ҚҰРАМА ЖЕМ ЗАУЫТЫНЫҢ ӨНІМІНЕ СҰРАНЫС АРТУДА

106

0

ҚҰРАМА ЖЕМ ЗАУЫТЫНЫҢ ӨНІМІНЕ СҰРАНЫС АРТУДАСыр елі – ежелден аграрлы аймақ. Соңғы жылдары халықты
әлімсақтан асырап келе жатқан салада жемісті жұмыстар бар. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібін
дамытуға үлкен мән берілуде. Аймақ басшысының айрықша назар аударуының арқасында
көрігі қызған істердің бірі – мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында Қызылордада
қолға алынған үлкен жоба – «Жан Арай Жем” зауыты. Мамыр айында іске қосылған зауыт
бүгінде толыққанды жұмыс істеп тұр.

«Жан Арай Жем” жауапкерші­лігі шектеулі серіктестігі
2002 жылы қараша айында құрылған. 2011 жылы «Жан Арай Жем” ЖШС «Құрама жем өндіру”
жобасын Өңірлік индустрияландыру картасына енгізген. Жоба құнының ұлғаюына және
қосалқы жұмыстар жүргізілуіне байланысты бұл жобаның іске қосылу мерзімі тоқтатылып
тұрған болатын. Бастапқыда жобаның құны 280 миллион теңгені құраса, 2013 жылы қаржысы
қайта қаралып, мемлекеттік сараптама бойынша 375,9 миллион теңгеге жетті. Зауыт
мемлекеттік және жеке әріптестік негізде жұмыс жасап отыр. «Байқоңыр” ӘКК” АҚ-ның
үлесі – 49%, яғни 137 миллион теңге болса, қалғаны «Жан Арай Жем” ЖШС-ның өз үлесіне
тиеді. Өндіріс ошағына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы инфрақұрылым
тегін жеткізіліп берілген.

Кәсіпорынға қажетті шикізатты – күрішті, бидайды, жүгеріні
және күнбағысты жергілікті шаруашылықтар өсіреді. Дәлірек айтсақ, «Жан Арай Жем”
зауыты қазір облыстағы бірқатар шаруа қожалықтарымен бірге жұмыс жасауда. Олардың
арасында Жаңақорған ауданындағы «Түгіскен ТШ” ЖШС, Сырдария ауданындағы «Қызылдихан”
шаруа қожалығы, Қармақшы ауданындағы «Достық Жер МК” ЖШС бар. Зауыт тәулігіне –
80, жылына 30000 тонна құрама жем өндіруге қауқарлы. Жем зауытының өнімі сапалы,
техникалары тың. Айта кетейік, кәсіпорын құрама жемді неміс технологиясы бойынша
өндіреді. Яғни, зауыттың қондырғылары дәнді-дақылдар өңдейтін жабдықтар шығаруда
әлемдегі алдыңғы қатар­лы германиялық «Петкус» компаниясында дайындалған. Ал құнары
жоғары мал азығының бір келісі 50 теңгеге бағаланып отыр.

Бүгінде аймақ шаруалары жылына 60 мың тонна мал азығын
тұтынады екен. Жаңа құрама жем зауыты сол сұраныстың жартысын өтемек. Бұған қоса,
жыл сайын облыс көлемінде мал басы көбейіп келеді. Оның үстіне, қазіргі таңда облыстың
ауыл шаруашылығы саласында құрама жем өндіретін бірде-бір кәсіпорын жоқ екенін ескерсек,
зауыт өнімдеріне сұраныс артпаса, кемімейтіні анық. Жем шығаруға қажетті шикізаттар
қатарында күріш, бидай, жүгері, сафлор, күнбағыс дақылдары бар. Демек, алдағы уақытта
ірі қара мал өсіруші шаруашылықтар сапалы және құнарлы жемді алыс­тан тасымалдап,
әуреленбейтін болады. Зауыт өнімі аймақта тек қана мал шаруашылығы емес, сонымен
қатар құс, балық өсіретін шаруашылықтардың дамуына да ықпал етеді.

Сондай-ақ, агрокешен аума­ғын­да күріш өңдеу зауыты да
іс­ке қосылып, жұмыс істеуде. Ол тәулігіне 150 тонна күріш шы­ға­рады. Жем зауытында
60 жұмыс ор­ны ашылса, күріш өңдеу зауытында 50 адам жұмысқа тартылып отыр.

Айта кетейік, агрокешенде шикізат және дайын өнімдер сақтайтын
қоймалар, автотаразы мен зертхана, қалталау цехы бар. Кәсіпорын басшысы Бақдәулет
Мақашевтың айтуынша, бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Келешекте ұн шығару
зауытын және макарон фабрикасын, кондитерлік өнімдерді өндіру зауытын іске қосу
жоспарланып отыр. Қазіргі таңда олардың барлық ғимараттары салынулы тұр. Алдағы
уақытта мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде ашылып жатқан зауыттарда
250-ге жуық адам жұмыс жасайтын болады. Сосын олардың отбасы жатақханамен
қамтамасыз етілмек.

 

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз