ӘРБІР ІСТІҢ НӘТИЖЕСІ ҚАТАҢ СҰРАЛАДЫ

99

0

ӘРБІР ІСТІҢ НӘТИЖЕСІ ҚАТАҢ СҰРАЛАДЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, онда күн тәртібіне бес мәселе қойылды. Мәжіліс кіріспесінде аймақ басшысы Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі басшысы лауазымына Бауыржан Ыбыраев тағайындалғанын хабарлады.
Алқалы жиын алдымен өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен көктемгі дала жұмыстарына дайындық жайын талқыға салды. Аймақ басшысы өз сөзінде соңғы жылдары Сыр елі агроөнеркәсібі дамып келе жатқанын атап өтті. Елбасының биылғы Жолдауында айқындалған міндеттер бұл саланы жетілдіруде ерекше жауапкершілік жүктеп отыр. Сондықтан да, қолда бар мүмкіндікті, анығы, мемлекеттің қолдауын тиімді пайдалануға тиіспіз. Бұл тақырыпта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Өмірхан Пашкенов баяндама жасап, субсидияларды бөлуді қайта қарастыру өзгерісіне сәйкес Сыр диқандарын алаңдатқан жайт шешімін тапқанын жеткізді. Яғни, күріштің гектарына берілетін субсидия сақталып отыр. Майлы дақылдарға субсидия өткізілген өнім көлеміне орай үлестірілмек.
Қызылорда облысы шаруашылықтарды кооперативтендіру тұрғысында өткен жылы біршама жұмыстар атқарды. Нақтыласақ, 133 кооператив құрылған, оның 18-і 300-ден астам шаруаның басын біріктіріп отыр. Осы жылы 16 кооператив құру жоспарлануда. Ақжолтай жаңалықтардың бірі Сырда өсірілген күріштің ирандық «Таромо-хошеми» сорты ойдағыдай өнім берді. Бүгінде осы сорт өнімін Иранға экспортқа шығаруға қам-қарекет жасалу үстінде. Қармақшыдағы «Ақтөбе и К» ЖШС егістігінде жайқалып өскен дақылды биыл 100 гектар жерге отырғызу көзделуде. Өмірхан Пашкенов алынған дәннің алдымен 60 тоннасы экспортқа жіберілетінін мәлімдеді. Негізгі мақсат – 2020 жылға қарай бұл сортты егу көлемін 8000 гектарға жеткізу. Сондай-ақ, бүгінгі күні Сыр қауынына сұраныс артып келеді. Әсіресе, ресейліктер өңірде тамырлаған қауын-қарбызды аттай қалап отыр. «Осы жылы көрші елге 2000 тоннасын экспорттаймыз», – деді баяндамашы.
Ал, еттің жөніне келсек, экспортқа марқа қозы мен құс етін жөнелту жұмыстары жүріп жатыр.
– Көктемгі егіс жұмыстары дайындығына тоқталсам, биылғы егіс көлемі былтырғыдан кем болмайды. Күздік бидай уақытында егілді, күрішке қажетті тыңайтқыштарды алу мәселесі шешілген. Техникаларды дайындау жағы жоспарға сәйкес жүруде. Қаржыландыру жайын айтсам, биылғы егіс жұмыстарына 10,4 млрд теңге қажет. Жетпей жатқан 936 млн теңгені несие көздері арқылы алуды жоспарлап отырмыз, – деді Өмірхан Пашкенов.
Аймақ басшысы биыл судан тапшылық болмайтынын, керісінше мол суға еге болуды, үрлемелі су тоспаларының дайындығын бақылауда ұстау керектігін тапсырды. Сондай-ақ, экспортталатын агроөнім түрлерін көбейту мақсатындағы жұмыстарды жандандыру керектігіне баса назар аударды.
Мәжіліс күн тәртібіне қойылған екінші мәселе – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайы болды. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұржан Өмірсерікұлының мәліметінше, өткен жылы саланы дамытуға үкіметтік және өңірлік бағдарламалар арқылы 14,7 млрд теңге бағытталған. Кәсіп ашам деушілерге қазіргі таңда қат-қабат қағаз жинау жағы жеңілдетілген. Айталық, қажетті техникалық шарттар «бір терДесе де, өңірдегі шағын кәсіпкерлік өнімінің көрсеткіші
республикалық көрсеткіштен төмен. Басқарма басшысы бұған кәсіпкерлердің салық органына нақты көлемді көрсетпеуі себеп деп отыр. Сондай-ақ, аудандардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы сылбыр.
Кәсіпкерлерді несиелендіретін 4 банктің аяққа тұрғандарды ғана жарылқайтыны ол бар. Ең қынжылтатыны, жұмсалып жатқан миллиардтардан нәтиже жоқ есеп. Аудандардағы индустриялық алаңдар болса, бос тұр.
Аймақ басшысы бұл мәселеде жергілікті әкімдерді қатаң сынға алды. Бүгінгі күні жергілікті әкімдерге қойылып отырған талап – жұмыссыздықты азайту, шағын кәсіпкерлікті дамытып, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету. Аймақ басшысы егер де олар бұл талап үдесінен шыға алмаса, орындарынан қош айтысуы тиіс екендігін ескертті. Алдағы уақытта міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатынын, сол кезде жұмыссыздар санының артып кетуі мүмкін екендігіне баса назар аударды.
– Халықты жұмыспен қамтудың төте жолы – шағын кәсіпкерлік нысандарының ашылуына, нәтижелі жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Былтыр қалыпты жұмыс істеп тұрған кәсіп нысандары 8 пайызға азайған. Көбейту орнына азайтып жатырмыз. Бұған аудан әкімдері тікелей жауап береді. Тіпті, әрбір басқарма басшысы өз саласында қанша жұмыс орнының ашылуына жағдай жасағаны жөнінде есеп беретін болсын! Қаржы бар, қолдау бар, бірақ, нәтиже көңіл көншітпейді. Бұдан былай халық үшін қызмет жасағысы келмейтіндер орындарынан босатылады, – деді аймақ басшысы.
Мәжілістің күн тәртібіне қойылған үшінші мәселеде оқушыларды қосымша білім берумен қамту жайы сараланды. Аймақ басшысы өз сөзінде облыста үш ауысымдық мектептер мәселесі шешілгенін, биыл апатты мектептер жайы шешімін табатынын айтты. Сонымен қатар, бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізгенімізді, бұған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қол жеткеніне тоқталды. Ендігі кезекте – бұлақтың көзін ашуға, жастарды ерте бастан қолдауға мән беруге тиіс екенімізді жеткізді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев бұл тақырыпта баяндама жасап, қалыптасқан жағдайды тарқатып берді. Оның айтуынша, облыста 9 оқушылар сарайы, 13 өнер мектебі, 21 спорт мектебі, тағы басқалар жұмыс жасайды. Олар оқушылардың 26,5 пайызын қамтып отыр. Бұл көрсеткіш республикалық деңгеймен салыстырғанда өте төмен, яғни республикада – 32 пайыз.
Тарқатып айтқанда, қала мектептері оқушыларының 17,3 пайызы сабақтан тыс уақытта білім жетілдірсе, аудандарда – 33,8 пайыз. Аудандар ішінде жоғары көрсеткіш Сырдария ауданына тиесілі болса, төменгісі Қызылорда қаласының еншісінде. Басқарма басшысы қосымша білім беру орталықтары өз мүмкіндіктерін толық пайдаланбай отырғандығын алға тартты. Сондай-ақ, материалдық-техникалық базаның жетіспеушілігі негізгі себептердің бірі. Аймақ басшысы бұл орайда да жергілікті әкімдердің жалқаулығы жұмыстың жандануына кедергі екендігіне тоқталды.
– Балаларымызға сапалы білім, саналы тәрбие беру – әрбіріміздің ата-аналық борышымыз. Олардың білім-білігі бізден бірнеше есе асып түсуге тиіс. Ғылым мен технология қарыштап дамыған мына заман осыны талап етіп отыр. Жасыратыны жоқ, бізде барлығы бюджетке алақан жаяды. Неге мемлекеттік тапсырыс беру арқылы ұйымдастырмасқа?! Осыны қолға алыңыздар. Сонан кейін облыс орталығында көпқабатты үйлер салынып жатыр, соңғы 3 жылда 11 шағын аудан бой көтерді. Сол тұрғын үйлерден ашылуына жағдай жасайық, – деді аймақ басшысы.
Мәжілістің төртінші мәселесінде электронды әкімдікті дамыту және мемлекеттік қызметтердің мониторингі бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова баяндама жасады. Ол өз баяндамасында облыс әкімдігінің интернет-ресурсы өткен жылы 109 мемлекет тұрғындары тарапынан қаралғанын жеткізді. Оған ақпараттардың 3 тілде жариялануы мен жаңалықтардың маңыздылығы арқасында қол жетіп отыр.
– Бүгінгі таңда интернет ресурстың өзектілігін арттыруға бағытталған жұмыстардың тұрақтануы нәтижесінде порталды қолданушылар саны 2016 жылдың қорытындысы бойынша 231 032-ге жетіп отыр, – деді Индира Сансызбайқызы.
Аймақта өткізіліп келе жатқан инвест-форум туристердің Сыр еліне деген қызығушылығын арттыруға ерекше үлес қосуда. Оның жарқын дәлелі өткен жылы форумның бір күнінде әкімдік сайтын пайдаланушылар саны 26 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіштер аймағымыздың басты интернет ресурсын республикада 2-ші орынға шығарып отыр. Индира Сансызбайқызы алдағы уақытта жетілдіру жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар, баяндамашы басқармалардың интернет ресурстарындағы кемшіліктерді тізбелеп берді. Айталық, облыстың 4 басқармасының сайтында ақпарат атымен жоқ. Орфографиялық қате деген өріп жүр. Тіпті, күші жойылған заңдарға сілтеме жасап тұрғандары да бар. Ал, мақтаулылар дегенде көшті облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бастап тұр. Аудандық әкімдіктер рейтингісінде бірінші орын Қызылорда қаласына тиесілі болса, сегіздік Жалағаш ауданының еншісінде.
Аймақ басшысы мәжіліс қорытындысында көтерілген барлық мәселеге орай тиісті тапсырмалар беріп, қатаң бақылауда болатынын жеткізді. Елбасы Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асырып, халықтың қамы үшін еңбек етсек қана болашағымыз бекемделе түсетінін айтты.
Нағымжан САУЯЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз