РЕСЕЙДЕГІ ҚАНДАСТАР ҚУАНЫШЫ

115

0

РЕСЕЙДЕГІ ҚАНДАСТАР ҚУАНЫШЫЖыл сайын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі Ресейдің қазағы көп шоғырланған Астрахань облысында да жоғары деңгейде аталып өтіледі. Осы шараның барысы туралы репортажды  арнайы «Сыр бойы» басылымы үшін дайындады. 
Қалыптасқан үрдіс бойынша бұл күні облыс орталығындағы «Аркадия» мәде¬ниет және демалыс паркі мыңдаған астрахандықтарды біріктіріп, мереке мен сән-салтанаттың ошағы¬на айналды. Сәнді безендірілген  демалыс орны, әсем ән мен тәтті күй, мың бұралған бишілер, ұлттық киімдер мен нақыштар,  төс қағыстырып, мәре-сәре болып жатқан жандар қуанышында шек жоқ. Мейрам ешкімді  бей-жай қалдырмады.
Астрахань облысы – көпұлтты, ауызбір¬шілігі жарасқан құтты мекен. Мерекенің ла¬йықты өтуіне жергілікті әкімшілікпен қатар, қазақ, татар, ноғай, өзбек, әзірбайжан, ¬шешен, түрік, тәжік, ингуш, тағы басқа ұлттық-мә¬дени орталықтары да белсенді атсалысып, өз ұлтының  рухани байлығын  суреттейтін бағ¬дарлама әзірлеп, салт-дәстүр көріністері мен түрлі ұлттық тағамдар дайындайды.
Дегенмен, айта кету керек, бұл ¬жерде қазақтар халық саны жағынан орыстардан кейінгі орында тұр. Яғни, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарымен шектесіп жатқан Ресейдің облысында 200 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Оның ішінде отыз мыңның үстіндегі қазақ – облыс орталығы Астрахан қаласында. Еңбек ардагері Серғали Кенжеғалиев – солардың бірі.
– Наурыз – мыңдаған жылдар бойы тамыры тереңге жайылған қасиетті  мейрам, – дейді 72 жасар ақсақалды қария. – Ата жұрттан шалғай тұрсақ та, қай кезде болмасын, салт-дәстүрімізді  сақтау, оны ардақтау – әрбір қазақтың парызы. Қуантарлық жайт, мұны жергілікті өскелең жас¬тар да жақсы түсінеді. Әйтпесе, оларсыз мына ұлан-асыр тойдың сәні келер ме еді?
Дегендей, астрахандық жастар мейрамға белсене қатысуда. «Шығыс базары» сәндік-қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі олардың жылдағы сүйікті іс-шараларының бірі. Олар ұсынатын қазақтың тоқыма кілемдері, ұлттық киімдері мен ою-өрнектері қиял әлемі¬нің шексіз тұңғиығына жетелейді. Наурыз мейрамының ажарын басты сахнада ¬түрлі ұлт өкілдерінің шығармашылық ұжымдары «Астраханская песня», «Радуница», ¬«Дос¬лык», «Ақмарал», «Тұлпар», «Перс», «Тантана», «Мирас», «Эверест», «Яз», «Сабантуй», «Ялкын», тағы басқалары аша түссе, облыстық Крупская атындағы ғылыми кітапханасының тематикалық кітап көрмесі жалғастырды.
Міне, Астраханьдағы Наурыз мерекесінің айшықтары осындай. Ал бізбен тікелей ба鬬ланысқа шығып, мән-жаймен бөлісіп отыр¬ған әріптесіміз, тележүргізуші ¬Альбина ¬Мухамбаева Астрахань теледидарының таңер¬тең¬гілік бағдарламасының редакторы ¬болып қызмет істейді. Ол – көпшіліктің жақсы көре¬тін, мыңдаған қазақстандық жанкүйердің көзайымына айналған жергілікті «Камызяктар» көңілді тапқыштар командасының беделді мүшесі Ренат Мухамбаевтың жұбайы.
– Наурыз бізде жыл сайын ауқымды атап өтіледі. Бір қызығы, бұл күні бізде ауа-райы әрдайым жылы болады. Біздің қала өзінің көпұлттылығымен, ауызбіршілігімен  ерекшеленеді. Мына көрініс соның нақты дәлелі. Қызылордалықтарға жалынды сәлем айта отырып, мейрам құтты болсын дегім келеді. Мұндағы қандастар үнемі тілекші.

Астрахандық әріптестермен байланысқан
Жәнібек ИСАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз