ӨРЕЛІ ҰРПАҚ – ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫНЫҢ ЖЕМІСІ

97

0

ӨРЕЛІ ҰРПАҚ – ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫНЫҢ ЖЕМІСІСоңғы уақытта отбасы құндылығы, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі тақырыбы биік мінберлерден жиі-жиі айтыла бастады. Азуы алты қарыс жаһанданудың құлқынына жұтылып кетпеуді ойлаған ұлт өзінің түп-тамырына байланған қасиеттерді қадір тұтады. Тоқсаныншы жылдардағы қиындық қамыты мойнына киілген ата-аналар бала тәрбиесі мен отбасындағы берекеге жеткілікті көңіл бөлінбегенін бүгінгі қоғамдағы өрескел жағдайлардан анық байқап отыр. Ажырасушылардың көбейгені, тастанды балалар тағдыры, жат діни ағымдардың жетегіне ерген жастардың келешегі ата-ананың арқасына аяздай батады. Сондықтан аймағымыздағы Батыр аналардың басын біріктірген қоғамдық ұйымдар, ұстаздар мен зейнеткерлер ұрпақ игілігіне бағытталған бірнеше жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірқатары ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықованың қатысуымен өткен семинарда таныстырылды. 
Семинарда облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен шараға қатысушылармен ой бөлісті. 
Әрбір адамның күнделікті қарбалас тірліктен кейінгі маңдай тірейтін, қиналғанда қолдау күтетін нысаны – отбасы, жақын-жуығы екені белгілі. Ұлттық комиссия төрайымы жақында қабылданған «Нұр Отан” партиясының доктринасында   «Отбасы және дәстүр» қағидаттарының ұлықталғанын, қыркүйектің екінші жексенбісінің Отбасы күні болып белгіленгенін атап өтті. Отбасында ата-ананың бала алдындағы, баланың ата-ана алдындағы жауапкершіліктері, үлкенді сыйлау, еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық сияқты қасиеттер қалыптасады. Алайда, жылына 170-180 мыңдай неке тіркелсе, 40 мыңдай отбасының шаңырағы шайқалады. Тастанды балалардың арасында  ата-анасының көзі тірі жетімдер көбейді. Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы жиіледі. Осы келеңсіз құбылыстардың алдын алу үшін қоғамның тәрбиешілік, насихатшылық қуаты аса қажет. 
Сыр өңірі – алтын құрсақты Батыр аналардың мекені. Бүгінде аймақтағы туу көрсеткіші жоғары деңгейде. Нәрестелердің шетінеуі, ана өлімі азайды. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық тәрбиеге алушылардың қатары көбейіп келеді. Балалар үйі тәрбиеленушілерін оқыту, баспанамен қамту, жұмысқа орналастыру мәселелерінде үлкен істер атқарылуда. Батыр аналардың еліміздегі санаторийлерде демалуы мен ем алуына мүмкіндік жасалды.   
Семинарда «Ақ босаға”, «Батыр ана” қоғамдық қорларының жетекшілері Меруерт Аңсатова, Рая Бәкірова жүзеге асырылған іргелі жобалар жөнінде қысқаша мағлұмат берді. Сондай-ақ, облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Арман Қаржаубаев, патронат тәрбиеші Сәбит Сүгірәлиев, облыс әкімінің кеңесшісі, облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Рахима Ахметова, Батыр ана Пісте Сауқанова, ҚМУ-дың профессоры Темірбек Жайсаңбаев, тағы басқа қатысушылар сөз сөйлеп, семинарда көтерілген мәселелерге байланысты ойларын ортаға салды.       
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз