ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІРДІҢ ӨРЕЛІ БЕЛЕСІ

205

0

ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІРДІҢ ӨРЕЛІ БЕЛЕСІ23 мамыр күні «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тікелей эфирінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен «Әкім сағаты» бағдарламасы өтті. Телеарна журналистері Алтынай Молжанова мен Ғалымжан Жұманазар жүргізген бағдарлама 2,5 сағатқа созылды. Тікелей эфир барысында аймақ басшысы облыстың тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарлар жайлы тарата айтты. 
Бағдарлама кезінде көрермендер тікелей эфир арқылы аймақ басшысынан өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Мұнан бөлек 400-100 Call-орталығы мен www.400-100.kz. арнайы сайты жұмыс жасап,  359 облыс тұрғыны өз сауалдарын жолдады.
– Жалпы саралай отырсақ, облысымыздың кейінгі жылдардағы әлеуметтік-экономикалық ахуалын мына бір ғана деректі келтіре отырып аңғаруға болады екен. Мысалы, 2012 жылы өңіріміз әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінен еліміз бойынша 16-орында болса, 2013 жылдың қорытындысымен алғашқы бестіктің қатарынан көрінген екен. Бұл, әрине, үлкен жетістік.
Өзіңіз туып-өскен өлкеде облыс әкімі қызметіне тағайындалғаныңызға, міне, төрт жылдан астам уақыт өтіпті. Осы төрт жылдан астам уақытта өңірімізде атқарылған тірліктер өте көп. Әлгінде біз эфирдегі бейнебаянымызда негізгі көрсеткіштерге бір акцент жасап өттік. Ал қазір тікелей эфиріміздің барысында әр салаға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды, жалпы әлі де болса шешімін табуы тиіс мәселелерге ойысатын боламыз. Ал алдымен ағымдағы жылға артылған жауапкершілік төңірегінде әңгімені бастасаңыз. Жалпы ойға алған жоспарлар ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр ма? Облысымыздың бүгінгі дамуына қандай баға бересіз?
– Қайырлы кеш, құрметті телекөрермендер! Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздермен кездескенімізге қуаныштымын. Қызмет бабымен облыстың барлық 264 елді мекенін өзім аралап шыққанмын. Мен болмаған елді мекен жоқ. Ал бірақ күнде кездесудің реті келе бермейді. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздермен тікелей сұхбаттасып, сұрақтарыңызға жауап беріп және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне байланысты ақпарат беру мен үшін де өте маңызды. Өйткені, сіздердің Сыр елінің жасарып -жаңаруына тілекші, соған өздеріңіз үлесін қосып жүрген азаматтар екендеріңізді білеміз.
Биылғы жылдың ерекшелігі, біз әлі ғаламдық дағдарыстан шыққан жоқпыз. Әлі де оның салқындығы тиіп отыр. Мысалы мұнайдың, газдың бағасына байланысты біздің Қызылорда облысы қиыншылықтарды ерекше сезінді. Бес айдың қорытындысы әлі шыққан жоқ, десе де, аймақ дамуын айқындайтын  макроэкономикалық көрсеткіштердің нәтижесі бойынша барлық салада өсу бар. Республиканың маңдайалды 5 облысының қатарындамыз. 1-тоқсан қорытындысы бойынша 3-4-ші орында тұрмыз. Оның ішінде бір ғана көрсеткіш бойынша ойдағыдай шығып отырған жоқпыз. Ол өнеркәсіп өндірісі. Себебі, мұнайдың, газдың бағасы төмендеп кеткеннен кейін біздегі «Құмкөлдегі» мұнайдың көлемі де, сонымен бірге, сапасы да төмендеп кеткен. Жер астынан алынып жатқан мұнайдың 95 пайызы – су,  5 пайызы ғана мұнай. Мұның өзі мұнайдан түсетін түсімді төмендетіп жіберді. Бұл, әрине, инвестицияның да, бюджеттің де көлеміне салқындығын тигізеді. Аймақ өндірісінің  80 пайызы мұнай-газ және уран өндірісі.  Осыдан 4-5 жыл бұрын мұнайды 11 млн тонна өндірсек,  биылғы жылдың аяғына дейін өндіретін көлем 6,7-6,8 млн тоннадан аспайды. Республика бойынша мұнай өндірісі кемуінің 70 пайызы біздің облысқа тиесілі. Бір жағынан бұл, әрине, қиыншылық, бірақ қазақ «жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді ғой, екінші жағынан бұл бізді өңдеу өнеркәсібін тез дамытуға, экономиканы әртараптандыруға, соған байланысты тез әрі шұғыл нақты нәтижелі шешімдер қабылдауға мәжбүр етті. Соңғы 4 жылдың ішінде, әсіресе 3 жылда өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша республика аймақтарының ішінде алдыңғы қатардамыз. Мысалға, тек соңғы үш жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібінің жалпыөңірлік өнімдегі үлесі 3 есеге өсті. Бұл мұнай мен газға тәуелді емес экономикалық құрылымды өзгертіп, әртараптандырып, соның арқасында тұрақты экономиканы қалыптастыруға жетелейді. Бұл ерекше маңызды. Елбасының индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі мақсаты – экономиканы әртараптандыру. Тек қана тау-кен, мұнай мен газ емес, басқа да өндірістерді дамыту. Төрт айдың қорытындысы бойынша барлық көрсеткіштер қарқынды, жақсы келе жатыр. Әсіресе ерекше атап өту керек, өңдеу өнеркәсібінің дамуы, инвестицияның көлемі және құрылыс. Аймақты дамытатын осы негізгі салалар. Құрылыс, оның ішінде баспана бойынша Астанадан біз екінші орында тұрамыз.  Осыдан төрт жыл бұрын бүкіл Қызылорда облысы 274 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырған болса, өткен жылы 576 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырдық, ал биыл одан да көп болады деп күтілуде. Аудандарда да сондай қарқынды жұмыс басталуда, дарияның сол жақ жағалауында жаңа қаланың құрылысын бастап жатырмыз. Осының бәрі аймақтың макроэкономикалық көрсеткішін жақсар¬тады, Сыр өңірінің қарқынды жақсы дамып келе жатқанын көрсетеді.
Жаңа өнеркәсіп орындарына қатысты да айтуға болады. Биылғы жылы біз көптеген өндіріс орындарының құрылысына кірістік. Ауылшаруашылық саласында да жақсы жетістіктерге жеттік. Биылдың өзінде ауылшаруашылық саласына инвестицияның көлемі 20 есе өсті. Оның ішінде егін шаруашылығы, мал шаруашылығы бар. Соның бәрі, әрине, өз жемісін береді. Мұнай өндірісі көлемінің азаюы себепті бюджет түсімі 45 пайызға азайып кетті. Егер 2013 жылы Қызылорда облысы Ұлттық қорға 500 млрд теңге қаржы бөлген болса, қазір ол көрсеткіш 7 есе қысқарып кетті. Соның өзінде де 2013 жылы облыс бюджеті 107 млрд теңге болған болса, қазір 200 млрд теңге көлемінде. Ол ненің есебінен? Біз жұмысты тиімді ұйымдастырып, Үкіметтен, орталық органдардан жақсы трансферттер алып, жобаларымызды дайындап, соны дәлелдеп қаржы түсірудеміз. Сонымен бірге, халықаралық қаржы ұйымдарынан да инвестиция тартуды ұйымдастырудамыз. 13 жобаға 230 млрд теңге көлемінде инвестиция тартудамыз. Оның ішінде Еуропалық қайта құру және даму, Ислам даму, Дүниежүзілік банктер бар.  Бюджет қаражатын бөлу шектелгеніне байланысты қазір халықаралық қаржы ұйымдарынан инвестиция тартып, қиыншылықтарды сезбек түгілі даму үрдісіне шығып отырмыз. Осының бәрі қызылордалықтардың нәтижелі жұмыстарының нәтижесі. 
 – Шыққан биігімізден түскен жоқпыз деңіз…
– Жоқ, қайта жақсы қарқында келеміз.
 – Шағын және орта бизнес экономиканың негізі саналады. Біздің елімізде адамдарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында түрлі бағдарламалар қабылдануда. Соған қарамастан, бізде ШОБ өте баяу дамуда. Сіз қалай ойлайсыз, дағдарысқа қарсы шаралардың, ШОБ-ты дамытуға бағытталған бағдарламалардың тиімділігін арттыру үшін  қандай шаралар қабылдау қажет?
– Елбасы бірінші кезекте кәсіпкерлікті жаппай қолдау мәселесін қойып отыр. Қазір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл қажетті шешім бір жағынан күрделі мәселелер де туындатуы мүмкін. Бізде жұмыссыздар бар. Сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да бар. Егер олар сақтандыру жарнасын төлемесе, сақтандыру полисі болмаса, онда оларға кепілді дәрігерлік көмек қолжетімді болмай қалады. Олар жұмыссыз ретінде тіркелуі керек немесе өзінің ісін бастап, кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Міне, сол жақтан жарналарын төлеуі керек. Мұның өзі бюджетке ауыртпалық әкелуі мүмкін, сондықтан біз шағын және орта бизнестің дамуына, адамдардың өз кірісі болуына мүдделіміз. Сол себепті шағын және орта бизнесті қолдауға қосымша шараларды қолға алуымыз қажет. ШОБ-ты қолдау, оған Ұлттық қордан қомақты инвестиция тарту бұл мәселені шешуге көмектеседі. Әрине, алғаш кәсіпкерлікті бастап жатқандар үшін қандай да бір жеңілдіктер болуы тиіс. Мәселен, Өзбекстанда бірыңғай салық секілді жақсы тәжірибе бар. Бизнесін жаңа бастағандар үшін бір ғана салық түрі бар. Алғаш ісін бастағандар аяғына тұруы үшін біршама уақыт керек. Мүмкін сол кезеңде салықтан босатқан да дұрыс болар. Бізде жұмыс істеп жатқан Өзбекстаннан немесе Орта Азияның басқа мемлекеттерінен келген еңбек мигранттары бар. Оларға қатысты белгілі бір шектеулер болуы керек. Өйткені біздегі «Жұмыспен қамту жол картасы», «Бизнестің жол картасы» секілді бағдарламалар көршілес елден келген еңбек мигранттарын ұстау үшін емес, бірінші кезекте өзіміздің азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге арналған. Әрине, микробизнесті дамыту керек. Мәселен, Еуропа елдерінің ішінен өткен ғаламдық дағ¬дарысқа қарсы мықты төтеп берген Германия мен Польша мемлекеттері. Әсіресе Польша. Өйткені олар «Микробизнес туралы» заң қабылдаған. Оларда жеке кәсіпкерлікпен айналысатындармен 9 адамнан аз жұмыс істейтін кәсіпорындарға әжептәуір жеңілдіктер қарастырылған. Міне, осындай шағын және орта кәсіпкерлік нысандар өткен жаһандық дағдарыс кезінде Германия мен Польшада экономиканың тұрақтылығын ұстап тұра алды, сонымен бүгін де экономиканың негізгі тірегі болып отыр. Міне, осыдан үлгі алу керек. Біріншіден, адамдарда табыс көзін түсіретін жұмыс болуы қажет,  сонымен қатар, белгілі бір мемлекеттік қолдау болуы тиіс. Біз жыл басында Қызылорда облысында шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай жол картасын қабылдадық. Мен барлық аудандарды аралап шығып, актив жиындарын өткіздім. Ауылдық округ әкімдеріне дейін түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Мысалы, бір ауылды алайық, онда 2 мың адам тұрады. Ол ауылда наубайхана, шаштараз, монша, басқа да қажетті нысандар жоқ. Біз ауыл әкіміне айтып отырмыз. Мемлекет қаржы бөліп отыр, неге айналыспасқа? Шаш алдыру үшін басқа жаққа, мысалы, 70-80 шақырым жердегі аудан орталығына бару керек пе? Ал ол ауылда 200-дей жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар. Айналысу керек. Президент шағын бизнесті, әсіресе жаңа жұмысын бастағандарға мол қаржы бөлдіртіп отыр. Міне, осындай жұмыстар бар. Соңғы екі жылда біздің облыс 5 және 7 млрд теңге шағын несие алды. Бұлар өз нәтижесін беруі тиіс. Бүгінде адамдар өз істерін бастап жатыр, олардың арасында біздің өңірге тән емес бизнес түрлері де бар.
– Өзіңізбен тікелей сұхбатты пайдаланып, көрермендеріміз өздерінің көкейіндегі сауалдарға жауап алғысы келетіні белгілі. Біздің тілшілердің аудандардан дайындаған сұрақтардың алғашқысы.
– Мен Ахметов Пернебек Жүнісұлы, Шиелі ауданы Тартоғай ауылдық округының тұрғынымын. Құрметті Қырымбек Елеуұлы, Шиелі ауданының тұрғындары ауызсу мәселесінде көптеген кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын көріп қуанып жүрміз. Қазіргі таңда Шиелі ауданының халқы «Жиделі» топтық су құбырынан, жергілікті ұңғымалардан ауыз суды пайдалануда. Осы орайда Сұлутөбе, Бірлестік, «1 Мамыр», Тартоғай ауылдары тұрғындары атынан Кеңес Одағынан бері су ішіп келе жатқан, ескірген, тозығы жеткен шойыннан жасалған су құбырларын қайтадан жаңартылған ауыз су желілеріне ауыстырылуына ықпал етуіңізді сұраймын.
– Мен Қармақшы ауданы Жосалы кентінің тұрғынымын. Сіз облыс басшысы болып келгелі аудандарға газ қосу мәселесі шешіліп келеді. Әрине, ол үшін Сізге көп-көп рахмет айтамыз. Биылғы жылы Қармақшы ауданына газ қосылады деген хабарды естідік. Осыған байланысты айтып өтсеңіз…
– Азаматтар дұрыс, өзекті мәселелерді көтеріп отыр. Пернебек ағайды жақсы білемін. Елді мекендердің қажетті мәселелерін үнемі көтеріп жүреді. Бұл жолғысы да өте маңызды. Облыстық мәслихаттың өткен сессиясында Сұлутөбе мен Тартоғайдың су желілері жобасын жасауға қаржы бөлінді. Аманшылық болса, 3-4 айда жоба дайын болады. Содан кейін бюджеттен қаржы бөліп, құрылысына кірісеміз. Ал енді Бірлестік пен «1 Мамырға» байланысты жобаны дайындауды 2018 жылдың бюджетіне жоспарлаймыз. Кезең-кезеңімен бәрі болады деп ойлаймын. Ал жалпы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін айтатын болсақ, облыста елді мекендердің 95 пайызы орталықтандырылған ауызсу желілерімен қамтамасыз етілді. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Ал қалған 5 пайызының 3 пайызын біз міндетті түрде шешеміз, ал қалған 2 пайызына орталықтандырылған су жүйесін тарту экономикалық тиімсіз.  Өйткені халық аз тұратын шағын әрі шалғайдағы елді мекендер. Сондықтан оларға суды таситын боламыз. 
Ал Қармақшыны газдандару мәселесіне келетін болсақ, қазір облыстың елді мекендерінің 63 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Ал Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек және Қызылорда қаласы маңындағы бірнеше елді мекенге әлі газ келген жоқ. Біз бұл жобаны да жалғастырып өткен жылы да шешіп жіберуге мүмкіндігіміз болды. Бірақ «КазТрансГаз» АҚ ол инвестициялық жобаны іске асыру үшін тарифті көтеру туралы ұсыныс берді. Қазір газ үшін 19 мың теңге төлеп отырмыз. Енді оны 24 мыңға көтерсек, халықтың қалтасына ауыр тиетін болды. Газды алып келгенмен де, оны пайдалану қиынға соғатын болды. Сондықтан халықтың жағдайымен санаса отыра олардың ұсынысына келіспедік. Оны бюджеттен шешуді ойлап, Үкіметке бұл жобаны дәлелдеп, қорғап, Энергетика министрлігінде «Казмұнайгаз» ҰК-да бекіттік. Биыл Жосалыға 560 млн теңге қаржы бөліп, автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысын бастап жатырмыз. Ендігі жылғы бюджетте жоспарланған, 980 млн теңге бөлініп, Жосалының көгілдір отынға қолы жетеді. Ал аржағындағы елді мекендерге ауданнан газды жеткізу үшін 2,7 млрд теңгеге Энергетика министрлігіне ұсыным берілді. Ол өз ретімен шешіледі деп ойлаймын. Жалағаш пен Тереңөзекке келетін болсақ, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мырзаны биылғы облыс әкімінің есепті кездесуіне арнайы шақырдым. Сонда келіссөздер жүргізіп, хаттамаға қол қойғанбыз. Соның аясында қазір жұмыс жүріп жатыр. Министрлік пен әкімшіліктің бірлескен жұмыс тобының қорытындысы осы маусым айында шығады деп отырмыз. Бәрі ойдағыдай дұрыс болса, онда жылдың аяғына дейін Жалағаш пен Тереңөзекті газдандыру мәселесіне де кірісіп кетеміз деген ойдамын. Сонымен бірге, тағы бір жоба бар. Қараөзекте «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырындағы үлкен компрессорлық станция бар. Аманшылық болса, биыл үлкен стратегиялық маңызы бар жоба басталуы мүмкін. Сол Қараөзектен Астанаға қарай үлкен газ құбыры тартылатын болады. Бұл үлкен кәсіпорын, ол жерде көптеген жұмыс орындары ашылады. Бұл – біздің экономикамызға инвестиция. Біздің тұрғындарға жұмыс орны болады. Сосын олардың міндетті түрде әлеуметтік жобалары болмақ, әлеуметтік дамуымызға да өзінің үлесін қосады деп ойлаймын.
 – Жаңа ауызсуға қатысты ақпаратты бердіңіз. Енді мол суға қатысты ақпаратты берсеңіз. Биыл мол су біраз өңірлерді әбігерге салды. Жасыратыны жоқ, біздің Сырдария бойында да 56 елді мекенге қауіп төнді. Табиғаттың тосын сыйына төтеп беру жолында өзіңіз басы-қасында болып, алдын алу шараларын жүргізгеніңіздің куәсіміз. Дегенмен, халықтың көкейінде әлі де бір күдік бар. Мол су тағы да келуі мүмкін бе, әлде қауіп сейілді ме?
– Сырдария суы қалыптасатын Қырғызстан аумағында қар мен жаңбыр көп түсті. «Шардара» мен «Көксарай» толып тұрды. «Арнасайдан» да су қабылдауға мүмкіндік болмады. Сондықтан судың көлемі 3 есе өсіп кетті. Қызылорда облысы мұндай көлемдегі мол суды 48 жыл бұрын көрген екен. Секундына 1800-2000 текше метр су жүрді. «Шардарадан», «Көксарайдан» келе жатқан, сосын Арыстан қосылатын су осының бәрі бізге үлкен салмақ болды. 56 елді мекенге, 84 мың үйге, 357 мың тұрғынға, 257 мың мал басына су қаупі тікелей төнді. Сондықтан 4 ауданда – Шиелі, Сырлария, Жалағаш, Қармақшы аудандарында төтенше жағдай жарияладық. Бұл жұмысқа 230 техника мен 2 мыңдай адам жұмылды. Осы мүмкіндікті пайдалана отыра, жергілікті тұрғындарға, әсіресе су шаруашылығының ардагерлеріне рахмет айтқым келеді. Елді мекендердің техника жүре алмайтын кейбір тұстарында халықтың өз қолымен жұмыс істеді. Сонда ақ жаулықты аналарымыз асардағы сияқты бауырсағы мен палауын пісіріп, шайын қайнатып, үлкен ауызбіршілік көрсетті. Бізде керемет дәстүрлер бар. Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» десе, кейде тарихшылар «Сыр – Алаштың панасы» дейді, судың қауіпті қысылтаяң кезінде қасиеттілігімізден айырылмағанымызды көрдім. Үлкенді-кішілі бәрі бірігіп, әкім де, ардагер де, мектеп оқушысы да, бәріміз жұмылып, осы қауіптің алдын алдық. Менің ұсынысым бойынша мәселелер Премьер-министр Б.Сағынтаев мырзада қаралды. Соның бір шешімі ретінде Шиелі ауданында «Күміскеткен» су қоймасын салу туралы мәселе. Ол өте табиғи ыңғайлы жер, 600 млн текше метр суды жинақтауға болады. Көктемде жинап, дарияда судың аз кезінде тиімді пайдалануға болады. Өткен жылдары үрлемелі су тоспасын Жаңақорған мен Шиеліде салдық. Су аз болса да, 60 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге болады. Екінші, осы жағдайға байланысты Ұлы Отан соғысынан кейін салынған «Қызылорда» су торабын жөндеу, жаңғырту мәселесін де қозғадық. Сонымен, «Күміскеткен» су қоймасын салуға 2,2 млрд, «Қызылорда» су торабын жөндеуге 2,3 млрд теңгені Үкіметте қолдау таптық. Сондықтан, «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, осы қиыншылықтарды пайдаланып, Үкіметтің алдында көкейтесті мәселелерімізді қойып, тиісті қаражатты шешіп алдық.
– Қазір сауалын жолдағысы келген көрермен бізді тосып тұр екен. 
– Мен Қармақшы ауданының тұрғыны Талғат Еркебаевпын. Менің сұрағым, Жалағаш, Жосалы автожолындағы көпір мен су өткізу құрылғысы тасқын су салдарынан бұзылған болатын. Сол себепті 2 аудан аралығындағы жол қатынасы бізге қиындық туғызып отыр. Осы жол қатынасы қашан қалпына келтіріледі екен? 
– Дұрыс, жақында ғана мен өзім сол жолда болдым. Жолға жоба жасалынды, оның құрылысына өткен аптадағы облыстық мәслихаттың сессиясында қаржы бөлінді. Ол жерде әлі де су жатқаннан кейін құрылысты бастай алмай отырмыз. Шамалы уақыттан кейін құрылысқа кірісеміз. Құрылысшылар 1,5 айдың ішінде барлық құрылыс жұмыстарын бітіреміз деп отыр. Аманшылық болса, солай болады.
– Астанада өтетін «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында тұрмыз. Көрмеге қызылордалықтар да баруға ниетті. Біздің Виталий Савченко атты көрерменіміз «Жазғы демалыс кезінде Астанаға  жолаушылар тасымалдауда қиындықтар туындамай ма? Қосымша рейстер бола ма?» деген сауалын жолдапты.
– Бұл мәселені «Астана ЕХРО-2017» ҰК-мен, Инвестиция және даму министрлігімен бірге талқыладық. Көрме кезінде «Қызылорда – Көкшетау», «Қызылорда – Петропавл» пойыз¬дарына қосымша 36 вагон жалғанады. Бұл қосымша 486 орын. Оған қоса Қызылорда облысынан 50 мың адамды көрмеге апарып, орналастырып, аралатуды жоспарлап отырмыз. Жалпы 75 мыңнан астам жерлестеріміз Астанадағы ауқымды шараға баруға ниет білдірген. Үкіметке Байқоңыр ғарыш айлағы мен Қорқыт ата ескерткіш кешенін көрме туристері келетін нысандар қатарына енгізу туралы ұсынысымыз қабылданды. Қазір Ресей тарапының да келісімін алдық. Туристер Алматы мен Астанадан таңертең чартерлік рейстермен ұшып келіп, ғарыш айлағы нысандарын тамашалайды. Түс ауа «Қорқыт ата» кешеніндегі этноауылда қазақтың тұрмыс-салтымен танысады. Кешкісін қайта ұшып кетеді. Бұл туристер үшін өте қолайлы. 
– Қазір Ресей өзінің Плесецк, Восточный ғарыш айлақтарын дамытып жатыр. БАҚ-тарда көрші елдің Байқоңырдағы әскерилерді және кешенді ұстап тұруға кететін шығындарды қысқартып жатқаны туралы мәліметтер бар. Қазірдің өзінде нысандардың 56 пайызы пайдаланылмайды. Кейбіреулерінің пайдалану мерзімі өтіп кеткендіктен жарамсыз күйге түскен. «Байқоңыр» ғарыш айлағының болашағына қатысты қандай жоспар бар?
– Академик Аганбегянның есептеулеріне қарағанда, «Байқоңыр» ғарыш айлағын салуға Кеңестер елінің ішкі жалпы өнімнің 5 пайызға жуығы жұмсалған. Ондағы нысандардың басым бөлігі кезінде әскери мақсатта болды. Ресей тарабы әскери нысандарын өз аумағына көшірді.  Ал халықаралық ғарыш станциясымен байланыс Байқоңыр арқылы жүзеге асып жатыр. Екі ел арасында ғарышты игеруге қатысты келісім бар. Әрине, Байқоңыр аумағын тиімді пайдалану керек, оны болашақта үлкен қоқыс алаңына айналдыруға болмайды. Елімізде Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылғалы бері Байқоңыр негізінде жаңа кәсіпорындар, технопарктер ашу туралы ұсынысымызды білдірдік.  Айлақта ракета тасымалдаушылар мен спутниктер құралған аумағы «Лужники» стадионындай  монтаждау сынақ корпустары бар. Қазір бұлардың барлығы бос тұр. Оған инвестиция салып, дайын инфрақұрылымды тиімді пайдалану керек. Байқоңырдың екінші тынысын ашу үшін берген ұсынымызды Елбасы жан-жақты қолдады. Қазір Байқоңыр қаласы мен оған іргелес жатқан Ақай және Төретам ауылдарын дамытудың жоспары бекітілді. Мұнда шағын және орта бизнесті дамыту үшін кейбір нысандарды арендадан шығардық. Бүгінде 14 нысан коммуналдық меншікке өтуде. Бұл бағдарлама таяуда үкіметаралық комиссия отырысында талқыланбақ. Алдағы маусым айының 6-7 күндері өтетін мәжілісте 15 мәселе қаралады. Оның жартысынан астамы Қызылорда облысының экология, халық денсаулығы, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне байланысты. 
Абай ауылының тұрғыны: – Отбасымда 5 балам бар. Меди¬циналық сақтандыру жарнасын менің жұмыс орным төлейтін болса, 18 жасқа толмаған балаларыма мемлекет төлейді екен. Балаларымның анасы үй шаруасында. Сол себепті дәрігерлік көмек алмай қала ма? 
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру реформасын біздің жерлестеріміздің қадағалап отырғанына қуаныштымын. Мұның үш жолы бар. Жұбайыңыз өзі 1400 теңге төлеп, сақтандыру полисін ала алады. Екінші жолы – жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік қолдау шараларына қатысады. Бұл жағдайда жарнаны мемлекет төлейді. Кәсіпкер ретінде тіркеліп, тапқан пайдасынан заңнамаға сәйкес өзі 2 пайызын төлейді. Бұл – үшінші жол.
 – Бізге келіп түскен сұрақтардың қатарындағы  Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Қазыбай Құдайбергеновтің сауалын оқып беруге рұқсат етіңіз. Сіздің 90-жылдары біраз уақыт барлық дерлік әлеуметтік саланы біріктірген министрілікті басқар¬ғаныңызды білеміз. Соңғы 20 жылда әлеуметтік салада көпте¬ген реформалар мен трансформациялар жасалды. Осы ретте, әлеуметтік саланы жетік білетін маман ретінде бүгінде осы салада қандай мәселелерді айтып өтер едіңіз?
– Әлеуметтік мәселелер – күрделі мәселелер, сондықтан бір сұхбат барысында барлығын қамту өте қиын. Біз соңғы кезде әлеуметтік қолдау шараларына көп мән береміз де, экономикалық белсенділікті арттыруды кейінге қалдырудамыз. Ал, Елбасы Еңбек қоғамын құру туралы көптеген ой-пікірін айтқан жоқпа? Бізде көптеген мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзі қоғамға пайда келтіруге мүдделі. Масылдыққа салынбай, үкіметтік емес ұйымдар ретінде тапсырыс алып, пайда тауып отырғандар бар. Сондықтан әлеуметтік қолдау шараларына біржақты қарамай, экономикалық белсенділікті арттыруға тырысуымыз керек. Айтпақшы, жақында мүгедек кәсіпкерлердің форумын өткіземіз. 
Кезінде Білім және ғылым министрі болған соң, білім –  маған ерекше жақын сала. Білімге бүкіл қоғам жұмылып қолдау көрсеткенді жөн деп есептеймін. Халқымыздың үкілі үміті мен асыл арманын жүзеге асыратын – болашақ ұрпақ. Оларды оқытуды, тәрбиелеуді бәсекелестікке сәйкестендіру барлығымыздың парызымыз. Сондықтан дарынды балаларды, инновациялық мектептерді  қолдауда көптеген бағдарламаларды да іске асырып жатырмыз. Бірақ, мені қала мен ауыл мектебі арасындағы айырмашылық, алшақтық алаңдатады. Елімізде халықтың 60 пайызы ауылда тұрады. Ауылдағы білім ошақтары 50, 100, 120, 200 орындық шағын комплектілі. Осы мектептерге көбірек көңіл бөлінуі керек деп есептеймін. Жақында Білім және ғылым министрінің қатысуымен бірнеше мектепті ашамыз. Бір күнде Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында 8 мектепті, 2 балабақшаны ашу жоспарымыз бар. Осыдан 3 жыл бұрын облыста 37 апатты жағдайдағы мектеп бар болса, соның 25-і қайта салынды. Қалған  12 мектептің 8-ін тапсырамыз, соңғы 4 мектепті, бұйырса, тамыз айында жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға береміз. Сонда Қызылорда облысындағы апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешіледі. Ауылдағы мектептерге инновациялық технологияларды енгізуге, материалдық-техника¬лық базасын нығайтуға, сонда сабақ беретін ұстаздардың біліктілігін арттыруға ден қою керек. Өйткені, қаладағы иннова¬циялық мектептерді қолдай отырып, ауылдағы мектепті де ұмытпауға тиіспіз. 
Әлеуметтік мәселелердің ішіндегі ерекше алаңдататыны – маргинал жастарға қатысты түйткіл. Олар көбіне ауылдық мектепті үйтіп-бүйтіп орташа деңгейде бітіреді. Мамандығы, кәсіби біліктілігі жоқ. Еңбек нарығында бәсекеге сай емес. Базарда жүріп, біреудің арбасын қашанғы сүйремек? Олар тығырықтан шығар жол таппай, қажетті әлеуметтік қолдау шараларына кезікпеген соң, қылмыскерлердің артына немесе дәстүрлі емес діни ағымдарға еріп кетеді. Облыстық жастар басқармасын, жастар ресурстары орталығын құрып, барлық аудандарда бөлімшелерін аштық. Оларға тек 4 пен 5-ке оқитын, үлгілі, белсенді жастармен ғана емес, әлгіндегі айтқандай, маргинал жастармен айналысыңдар деп тапсырдым. Болашаққа сенімін нығайтайық, көмектесейік. Өмірден жолын табуына септігімізді тигізейік. Осы тектес әлеуметтік мәселелерге орталық та, жергілікті билік те ерекше көңіл бөлу керек деп ойлаймын.
Мысалы, арнайы тағайындалған облыс әкімінің 500 гранты көпбалалы, тұрмысы төмен отбасынан шыққан, маңдайы жарқыраған, бірақ ата-аналарының мына тұрған қалаға да балаларын оқытуға жағдайы жоқ ауыл балаларына беріледі. Грант иегерлерінің ішінде басшылардың, жағдайы бар кәсіпкерлердің балалары болмауын өзім қадағалап отырмын.  Талабы таудай балаларға қолдау жасасақ, олар өмір басында әлеуметтік әділеттілік барын сезінеді ғой. 
Ал, Мәскеу мен Санкт-Петербургта біздің жолдауымызбен оқып жатқан жастар жоғары техникалық білім алған соң елдің игілігіне жұмыс жасайды деп үміттенеміз. 
Call-орталық сұрақтары. Журналист-сарапшы Жолдасбек Ақсақаловтың атынан келіп түскен сұрақты оқып беруге рұқсат етіңіз.
– Ақпан айының басындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Сіз бюджетаралық қатынастарды жетілдіру туралы ұсыныс айттыңыз. Осы орайда нақты қандай шара¬ларды ұсындыңыз? Ол ұсыныстар орталықтан қолдау табуы мүмкін бе?
– Республикалық және жергілікті бюджеттің әрқайсысының өз заңдылықтары бар. Біздің облыстық бюджет негізінен жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтан құралады. Корпоративті табыс салығы бізде жоқ. Мысал ретінде айтайын, шыны зауыты құрылысына 36,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Аманшылық болса, желтоқсан айында құрылысын бітіреміз. Өндіріс іске кіріскесін түсетін салық көлемі бар болғаны 223 млн теңге, яғни  бізді ынталандырмайды. Сондықтан Үкімет жергілікті аймақтарды өз бюджетін дамытуға ынталандыру керек деген ұсыныс айттым. Корпоративті табыс салығы жаңа құрылыс, жаңа өндірістен түседі. Бұрын 15 пайызы жергілікті бюджетке, 85 пайызы республикалық бюджетке кететін. Қазір 100 пайыз республикалық бюджет иелігіне өтетін болды. 
Мысалға, корпоративтік табыс салығының 15 пайызын алатын болсақ, өзімізде жаңа жұмыс орындарын, өндірістерді дамытуға ынталы боламыз. Субвенциялық аймақтардың донор аймақтардан айырмашылығы – өз бюджетін, салықтық базасын дамытуға экономикалық ынтасы жоқ, тек тапсырмамен жұмыс істеп жатыр. Бізді ынталандыратын болса,   бюджетімізді өсіріп, өндіріс орындарын ашар едік. Экономикалық стимулға сәйкес аймағымыздың көкейтесті мәселелерін Үкіметтің алдына қоймай-ақ тез шешуге тырысар едік.  Оның үстіне Елбасы жергілікті басқаруды дамыту мәселесін алға тартып отыр. Саяси реформа аясында, Президент өзінің көптеген өкілеттіліктерін Үкімет пен Парламентке берді. Үкімет пен орталық мемлекеттік органдар көптеген құзырын жергілікті атқарушы билікке өткізді. Осы оңтайлы кезеңде жергілікті бюджеттердің, атқару органдарының экономикалық стимулын арттыру керек деп ойлаймын. 
  Тимур Атағұлов: – Сіз өз командаңызға кадрларды қалай іріктейсіз, яғни кадрлық шешім қабылдағанда таңдаған адамыңыздың қандай қасиеттеріне мән бересіз?
– Ең бірінші кәсіби біліктілігіне мән беремін. Ғалымдар адамзаттың ақпараттық базасы Иисус Христос пен Леонардо да Винчиге дейінгі 1800 жыл аралығында бірінші рет жаңарды дейді. Қазір бұл процеске 2 апта ғана жеткілікті болып отыр. Сондықтан жедел шешім қабылдайтын, кәсіби білігі жоғары, істің көзін білетін, білімді адамдар керек. Кейбір адамды жақтырмауың да мүмкін, бірақ ол профессионал болса, оған бірінші кезекте басымдық берілуі тиіс. Әрине, мемлекеттік қызмет болғандықтан моральдық жағынан оның заңдылықтарына сай болуы керек. Шындығына келгенде, мемлекеттік қызметкер – салық төлеушінің жалдаған адамы. Атқарушы билікті халық жалдаған. Бізге, сірә, әрдайым «халық» деген қожайынымыздың бар екенін ұмытпауымыз керек. 
– Аймақта нарық сұрасына сай мамандарды дайындау үшін мақсатты жұмыстар атқарылуда. Біздің жастарымыз Сіздің қолдауыңызбен Ресейдің іргелі оқу орындарында оқу мүмкіндігіне ие болды.  Қазір бізбен байланыста – Мәскеу. 
Мәскеуден болат және қорытпалар институтының бір топ студенті байланысқа шықты.
– Дәуіржан Оразбаев, Мәскеу болат және қорытпалар инс¬титуты электроника және наноэлектроника мамандығы¬ның 3-курс студенті: – Сіз жастармен кездесулердің бірінде «егер біз көшбасшылыққа таласқан елдер арасында алдыңғы қатардан көрінгіміз келсе, білікті, білімді болуымыз керек» деген едіңіз. Елдің көркеюіне үлес қоссам  деген тілекші жастардың шет мемлекеттерде жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіншілік көп. Қазір Мәскеу мен Санкт- Петербургта 400-ге жуық студент білім алуда. Бізге үлкен үміт артып, армандарымыздың  орындалуына жол ашқан Сізге алғысымыз шексіз.
Айжан Нияз, Материалтану және материалдар техноло¬гиясы мамандығының 1-курс студенті: – Біз Мәскеудегі 300-ден астам қызылордалық бір отбасының балалары сияқтымыз. Біздің университет Ресейдегі үздік 50 жоғары оқу орны рейтингінде 13-орында тұр.  Әлемдегі ең озық ғылыми орталықтарымен әріптестік орнатқан.  Біз осындай оқу орнында оқуға мүмкіндік жасаған Сізге алғысымызды білдіреміз. Біз университеттің қоғамдық өміріне белсене араласамыз. Еліміздің өркендеуі жолына бар біліміміз бен үйренгенімізді  жұмсаймыз деп уәде береміз.  
–  Қазір мектеп бітіруші  түлектер үшін мүмкіндік  өте мол.   Қызылордалық жастар  Ресейдің іргелі жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алып отыр. Олардың  өзіңізге деген алғысы шексіз. Осы күні 4000-ға жуық сту¬дент «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша  сол¬түс¬тік өңірлерде білім алып жатыр. Бүгін оңтайлы сәтті пайдаланып, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мем¬лекеттік университетінде оқып жатқан бір топ қызыл¬ордалық студент бізбен байланысқа шықты. 
Бақдәулет Қасымбек, Қостанай университетінің сту¬денті: – Біз «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып жат¬қанымызға қуаныштымыз. Таяуда облыстық жастар басқармасының мамандары келді. Олар арқылы бізге тілекші, жанашыр болған Сізге алғысымызды жолдаған едік. Дәл қазір жүрекжарды лебізімізді өзіміз білдіретін мүмкіндік туды. Сабағымызды жақсы оқып, мақсатымызға жету жолында аянбай тер төгіп, еліміздің дамуына үлес қосамыз деп уәде береміз. «Серпіндіктер» атынан алғысымыз шексіз. 
– Үлкен рахмет! Шынында толқынысты сәт. Себебі елдің ертеңгі тізгінін қолға алар жастарды тәрбиелеу – парызымыз. Байқап қарасаңыз, қазір барлық 16 облыстың ішінен білім саласына ең көп қаржы салып отырған – Қызылорда облысы. Мәселен, Астанада республикалық бюджет бар, қаланың және арнайы экономикалық аймақтың да бюджеті бар, барлық орталық мемлекеттік органдардың бюджеті бар. Бірақ соның ішінде біз барлық мүмкін қаражатты білімге салып отырмыз. Өйткені білім – болашаққа бағытталған инвестиция. Мәскеудегі жастармен кездесудің бірінде бір студент «Құрметті әкім мырза, сәл уақыттан соң біз елге оралып, туған жерді дамытып, түлетуге бар күшімізді салатын боламыз» деп айтқан болатын. Біз де сол Мәскеудің, Санкт-Петербургтың рейтингі жоғары, маңдайалды университеттерінде білімін шыңдап жүрген, мамандығын жоғары технология мен үздік әдістемелер арқылы терең меңгерген студенттерін күтеміз. Негізгі капитал – осы талапты, отансүйгіш, рухы биік жас ұрпақ. Сондықтан, білім сапасын көтеру – мәртебесі биік, маңызы зор, жалпыұлттық мүдде деп білеміз. Сол елдің үкіметіндегі әріптестеріме рақмет айтқым келеді. Бір кездері Ресейде 2 жарым жыл уақыт Қазақстанның елшісі қызметін атқардым. Премьер-министрдің орынбасары, Үкімет аппаратының басшысы Приходько Сергей Эдуардович, сол кездегі Білім және ғылым министрі Дмитрий Ливанов мырзалардың көмегі арқасында қазір 400-ге жуық қызылордалық студент жыл сайын жоғары техникалық мамандықтар бойынша оқып жатыр. Ал жастарға тың серпін сыйлаған «Серпінге” қатысты айтар болсақ, бұл үкіметтік бағдарлама да бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды көздейді. Студент Бағдәулет Қасымбектің жоғарыда айтқанындай, мұнда ел экономикасының келбетін келістіретін, электроника және нанотехнология, материалтану және материалдар технологиясы секілді заман ауанына қажетті мамандықтар оқытылады. Мұндағы білім грантына қызығушылық танытқан әрбір жастың көздегені – тек қана диплом алу емес, теорияны оқи келе, өндіріске тікелей араласып мықты маман ретінде қалыптасу. Жоба мақсаты нақты, міндеті нық, талабы зор жастарды қолдайды. Сондай-ақ, біз бұрындары Астанаға қатысты жиі айта бермейтінбіз. Бірақ бір кездері Елбасы «Еділден айырылған қазақ, Есілден де айырылмасын» деп астананы Алматыдан Сарыарқаның төсіндегі Ақмолаға көшірді. Осы тұста Тұңғыш Президенттің ерлігі болмаса, біз 3-4 аймақтан да айырылып қалуымыз мүмкін болғанын айту керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының аппаратында қызмет атқарған кездері бірге Мәскеуге іссапарға аттандық. Сол іссапар аясында өткен баспасөз-конференциялардың бірінде Ресейлік журналистер Елбасынан «Сіз неге астананы Ақмолаға көшірудесіз?» деп сауал жолдады. Сонда Президент «Алматы-Қытайға, ал Астанаға Ресей жақынырақ. Мен сіздерге жақын болғым келеді» деп жауап қатты. Жеме-жемге келгенде Елбасы сол қиын-қыстау кезеңде ұлттық мүддені биік қойып, бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған жерін сақтап қалды. Қазақтың мақтанышы, ғаламдық саясатта ерекше орын алып отырған – Астананы салды. Оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыру бағдарламасына ден қойды. Осының барлығы атқарылған байыпты істердің бір парасы ғана. Ендігі кезекте жарқылдаған жастарымыздың алдыңғы шептен көрініп, қазақ мемлекетін әлемдік өркениетті елдер қатарына енгізуге ұмтылатынына сенім білдіреміз.
 – Редакциямызға Арал ауданы, Қосжар елді мекенінің тұрғыны Азамат Төлегеновтен сауал түскен екен. Хаттан оқығанымыздай, Азамат биыл мектеп бітіруші түлектер қатарынан. Облыстағы тынығу лагерьлерінде дайындығын пысықтаған көрінеді. Алайда, ол «ЖОО-ға түсе алмай қалған жағдайда қандай мүмкіндіктер қарастырылады, колледждерге грант бөлінеді ме?» деген сұрақтарға жауап алғысы келеді екен. 
– Азаматтың алаңдамауына болады. Себебі талпынса, алдына нақты мақсат қойса. барлығына қол жеткізеді. Ал егер оқуға түсе алмай қалатындай жағдай болып жатса, өздеріңіз білесіздер. Елбасы биыл Жолдауында «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» атты жаңа жоба іске асырылатынын айтты. Бұл жоба кәсіптік білім беруді оңтайландыру арқылы жұмыссыздық жайын төмендетіп, ішкі сұранысты қамтамасыз етуді мақсат етеді. Жаңа заманның техника тілін меңгеруге қанаттандырады. Үкіметтің 2017-2020 бағдарламасы аясында біз де тиісті мемлекеттік тапсырысты бердік. Сондықтан Азамат аудан орталығындағы колледжге барса, мемлекет есебінен өзінің таңдаған мамандығы бойынша тегін білім ала алады. Осыдан төрт ғасыр бұрын Абылай хан «Білектің заманы өтті, біліктінің заманы келе жатыр, дайынбысың әлеумет?» деген екен. Ұлы Абай да «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген. Елбасы, Тәуелсіз елдің негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та біліктіліктің, білім рөлінің ерекше екенін айтуда. Елбасы «Келешекке – кемел біліммен» деді емес пе?! Біз алдымызға отыз өркениетті елдің қатарына кіреміз деген үлкен мақсат қойдық. Ол үшін экономика ғана емес, әрбір азаматымыз да бәсекеге қабілетті болуы керек. Халқымыздың асыл арманын, үкілі үмітін іске асыратын балаларымыз бәсекеге сай болуы керек. Білімінің, кәсібилігінің арқасында алда тұрған заман шақыруларына дайын болып, мақсатына жетуге мүмкіндік алу керек. Азаматқа алға ұмтылып, биік белестерге жетуіне тілектестік білдіреміз.
 – Өзіңіз айтқандай, Сыр елінің экономикасы соңғы уақытта мұнайға байлаулы, тәуелді емес. Бізде қазір азық-түлік, металлургия, химия өркендеп келе жатыр. Бір сөзбен айтқанда, аграрлы аймақтан индустриалды аймаққа айналудамыз. Облыста Индустрияландыру бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын, өңірдің экономикалық тұрақтылығын сақтау мақсатында экономиканы әртараптандыруға айрықша маңыз берілгенін көріп жүрміз. Осы бағытта атқарылған жұмыстарға бір сәт ойыссақ. Соңғы төрт жылда облыста 16 жаңа өндіріс орны іске қосылып, өңдеу өнеркәсібіндегі өсу 60 пайызды құраған. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айында өнеркәсіп кәсіпорындарымен 236, 3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, еңбек өнімділігі 6 есеге, жалпы өңірлік өңдеу құрылымындағы өңдеуші сектордың үлесі 3 есеге артқан көрінеді. Үстіміздегі жылы Индустрияландыру бағдарламасы аясында 37,6 млрд теңгені құрайтын 2 жобаны іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде 284 жұмыс орны құрылатын болады. 11 шағын аудан бой көтеріп, 6600 адамға жер телімдері тапсырылды. Баспана құрылысы да қарқынды жүруде. Биылғы жылдың 4 айында 236,2 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді. Бас жоспарға сәйкес, Сырдария өзенінің сол жағалауын жоспарлы игеру жұмыстары басталды. Ол алдағы уақытта 90 мыңнан астам халықты тұрақты орналастырып, 15 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек. Күріштің өнімділігін арттыру есебінен одан алынған өнім соңғы төрт жылда бірнеше пайызға артқан екен, балық өнімін экспорттау да 3 есеге өскен. Қызылорда қаласы мен 4 аудан орталығы газдандырылып, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы да сәтті жүзеге асты. Осы тұста әлемдегі индустриалды революцияның ұсынған өзгерістері өмірімізді түптеп өзгертетініне сенім білдіресіз бе?
– Оған еш күмән жоқ. Себебі индустриалды революция – ХХІ ғасырдың жаһандық шақыруы. Адамды мұқтаждықтан шығаратын, алысты жақындатып, баяуды тездететін, ауырды жеңілдететін – ақыл-ой жемісі. Осының нәтижесінде дүние дамуында өнеркәсіптік революциялар бірінің орнын бірі басты. Қарап отырсаңыз, қазір адамзат 3D принтер көмегімен ірі жаңалықтар жасауда. Тіпті осы биопринтер көмегімен жасанды ет шығарғандар да бар. Естеріңізде болса, бірінші индустриалды революция Англиядағы текстиль өнеркәсібінен басталды. Екіншісі Генри Фордтың Детройттағы зауыттар конвейерлерін құруымен есте қалды. Техника, технологиялар дамуы арқасында байланыс пен ақпарат саласы алға шығып, цифрлық байланыс құралдары өмірге келді. Осылайша, үшінші индустриялық революция алға басты. Алғашқы робототехникалар дүниеге келді. Оның соңынан автоматтандыру, кибер-физикалық жүйе әлем ауанын мүлдем басқаша өрбітті. Сарапшылар үшінші индустриялық революцияның шарықтау шегін компьютерлендірумен қатарласқан интернетпен байланыстырады. Расында, ғаламтор дүниені өзгертті. Бүгінде осы қарқын төртінші өнеркәсіптік революцияны тудырып отыр. Жуырда белгілі экономист Клаус Шваб дәл осы төртінші өнеркәсіптік революция жайында еңбек жазды,  онда ол аталған революцияның беретін жемісі мен қандай жетістіктерге жеткізетіні жөнінде баяндаған. Естеріңізде болса, қалта телефонын шығаратын «Nokia» компаниясы уақыт өте келе нарықта қалыс қала бастады. Себебі компания менеджерлері нарық өзгерістері мен жаңадан туған концепцияларды ескермеді. Ал «Apple», «Microsoft» секілді компаниялардың ісі алға басты. Сондай-ақ, қазір SpaceX, Tesla Motors компаниясының негізін құрушы Илон Масктың инновациялық жобалары дүниеде үлкен сұранысқа ие болуда. Кәсіпкер бүгінде ғарышты бағындыру мақсатында үшінші компаниясын ашты. Ол Марсты бағындыру жөніндегі идеяның жақтаушысы ретінде «қызыл ғаламшардың» дербес экожүйесін құруға негіз болатын арнайы жылыжайларды жобалауға кіріскен. Мұның барлығы әлемдегі сұраныстың өзгергенін, уақыттың тым шапшаң жүріп жатқанын аңғартады.  Биылғы Президент Жолдауының өзегі де осы төртінші индустриялық революцияға қамданудың қамынан туындайды. Сондықтан бізге ахуалды еңсере алатын, сандық технологияны меңгерген, адами капиталды құру үшін жағдай жасауға қауқарлы мемлекеттік және қоғамдық институттардың, әділ бизнестің тығыз интеграциясы қажет.
 – Облыс басшылығына келген тұстан бастап аймақ экономикасын әртараптандыру бойынша жемісті жұмыс жүргізудесіз. Соның бірі – индустрия саласын қамтитын металлургиялық кластер құру. Облыста елімізде баламасы жоқ жобалар қолға алына бастады. Жалпы «Баласауысқандық», «Шалқия» кен орындарын игеру жүйесі біздің облысқа не береді?
– «Баласауысқандық» ванадий кен орнына қатысты айтсақ. Өткен жылы Лондонда сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының отырысында кен орнында «қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» инвести¬циялық жобасын жүзеге асыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Нәтижесінде жобаның ІІ және ІІІ кезеңдерін 125 млн АҚШ доллары көлемінде инвестормен қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Жақын арада шығатын өнімдер Жапония еліне сатылмақ. Ал «Шалқияда» полиметалл кен орнын жерасты әдісі арқылы игеру жобасы екі кезең бойынша жүзеге асады. 2018 жылы жылдық қуаты 2 млн тоннаға дейін жететін кеніш салынады, ал 2020 жылы тау-кен өнеркәсібінің өндіріс көлемі 4 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Өндірілген өнім ТМД елдеріне және алыс шет мемлекеттерге жіберіледі. Бүгінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзір, Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландыру тетіктері пысықталды. Ендігі жылы экспорттық әлеуеті мол, халықаралық нарықта бәсекеге сай өнім шығаратын өндірістерде 20 шақты мәскеулік студент, металлургтар келіп жұмыс жүргізетін болады. Осы үшін біз металлургия саласындағы көрнекті ғалым Шахмардан Есеновке алғыс айтуымыз керек. Ұлы геологтың есімін ұлықтау мақсатында биыл да бірқатар шаралар қолға алынып, күз айына қарай 90 жылдық мерейтойы аталып өтіледі деп жоспарлануда. Академик ағамыз кезінде кітапшасына «Қаратаудың бөктері, Жаңақорған мен Шиелінің жері керемет бай. Сол байлыққа ие болсақ, шіркін-ай!” деп жазған екен. Біз сол ұлы тұлғаның арманына қанат бітіріп жатырмыз деген ойдамын. 
– Ендігі кезекте кәсіпкер Санжар Амангелдиевтің хатымен таныссақ. Санжар өз сауалында Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы үшінші басымдықты қозғаған екен. Нақтырақ айтсақ, телекөрермен «Елімізде қаржы секторын қайта жаңғырту, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қандай шараларды қолға алу керек?”деген сұраққа жауап алғысы келеді екен. 
– Елдің макроэкономикалық тұрақтылығында қаржы секторын дамыту, оны экономиканың басты кредиторы ретіндегі міндетін қайтару – басты мақсат. Бұл басымдық аясында Елбасы ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіруді және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тартуды атап өтті. Үкімет пен Ұлттық банк алдына іске асырылуға тиіс бірқатар міндеттер қойды. Ұлттық қордан алынатын трансферттерді қатаң регламенттеуді тапсырды. Бір сөзбен айтқанда, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ұлттық валюталық бағамға түзету жасау, инфляциялық үдерістерді жоспарланған дәлізде ұстау және инфляция өсуін тоқтату секілді шараларды қолға алу керек. 
– Тікелей эфирде тағы бір көрермен қоңырау шалған екен. Қала тұрғыны Нақыпбек Жұманұлы «Ел экономикасының локомотивіне айналатын шыны зауытының құрылысы қазір жүріп жатыр ма?» деген сұраққа жауап алғысы келеді екен. 
– Шыны зауыты – жоғары технологиялық өндірістік жоба. Біріншіден, біз зауыт құрылысының Сыр елінде қарқын алуына ерекше қолдау көрсеткен Елбасыға алғыс айтуымыз керек. Өйткені аталған жоба Ақтөбеден бізге ойысты. Бұған дейін құрылысты жүргізетін компания төңірегінде шу шыққаннан кейін біз мердігер компанияны ауыстыруға мәжбүр болдық. Жуырда «Orda Glass» ЖШС мен қытайлық China Triumph International компаниясы арасында құны 37 млрд теңгені құрайтын жобаның құрылысын аяқтау туралы келісімге қол қойылды. China Triumph International Қытайдағы ұлтық жобалау мен зерттеу, инженерлік жобаларды басқару саласындағы үздік 50 компанияның қатарында екенін айту керек. Құрылыс-монтаж жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Бастысы, бізде шыны өндірісіне қажетті барлық шикізат шығып отыр. Сырттан әкелінетін тек кальцийлендірілген сода еді, оны да болашақта «Арал тұз» кәсіпорны шығаратын болады.
– Сондықтан елдің болашағына сеніп қызмет жасау керек. Елбасынан үлгі алайық. Кезінде Президенттің алдында Жарлық тобында екі мәселе жатқан болатын. Оның біріншісі – Қызылорда облысын жабу, тарату. Екіншісі – Арал тұрғындарын басқа аймаққа көшіру. Елбасы Сыр елін қолдады, тікелей көмек жасады, «қиыншылықты бірге жеңеміз» деді. Сол сенімнің арқасында қазір осындай жетістікке жетіп отырмыз. Сондықтан Президентіміз «Нұр Отан» партиясының съезінде «Тәуелсіздік кезінде Қазақстанның жеткен жетістіктерін бір ғана Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму жағынан көруге болады» деп айтып жүргені сол. 
 – Облыс тұрғыны Мұсаева Айгүлден келген сауалды оқып беруге рұқсат етсеңіз. «Облыстың ауыл шаруашылығын дамыту бағытында «Агрокарта» әзірленгенін білеміз. «Агрокартаның» берер ықпалы қандай, нәтижесі не болмақ?». Осы жөнінде айтып берсеңіз… 
– «Агрокартаны» жасаған себебін айтайын. Біз бірінші Қызылорда облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Осы мәселені шешу үшін, егін және мал шаруашылығын дамытуымыз қажет. Екінші, жан-жағымыздағы нарықтарда қандай сұраныстар бар. Біз осыны ескердік. Мысалға, Еуропалық Одақта неге сұраныс артуда. Ортаазиялық мемлекеттерде ше? Иран, Түркия, Қытайға не қажет? Осының барлығын ескере отырып жасалған шара. Артық күрішті егудің қажеті жоқ. Біз соңғы жылдары 7 мың гектарға күріш көлемін егуді азайтып, тұқым сапасына байланысты жұмыс істегеннен кейін, рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз. Облыс бойынша жалпы көрсеткіш гектарына 56 центнерден болса, жеке шаруашылықтар 80 центнерден асыра алды. Біз нарықтың ұсынысына сұраныс беретіндей жобаны жасадық. «Агрокарта» арқылы біз біліп отыратын боламыз. Енді тек бір мәселе шешімін таппай отырған болатын. Яғни, ет өнімдерін сыртқа шығаруға біздің аймаққа рұқсат жоқ еді. Өйткені, аусыл ауруы себепті буферлік аймақта тұратын едік. Жақында бұл мәселе де шешілді. Халықаралық бюроның сарапшылары келіп, тексеріп оң нәтижесін шығарды. 27 мамырда Парижде халықаралық бюроның конференциясы өтеді. Сонда буферлік аймақтан шығу жөнінде шешім қабылданады. Осыдан соң 100 пайыз ет өнімдерін экспортқа шығаруға да қол жеткіземіз. Бұл дегеніміз, мал шаруашылығы саласында көптеген үлкен жобаларды іске асырып, ет-сүт өнімдерін өңдейтін комбинаттарды салып, шаруашылықтар қарқынды дамитын болады деген сөз. Сондықтан «Агрокартаның» беретіні өте көп болмақ. 
 – Сіз егістікке берілетін субсидияны сақтап қалдыңыз. Көрермен Айдарбек Сағалаев, мал шаруашылығына қатысты субсидияға орай сауалын жолдайды. Яғни өнімділікті арттыру мен сапасына қатысты төленетін субсидия жайында. «Ережеге сай, қатты және шырынды жем-шөпке, түйе және жылқы өнімдеріне субсидия облыс бюджетінен бөлінетіні белгілі. Осы қолдауыңызға сізге алғысымды білдіремін. 2013 жылдан бері қатты және шырынды жемшөпке 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Осының арқасында мал шаруашылығы оң нәтиже көрсетіп келеді. Бірақ, биылғы жылы қатты және шырынды жем-шөпке, шұбат және қымыз өндірісіне облыстық бюджеттен қаржы қарастырылмапты. Мал шаруашылығы – АӨК-нің басты саласы. Осыған орай, сізден өтінерім, осы салаға қосымша қаржы қарастыруға ықпал етуіңізді сұраймын. 
– Айдарбектің сұрағы орынды. Бұл мәселені біз шешеміз. Бұл жерде Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісімге келуіміз қажет. Жуырда 3-ші Малшылар слетіне арнайы шақыртуымызбен Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов келді. Осы сапарда біз министрмен келістік. Яғни, облыстық бюджеттен субсидияға қаржы бөлуді Үкімет пен министрлікте талқылануын сұрадық. Бұл мәселені қайта қалпына келтіруге күш салатын боламыз. Айдарбекте күмән қалмасын, шаруашылығын дөңгеленте беруіне тілектеспін. 
– Әлгінде ғана, өзіңіз айттыңыз. Маргинал жастардың дәстүрлі емес діни ағымдарға түсіп кетуі неғайбыл деп. Қала тұрғыны Нұрболат Ахметов «әлемдегі діни ахуал күрделеніп тұр» деп сауал жолдайды. «Жат ағымға түсіп кетуден сақтанудың бірден-бір жолы қоғамды діни сауаттандыру. Осы бағытта облысымызда қандай жұмыстар бар?» деген сауалын жолдапты. 
– Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің жақсы сөзі бар. «Дін деген, ұстай алсаң – қасиет, ұстай алмасаң – қасірет» деген, Сондықтан, біз өз ата-бабамыздың көрсеткен жолымен жүруіміз керек. Сыртқа көп еліктей бермей, Бас мүфтидің бекіткен діни жоралғасын ұстануымыз керек. «Нұр Мүбәрәк» Ислам мәдениеті университетінде 60-тан астам қызылордалық жас оқып жатыр. Олар барлық салада білім алады және жоғары деңгейде дінтанушы мамандығын игереді. Осы азаматтардың 11-і жақында оқуларын бітіріп, елге келіп жұмыстарына кірісіп жатыр. Оларға тиісті қолдаулар болады. Қасиетті дініміздің аясында ұрпағымызға дұрыс бағыттағы рухани тәрбие беруіміз керек. Имандылыққа, адами құндылықтарға, ізгілікке шақыратын, оны дұрыс түсіндіре алатын мамандар керек. Ол үшін, бірінші кезекте, мешіттердегі кадр мәселесін шешуіміз қажет. Бізде дін мәселелерімен айналысатын орталықтар, министрлік бар. Орталықтардың әр ауданда бөлімшесі бар. Олар діни жолда қателесіп жүрген жандармен, тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, «жиһад» деген басқа дін өкілдеріне, ұлттарына қарсы күрес емес қой. Ол жаратушының бар екеніне сенбеушілікке қарсы күрес, жауапкершілікке шақыратын ұстаным. Бірақ кейбіреулер олар оны басқаша ойлайды. Сондықтан осындай жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізу үшін дінтанушы мамандарымыздың біліктілігі өте жоғары болуы керек.
– «Әкім сағаты» бағдарламасы тікелей эфирде жүріп жатқандықтан, келесі кезекті тұрғындар қоңырауына берсек. Саламатсыз ба, біз сізді тыңдап отырмыз.
Телефон: – Қала тұрғыны Мұнарбаева Тұрсынкүл Мұнарбаевна. Облыста азаматтарға берілетін жер телімі қалай жүруде  және кезекті азайту мүмкін бе? 
– Біріншіден, тұрғындарға жерді беру үшін бас жоспарын, толық инфрақұрылымын жүргізу керек. Өйткені жер алған адам кейін үй салғасын басқа да проблемаларға тап болмауы тиіс. Яғни, су, газ, электр, жол мәселелерімен сергелдеңге түспеуі керек. Сондықтан біз бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарап, талқыладық. Осы уақытқа дейін 110 мыңға жуық азамат тіркелген екен жер кезегіне. Соңғы 13-14 жылда жер телімдері берілмеген. Тек былтыр берілді. Мәселен, Қызылордада 980 гектар жерді беру үшін біз 2013 жылы жердің геологиясын зерттедік, келесі жылы бас жоспарын жасап, бекіттік. Оны Үкіметте қорғап 2016 жылдын бюджетіне енгізіп, 9,2 млрд теңге қаржы алдық. Осының арқасында 6 мыңнан астам жер теліміне жерлестеріміз ие болды. Бүгінде ол азаматтар ешқандай қиындықсыз баспаналарын сала береді. Өйткені ол жерге барлық инфрақұрылымды жасап бердік. Сондай-ақ, жуырда Жосалы кентінде берілген жер телімдерінде де осындай жағдайлар жасалды. Жер беру жұмыстары жүйелі жүргізіле беретін болады. Жыл сайын кезекте тұрғандардың 15-20 пайызын қамтып отыратын боламыз. Бюджет кірісіне орай бұл жұмыстардың ауқымы кеңейе беретін болады. Екі-үш жылдың көлемінде жер кезегінің санын едәуір азайтатын боламыз. Және соңғы жылдары Қызылорда қаласында 818 жер телімі заңсыз алынғаны белгілі болды. Біз облыстық прокуратурамен бірлесіп жұмыс істеп, азаматтардың осы үйлерін қайта заңдастыру алгоритмдерін қарастырып, жұмыс атқардық. Негізгі жұмыстар аяқталды. Оның тиімдісі енді тұрғындардың баспаналары сүрілмейді. Тек үй салған тұрғындар белгілі айыппұлдарын ғана төлеп, үй-жайларын заңдастырып алды. Әрине, шектен шығып кеткен 54 құрылысты тоқтатуға тура келді.  
 – Әңгімемізді осы жерден үзе тұрып, Call-орталығымен тағы да бір  байланысқа шығып  көрсек…
– Бекзат, тұрғындардың  белсенділігі қалай?  
Call-орталығы: – Дәл қазір Call-орталығында жұмыс қызу жүріп жатыр. Сайтқа секунд сайын сұрақтар түсуде және тұрғындар үсті-үстіне қоңырау шалуда. Хабар басталғалы бері әрісі – Арал, берісі Жаңақорған аудандарынан 300-ге жуық тұрғын хабарласты. Олардың 85-і тұрғын үй беру мәселесіне, 20-сы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне, 65-і коммуналдық шаруашылыққа қатысты сауалдарын жолдаған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, білім және денсаулық сақтау саласына, жер мәселесіне қатысты сұрақтар да Call-орталыққа келіп түсуде. Сондай-ақ, бойында жалыны мен дарыны бар жастардан да хаттар келіп түсуде. Өз кезегінде олар облыстың ғылым-білім әлеуетін, облыс орталығын абаттандыру жұмыстарының алдағы жоспарын білгісі келеді. Біздің орталыққа, әріптесіміз Ержан Байтілес мырзадан хат келіп түсті. Өз кезегінде Ержан Айтөреұлы аймақ басшысына салмақты сауал жолдады. Хат мәтінін оқып өткенді жөн көріп отырмын.
«Биыл Алаш қозғалысына – 100 жыл. Алғашқылардың бірі болып облыс орталығында Алаш ардақтыларын еске алуға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Оған қатысып, өз пікірімізді білдірдік. Осы тұста менің бір ұсыныс-пікірім бар. Биылдан бастап Сіздің бастамаңызбен қаламыздың сәулетін арттыру бағытында сол жағалау құрылысы басталуда. Енді осы сол жағалаудан өскелең ұрпаққа мұра ретінде Алаш ардақтыларының аллеясын орнатып кетсеңіз. Бұл жас ұрпақ үшін жасалған жарқын істердің бірі болар еді»,– дейді Е.Байтілес.
– Ержанның айтқан ұсынысы дұрыс. Алаш ардақтылары қазақ тәуелсіздігін армандады. Жанын, ғұмырын арнады. Сол үшін репрессияға ұшырады. Бүгінде Алаш ардақтыларының арманы орындалды. Біз олардың алдындағы парызымызды орындаймыз. Жаңа қалада Алаш арыстарына арналған ескерткішті ашуды қолдаймын. Міндетті түрде тапсырма беремін. Ендігі жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығы болады. Кезінде маңызды шешім қабылдайтын ең үлкен мекеме – Қазақ атқару орталығы, яғни КазЦИК осы Қызылордада болған. Сол кезде қырғыз-қайсақтарды «қазақ» деп атаймыз деген тарихи шешім тура осы біздің Қызылордамызда,  КазЦИК ғимаратында қабылданған. Сондықтан, жаңа жылға дейін КазЦИК-тің ғимаратын салатын боламыз. Архивтен чертеждарын тауып алдық. Онда, бұйырса, Қызылорда мұражайын ашамыз. Ол облыс орталығына, бас шаһарымызға арналған үлкен сыйымыз болады деп ойлаймын. Сондықтан, Ержанның айтқанын қолдаймын. 
 – Қоңырау шалған   тағы да телекөрерменіміз бар.  
Телефон: – Саламатсыз ба? Арал ауданындағы «Қызылжар» көпір мәселесі бойынша Қызылжар елді мекені тұсындағы Сырдария өзеніндегі паромның орнына қашан көпір салынады екен? 
– Оған бюджеттен қаржы қаралған. Облыс мәслихатының депутаттары мәселе көтерді. Көпір құрылысы биыл басталады. Тамыз айында конкурсы өтіп, қыркүйек айында басталуы тиіс деп ойлаймын.  
– Кезекті жиналыста Сіз «Сыртынан қарасаң қала, ішіне кірсең ауылға ұқсайды» деп едіңіз. Бүгінде көп нәрсе өзгерді, қала жаңа кейіпке енді. Сіздің пікіріңіз өзгерді ме?
– Әрине. Әдепкіде, өзімнің қалам болғандықтан сыртқы келбеті үлкен ауылды елестеткені ұнамады. Маған бірде Еуразиялық университетінің студенті хат жазды. Онда группаластарымен шекісіп қалғаны жайында, яғни Қызылорданы, «Кызыл-дыра» қала емес үңгір сияқты деп атағаны үшін кикілжің болғаны айтылған. «Мен оқу бітіргесін Қызылордамды көркейтуге атсалысатын боламын» деген еді. Оның атын айтпай-ақ қояйын. Ол қазір оқуды жақсы бітіріп, елге келіп бір облыстық басқармада жұмыс істейді. Осындай елжанды, патриот жастарымыз көп болса деймін. Кейде мен жұмыстан кешкі 10-11-де шығамын. Сонда түнгі қалаға қарап, сұлуланып келе жатқанына көз жеткіземін. Кең, жарық көшелер, жаңа мөлтек аудандар мен нысандар, қаламызды ерекшелендіріп тұрады. Бүгінде барлық ескі көзқарастар өзгеруде. Сырттан келген қонақтар да Қызылордамыздың қайта түлеп, жасанып келе жатқанына куә болғандарын айтып жатыр. Соңғы 2-3 жылда 11 жаңа мөлтек аудан салынды. Былтыр 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүрді. Биыл да жыл соңына дейін алпыстан аса үй салынады. Сол жағалауға салынатын жаңа қала құрылысы басталды. Сондықтан тек менің ғана көзқарасым, пікірім емес – барлығы да Қызылордамыздың қайта түлеп жатқанына куә болып жатыр. Астанаға қарап бой түзеп, жасарып, жаңаруда.
–  Өткен аптада тарихи сәттің куәсі болдық. Біз сол жағалауды игеруге кірістік. 18 тұрғын үй мен балабақшаның іргетасы қаланды. Яғни, жаңа қаланың, жаңа Қызылорданың іргетасы қаланды. Сіз мыңдаған қызылордалықтардың арманын жүзеге асырып жатырсыз. Бұл жобаға күмәндана қараған жандар да болғаны бар. Сіз әрқашан алға қойған мақсаттарыңызға жетуге осылай күш саласыз ба? 
– Халыққа уәде бердің бе, бар күш-жігеріңмен орындауға тырысу керек. Біз алғаш жаңа көпірді пайдалануға бергенде қуанышымызда шек болған жоқ. Бұл жаңа қала және өзгеше қала болады. Сол жағалауда ыңғайлы, негізінен жайлы 3-5 қабатты үйлер салынады. Шығыстық архитектурада, қазақы оюлармен безендіріледі. Жақында Өзбекстанда болған іссапарда Самарқанда өз жобамызды үлкен мақтанышпен таныстырдық. Мәселен, Регистандағы салынған үш нысанның екеуін Самарқанның әмірі Жалаңтөс баһадүр, бірін Әмір Темірдің немересі Ұлықбек салған. Енді осы сәулеттік өнерді біз де пайдаланатын боламыз. Өйткені Жалаңтөс баһадүр өзіміздің бабамыз, Сырдың бойынан шыққан қолбасшы батыр. 
 – Біздің Call-орталыққа көптеген сұрақтар түсуде. Тыңдап көрсек.
Телефон:  – Қайырлы кеш! Біздің облыс орталығы халық¬аралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінде тұр. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жез¬қазған» тас жолы бойында орналасқан. Көрші Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында тұрақты қатынайтын автобус жүйесі дамыған. Бізде Ақтөбе қаласына қатынайтын автобус маршруты ашыла ма?
 – Автобус қатынасы ашылады. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен арада келісім бар. Министрліктен рұқсат алдық. Екінші жартыжылдықтан бастап автобус маршруты тұрақты түрде қатынайтын болады. 
– Заман талабына қарай дамыған өзге салалармен қатар мәдениет саласына да жан-жақты көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары біз білеміз, өнер ұжымдарының сырт жерлерге, тіптен алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапармен шығып, Сыр өнерін таныстыруға мүмкіндіктер молайды. Осындай өнерге деген қолдау алдағы уақытта да жалғасын таба ма?
– Міндетті түрде. Бүкіл түркі әлемінің абызы – Қорқыт ата, сақтардың ордасы – Шірік-Рабат, Оғыз империясының ордасы – Жанкент, Қыпшақ империясының ордасы, қазақ хандығының орталығы болған Сығанақ, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда. Осының барлығы – үлкен тарих, үлкен мұра. Сондықтан біз мәдени мұраларымызды насихаттау үшін облыс әкімі жанынан ғылыми-әдістемелік кеңес құрдық. Оның мүшесі кезінде марқұм Әбіш Кекілбаев болды. Қазір құрамында Олжас Сүлейменов, академик Карл Байпақов, археолог, профессор Зейнолла Самашев сынды елге белгілі тұлғалар тоқсан сайын жиналып, ұсыныс-пікірлерін айтады. Осыған орай бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, мәдени мұраларды насихаттау жұмыстары жүргізіліп келеді. Сосын кеңестің жанында арнайы Дала комиссиясы бар. Ол археологиялық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп отырады. Қорқыт атаның мұрасын Дүниежүзілік ЮНЕСКО-ға кіргізу жөнінде негізгі жұмыстарды бітірдік. Бізді ТҮРКСОЙ ұйымы, Қырғызстан, Әзербайжан және тағы басқа мемлекеттер қолдады. ЮНЕСКО мәдени мұрасына енгізсе, «Қорқыт ата» кешені Тәж-Махалмен қатар тұрады ғой. Екінші, мәдени ұжымдарымыз сыртқа шығып, өзгелермен тәжірибе алмасса, өнерлері шыңдалады. Жақында Әзербайжан мемлекетінінің Баку қаласында Қызылорда облысының мәдени күндері өтті. Әзірбайжан мәдениет министрі хабарласып, дәстүрімізге, мәдениетімізге тәнті болғанын жасырмай айтты. Сондай-ақ, Н.Бекежанов атындағы драма театры Лондон қаласында Дулат Исабековтің пьесасына жазылған сахналық қойылымды ағылшындар назарына ұсынды. Бұл де¬геніміз – үлкен жетістік! Лондондық көрермендер түрегеліп тұрып қол шапалақтап, құрмет көрсетті. «Сыр елі – жыр елі», дейді. Біз өндіріс жағынан өзге өңірлерге жол беруіміз мүмкін, бірақ рухани-мәдени жағынан біз алғы шекте ньюсмейкер болуымыз керек. Жиенбай, Нұртуған, Нартай мектептерін дамытып, рухани жетістіктерімізді жалғастыруымыз қажет. Сондықтан болашақта көптеген жобаларымыз бар. Оған Елбасының рухани жаңғыру мәселелері бойынша көтерген ұсынымдары тірек, қолдау болды.
– Сұхбаттасуға дейін де мәдениет саласын қолдау және мәдени мұрамызды қорғау бағытында телекөрермендерден бірнеше сауал келіп түскен болатын. Солардың ішінде археолог-магистрант Ислам Құрманиязов «Елбасының «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласын мемлекеттік бағдарлама десе де болады» деп баға бергеніңізді  басылым беттерінен оқыдым. Аталған саяси құжатқа сәйкес аймақта қандай жұмыстар қолға алынуда? «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында Қазақстанның сакральдық белдеуі объектілерін зерделеу және насихаттау бойынша облыс көлемінде қандай жұмыстар жүзеге асырылмақ?  – дейді.
– Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға және мәдени мұраны насихаттауға Елбасының мақаласы ерекше мүмкіндік беріп отыр. Тағы да қайталап айтайын. Біз өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларында үлкен жетістіктерге қол жеткізудеміз. Ал руханият мәселесінде, қазақтың мәдени жобаларын жүзеге асыруда да біз міндетті түрде алдыңғы қатарда болуымыз керек. Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда саяси құжатта көрсетілген «Туған ел», «Туған жер» бағдарламалары үлкен қолдау болары сөзсіз. Рухани жаңғыруда Сыр өңірі өз-өзін ерекше көрсетуі тиіс деп есептеймін. 
– Алаш ардақтыларының аллеясын орнату туралы ұсынысты қабыл алдыңыз. Осы орайда бүкіл түркі әлеміне танымал Алаштың арысы – Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығын ел болып атап өттік. Сонымен қатар, биыл облыс орталығынан ескерткіші бой көтеріп, тау тұлғамыз ортамызға қайта оралғандай әсерде болдық. Бірақ, Ресейдің кейбір БАҚ өкілдері Мұстафа Шоқайдың қайраткерлігіне қатысты теріс пікірлер айтып жүр. Осыған қатысты сіздің ойыңыз қандай?
– Мұстафа Шоқай – тарихи тұлға. Бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Сол замандағы жағдаймен санасуымыз керек. Сондықтан ол кісіні ақ деуге де, я қара, я қоңыр деуге де болмайды. Бұл – қарабайыр позиция. Ол кісі қазақ елінің өз алдына тәуелсіз мемлекет болуын армандады. Бірақ, Алаш ардақтысы башқұрттар да, татарлар да, қазақтар да тәуелсіздігін жариялағанымен, Қытай және Ресей империяларымен бәсеке болып, кең-байтақ жерімізді сақтап қалу  және өзінің саяси   мүддесін жүзеге асыру қиын болады деп есептеді. Сондықтан түркі әлеміне ортақ туыстас халықтар «Түркістан» деген бастамамен бірлесуі керек деген ойға келді. Барлық ұлттың мүддесі өз шешімін табуы үшін бауырлас елдер бірігуі қажет деп есептеді. Менің ойымша, Мұстафа Шоқайдың арманы орындалды. Тәуелсіз еліміздің көк байрағы биікте желбіреп, Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында түркі әлемінің қауымдастығы құрылып, олардың жетекшісі ретінде көшбасында біздің Президентіміз жүр. Түркі әлемінің мәдени жобаларын жүзеге асыратын «Түрксой» деген ұйым дүниеге келіп, академия да ашылды. Осының барлығы туыстас елдердің ауызбіршілігі мен ынтымақтастығына жұмыс жасап, саяси, экономикалық, әлеуметтік,  мәдени рухани байланыстар одан әрі нығаюда.
– Қазір бізге телефон арқылы өз сауалдарын жолдауға телекөрермендер байланысқа шығуда. Солардың біріне кезек берсек…
Азамат Молдабаев, Қармақшы ауданының тұрғыны: – Сіз облыс әкімі болғалы мектеп, балабақша, мәдениет үйлері мен медпункттер құрылысы сапалы әрі қарқынды жүргізілуде. Құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстарға жергілікті тұрғындар да өз ризашылығын білдіруде. Бірақ, шалғай елді мекендерде апатты жағдайдағы шағын мектептер бар. Барлық аудандарда балалардың жазғы тынығу лагері жұмыс жасайды. Алайда, Қармақшы ауданында жазғы тынығу лагері жоқ. Осы мәселені шешуде алдағы жоспарыңыз қандай?
– Облыста 37 мектеп апатты жағдайда болатын. Қазіргі таңда осы мәселені шешу мақсатында 25 жаңа мектеп салдық. Енді қалған 12 білім ошағының 9-ын маусым айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ал қалған үшеуі тамыз айында жүзеге асады. Нәтижесінде қыркүйек айында облыста апатты жағдайдағы мектептер толықтай өз шешімін табады деген ойдамын. Ал, жазғы тынығу лагеріне қатысты мәселені біз облыс әкімдігінде қараған болатынбыз. Жыл сайын облыстық бюджеттен көктемде қаржы бөліп, лагерьлерге жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Мұнан соң 3 ай балалар демалысынан соң тағы да жөндеу жұмысына қыруар қаржы бөлетін едік. Біз осы мәселенің алдын алу үшін тұрақты түрде жұмыс жасайтын, балаларды оқытып әрі денсаулығын да нығайтатын орталықтар жасау қажет деп шешім қабылдадық. Арал ауданында мұнайшылармен келісіп, Қамбашта үлкен орталық салдық. Қазір барлық аудандарда осындай лагерьлер ашылып жатыр. Қармақшы ауданына келетін болсақ, лагерьге бюджеттен қаржы бөлінді. Жақында қысы-жазы жұмыс жасайтын 150 орындық орталықтың құрылысы басталады. Бұл лагерьлерде балалар ҰБТ-ға дайындалып, ұстаздар біліктілігін арттырады. Сонымен қатар, білім саласына қатысты әртүрлі семинар-кеңестер өтеді. Арасында мүмкіндігіне қарай, ардагер ұстаздардың да тынығуына жағдай жасалады. Облыстық білім басқармасының қадағалауымен осы лагерьлер тұрақты түрде қызмет көрсетеді.
– Тікелей эфирге жиі келіп түскен сұрақтардың көбісі Арал экологиясына қатысты болып отыр. Тұрғындар сізден өңірдің экологиялық жағдайы туралы білгісі келеді. Қоршаған ортаны жақсарту бағытында қандай шаралар қолға алынуда? Сонымен қатар, мамыр айының соңғы күндері өтетін «Арал – 2017» форумында күн тәртібіндегі қандай мәселелер ортаға салынады? Жалпы, форумнан аймағымыз не күтеді? 
– Соңғы жылдары Аралдың экологиялық мәселесіне көп көңіл бөлінбей отыр деп есептейміз. Президент Әкімшілігіне және Үкіметке осы мәселені көтеріп, қауіпсіздік кеңесімен бірлесе облыс әкімдігі халықаралық «Арал – 2017» форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Себебі, теңіздің тартылуы салдарынан тұз Антарктидаға дейін барып жатыр. Осындай жағдайлардың денсаулыққа зияны бар екенін мойындауымыз керек. «Байқоңыр» ғарыш айлағының да денсаулыққа зияны әлі толыққанды зерттеліп біткен жоқ. Зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру керек. Арал теңізінің құрғап қалған аумақтарында фитоорманмелиорациялық жұмыстары да тоқтамау керек. Экологиялық ортаны адамның өмір сүруіне қолайлы аймаққа айналдыруымыз қажет деп есептеймін. Арал өңірінің тұрақты дамуы мақсатында халықаралық ұйымдарды, Арал халықаралық қорын шақырып, осы форумды өткізуді жоспарладық. Менің ойымша, бұл форумға үлкен көңіл бөлініп отыр. Осы мәселелер негізінде біз аталған форумды жыл сайын Қызылордада өткізуді қажет, кешенді жобалар жүзеге асуы тиіс деп есептейміз. Бұл үшін әуелі оларды жобалай қаржыландыруымыз қажет. Осыған дейін де өңірде аталған мәселеге қатысты үлкен кеңестер өткен. Осындай келелі жиындарды тағы да ұйымдастыру қажет. Алдағы форум өңірдің экологиялық, әлеуметтік мәселесін шешуге өзінің үлесін қосатыны сөзсіз.
– Телефон арқылы байланысқа шығып тұрған телекөрер¬меніміз бар екен. Сауалын тыңдасақ…
Айдос Садыров, қала тұрғыны: – Қазіргі таңда қала орталы¬ғында жабық және ашық спорт алаңдары болғанымен, шеткі аймақтардағы жастардың спортпен айналысуы үшін әлі де осындай нысандардың жетіспеушілігі байқалады. Оқудан тыс уақытта орталықта орналасқан кешендерге қатынауға тура келеді. Алдағы уақытта шет аймақтардан спорт нысандарын ашу жоспарда бар ма?
– Біз жақында бұл мәселені қала әкімімен бірлесе қараған едік. Қаланың шеткі аймақтарында 4 спорттық кешен салу жоспарымызда бар. Алдағы уақытта ол нысандар де іске қосылады деп ойлаймын. Ал енді сол жағалауда орталық стадион мен басқа да спорттық нысандарды салу көзделіп отыр.
– Сіздің ойыңызша, облысымызда қандай күрделі мәселелер бар? Осы сауалға аймақ басшысы емес, облыс тұрғыны ретінде жауап берсеңіз…
– Бізде, өкінішке орай, ертеден келе жатқан масылдық жаман әдеттің сарыны әлі де байқалады. Кеңес Одағы кезінде қазақ ұлты үшін бірқатар жақсы өркендеу мен өзгерістер орын алды. Білім алдық. Өнеркәсіп саласы дамыды. Дегенмен де, алаңдататын да мәселелер бар. Адам кейде өзінің тағдырына өзі ие екенін ұмытып, барлығын мемлекеттің мойнына жүктегісі келеді. Мұны масылдық көзқарас дейді. Ал ол өз кезегінде еліміздің, облысымыздың, қаламыздың дамуы болашағына әсерін тигізері анық. Ал енді масылдық көзқарастан қалай арыламыз? Кей кездері тепсе, темір үзетін азаматтар ата-анасының зейнетақысына күн көріп жатады. Жұмыс жасауға құлқы жоқ. Менің жеке қабылдауыма әлеуметтік мәселелер бойынша 4-5 баласы бар бір келіншек келді. Одан неге жолдасың жұмысқа шықпайды деп сұрасам, құлықсыз дейді. Осындай мәселелер біздің жанымызға батады. Басқа аймақтармен салыстырғанда, біздің облыста шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысу көрсеткіші әлі де төмен. Кәсіппен айналысамын деушілерге мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Қажетті ресурстар, қаржымен қамтамасыз ету толықтай өз шешімін тауып, бірқатар жоба қолға алынғанымен, кейбір елді мекендерде халық сұранысына сай шағын және ортакәсіпкерлік субъектілері тарапынан көрсетілетін қызмет болмай отыр. Сондықтан, кәсіпкерліктің дамуына билік бастамашы болып отыр. Әркім өз тағдырының қожайыны екенін ұмытпауы тиіс. Мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Мысалы, кәсіппен айналысамын деушілерге барлық аудандарымызда индустриалдық аймақтар бар. Үкімет тарапынан жарияланған бірқатар бағдарламалар бар. Біздің өзімізде «Қызылорда» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен кәсіпкерлік палатасы бірлесе ашқан  аймақтық инвестициялық орталық бар. Қазіргі таңда қаржылық қолдаулардың барлығы шешілгенімен, кәсіпкерлікпен айналысамын деушілер жеткіліксіз. Осыған байланысты әсіресе жастарды кәсіппен айналысуға шақырамын.
Алшынбай Тұрсанов, Жаңақорған ауданының тұрғыны: – Біздің ауданның көптен бері шешілмей келе жатқан мәселесі – ауызсу тапшылығы. Аудан халқымен кездесуіңізде аталған мәселенің түбегейлі шешілетінін айтқан едіңіз. Жақсы жаңалығыңызды халық үлкен қуанышпен қарсы алды. Осы бағыттағы жұмыстар қай уақытта жүзеге асырылады?
– Осы мәселені шешу мақсатында жалпы құны 4 млрд теңгенің жобасы жасалды. Биылғы жылы бюджеттен 915 млн теңге қаржы бөлінді. Қалған қаражат 2018 жылдың бюджетінде шешілген. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтайтын конкурс жүруде. Мердігер мекеме қолға алынған күннен бастап осы бағыттағы жұмыстар жүзеге асырылады. Жоба аясында 2 жылдың ішінде 193 км жерге су құбырын тарту жұмыстары жүргізіледі. Бұйыртса, Жаңақорған ауданы халқы да сапалы ауызсуға қол жеткізеді деп ойлаймын.
– Біздің тікелей эфирге берілген уақытымыз да өз мәресіне жетті. Негізінен 2 сағат деп жоспарлаған едік, қазір 2,5 сағаттай уақыт өтіпті. Енді қалай айтып кетпейміз? Сіз туралы, сіздің отбасыңыз туралы білгісі келетіндер де көп ғой. Біз бірқатар сауал жолдап, қысқа әрі нұсқа жауап күтеміз өзіңізден. Мектепте қай пәнді ерекше сүйіп оқыдыңыз?
– Физика, математика, тарих және әдебиет.
– Жалпы, барлық армандарыңыз орындалды деп есептейсіз бе?
– Жеке адам ретінде негізінен орындалды деуге болады. Халқымызға қызмет етіп жүрміз. Менің атам – Көшербай Аралдың атақты жылқышысы Социалистік Еңбек Ері болған. Әкем бірнеше ауданды басқарып, елге абыройлы қызмет жасады. Сондықтан, Отанға, халыққа қызмет ету жолында Елбасының маған сенім артуы – мен үшін, әрине, үлкен бақыт. Отаныңа еңбек етуден артық бақыт жоқ деп ойлаймын.
– Әкімдердің рейтингі жөнінде бір-екі ауыз айтып өтсеңіз. Сіздің еліміз бойынша әкімдер арасында алғашқы үштіктен, тіпті солардың көшбасында болғаныңызды біз мақтанышпен айтып жүреміз. Ел көңілінен шығып, халықтың сүйіспеншілігіне бөлену оңай шаруа емес. Осы сауалнамаға сіз өзіңіз қалай қарайсыз?
– Халықтың батасы мен елдің ризашылығы мен үшін барлық рейтингтен жоғары.
– Жұлдыз-жорамалға сенесіз бе?
– Ескеремін.
– Торпақ жұлдыз-жорамалындағылар бос уақытының басым бөлігін өзінің сүйікті ісімен айналысуға арнайды екен. 
– Сіз қандай әкесіз, қаталсыз ба?
– Талап қойған дұрыс деп ойлаймын. 
– Кімді пір тұтасыз?
– Ол енді менің өзімнің жеке құпиям болсын.
– Құпияңыз болып қалсын. Туған күніңізді тойлайсыз ба? 
– Әулетіммен тойлаймын. 
– Сізді не ренжітуі мүмкін?
– Немқұрайлылық пен масылдық. Біздің қазақтың жауы – масылдық. Содан соң немқұрайлылық көзқарас.
– Шаршағаныңызды қалай басасыз?
– Немерелеріммен бірге болғанда.
– Сіздің жұмыс стиліңіз қандай? Үкісіз бе, әлде бозторғайсыз ба? 
– Олай да, бұлай да болуы мүмкін. Жұмыс тәртібім алда тұрған міндеттерге байланысты. Менде кейде демалыс күндері деген тіпті де болмайды. Сондықтан, әр кезде әрқалай.
– Сіз жанкүйерсіз бе?
– Әрине, жас кезімде спортпен, бокспен айналыстым. Сондықтан бокста – Генадий Головкинге, ал футболға келсек, жергілікті «Қайсар» командасына жанкүйермін. 
– Бүгін өзіңіз қыруар істің басында жүріп, тікелей эфирде сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңізге алғысымызды білдіреміз. Әңгімеңізге рахмет. Өзіңіздің қарбалас жұмыс графигіңізге қарамастан, бүгін көрермендермен тікелей сұхбаттасуға уақыт тапқаныңыз үшін үлкен рахмет айтамыз. 
Қадірменді көрермен, облыс әкімі  Қырымбек Елеуұлы Көшербаевпен     сұхбатымыз осымен тәмам. Бүгінгі екі жарым сағатқа созылған тікелей эфир барысында аймақ тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарға толыққанды жауаптар алды деп есептейміз. Эфир соңына дейін маған   хабарлап  айтып жатыр, Call-орталығына сауал  келіп түскен  екен. Сіздердің сауалдарыңыз жауапсыз қалмайды, жауап алатын боласыздар. 
Сондай-ақ, «Әкім сағаты» бағдарламасын телеарнамыздың ресми сайтынан тамашалай аласыздар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз