ПАРТИЯ ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ

81

0

Әртүрлі салада табысты еңбек етіп жүрген бірқатар қызылордалық Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылданды. Партияның облыстық филиалында өткен салтанатты шараға облыс әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Ысқақов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық мәслихат депутаттары, партия белсенділері мен жақтастары, жасотандықтар қатысты.
Қуатты, тәуелсіз және табысты мемлекет құрудағы Президент еңбегін әрбір қазақстандық жоғары бағалайды. Ел мүддесін басты мұрат еткен Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында тәуелсіз жас мемлекет алға қарыштап қадам басты. Әлемдік көшбасшылар терең ойлай, алысты көре білетін саясаткер ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пікірімен үнемі санасып отырады. Қазақстанның қазіргі таңда табысты, жылдам дамушы, әлемдік деңгейдегі мемлекетке айналуы – Елбасының ерен еңбегі. Тәуелсіз қазақ елінің іргесін қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар берудегі Ұлт көшбасшысының ролін ерекше атап өткен Қ.Ысқақов көпшілікті мерекесімен құттықтады.
– 1 желтоқсан – ел өміріндегі айтулы тарихи күн. Бұл күні қазақ елінің тарихында 1991 жылы Тұңғыш Президентіміз жалпы халықтық сайлау қорытындысымен елдің Президенті болып сайланды. Сондықтан көпшіліктің ұсынысымен бұл күн 2012 жылы мемлекеттік мереке ретінде белгіленіп, халқымыз Елбасының құрметіне түрлі шаралар ұйымдастырып, ерекше серпінмен атап өтіп келеді, – деді облыс әкімінің міндетін атқарушы.
«Нұр Отанның» қатарына алғаш өтушілерге партия билетін салтанатты түрде тапсырып, партияға өту адамның азаматтық ұстанымын көрсететін салмақты шешімнің нәтижесі екенін жеткізді. Партия көшбасшысы барлық нұротандықты саяси көшбасшылықты күнделікті істе дәлелдеп, қоғам өмірінің барлық бағытында алдыңғы орында болуды міндеттеген болатын. Осы сенімнің үдесінен шығады деп кезекті рет 14 адамға жауапкершілік жүгі артылды.
Жиылғандарды Тұңғыш Президент күнімен сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев құттықтады.
– Қазір облыста «Нұр Отанның» 49 мыңға жуық мүшесі бар. Олар 270 бастауыш партия ұйымына біріккен. Партиямыздың қатары жыл сайын сан жағынан ғана емес, сапа жағынан өсіп келеді, – деді ол.
Салтанатты жиында қоғамдық жұмыстарға араласып, партияның мақсат-міндеттерін жүзеге асыруда белсенділік танытқан азаматтар «Нұр Отан» партиясының «Құрмет» грамотасы және «Алғыс» хаттарымен марапатталды.
Назерке САНИЯЗОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз