ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМДІ ШЫҢДАУ ШЕРУІ

68

0

Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінің аясында Астана, Алматы қалаларында және барлық облыс орталығында бір мезетте балалар мен жастардың музыкалық оркестрі мен ансамблінің шеруі өткізілді. Шараның мақсаты – «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру жолында өскелең ұрпаққа эстетикалық және патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Балалар мерекесіне облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов қатысты.
Жас өрендерге құттықтау лебізін білдірген Руслан Рүстемұлы бүгінде 68 жылдық тарихы бар Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі елімізде  жыл сайын кең ауқымда аталып өтіп келе жатқанын айтты. Сонымен бірге, мемлекет тарапынан  балалардың бақытты болашағы, кемел келешегі үшін барлық жағдай жасалғанын, олардың құқықтарының қорғалуына ерекше мән берілгенін атап өтті. 
– Елбасы білім саласына байланысты маңызды деген үш міндетті алға қойған болатын. Атап айтқанда, 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемемен қамту, үш ауысымды және апатты мектептерді жою. Қазіргі таңда біздің өңірімізде бұл мәселелер толықтай шешімін тапты. 
Ал бүгінгі балалар мен жастардың  музыкалық оркестрі мен ансамбльдерінің шеруі олардың достық аясының кеңеюіне, өнерге, білімге деген құштарлығының артуына, сонымен бірге, «Мәңгілік ел» идеясын іске асыру жолында рухани биік сананың қалыптасуына септігін тигізеді. Алдағы уақытта да балалардың жарқын болашағын қамтамасыз ету жолында жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады, –  деді Р.Рүстемов.
Орталық алаңдағы мерекелік сән-салтанат ерекше көз тартады. Қызылды-жасылды киініп, гүл-гүл жайнаған жас өрендер шеруі ұзын-сонар көшті құрайды. Жастардың бірқатары маманданып жатқан кәсіптеріне сәйкес киінсе, енді бір тобы желегі желбіреген ұлттық киімге мән берген. 
Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған шеруге республиканың барлық білім беру ұйымдары қатысты. Ал, қаладағы шеруге 3 мыңнан астам бала қамтылды. Олардың қатарында Қазанғап атындағы музыкалық колледжі, М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжі, И.Әбдікәрімов атындағы агро-техникалық колледжі, Абылайхан атындағы колледждің студенттері, «Жас Отан» жастар қанаты жанынан құрылған «ЭКСПО – 2017» еріктілер тобы «Жас ұландар» құрамы болды. Аймақтың әр түкпірінен жиналған олар қаланың үш бағыттағы көшелердің бойымен ән салып, музыкалық композициялар орындап, орталық алаңға жиналды. Шараның жүргізушісі шеру құрамындағы жастардың өнер мен білімде, сондай-ақ спорт бәсекесінде жеткен жетістіктерін әйгілеп, атап өтті.   
Шеруде үрмелі аспаптарда, хор ұжымында өнер көрсетіп, қазақтың қос ішекті домбырасымен Құрманғазының күйі «Балбырауынды» орындаған талантты түлектерге тыңдаушылар тәнті болды. Шеруді республикалық, халықаралық бәсекелерде топ жарып жүрген жас спортшылар және велошабандоздар қорытындылады.
Ғазиза ӘБІЛДА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз