ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ: АЙМАҚТА ЭКОНОМИКА БЕЛСЕНДІ ДАМЫП КЕЛЕДІ

225

0

 

Кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкіметтік делегация Сыр еліне жұмыс сапарымен келді. Оның құрамында  үкімет мүшелері мен  бірқатар мемлекеттік органдардың және даму институттарының жетекшілері бар. Делегацияны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күтіп алды. 

Үкімет басшысы ең алдымен «Қызылорда» су торабында болып, көктемгі тасқын суды жинақтау және суармалы жерлердің аумағын ұлғайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов қазіргі уақытта жаңғыртуға жататын су шаруашылығы нысандары туралы баяндады. «Қызылорда» су торабы 1956 жылы салынған.  Секундына 1900 текше метр су өткізуге қауқарлы. Темір-бетон конструкцияларға георадиолокациялық тәсілмен жүргізілген инженерлік-геофизикалық зерттеулер бетондарда ақау бар екенін көрсетті. Апатты жағдайда тұрғандықтан, 2014 жылдан бері су торабының үстінен көлік жүруге тыйым салынған.  Бұл нысанды күрделі жөндеу САРАТС жобасы аясында атқарылуы керек болатын. Бірақ ауқымды жобаның кешеуілдеуіне байланысты биыл Үкімет резервінен қаржы бөлініп, жоба-сметалық құжаттар дайындалып, алдағы уақытта жөндеу жұмыстары басталады деп күтілуде.

Елбасы Сыр өңіріндегі су шаруашылығына қатысты 2 тапсырма жүктеген. Біріншісі – су тасқыны, қар еріген кезде су жинайтын қолда бар қоймаларды жөндеу және жаңадан салу. Аймақтағы еріген қар суын жинайтын 8 су қоймасының 6-ы облыстық бюджет есебінен жөнделді. Қалған 2-де де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.   Бұл қоймаларда 44 млн текше метр су жинап алуға болады. Қазір агроөнеркәсіпті дамыту бағдарламасына енген Шиелі ауданында Күміскеткен, Жаңақорған ауданындағы Тайпақкөл-Қандыарал көлдер жүйелерінде, Қараөзек бойында  су қоймалары барлығы 2 млрд 300 млн текше метр суды жинауға мүмкіндік береді.   

Биылғы көктемдегі судың мол болуы өзіндік қиын­дықтар туғызғаны белгілі. Сондықтан Қы­зылорда қаласының тұсынан бұрынғы Сыр­дарияның ескі арнасы – Жаңадариядан, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы көлдер жүйесі бойынан 700 млн текше метр су жинайтын 3 қойманы салуға ұсыныс берілді.  Барлығын қосқанда 3 млрд 44 млн текше метр су жинап алуға болады.

Елбасының екінші тапсырмасы – жинап алған суды қосымша суармалы жерді ашуға тиімді пайда­лану. Жоғарыда аталған суды жинап алған кезде қо­сымша 7,5 мың гектардай суармалы жер пайда болады.

Көктемдегі мол су кезінде «Қызылорда» су торабынан төмен орналасқан Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарында қолда бар материалдармен бөгеттерді бекемдеу жұмыстары жүрді.  Енді осы қорғаныс бөгеттерін жөндеу үшін 1,7 млрд теңгедей қаржы керек. Оның 532 млн теңгесі  облыстық бюджеттен бөлінеді. Жұмыс биыл басталса, келесі көктемдегі мол судың сынағынан қысылмай шығуға әбден болады.  

***

Мұнан кейін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облыстық балалар ауруханасына келді. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова  Бақытжан Сағынтаевқа саланың негізгі көрсеткіштері мен дамыту жоспарларын және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық барысын баяндады. Сонымен бірге көпсалалы балалар ауруханасының жұмысымен таныстырды.

Облыстық балалар ауруханасы осы жылдың 1 қаңтарында ашылған болатын. 305 төсектік аурухана құрамында 12 клиникалық бөлімше, бір аусымда 300 бала қабылдайтын кеңес беру-диагностикалық емханасы бар. Емдеу мекемесі білікті мамандармен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Премьер-Министр аурухананы аралау ке­зін­де оңалту бөлімшесі мен сәулелік емдеу бөлімінде болып, мекеменің жабдықталуы мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында балаларды білікті емдеу шаралары туралы ақпарат алды.

Жалпы, облыстың денсаулық сақтау саласында біршама жетістіктер бар. Мәселен, 2016 жылдың қорытындысы бойынша күтілетін орташа өмір сүру ұзақтығы 71,9 жасқа жетті. Сонымен бірге, қан айналым жүйесінің сырқатынан орын алатын өлім-жітім көрсеткіші, аса қатерлі жаңа өскіндер, туберкулез ауруының көрсеткіштері азайған. Биылғы жылдың 5 айының қорытыныдысы бойынша нәрестелер өлімі 47,4 пайызға қысқарса, ана өлімі жағдайының орын алмағаны қуантады.

***

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттерді түсіндіру мен олардың жүзеге асырылуы жайымен танысу үшін Премьер-Министр білім беру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобаларының жұмысын көрді.

«Нұр Шұғыла» балалар бақшасын мысалға ала отырып, осында мектепке дейінгі мекемелердің құрылысына жеке инвестициялар тарту мен мемлекеттік тапсырысты үйлестіру шаралары туралы тәжірибелер ортаға салынды. Үкімет мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығын кеңейту мақсатымен қайта реттеу, әкімшілік кедергілерді жою және салық пен әкімшілік заңнаманы жетілдіру бойынша шараларды қабылдауда.

Қоғамда халықтың әлеуметтік мәселесіне бей-жай қарамайтын, олардың шешілуіне септігін тигізіп жүрген кәсіпкерлер бар. Солардың бірі – қызылордалық кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев. Оны Сыр халқы өте жақсы біледі. Алайда, оның осы уақытқа дейін өз қаржысына 360, 320, 180 орындық үш балабақша және бір мектеп салып бергенін біреу білсе, біреу білмес.

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің негізгі бағыты – ең бірінші халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту. Одан кейін тұрақты жұмыс орнын ашу. Міне, осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Біздің Қызылордада үш балабақшамыз бар. Бүгінгі күні балабақшада 860 бала тәрбиеленеді. Оларда 277 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті әрі қарай дамыту аясында Досан елді мекенінен 100 орындық мектеп ашылған болатын. Бұл – біздің білім саласына жасаған жанашырлығымыз деп айтуға болады. Мектеп бүгінде өз деңгейінде жұмыс істеп жатыр.

Облыстағы «Мектепалды даярлықтың жалпы білім беру бағдарламасы» жүз пайызға орындалды. Оған біздің үлесіміз бар екеніне қуаныштымыз. Сондықтан әрі қарай да барлық әріптестерімізбен бірлесіп, осы бағытта еңбектене береміз, – деді С.Алшынбаев. Үкімет басшысы бұл тәжірибені оң бағалады.

Бүгінгі таңда облыста білім беру саласында МЖӘ аясында 3 жоба іске асырылған. Жылдың соңына дейін МЖӘ-нің қосымша 2 келісім шартына қол қою күтілуде.

***

Мұнан әрі ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бизнесмендерге консультациялық көмек көрсететін Өңірлік кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, шағын және орта бизнесті дамытуды жәрдемдесуге бағытталған бірегей институт жұмысын көрді. 

Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким «Атамекен» ӨКП жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында мемлекет қолдауымен іске асырылатын бағдарламалар, оның ішінде өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, “Бизнестің жол картасы – 2020” бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы саласындағы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру бойынша консалтингтік қызметтер көрсетілетінін жеткізді.

Жалпы, КҚКО қызметі рұқсат құжаттарын алу кезіндегі әкімшілік кедергілерді азайтып, мемлекеттік қолдау тетіктерінің қолжетімділігін арттыру бойынша Үкіметтің шараларын өңірде іске асыруға бағытталып отыр. Оның міндеті – кәсіпкерлердің сауаттылық деңгейін арттыру, АӨК-дегі заманауи технологияларды енгізу бойынша көмек көрсетіп, ШОБ субъектілерін маркетингтік және ақпараттық ілгерілету болып табылады. Бүгінгі таңда орталық базасында консультация түрінде және рұқсат құжаттарын алу бойынша 289 қызмет, техникалық шарттар және жер телімдерінің мақсатты тағайындамасын өзгерту бойынша көмектер көрсетілген. Орталық директоры Қамар Бекетованың айтуынша, бұл – кәсіпкерлікті сапалы дамытуды мемлекеттік деңгейде қолдаудың нақты бір көрінісі. Себебі, күшті бизнес – мықты мемлекет. Қазір аталған орталықта 28-ге жуық қызмет түрі ұсынылып келеді. Кәсіпкерлер “бір терезе” қағидасы бойынша мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде қажетті кеңес алып, қаржылай қолдау алуға құжаттарын рәсімдей алуда. Сондай-ақ, орталықта форумдар, семинарлар, экономиканың түрлі саласында бизнесті жүргізу мәселелерін талқылауға арналған шаралар өткізіледі. Алдағы уақытта негізгі басымдық бизнестің негізін оқытатын курстармен қатар жастар кәсіпкерлігін дамытуға, start-up жобаларын қанаттандыруға беріледі.

***

Келесі кезекте ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет делегациясы мүшелерімен «Достық үйінде» облыс активімен кеңес өткізді.

Жиынды ашқан Үкімет басшысы Елбасы тапсырмасына сай Алаштың Анасы атанған Сыр еліне жұмыс сапарымен келіп отырғанын жеткізді.  Бақытжан Әбдірұлы Қызылорда облысында Мемлекет басшысы Жолдаулары тапсырмаларының, Үкіметтің бағдарламаларын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан  жұмыстар жөнінде үнемі хабардар екенін айтты.

Премьер-Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының Қазақстанды Үшінші жаңғырту туралы баршамыздың алдымызға үлкен міндеттер қойып отырғанына тоқталып өтті. Ал ондағы белгіленген межелерге жету үшін жылына экономика 5,5-6 пайыз өсіммен жүріп отыруы керек. Ол үшін модернизация арқылы жаңа өнімдерге қол жеткізіп, сервистік және әлеуметтік экономиканы жолға қоюымыз керек болады. Бұрын шығынмен жұмыс істеп келген әлеуметтік саланың өзінен пайда табудың жолдарын іздестірген дұрыс. Сондықтан, мемлекеттік-жеке әріптестік барынша дамытылады. Білім, денсаулық саласын кәсіпкерлер жекешелендіріп, табыс тауып, кіріс кіргізуі тиіс. Сонда мұнай саласынан түскен 2-3 пайыз өсімге қосымша тағы осындай көлемдегі табыс басқа салалардан қосылып тұратын болады.

Мұнан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде хабарлама жасады. Аймақ басшысы облыстағы жетістіктерді саралай келе, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар туралы да ақпарат берді.

Облыс басшысы жыл басынан бері аймақ экономикасының жағымды өсімі қамтамасыз етіліп келе жатқанын атап өтті. Бір ғана көрсеткіш – мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты өнеркәсіптік өндіріс көлемі кеміп кетті. Осыған байланысты облыс әкімі жаңа кен орындарын барлау құқығын беретін келісім шарттардың мерзімдерін ұзарту, экспортқа шығарылатын мұнай көлемін арттыру мәселелерін тездетіп қарау, сондай-ақ өңірдегі уран өндіру көлемін қысқартпау мәселесін Үкімет алдына тағы да қойды.

Технологиялық алға басудың да маңызы аз емес. Мем­лекет басшысының технологиялық дамуды же­дел­­дету жөніндегі тапсырмасы бойынша облыста  6 кәсіпорын Индустрияландыру картасы аясында газды пайдаға жарататын жаңа технологиялық қон­дырғылар енгізді («ҚазГермұнай» БК» ЖШС, «KazFrac» ЖШС), электр энергиясын өндіретін («Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Крис­талл менеджмент» ЖШС), күкірт қышқылын шығаратын («СКЗ-Ю» ЖШС) және сүт өңдейтін («РЗА» АҚ) жаңа технологиялық қондырғыларды іске қосты.

Мәселен,  «Арал тұз» АҚ кәсіпорны испандық жаңа технология бойынша жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда экспорт көлемі 40 есе ұлғайды. Соңғы екі жылда кәсіпорын Ресейдің ас тұзы нарығының 12%-ін игеріп алды.

«Шалқия» кенішінде руданы вертикальды-конвейерлік тәсілмен шығаратын және байытатын инновациялық шешім қолданылуда. Ағымдағы жылы  экспортқа бағытталған 2 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр.

Олар:

– Молибден үш тотығын өндіретін кәсіпорын («Тримо» ЖШС), осының нәтижесінде өнімді Жапонияға экспорттау жолға қойылмақ. Әлемде басқа үлгісі жоқ бірегей технология бойынша молибденнің таза тотықтары алынады.

– Шыны зауыты («Orda Glass» ЖШС), бүгінде АҚШ, Италия, Финляндия, ҚХР секілді әлемнің жетекші елдерінен қондырғылардың 99 %-тен астамы жеткізілді. Қазіргі уақытта металл конструкцияларды құрастыру жұмыстары басталды.

Баршаға белгілі қиындықтарға қарамастан, 2017 жылғы 15 мамырда Мемлекет басшыларының Пекин қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумында кездесуі аясында қытайлық «Чайна Триумф» компаниясы мен «Orda Glass ltd» ЖШС арасында шыны зауытының құрылысын үстіміздегі жылдың желтоқсанында аяқтау жөніндегі меморандумға қол қойылды. Онан бөлек, бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау үшін мердігерлік шартқа қол қою жоспарлануда.

Желтоқсан айында зауыттың іске қосылатынына сенім зор. Қытайлық әріптестер зауыттың екінші кезеңін көп ұзатпай, іле-шала бастай беру жөнінде мәселе қойып отыр. Онда күн батареясына, смартфондар мен планшеттерге арналған ультра жіңішке шыны шығару көзделуде.

Сонымен қатар, кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт құрылысын осы жылы Арал қаласында бастау жоспарланып отыр. Қаржы көлемін сақтау үшін ұлғайтылады. (81 млрд-тан 87 млрд-қа дейін немесе 7,4%). Бұл жағдайдың өзінде жылдық өнімділік қуаты 200 мың тоннадан 300 мың тоннаға (50%) көбейтілген жобаның қаржыландыру көлемін сақтап қала аламыз, – деді облыс басшысы.

«Баласауысқандық» кен орнын игеру жобасына байланысты 2016 жылы қараша айында британдық компаниямен қара тақтатастарды автоклавтық өңдеу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асырудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жобаның ІІ және ІІІ кезеңін 125 млн АҚШ доллары мөлшерінде қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде.

Облыс әкімі денсаулық сақтау желісін әрі қарай өзектендіру үшін облыстағы денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртудың 2017-2019 жылдарға арналған жоспары әзірленгені туралы айтты. Осы жоспардың аясында 79 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланып отыр, бұл ретте 76 нысан жеке инвестициялар мен жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен салынбақ.

Осыған байланысты аймақ басшысы тек үш нысан бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыруға қолдау көр­сетуді сұрады. Олар – Шиелі (жоба­­мен құны 4,5 млрд теңге) және Жа­лағаш (жобамен құны 3,5 млрд теңге) аудандарындағы апатты жағдайда тұрған 2 орталық аудандық ауруханалар және Қызылорда (жобамен құны 10,4 млрд теңге) қаласындағы ғимараты жоқ облыстық онкология орталығы. Біздің тарапымыздан (жер, құжаттама әзірлеу, инженерлік желілер жүргізу) бәрі дайын. Осылайша, үш жыл ішінде облыстың денсаулық сақтау желісінің ұйымдары Үкімет бекіткен нормативтерге сәйкестендірілетін болады.

Облыс басшысы соңғы үш жылда табиғи газды пайдаланушы тұрғындардың үлесі 63%-ке жеткенін мәлімдеді. Қызылорда қаласы мен төрт аудан орталығы газдандырылды. Сонымен бірге Байқоңыр қаласына да көгілдір отын тартылды. Енді газдандырылмаған 3 аудан орталығы – Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кенттері қалып отыр.

«ҚазТрансГаз» АҚ  есебінен газдан­дыру тарифтердің екі есеге дерлік өсуіне әкеп соқтырады (1000 текше метр үшін 19000 теңгеден 40000 теңгеге дейін). Ал, бұл тұрғындар мен бюджеттік мекемелерге, бизнеске қосымша ауыртпалықтар әкеледі. Осыған байланысты аталған жобаны республикалық бюджеттің есебінен 11,2 млрд теңге сомасында қаржыландыру қажет. Бұл мәселенің оң шешілуі 40 мыңнан астам ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартпақ.

Облыс әкімі осылайша Үкімет басшысының алдында өңірдегі бірқатар шешімін табуы тиіс мәселелерге қатысты ұсыныстарын жеткізіп, қолдау көрсетуін сұрады.

Аймақ басшысы баяндамасын аяқтағаннан кейін Үкімет басшысы атқарылған және жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес екенін атап өтті. Көптеген жаңа нысандар іске қосылып, жүздеген жаңа жұмыс орындары пайда болды. Әйтсе де, проблемалар да жеткілікті. Мәселен, мұнай өндірісінің төмендеуіне байланысты адамдар жұмыстан қысқарады. Олар қайда барып жұмыс істейді? Әр жерден бір-екі зауыт салған дұрыс па, әлде жаппай кәсіпкерлікті дамытқан дұрыс па, осы жағына аса мән беру қажет. Үкімет басшысы осы орайда, бір-екі ағаштың көлеңкесінен аз ғана адам пана тапса, саябаққа мың адам сыятынын мысалға келтірді. Жаппай кәсіпкерлікті дамытқан да сол секілді деді. Дамыған елдердің экономикалық құрылымын зерттегенде ондағы әлеуметтік және басқа да көптеген салаларда еңбек ететін адамдар үлесі біздің елдегімен шамалас екенін атап өтті. Тек сервистік экономикадағы жұмыс орындарымыз олармен салыстырғанда  4-5 есе аз. Міне, осы жағынан олар ұтып отыр. Ал біздің кәсіпкерлеріміз мемлекеттік сатып алу, «Самұрық-Қазына»-ның сатып алуларына бас сұғып алсам болды деп ойлайды.

Жаңа технологияны пайдалану – заман талабы. Көрші елдерде цифрлық технологияны пайдалану арқасында мұнай қоры сарқылған кеніштердің өнімділігін 20 пайызға көтеріп отырған компаниялар бар.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жұмыс істеп тұрған өндірістерді технологиялық жаңартуға және базалық салалардан жұмыстан босатылған жұмыскерлерді сервистік экономикаға көшіруді басқару бойынша жүйелі жұмысқа, жаңа индустрияларға және қарапайым заттар экономикасына баса назар аударды. Сонымен қатар, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру аясында жұмыссыздарды кәсіптік оқыту мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықпен жұмыс мәселелерін ортаға салды.

Өзгеріп жатқан әлемдік жағдаятты ескере отырып, өңірдің экономикасын әртараптандыру қажет. Атап айтқанда, инвестицияларды тарту және саланы цифрландыру арқылы өңдеу өнеркәсібін дамыту маңызды.  Осы орайда, ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаев облыста қолға алынған жобаларды басқару бағдарламасына табыс тіледі.

Мемлекеттік қызметкер түйсігі тек бөлінген ақшаны игерілгені туралы есеп берумен шектелмеуі керек. Игерілген қаржы қанша тиімділік әкелді, қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етті, мұның нәтижесі пайдалы болуы ескерілуі тиіс.

Кеңесте «Orda Glass LTD» ЖШС директоры Ержан Сағымбаев Үкімет басшысына Шыны зауыты құрылысын жеделдетіп бітіру үшін екі өтінішін жеткізді. Оның біріншісі – уақытша келетін қытайлық мамандар квотасын арттыруға, екіншісі – жобаға кірмей қалған шикізат цехына қатысты қолдау көрсетуге байланысты болды. Бұл мәселелер зерттелетіні айтылды.

 Ал «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мінәжадин Өтеев жергілікті кәсіпкерлер үшін Қызылорда облысының буферлік аймақтан шығуының және Жезқазған бағытындағы автожолдың салынуының маңызы зор екенін жеткізді.

Премьер-Министр етті экспортқа шығарудың өзіндік ауыртпалықтары жетерлік екеніне назар аударды. Біздің өзіміздің күнделікті жеп жүрген етімізді шетелдіктер қабылдамауы мүмкін. Олар селекциядан өткен, жақсы тұқымды мал түрлерінің етіне ғана тапсырыс береді. Мысалы, Қытайға ет экспорттағанда олар өздерінің тексерулерінен өткен зауыттар өнімдерін ғана таңдайтын болады.

«Қор» мұнай компаниясының бас директоры Марат Нұрпейісов жер қойнауын пайдалану туралы заң талаптарының кейбір баптарына қатысты ойын білдірді. Сонымен бірге, компанияның өндіріп жатқан мұнайын Павлодардағы емес, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытына жіберуге қолдау білдіруді сұрады. Премьер-Министр бұл ретте еліміздегі 3 мұнай зауытында модернизациялау жұмыстары жүріп жатқанын баяндады.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікті бастаған жандарға алғашқы бес жылда жеңілдіктер беру қажеттігін айтты. Өйткені, кәсіп бастағандар алғашқы кездері қателіктерге көп жол беріп алады екен.

Бұл ретте Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлы кәсіпкерлікпен айналысатын адамның көзі ашық болатынына назар аударып, мұндай жеңілдік болмайтынын білідірді.

Кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылып жатқан жұмыстардан қысқаша ақпарат беріп өтіп, елімізде бұл бағыттағы жұмыс кең қанат жая беретініне назар аударды. Сондықтан МЖӘ саласын болашақта бір құрылым аясына топтастыру жайы ойластырылса екен деді.

«Аралтұз» АҚ директорлар кеңесі төрағасы Дәурен Мұқашев бүгінгі таңда өндірісте кальцийлендірілген зауыт құры­лысының аймақ үшін маңызы зор екенін хабарлады.

Қазір инвесторлармен келісімдер жа­салған.  Жобаны жүзеге асыру үшін инфра­құ­рылымдық желілерді тарту үшін рес­публикалық бюджеттен қаржы бөлінуін сұрады.

Премьер-Министр Аралдың ерекше аймақ екенін еске салып өтіп, қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Облыстық кәсіподақтар төрайымы Райкүл Байназарова Қызылорда облысына бұрынғы сағаттық белдеуді қайтару мәселесін қозғаса, жазушы Сайлаубай Жұбатыров САРАТС-2 жобасының кешеуілдеп кеткенін айтты.

Үкімет басшысы САРАТС-2 жоба­сының көрші мемлекеттердің позициясына байланысты кешеуілдеп келгенін растады. «Десе де, бүгінгі күні жағдай өзгерген. Енді көршілер тарапынан қолдау табуға үміт басым. Тіптен болмаса, өз күшімізбен атқара беретін боламыз. Оның шешімі табылады» деді.

Үкімет басшысы Қызылордадағы жал­дамалы үйлер құрылысына республикалық бюджеттен қаржы басқа облыстармен салыстырғанда анағұрлым артық бөлін­генін атап өтті. Бұл өз кезегінде басқа облыс басшыларының тарапынан реніш туғызған. Оларға қажет құжаттарды қызылордалықтар секілді уақытында даярлап қойғандарыңызда  сіздерге де осындай көлемде қаржы бөлінетін еді деп жауап берілген. Бақытжан Әбдірұлы қызылордалықтардың бұл еңбегіне ризашылығын білдірді. Алайда, соншама қаржы бөлініп салынған үйлерге тұрғындар әлі толық қоныстанбаған. Демек, мемлекет қаржысы тиімді жұмсалмаған болып шығады. Ал облыс тарапынан айтылған алғашқы жарнапұл көлемін 30 пайыздан 15 пайызға төмендету туралы ұсыныс қабылданбай отыр. Мамандар ол қоныстанушыларға жеңілдік емес, керісінше ауыртпалықтар әкелетінін айтады. Аймақ басшысы бұл проблеманың шешімі табылатынына сендірді.

Кеңес барысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, ҚР Энер­гетика вице-министрі Ә.Мағауов, ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б.Нұрымбетов, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрайымы Л.Ибрагимова көтерілген мәселелер бо­йын­ша түсініктемелер мен жауаптар берді.

***

Актив жиыны басталар алдында «Чайна Триумф» компаниясының және «Orda Glass Ltd» ЖШС-ның басшылары шыны зауытының құрылысын бірлесіп аяқтау жөніндегі меморандумға қол қойды.

***

Соңғы жылдары Сыр өңірінде жарқын жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмысы. ҚР Премьер-Министрі аталған жобамен арнайы танысты. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жаңа қаланың келешектегі келбеті жайында баяндады.

Қаланың Бас жоспарына сәйкес алдағы уақытта сол жағалаудың 1 мың 532 гектар жері игерілмек. Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында былтыр қос жағалауды жалғайтын көпір пайдалануға берілген еді. Ал биыл дарияның арғы бетіндегі жаңа қаланың іргетасы қаланып, 18 көпқабатты тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның құрылысы басталды. Бұл тұрғын үйлер құрылыс компаниялары қаражаты есебінен салынуда. Ал 742 млн теңгені құрайтын балабақшаны ел игілігіне беру мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Абу-Сер» ЖШС қолға алды. Сонымен бірге, мұнда Қазақ ССР Орталық Атқару комитеті ғимараты, Онкологиялық орталық пен Жастар орталығы, Неке сарайы және «Болашақ» университетінің ғимараты құрылыстары салынады. Айта кетерлік тағы бір ерекшелік – мұндағы нысандар ұлттық нақышпен көмкеріліп, шығыстық үлгідегі шаһарға айналады.

Соңғы жылдары аймақта халық санының өсімі байқалып отыр. Алдағы бірер жылда Сыр жұрты миллионға жетеді деп күтілуде. Осы орайда сол жағалаудағы жаңа қаланы тұрғызу жан-жақты зерделенген жоба деп айтуға негіз бар. Үкімет басшысы Елордаға қарап бой түзеген Сол жағалаудағы құрылысты көріп, өзінің оң бағасын берді.

***

Осы күні түстен кейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Жаңақорған ауданындағы «Шалқия-Цинк» кен орнында болды. Үкімет басшысына Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қайта жаңғыртудан өткен кен орны туралы айтылды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге мәртебелі мейманды күтіп алған «Тау-Кен Самұрық» АҚ ұлттық компаниясының жетекшілері Премьер-Министрге еліміздегі бірден-бір табиғи байлығы мол мырыш пен қорғасын өндіретін «Шалқия» кенішін қайта қалпына келтіру барысындағы жұмыстармен таныстырды. Өз мәлімдемесінде «Тау-Кен Самұрық» АҚ-ның  басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағанбетов сонау 1959 жылы кен барлау жұмыстары басталып, 1980 жылдан бастап, өнім бере бастаған кен орнының өнім өндіру процесі 1994 жылы экологиялық себептерге байланысты тоқтатылғандығын, онан кейінгі уақытта да қоғамдық формация өзгерістеріне және әлемдік дағдарыс әсерінен қалыпты жұмыс жүргізе алмағандығын еске салды. Ал 2002 жылдан бергі уақытта арагідік өз өндірісін жалғастырған кеніш 1,7 млн тонна шамасында шикізат бергенімен, бұл да үлкен көрсеткіш емес еді. Кәсіпорынның өз дәрежесінде жұмыс істеуіне белгілі қиыншылықтар залалын тигізумен келді. Өндіріс орнының толық қуатында өнім өндіруі Үкіметтің қолдауынсыз жүзеге аспайтыны белгілі болды. Сондықтан да 2014 жылдың маусым айынан бастап «Шалқия-Цинк ЛТД» АҚ-ның акциялары «Самұрық Қазына» АҚ қарамағына өтті. Нақты кезеңде компанияның жарғылық капиталы «Тау-Кен  Самұрық» АҚ қарауында. Бұл үмітті қайта жандырып, табиғи байлығы мол кенішті жаңа заманға сай қайта жаңғырту арқылы ел несібесін молайтатын бірден-бір жол болып табылады.

Басқарма төрағасы өз мәлімдемесінде жерасты байлығын кеніш маңында қайта өңдеудің дәлелденген мәселе екендігін алға тартып, осы жерден кен байыту фабрикасын салуға тұжырым жасалғандығын айтты. Бұл жобаның жалпы құны 165 млрд теңге болатын болса, аталған кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 4 млн тоннадан кем болмайды.  Бұл – зор байлық, үлкен қаржы.  Ел Президенті өз Жолдауларында атап көрсеткеніндей,  бағалы кен байлығы өнеркәсіпке кең серпіліс беруі тиіс. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы, халықтың өз несібесін еңбектен табуына мүмкіндік береді.

 Алғашқы кезең барысында  «Шалқия-Цинкте» 521 адам еңбек ететін болса, олардың орташа айлығы 205 мың теңгеден кем болмайды деген есеп бар.  Ал кен байыту фабрикасы толық қуатымен жұмыс істейді деп жоспарланған 2020 жылдары мұнда 1500-ге дейін жұмысшы-қызметкер еңбек ететін болады. «Шалқия» кенішінде руданы вертикальды-конвейерлік тәсіл­мен шығару және байыту бойынша инновациялық шешім қолданылуда. Әрине, бұл үшін басты қозғаушы күш-қаржы мәселесі екендігі анық. Осы орайда Еуропа қайта құру және даму банкімен тиімді келісім шартқа отырып, оны өз ретімен пайдаланудың жөні бөлек. Осы кезеңде банкпен нақтылай жұмыстар жүргізілу үстінде екендігі де айтылды. 

– Біз Мемлекет басшысының тапсырмаларын, Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген жаһандық бәсекеге қабілеттілігін жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді облыс әкімі. Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында аймақта негізгі секторларды жаңғырту жөнінде шаралар қабылдау, өнімділік деңгейін көтеріп, бәсекеге қабілетті экспорттық салалардың дамуы артып отыр.  Нәтижесінде, біріншіден, өңдеу секторындағы өндіріс көлемі 9,4%-ке өсті (ҚР – 6,8%). Бұл республиканың орташа көрсеткішінен жоғары. Тек соңғы 4 жылда өндеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 51,2 %-ке өсті (ҚР – 7, %-ке), ал, оның ЖІӨ-дегі үлесі 3 есе өсті. Яғни, барлық күрделі жағдайларға қарамастан, облысымыздың экономикасы әртараптандырылуда, оның құрылымы өзгеруде.

Мемлекет басшысының технологиялық дамуды жеделдету жөніндегі тапсырмасы бойынша нақты уақытта облыста 6 кәсіпорын Индустрияландыру картасы аясында газды пайдаға жарататын жаңа технологиялық қондырғылар енгізгендігіне назар аударды.  Сол секілді «Шалқия» кенішінің де өзіндік орны бар екендігін алға тартқан аймақ басшысы өндіріс орнында жаңа технологиямен жұмыс жүргізілетіндігіне сенім білдірді.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тағы да біршама мәселелерді тиянақтаған соң, Қазақстандағы Еуро­па қайта құру және даму банкінің директоры Агрис Преймонис пен «Тау-Кен Самұрық» АҚ басқарма басшысы Мәжит Тұрмағанбетовтің қаржылық келісім шартқа қол қою рәсіміне куә болды.

 Осыдан соң Үкімет басшысы бастаған делегацияның бір топ мүшелері кенішке түсіп,  өндіріс орнының өнім өңдеу барысында жасалып жатқан қызметімен танысты.

***

Сапар барысында келесі нысан – Жаңақорған ауданы, Сунақ ата ауылынан 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан ежелгі Сығанақ қалашығы болды. Бақытжан Сағынтаев «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2003 жылдан бері жүргізіліп жатқан қазба және қайта қалпына келтіру жұмыстарын назарға алды.

Көне қаланың шығыс қақпасы жанында облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Асхат Сайлау қазақ хандығының алғашқы астаналары болған шаһарлар, яғни, сақтардың астанасы – Шірік-Рабат, оғыздар астанасы – Жанкент, қазақ хандығының алғашқы астанасы Сығанақ шаһары жайында айтып өтіп, археологиялық қазбалар кезінде табылған көне жәдігерлермен таныстырды. Өз кезегінде Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Көпжасар Жетібаев Үкімет басшысын соңғы археологиялық зерттеулермен хабардар етіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Мұнан соң делегация көне шаһар кешенінің бір бөлшегі – мешіт-медресемен танысты. Осы жерде Үкімет басшысы шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов пен археолог Әзілхан Тәжікеев, жырау Алмас Алматов және облыстық мәслихат депутаты, ақын Шәкизада Әбдікәрімов біздің өңірдің бай тарихы мен рухани құндылықтарды дамыту мәселелері төңірегінде ой-пікірлермен бөлісті. 

Көне шаһардың жанынан бұрын Ұлы Жібек жолы өтсе, қазір «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолы кесіп өтеді. Араб географы аль-Мукаддаси оны «Отырармен кіндігі бір егіз қала» деп көрсеткен. «Сығанақ» деген атау ХІ ғасырда ғалым М.Қашқаридың «Түркі тілінің сөздігі» атты еңбегінде жазылған. ХІ-ХІІ ғасырларда Қарахан мемлекетінің кезіндегі жазба деректердің барлығында қаланың аты жиі кездеседі. 2003 жылы археолог С.Жолдасбаевтың жетекшілігімен Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары осында археологиялық қазба жұмысын жүргізді. Ал 2011-2013 жылдары қазба жұмысының аясы кеңейе түсті. 2014 жылдан бергі уақытта мұндағы археологиялық зерттеулер облыс бюджеті есебінен жүргізілуде.  Көршілес ортағасырлық Отырар, Сауран және Түркістан қалаларына қарағанда Сығанақтың қорғаныс жүйесінде өзгешелік бар болып шықты. Былтыр да зерттеу жалғасып, қалашықтағы мешіт пен оның қақпасын сақтап қалу шаралары жүргізілді. Мұндағы мақсат – көне шаһарды туристік нысан ретінде қалыптастыру және нысанды әлемдік деңгейде насихаттау. Айтпақшы, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне біздің облыстан енген нысандар қатарында Сығанақ та бар.

 ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері» және т.б жобаларының маңыздылығын айрықша атап өтті. Мақала барлық салада рухани жаңғыруды, ауқымды жұмыстар атқаруды талап етеді. Бұл бағытта Қызылорда облысында үлкен жұмыстар атқарылып жатқаны қуантады және оған Үкімет тарапынан тұрақты қолдау көрсетіледі.

«Сыр бойы» газетінің

тілшілер тобы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз