенжеханұлы таныстырып өтті.
Мұнан  кейін сөз кезегі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымы Күләш Ноғатайқызына берілді.
– Біздің негізгі міндетіміз – біздегі озық тәжірибені жалпы білім беретін мектептерге тарату. Себебі мектепте де балаға сапалы білім беруіміз керек. Ал сапалы білім берудің ең мықты жолы ол – мұғалімдер. Яғни мұғалімдердің кәсіптік шеберлігін арттыру керек. Мені қуантатыны, қызылордалық ұстаздардың жаңалыққа ашықтығы, үйренуге құштарлығы, білгенін айтып жеткізуге талпынып тұратындығы. Міне,осындай жақсы жерге егілген дән жақсы сапалы өнім беретіні сөзсіз. Өздеріңізбен бірге жұмыс жасай отырып, бірталай тәжірибе жинақтадық. Тірек мектептері арқылы жұмыс жасаудың тиімділігіне көз жеткіздік, – дей келе, баяндамашы әлі де бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсу қажеттігіне тоқталды. Әсіресе, мектептегі ұстаздардың компьютерді игеру сауаттылығын жоғарылату, жай мектептерде робототехника саласы бойынша база жасақтау керектігін де айтып өтті.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін таратуда өңірлік инновациялық мектептер желісінің 2015-2016 жылдары жүргізген жұмыстары бойынша баяндама жасады.
– Бүгінгі күні, облыс көлемінде 43 инновациялық білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Аталған 43 білім беру ұйымының: 4 мектебі – мамандандырылған білім беру ұйымы,  5 мектеп – орта білім беру статусында, 34 мектеп – біріктірілген білім беру ұйымы болып есептеледі (24 мектеп-лицей, 10 мектеп-гимназия). Соңғы 9 айда олардың 7 мектебі: 3 мектеп-гимназияға, 4 мектеп-лицейге ауыстырылды. Қазіргі уақытта орта білім беру ұйымы статусы бар 5 мектептің Қызылорда қаласындағы 2 мектебінің мектеп-лицей статусын алуы үшін (№101 және №11 мектептер) құжаттары рәсімделуде. Өздеріңізге белгілі, 2019 жылдан бастап жаратылыстану- математикалық бағыттағы пәндердің ішінен оқушының таңдауы бойынша 2 пән жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытылатын болады. Инновациялық білім беру ұйымдары ағылшын тілін тереңдетіп оқыту есебінен пәндерді ағылшын тілінде оқытуға қиындықсыз өтеді деп күтілуде. Бүгінгі күні білім бөлімдері жанындағы әдістемелік кабинеттердің де оқыту мазмұнына байланысты ролін арттырғымыз келеді,–деді басқарма басшысы.  
Басқосуда бірқатар аудан мектептерінің басшылары селекторлық байланысқа шығып, өздерінің білім беру ордаларында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Заманауи тәжірибені инновациялық мектептерге енгізуде шетелдік әріптестердің де үлесі зор. Бүгінгі күні Қызылорда қаласындағы №2,№3 мектеп-лицейлер, дарынды балаларға арналған облыстық №4 мектеп-интернатында, Арал ауданындағы №14 және №262 орта мектептерде Жаңақорған ауданындағы №110 мектеп-лицейде биылғы оқу жылының басынан бастап шетелдік мамандар дәріс беруде. «Дөңгелек үстелге» арнайы келген филиппиндік Веласко Анна Ли өзінің тә-жірибесімен бөлісті.
– Мен Жаңақорған ауданында 2012 жылдан бері ауданның оқушыларын ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамыту ісімен айналысып келе¬мін. Қазақстанның білім жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістер туралы таныспын.  Мұ-ғалімдерге осы өзгерістерді тиімді бас¬қару үшін мемлекет тарапынан кәсіби дайын-дық, әдістемелік қолдау шаралары кеңінен жүргізіліп жатқанын байқадым. Мұғалімдермен бірлесе жұмыс жүргізу нәтижесінде биылғы жылы 1-сыныптың ағылшын пәні бойынша оқу бағдарламасы жаңартылып, үштілдік дағдыны дамытуға бағытталғаны қуантады. Ұстаздар бүгінгі күні оқушыларды тілге үйретуде  табиғи тәсілдерді, коммуникативтік тәсілдерді икемді қолдануға талпынуда. Мен де өз тарапымнан Жаңақорған ауданындағы ағылшын тілі пән мұғалімдерінің кәсіби даярлығын жүргізуде үлес қосудамын, – дейді ол.
Іс-шара аясында инновациялық мектептер мен мектеп-лицейлерден  250-ден аса ұстаз «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» ұйымдастырылған 7 тақырыптық секция отырыстарында озат мұғалімдердің шеберлік сыныптарына қатысты.
Маңызды басқосуды қорытындылаған облыс әкімі Қ.Көшербаев биылғы жылдан бастап мектеп түлектерінің емтиханы мен жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматының қабылдануы барлық білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздарға, білім басқармасы мен білім бөлімдеріне үлкен жауапкершілік жүктейтінін қадап айтты. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарға, оған дайынlыққа аса мән беру қажеттігін тағы бір еске салды. Сонымен қатар, аталған инновациялық мектептер мен мектеп-лицейлерде білім беру қызметін үйлестіру үшін құрылған облыстық білім басқармасы жанындағы әдістемелік кеңестің, ондағы пән бірлестіктерінің жұмысын жандандыруды тапсырды. Айтылған жұмыстардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін  облыстық білім басқармасы, білім бөлімдері, «Назарбаев Зияткерлік мектептерімен» және педагогикалық шеберлік орталығымен тығыз байланыста болуы қажеттігін тілге тиек етті. Алдағы уақытта да жыл сайын жұмыстардың жүргізілу барысы жөнінде пікір алмасу үшін осындай басқосулар ұйымдастыруды дәстүрге айналдыруға ұсыныс білдірді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз