ӘР КЕЗЕҢНІҢ ӨЗ МІНДЕТІ БОЛАДЫ

63

0

ӘР КЕЗЕҢНІҢ ӨЗ МІНДЕТІ БОЛАДЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың
қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 2 сессиясы болып өтті. Күн тәртібіндегі
мәселелер талқыланар алдында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов
халық қалаулыларына депутаттық куәліктер мен төсбелгілерді табыс етіп, депуттаттық
қызметтерін абыройлы атқаруға тілектестігін
білдірді. Мұнан соң облыс әкімі депутаттар алдында сөз сөйледі.

Аймақ басшысы өз сөзінде облыстық мәслихаттың жаңа құрамының жұмысы сәтті басталып жатыр деген ойын жеткізді.
Өйткені, облыс бюджеті 21,7 млрд теңгеге артып, оның көлемі 200 млрд теңгеге жетіп
отыр. Салыстырып қарағанда бұл дағдарысқа дейінгі 2014 жылғы бюджет көлемімен деңгейлес.
Тек қана құрылысқа бөлінген қаржы көлемі жөнінен Астанадан кейінгі екінші орындамыз.
Бұл бірлескен жұмыстың нәтижесі. Алғашқы кезектен тыс сессияда осындай оң шешімнің
қабылдануын ақжолтай жақсылыққа балауға болады. Бұл «Бітер істің қасына, жақсы келер
басына» деген халық нақылын еске түсіреді. Мәслихаттың жаңа құрамы аса жауапты кезеңде
жұмысын бастап отыр. Дағдарыс экономиканың барлық саласын қамтуда.

– Дамыған елдердің өзінде
жұмыссыздық күшейіп, әлеуметтік шиеленістер тереңдей түсті. Осы жағдайлардың
барлығы, әрине, Қазақстан экономикасына әсер етеді, – деген облыс әкімі дағдарысқа қарсы Елбасының Ұлт жоспары мен
оның алтын өзегі «100 нақты қадамнан» тұратын реформаларды жүзеге асыру
үйлесімді жұмыс істеуге шақырды. Елбасы тапсырмасына орай экономиканы
тұрақтандыру мақсатында ел резервінен 2 трлн теңге қаржы бөлініп отыр.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап
еліміз жаңа құқықтық-нормативтік ортада өмір
сүруде деп айтуға болады. Ұлт жоспарында және Елбасы Жолдауларында айтылған міндеттер
мен Мемлекет басшысының тапсырмалары ескеріле отырып, Қызылорда облысы әкімінің 2016 жылға арналған дағдарысқақарсы іс-қимыл жос­пары дайындалып бекітілді. Оның бес негізгі басымдығы
айқындалды. Экономиканы әртараптандырудан
өзге жол жоқ екенін жектізген аймақ басшысы бұл бағытта нәтижелі жұмыстар жүргізіліп
жатқанын атап өтті. Халықтың әл-ауқатын жақсаруға күш салынуда. Елдің алдында жариялаған
инвестициялық жобалардың бірде біреуі тоқтаған жоқ.

– Әр кезеңнің өз келбеті, өз міндеттері
болады. Осы жауапты кезең бәрімізден табанды еңбекті талап етеді. Олай болса, ортақ
еңбегіміз еселі табысқа, бірлігіміз берекеге, ымырамыз ырысқа бастаған қызметімізге
абырой берсін, -деді облыс басшысы сөз қорытындысында.

Мұнан кейін сессия төрағасы Райхан
Ысқақова күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – «2016-2018 жылдарға арналған облыстық
бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2015 жылғы 10 желтоқсандағы №325
шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде облыстық экономика және бюджетті
жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова хабарлама жасайтынын жеткізді.

Басқарма басшысы Үкімет қаулысына сәйкес облысымызға республикалық
бюджеттен және Ұлттық қор есебінен барлығы 20,4 млрд теңге қаржы бөлініп отырғанын
хабарлады. Бұл қаржының 5,6 млрд теңгесі салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысына,
инфрақұрылымды дамытуға, 2,6 млрд теңгесі Қызылорда қаласында Сырдария өзені арқылы
өтетін көпір құрылысына жұмсалатын болса, жергілікті бюджеттердің шығыстарын өтеу
мен өңірлердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге 3,4 млрд теңге бөлінді.

Айта кету қажет, аталған көпір
құрылысы облыс дамуына ықпал ететін стратегиялық маңызы бар нысан саналады. Ол өз
кезегінде сол жағалауды игеруге әсерін тигізеді.

Сонымен бірге, республикалық бюджеттен
аймаққа үлкен маңызы бар шығындарға, атап айтқанда, кәсіпкерлікті қолдауға 438 млн
теңге, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 969 млн теңге,
сонымен қатар, жылу, су және сумен қамтуды реконструкциялау мен құрылысына 4,7 млрд
теңге қаралған.

Депутаттар облыстық бюджетке енгізілетін
өгерістер мен толықтыруларды қолдап дауыс берді. Сессия барысында күн тәртібінде
белгіленген өзге де мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер шығарылды. Сессия соңында
оның жұмысына қатысып отырған сенатор Мұрат Бақтиярұлы «Ұлт жоспарын» орындауға
толық құқықтық база жасақталғанын атап өтіп, облыстық мәслихаттың жаңа құрамының
Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өркендеуіне лайықты үлес қосуына тілектестігін білдірді.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз