ПӘРМЕНДІ ЖҰМЫС ЖАСАЛУЫ ТИІС

70

0

ПӘРМЕНДІ ЖҰМЫС ЖАСАЛУЫ ТИІСОблыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі болып өтті. Алдымен аймақ басшысы кадрлық өгеріске тоқталып,  облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары, жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы болып Руслан Ормағанбетовтің тағайындалғанын жеткізді. Мұнан соң күн тәртібіндегі екі мәселені кеңінен талқылады.
Бірінші мәселе, облыстағы мүгедектердің құқығын қорғау және өмір сапасын жақсарту жөніндегі 2013-2014 жылдарға арналған Жол картасының орындалу барысына арналды. Бұл жайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жазира Жылқышиева мәлімдеді. Сала басшысының айтуынша, өткен жылы мүгедектердің өмір сапасын жақсарту мақсатында облыс әкімдігінің қаулысымен Жол картасы бекітілген. 7 бағыттан тұратын аталмыш бағдарламаны  іске асыруға 6,5 млрд. теңге қаражат қаралған. Өңірімізде мүмкіндігі шектеулі жандар қатары 27 мың болса, оның 3932-сі балалар. Оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында бүгінде бірқатар жұмыстар атқарылған. Мәселен, санаторий-курортқа Жол картасы аясында 820 жолдама қарастырылып, 1754 мүгедек кресло-арба, таяқтармен, балдақ және жетек арбалармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 662 адам протез-ортопедиялық құралдардың 1019 түріне қол жеткізген. Бұған қоса 537 мүгедек сурдотехникалық құралдармен және есту протезінің көмегімен қамтылған. Сонымен қатар, мүгедектерге арналған оңалту орталығындағы 1205 мүгедектер мен қарттарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілген.
«Облыстағы 27 мың мүгедектің еңбекке жарамды жастағылары –17805. Олардың үйлерін аралау барысында 3316-ның жұмыс жасауға мүмкіндігі бар екені анықталды. Бүгінгі таңда облыста 537 мүгедек тұрақты жұмыспен қамтылған. Екі мыңға жуығы түрлі себептермен жұмыс жасаудан бас тартып отыр. Десек те, 855 кембағал жандарды жұмысқа орналастыруымыз қажет. Алдағы уақытта Қызылорда қаласы мен аудандарда аталған азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін тоқсан сайын өткізу жөніндегі кесте бекітілді. Сол бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау және өмір сапасын жақсарту бойынша облыста екі айлық жариялауды ұсынамын», – деді басқарма басшысы. 
Мұнан кейін сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков аталмыш мәселе бойынша екі айдың ішінде небәрі 6 адам ғана жұмысқа орналасқанын, бұл өзге аймақтармен салыстырғанда төмен көрсеткіш екенін жеткізді. Ал, облыстық мәслихаттың депутаты, облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұрат Ерманов аймақ басшысының білім грантымен мүгедек жастар да қамтылса деген ой-пікірін айтты. Облыс әкімі айтылған ұсыныстарды қолдайтындығын білдірді. Әсіресе, кемтар жастардың білім грантымен қамтылу мәселесіне орай облыс әкімі өз орынбасары Наталья Годунова мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жазира Жылқышиеваға нақты жұмыстар атқаруға тапсырмалар берді. Сонымен қатар, қала және аудан әкімдеріне мүмкіндігі шектеулі жандарға байланысты жүзеге асырылып жатқан шаралар бойынша әрі Жол картасына енгізуге тиісті жұмыстар жайында басқарма басшысына ақпарат беріп отыруды міндеттесе, сәуір айында бұл мәселені қайта қарау жөнінде аппарат басшысы Қанатбек Жайсаңбаевқа бірқатар тапсырмалар жүктеді.
ПӘРМЕНДІ ЖҰМЫС ЖАСАЛУЫ ТИІСКүн тәртібінде қаралған екінші мәселе облыстағы ветеренария саласының атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері болатын. Бұл туралы ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Оразбек Батырханов хабарлама жасады. Салада өткен жылы ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру жоспарына сәйкес 80,8 мың мүйізді ірі қара, 685,9 мың бас уақ мал, 54,1 мың бас жылқы, 32,1 бас түйе, 2,7 мың бас шошқа бірдейлендіру рәсімдерінен өткен. Сондай-ақ, аса қауіпті індеттердің алдын алу мақсатында диагностикалық тексерулер өткізіліп, ауру деп танылған малды қан шығармау тәсілімен жойған. Айта кетерлік жайт, өткен жылы ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықтарына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, оған  қажетті автокөліктер мен құрал-жабдықтар сатып алынды. 
Облыс аумағында тамақ өнімдерін импорттау мен экспорттау жұмыстары да өз дәрежесінде атқарылуда. Дегенмен, жүзеге асырылуы тиіс шаралар да жоқ емес. Мәселен, өңірде ветеринария мамандарының қысқартылуына байланысты осы сала жұмыстарының күшейтілуін қамтамасыз ету, аймақ көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында елді мекендерге типтік жобадағы мал көмінділерін салу, адам денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды залалсыздандыру және қайта өңдеу тәртібімен, ауру болып анықталған малдарды ветеринариялық-санитарлық талаптарға сәйкес өнеркәсіптік өңдеуден өткізетін кәсіпорындардың жоқтығы, қаладағы мал базарының орталықта орналасуы ветеринарияның басты мәселесі болып отыр. Бұл тұрғыда аймақ басшысы Қ.Көшербаев алдымен инспекция басшысына облысты буферлік аймақтан шығару жұмыстарын 2015 жылы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, қала әкімі Н.Нәлібаевқа бір ай ішінде мал базарын сыртқы аумаққа көшіруді қолға алуды міндеттесе, өз орынбасары Р.Нұртаевқа аудандардағы ветеринария саласындағы жұмыстарды бақылауға алуды тапсырды. Тапсырмадан аудандық бөлім мен салаға қатысты мамандар да тыс қалмады. Мал басын бірдейлендіруде жіберілген олқылықтардың орнын толтыруды жүктей отырып, нақты әрі пәрменді жұмыс жасау керектігін айтты. Жиын соңында облыс әкімі мұнан өзге азық-түлік бағасының тұрақтылығы, дария деңгейін бақылауда ұстау секілді мәселелерді де пысықтады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз