ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

57

0

ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ«Сыр медиа” ЖШС жанындағы коммуникациялар орталығында облыстық
экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәлік
Тұрмановтың қатысуымен брифинг өтіп, онда аймақтың 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық
даму қорытындылары таныстырылды.

Сала басшысының айтуынша, әлемдік экономикада орын алып жатқан
келеңсіз жағдайларға қарамастан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы сақталып,
қоғамдық ахуал тұрақты деп бағалануда. Бюджеттен қаралған әлеуметтік төлемдер бойынша
барлық міндеттемелер уақытылы орындалған.

– Жыл қорытындысымен өңдеуші өнеркәсіпте оң даму қарқыны бар.
Металлургия, химия және тамақ өнеркәсібінде өндіріс көлемінің артуы байқалады. Индустрияландыру
картасы шеңберінде жалпы құны 2,3 млрд теңгенің бес жобасы жүзеге асырылып, 253
жұмыс орны құрылды. Одан басқа аграрлық секторда елеулі өсім байқалды. Оның ішінде
мал шаруашылығы мен егін шаруашылығында даму динамикасы қамтамасыз етілген, – дейді
М.Тұрманов.

Сондай-ақ, ол мұнай өндіру көлемінің 9,5 пайызға кемуі салдарынан
облыстың өнеркәсіп өндірісінің төмендеуі байқалып отырғандығын айтты. Ірі жобалардың
аяқталуы мен мұнай компанияларының инвестиция көлемін азайтуынан құрылыс-монтаж
жұмыстары мен негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемінің төмендеу фактілері
орын алған.

Теңге бағамының еркін айналымға кетуі салдарынан инфляция деңгейі
2015 жылдың желтоқсан айында 14,7 пайызды құраған. Оның ішінде азық-түлік тауарларының
бағасы 9,9 пайызға, өзге тауарлар бағасы 25,2 пайызға, ақылы қызметтерге 10 пайызға
өскен. Десек те, мамандар азық-түлік тауарларының облыстағы бағасы орташа республикалық
көрсеткіштен төмен болғанын айтады.

2015 жылға облыс бюджеті 191 млрд теңге көлемінде бекітіліп, нақтыланған
бюджет 182,9 млрд теңгені құраған. Жан басына шаққандағы бюджет шығыстарына келетін
болсақ, бұл көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы республикада бесінші орында және
әлеуметтік сала шығыстары бойынша бірінші орында тұрғаны белгілі болды.

 

Айнұр
БАТТАЛОВА.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз