ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫНДАҒЫ ӨРІСТІ КЕЗЕҢ

280

0

ӨРКЕНДЕУ  ЖОЛЫНДАҒЫ ӨРІСТІ  КЕЗЕҢКеше Н.Бекежанов атындағы облыстық
қазақ музыкалық драма театрында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есепті
кездесуін өткізді.

Кездесуде аймақ басшысы өткен
жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын және үстіміздегі жылы атқарылатын
міндеттерді саралап берді. Облыс әкімінің есепті кездесуін онлайн режимі бойынша
барлық аудан жұртшылығы әкімдіктерде, аудандық мәдениет үйлерінде тамашалады. Шалғайда
отырып көкейінде жүрген сауалдарын тікелей байланыс арқылы қоюға мүмкіндік алды.
Халық алдындағы есепті кездесудің
тағы бір ерекшелігі, жиынға қатысушылар телекөпір арқылы Арал және Жаңақорғанда
аудан орталықтарын газдандыру құрылысының басталу
салтанатына куә болды.
Есепті кездесуге Қазақстан
Рес­публикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан
Респуб­ликасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы қатысты.
Құрметті жерлестер,
әріптестер!

 
Тағы бір жылды тарихтың
қанжығасына байлап бердік.  Бүгін
Өздеріңізбен екінші мәрте есептік кездесудің реті келіп тұр. Жылқы жылы қыр
асып, Қой жылы қорамызға кіріп жатқан шақта «қара алтынның” бағасы кенеттен
төмендеп, үлкен көршіміз бітімі қиын даудың ортасында қалғанын естіп-біліп
отырсыздар. Біреулер дереу қара аспанды төндіріп, үрей шақырауға асықты. Бірақ
Елбасына еріп, Ел қызметіне бел буған орта үшін жылдан жылдың жаманы жоқ.
Асылы, әр кезең, кез келген сәт өзінің тарихи жүгі мен әлеуметтік аманатын
арқалай келеді.
Алты Алашқа ана, тағдыр
тәлкегіне түскен талай ұлттың баласына пана болған Сыр бойы баршамыздың кие
тұтатын бақ мекеніміз. Сырдариясына жыр дариясы үндесіп, бойға қуат, ойға нәр
беретін туған Елге адал қызмет ету – біздің перзенттік парызымыз. Қиындыққа
мойымай, «қалауын тауып қар жандыру” – азаматтық міндетіміз. Ретін таба білсек,
халқымыздың ұғымында береке мен молшылықтың белгісі саналатын биылғы Қой жылы
да жасампаз істеріміз бен жарқын бастамаларымыз жалғасын табар сәтті кезеңге
айналады.
Кезеңнің ерекше екенін
мойындаймыз. Қауіп-қатерлерін салқын санамен елеп-екшейміз. Жуырда Мемлекет
басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің арнайы кеңейтілген отырысы да осы
ерекше кезеңдегі іс-қимыл жоспарына арналды. Елбасы әдепкі сабырлықпен жағдайға
өз бағасын беріп, небір қиындықтан күйзелмей өткен Қазақстан, бұл жолы да
биіктен көріну керектігін айтты. Оған экономикамыздың қордалаған қуаты,
іргеміздің мығымдығы, жинаған мол қорымыз негіз болмақ. Ең бастысы, Президент
барлық әлеуметтік міндеттемелердің уақытылы және толық көлемде орындалатынын
шегелеп ескертті.
Бағытымыз айқын, міндеттеріміз
бен мұраттарымыз анық. 
Елбасы «Қазақстан жолы –
2050: Бір мақсат, Бір мүдде, Бір болашақ» атты Жолдауында мемлекеттің
әлеуметтік және экономикалық даму бағыттарын көрсетіп берді. Мемлекет
басшысының тапсырмалары негізінде жыл сайын облыс әкімінің іс-қимыл жоспары
бекітіліп, аймақтағы барлық мемлекеттік органдар сол жоспарға сүйене отырып
жұмыс істейтінін білесіздер. Енді өткен жылға көз жүгіртіп, жоспардың қалай
орындалғандығы, неге қол жеткендігі туралы айтатын кез келді.
2014 жылғы іс-қимыл
жоспарында біз шағын кәсіпкерлікті өркендетуге, апатты жағдайдағы мектептер
мәселесін шешуге, күнделікті өмірге қажетті инфрақұрлымды дамытуға, оның ішінде
аймақты газдандыру мәселесіне басымдық бердік. Жыл бойы осы және жоспарға енген
басқа да бағыттарда белсенді жұмыс істедік.
Былтырғы іс-қимыл жоспарына
жалпы саны 195 шара енген еді. Соның 80 пайызы толықтай орындалды.
Құрама жем шығаратын зауытты
іске қосып үлгермедік. Себебі, зауытқа қажетті құрал-жабдықтар кешігіп жетті.
Бірақ бұл кәсіпорын келесі айда қосылады. Бүгіннің өзінде зауыт 95 пайыз
жұмысқа дайын.
Өкінішке орай, Талсуаттағы
психо­неврологиялық науқастарға арналған интернат үйінің құрылысы әлі бітпеді.
Бұл жағдай алдыңғы жауапсыз мердігермен болған сот тартысының созылуымен
байланысты. Сот аяқталғаннан кейін құрылыс жалғасады.
Аймақта жалпы саны 34 бітпей
тұрған ірі әлеуметтік құрылыстар болған, аталған интернат үйі соның соңғысы.
Қалған 33 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. 
Бір жылда бітпейтін, ұзақ
мерзімді шаралар 2015 жылғы Іс-қимыл жоспары аясында жалғасады.
2015 жылға қандай
жетістіктермен келдік?
Соңғы екі жылда 21 мыңнан
астам, соның ішінде 18 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Тек жұмысы тұрақты,
жалақысын ай сайын алатын адам ғана болашағына сенімді болады. Сондықтан бұл
өте маңызды мәселе деп білеміз. Бар жұмыс орындарын сақтау, жаңасын ашу – қашан
да біздің ең негізгі шаруамыз. 
Қаржы мәселесіне келер
болсақ, 2013-2014-ші жылдардағы бюджетті қосымша 84 миллиард теңгеге ұлғайта
алдық оның 44 миллиард теңгесі ішкі мүмкіндіктер арқылы ал 40 миллиард теңгесі
қосымша республикадан тартылған қаржы. Бұл қыруар қаражат аймақ үшін аса өзекті
мәселелерді шешуге жұмсалды.
Нәтижесінде Қызылорда облысы
адам басына шаққандағы шығыс көлемі бойынша 2014 жылы Астана, Алматы қалалары
мен Атырау облысынан кейінгі 4-орынға көтерілді. Ал әлеуметтік шығындардың
үлесі бойынша бірінші орында тұрмыз. Біз жалпы бюджеттік шығындардың 60 пайызға
жуығын әлеуметтік салаға береміз. Мәселен, білім беруді қаржыландыру 2014 жылы
2012-мен салыстырғанда 1,8 миллиард теңгеге, денсаулық сақтау саласы 1 миллиард
теңгеге артқан. Сондай-ақ, әлеуметтік қорғау саласына бөлінетін қаржы 2,8
есеге, мәдениет пен спортқа 40 пайыздан артық, тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылығы 2,3 есеге көбейген. Мұның барлығы ағымдағы шығындар емес. Құрылыс
жұмыстарына, күрделі жөндеуге, жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалған,
дамуға бөлінген шығындар.
Өткен жылы облыс бойынша 93
нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 53-і аяқталып, пайдалануға берілді.
Енді атқарылған жұмыстармен
сала-сала бойынша танысайық. Әуелі экономика жөнінде.
Мұнай өндірісі көлемінің
азаюынан өнеркәсіптегі өнім шығару көрсеткіші біршама қысқарды (3,1 пайызға).
Әрине, аймақтағы өнеркәсіптік
өндірістің 90 пайыздан астамы осы салаға тиесілі болғандықтан, бұл жағдайдың
облыс экономикасына кері әсерін тигізбеуі мүмкін емес. 
Дейтұрғанмен, біз өңдеу
өнеркәсібінде бірқатар табыстарға қол жеткізіп, аталған салада 7,9 пайыз өсім
алдық. Салыстыру үшін республика бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 1 пайыз
ғана болғанын ескеру керек.
Естеріңізде болса, біз былтыр
облыс дамуының 2020 жылға дейінгі даму Стратегиясын қабылдадық. Аймақ үшін аса
маңызды бағыттарды іріктеп алып, оларға ерекше басымдық бердік. Соның ішіндегі
ең негізгісі – облыста металлургиялық кешен қалыптастырып, оны дамыту деп
белгіленді.
Басты мақсат – облыс
экономикасын мұнайға деген тәуелділіктен айырып, оны әртараптандыру.
Біз үшін басқа жол жоқ!
Металлургия – біз үшін маздап
жана бастаған үлкен үміт оты. Сәтін салса, бұл сала өңір экономикасының өрісін
едәуір кеңейтіп, күші мен қуатын арттырады. Сыр бойының дәулетті болашағы  дәстүрлі ауыл шаруашылығына қоса осы саламен
байланысты деп білемін. Сондықтан аталған бағытта белсенді түрде жұмыс істеп
жатырмыз.
Қазақстан Президенті жанында
тау-кен өндірісі жөніндегі арнайы кеңес бар. Былтырғы маусым айында біз осы
кеңесте «Қызылорда облысының тау-кен кешенін дамытудың» Жол картасын» бекітіп
алдық.
«Шалқия» қорғасын-мырыш
кенішін «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп игерудеміз. Қазіргі таңда барлық
құжаттар рәсімделіп, кеніштің жұмысын жандандыру шаралары басталып кетті. Осы
кезде жөндеу, қайта жасақтау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Тау-кен байыту
комбинатының жобалық-сметалық құжаттары аяқталып қалды. Комбинат құрылысында
1,5 мың жұмыс орны ашылады, кәсіпорын іске қосылғанда жылына 4 миллион тонна
кен өндіреді.
Сондай-ақ, «Байқоңыр»
әлеуметтік кәсіп­керлік корпорациясымен 
ферроқорытпа зауы­ты­ның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын­далып,
қазіргі таңда жобалық құжаттары әзірленуде. Жоба үшін Қызылорда қаласындағы
индустриалды аймақтан арнайы жер бөлінді. Ық­тимал инвесторлармен келіссөздер
жүріп жатыр.
Қойнауы небір қазынаға толы
Қаратауда ванадий қорының мол екенін білесіздер. Ондағы «Бала-Сауысқандық»
кенішін дамыту аясында өнімділікті жылына 1 миллион тоннаға жеткізу жұмысы да
жалғасып келеді.
Көптен күткен шыны зауытының
құрылысы қоғамдық пікірде тіпті бұрынғы-қазіргі облыс әкімінің жұмысын
бағалайтын индикаторға айналды, сондықтан осы мәселеге арнайы тоқталайын.
Қызылорда қаласындағы
индустриалды аймақтан аталған зауытқа арнап жер бөлінді. Бюджет есебінен
негізгі инженерлік инфра­құрылымдар тартылды, биылғы жұмыстарға 1,5 миллиард
теңге бөлінді. Техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық
құжаттары дайындалды, мемлекеттік сараптама жасалды, қажетті келісімдерге қол
қойылды. Сонымен, 52 миллиард теңге тұратын шыны зауытының құрылысы басталды!
Жоғарыда бірнеше жыл бойында
жалғасатын ірі жобалар туралы айтылды. Ал 2014 жылы іске қосылған өндірістерге
келер болсақ, былтыр жалпы құны 6 миллиард 700 миллион теңгені құрайтын 12
өндіріс орнының тұсауын кестік. Олар жайлы әлі тарқатып айтамыз.
Өткен жылдың басында химиялық
реагенттер шығаратын кәсіпорынды жаңарту және кеңейту жұмыстары аяқталды.
Қуаттылығы жылына 2000 тонна құрайтын кәсіпорын толықтай іске қосылып, мұнай
өндірісіне қажетті бұйымдар шығарып отыр. Олар өндіретін химиялық реагенттер
мұнай  құбырларындағы қақты болдырмай,
құбырды пайдалану мерзімін ұзартады.
Былтырғы жылдың қаңтар айында
«SmartRubber» (смарт раббер) серіктестігінің көнерген автокөлік дөңгелектерінен
тамшылатып суаруға арналған түтік шығаратын зауыты ашылды. Кәсіпорын
Қазақстанның басқа бірде-бір аймағында жоқ немістің  инновациялық технологиясымен жұмыс істейді.
Зауыт шығаратын ұнтақты асфальт төсеу кезінде пайдаланса, оның да жарамдылығы
арта түседі.
Арал ауданында ас тұзы мен
техникалық тұз өндірісін жаңарту жобасы іске асты. Бұрын «Аралтұз» жылына 120
мың тонна тұз өндіріп келсе, енді ол 78 пайызға, яғни 213 мың тоннаға дейін
артты.
Жалағаш және Шиелі
аудандарында «Мия тамырын өсіру және өңдеу» зауыты іске қосылды. Бүгінде
Жалағаш ауданындағы зауытта 150 адам жұмыс істейді. Онда жылына мың тонна мия
тамырының сығындысы, 100 тонна глициризин қышқылының ұнтағы шығарылады. Қуаты
250-300 тонналық Шиелідегі зауытта 50 адам жұмыс істейді. Бұл зауыттардың өнімі
дәрі-дәрмек өндірісіне қажетті аса маңызды шикізат.
Шілде айынан бастап Қызылорда
қаласында құрамында сынабы бар, қуат үнемдегіш шамдарды жинау және
залалсыздандыру цехы жұмыс істей бастады.
Күзде Шиелі ауданында қиыршық
тас шығаратын зауыт іске қосылды. Бұған қоса, 2014 жылы барлық аудандарды қоса
есептегенде жаңадан 15 нысан ашылды.
Сонымен қатар, Қызылорда
қаласы мен барлық 7 ауданда индустриалды аймақтар құрылды. Арал, Қазалы,
Жалағаш, Шиелі аудандарында болашақ өндіріс орындары үшін қажетті инженерлік
инфрақұрылым тартылып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру басталды.
Сырдария және Қармақшы аудан­дарындағы
ин­дустриалды аймақта салынатын инженерлік инфрақұрлымның жобалық-сметалық
құжаттары әзірленуде.
Кәсіпкерлікті қолдау шараларына келер болсақ,
Елбасының кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялағаны оң әсер еткенін айту
керек. Бұған қоса, кәсіпкерлерге субсидия беру, кейбір несиелеріне кепіл болу,
арнайы грант арқылы қаржыландыру жалғасын тапты. Айталық, 2014 жылы «Бизнестің
Жол картасы» шеңберінде кәсіпкерлерді қолдауға 1 миллиард 400 миллион теңге
бөлінді.
Нәтижесінде, бір жыл ішінде
шағын және орта кәсіпкерліктің белсенділігі едәуір артып, жеке кәсіпке бет
бұрғандардың саны 5,5 пайызға өсті. Былтыр 
кәсіпкерлер қатарына жаңадан 13 мыңнан астам адам қосылды. Қазіргі таңда
облысымыз кәсіпкерлікті дамыту үрдісі бойынша аймақтар арасында бірінші орында!
Теңге бағасының өзгеруі
облыстың банк секторына кері әсерін тигізген жоқ. Жыл бойында банктерде
қолма-қол ақшаның айтарлықтай тапшылығы байқалмады.
Әлемдік экономикадағы
қиындықтарға қарамастан біздің  банктер
кәсіпорындарға 2013 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық несие берді.
Жан-жақты қолдау көрсетіліп
жат­қанымен, шағын және орта бизнестің дамуына жақсы жағдай жасалды деуге әлі
ерте. Оның негізгі себебі екі өкпеден қыса бастаған дағдарыс та емес.
Жемқорлық, бюрократия, қыңыр адамдар орнатқан қасаң тәртіптер жұмыстың тез
жүріп кетуіне негізгі кедергі. Бұл қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлердің
пікірі. Біздің кейбір шенеуніктер мен банк қызметкерлері осындай әрекеттері
арқылы бизнестің кең қанат жаюын тежеп отыр! Мұндайды қоғам мен мемлекетке
жасалған қастандық деп бағалаймыз, соған сәйкес әрекет болатындығын ескертеміз.
Аймақтық Кәсіпкерлер Палатасы
көптеген игі бастама көтеріп, кәсіпкерліктің дамуына зор үлес қосып келеді.
Сондықтан бұл бағытта кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жұмысты жалғастырамыз.
Аймақтағы іскерлік
белсенділікті арттыру үшін жылына екі рет инвестициялық форум өткізіп келеміз.
Қызылордаға өзге өңірлердің және шет мемлекеттердің ірі кәсіпкерлері мен
инвесторларын шақырып, арнайы алып келіп, жұмысқа тартудамыз. Алғашқы форумды
өткізу оңай болмады. Дегенмен, бара-бара кәсіпкерлер өңірді танып, қызығушылық
білдіріп, өз ұсыныстарымен шыға бастады. Әрине, барлығы бірдей келе салып,
жұмысты бастап кеткен жоқ. Бірақ жиі-жиі келіп, болашағын Сыр елімен
байланыстыру жайлы ойланып жүргендері көп. Ықтимал инвесторлар ондай шешімді
тез қабылдау үшін облысқа іскерлік абырой мен бедел қажет. Ал ол қасықтап
жиналатын, абайламаса, бір сәтте жоғалтып алуға болатын күрделі капитал.
Әдетте, оған ондаған жылдар қажет. Бізде ондай уақыт жоқ, сондықтан шапшаң
жұмыс істеуіміз керек.
Қазірдің өзінде осындай
жұмыстарымыздың ауыз толтырып айтарлық нәтижесі бар. Мысалы, Еуропалық қайта
құру және даму банкі. Бұл халықаралық деңгейдегі ең ірі қаржылық даму
ұйымдарының бірі. Біз осындай әлемдік дәрежедегі алпауыт банкпен бірлесіп жалпы
құны 63 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба бастадық. Оның ішіндегі 7 жоба облыс
орталығының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Қазіргі уақытта Ислам және
Азия даму банктерімен, сондай-ақ басқа да қаржы орталықтармен келіссөздер жүріп
жатыр. Айта кетейік, Елбасының халықаралық қаржы институттарымен жұмыс істеу
туралы тапсырмасын орындауда біз облыстар арасында топ жарып, ең нәтижелі жұмыс
көрсеттік. 
Бізді өзгелерден оқ бойы
ілгері қоя алатын артықшылығымыз – көлік инфра­құрылымын дамыту мүмкіндіктері. Бұл саланы
дамыту – дағдарыстан шығуға да, дағдарыстан кейінгі уақыттағы өсімге де берік
негіз қалай алады.
Өздеріңіз білетіндей, «Батыс
Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің біздің аймаққа қарасты бөлігін салу
жұмыстары аяқталып қалды (812 шақырым). Осы күре жолдың 33 бөлігінде халыққа
қызмет көрсететін орталықтардың құрылысы басталуда. Мәселен, Қармақшы ауданында
«Қорқыт ата зиярат ету орталығы», Шиелі және Жаңақорған аудандарында жол
бойындағы қызмет көрсету кешендері жұмысқа кірісіп кетті. «ҚазМұнайГаз
Өнімдері» компаниясы 5 жанармай құю бекеттерін салмақ. (Оның Қызылорда қаласы
тұсындағы бір бекеті пайдалануға берілді).
Өткен жылы жолдарды жөндеу
мен екі көпірдің құрылысына 11,6 миллиард теңге бөлдік. 2012 жылмен
салыстырсақ, қаржыландырудың 2,5 есеге өскенін көреміз.
«Самара-Шымкент-Тереңөзек»
жолындағы Сырдарияны кесіп өтетін көпірдің құрылысы аяқталып, ел игілігін көріп
жатыр. Сырдария ауданының 9 елді мекені аудан орталығымен тікелей байланысты.
Бұрын дарияның арғы бетіндегі халық аудан орталығына бару үшін Қызылорда қаласы
арқылы айналып келетін. Тұрғындар бір қағаз үшін 120 шақырым жол жүретін. Осы көпрдің
арқасында халық жол азабынан құтылды.
Облыстық маңызы бар
«Жалағаш-Жосалы» және «Самара – Шымкент – Жаңақорған – Түгіскен – Келінтөбе»
автожолында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мемлекеттік «Нұрлы Жол»
бағдарламасының аясында «Қызылорда–Жезқазған» тасжолының құрылысы
қарастырылған. Аталған жобаға атсалыса алатын жергілікті компаниялардың тізбесі
жасалды. Бұл құрылыстың өзі 600 адамға жұмыс береді.  
Жолаушылар тасымалы туралы да
айта кетейін. Аймақта өзін өзі ақтамайтын ауданаралық және қалааралық бағыттағы
11 бағыт бар еді. Бұлардың зор әлеуметтік маңызы бар  екенін ескеру керек. Сондықтан жолаушы
тасымалдайтын компанияларды облыстық бюджет есебінен субсидиялауға көштік (2014
жылы 16,5 миллион теңге).
Әуе қатынастарын дамыту – кез
келген аймақ үшін аса маңызды сала. Мұны басқа қалаға не мемлекетке қонаққа
баратын көлік деп қабылдамау қажет. Шын мәнінде әуе қатынасы – сауда-саттық,
білім мен тәжірибе алмасуға, технологиялардың трансфертіне жол ашатын ең тез
алыс-беріс құралы. Бұдан бөлек, мәдени байланыс және әлем елдерімен ықпалдасу
деп білген жөн. «Бармасаң, келмесең – жат боларсың» дейді ғой қазақ. Сол
айтқандай, бұл өз ішімізде бұйығып қалмай, өсудің жолы.
Бүгінде облыс орталығынан
әртүрлі бағыт бойынша аптасына 20 рейс жасалады. Кейінгі екі жылда әуе
қатынасын пайдаланушылар саны 2 есе артты (жылдық көрсеткіш 150 мыңнан 324
мыңға өскен). 
Қазан айында Үкімет шешімімен
Қызылорда қаласының әуежайына «халықаралық» мәртебе берілді. Соның арқасында
енді біз халықаралық әуе қатынастарына тікелей шыға алатын болдық.
Күз мезгілінен бастап біздің
әуежай «TAJIK AVIA»  компаниясына қарасты
ұшақтарға техникалық қызмет көрсетіп келеді. Олар аптасына үш рет Мәскеу бағыты
бойынша қатынайды.
Қызылордадан Ресей, Қытай,
Түркия, Біріккен Араб Әмірліктеріне тікелей рейс ашу мәселесі талқыланып жатыр.
Жоспарға сәйкес, жаңа
жолаушылар тер­миналының құрылысын бастап кеттік. Құрылыс жұмыстарымен
еліміздегі ең ірі құрылыс компанияларының бірі «Базис-А» айналысуда.
2014 жылы «Жезқазған –
Сексеуіл – Бейнеу» теміржолының құрылысы аяқталды. Сол арқылы біз өнімдерімізді
Еуропа елдерінің нарығына шығаруға мүмкіндік алдық. Сондай-ақ, шойын жол
Сексеуіл кенті мен тұтас Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін
жақсартуға  септік етпек.
Жыл соңынан бастап
«Қызылорда-Ас­тана» бағыты бойынша «Тұлпар-Тальго» аса жүрдек жолаушылар пойызы
жүре бастады.
Көптеген тұрғындардың баспана мәселесіне алаңдаушылығы бар
екенін білеміз. Өткен жылы облыс бойынша 300 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй
берілді. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 9 пайызға артық. Сонымен қатар,
«Қолжетімді баспана» және «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламалары
бойынша 38 мың шаршы метрдей тұрғын үй салынған (435 пәтерден тұратын 89 тұрғын
үй салынды).
Жалпы алып қарағанда, қарқын
жақсы-ақ. Дегенмен, тұрғын үй кезегінде тұрған адамдардың саны әлі көп. Енді
бізге халыққа қажетті баспана салудың тың тәсілдері мен жаңа жолдарын
қарастырып, тұрғын үй құрылысын одан әрі жандандыру қажет. Әйтпесе, халық үй
кезегінде ұзақ тұрып қалуы мүмкін (32 жыл).
Сол себепті былтыр біз
аймақта тұңғыш рет «Самұрық-Қазынаның» Жылжымайтын мүлік қорымен бірлесіп 35
пәтерлік 6 тұрғын үйдің құрлысын бастадық (210 пәтер). Биыл осы жұмыс аясында
17 мың шаршы метрден аса тұрғын үй тапсырылып, онда жүздеген отбасы қоныс тойын
тойлайтын болады.
«Қазақстанның ипотекалық
компаниясы» және басқа да инвесторлармен тізе қосып, мемлекеттік бағдарлама
шеңберінде салынатын баспананың жалпы көлемін бұйыртса, биылғы жылы 2 мың 406
пәтерлі 43 үйді тапсыруды көздеп отырмыз. Қажетті шешімдер қабылданды. Егер осы
жоспарымыз іске асса, онда тұрғын үй құрылысының өзінде жаңадан 5 600 жұмыс
орны пайда болады.
Халықты баспанамен қамту өте
маңызды жұмыс. Сонымен бірге, жұрттың жайлы да бақуатты өмір сүруіне жағдай
жасау керек. Сондықтан ауыл-аймақты абаттандыруға да көңіл бөлеміз. 2013-2014
жылдары бұл бағытқа 4 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалып, оның алдындағы екі
жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқан.
Облыс әкімінің 2014 жылға
арналған Іс-қимыл жоспарында тұрғындар үшін аса қажетті инфрақұрылымды дамыту,
оның ішінде аймақты газдандыру
мәселесі де ерекше аталған еді.
Өздеріңіз білетіндей, былтыр
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысы аяқталды. Осыған орай облыс елді
мекендеріне газ тарту мүмкіндігі туды. Бұл жобаны облыс орталығына жақын
орналасқан жекелеген ауылдардан бастап, кезең-кезеңмен жасау ыңғайлы
болғанымен, біз ол жолмен жүрмедік. Бұл жұмыс бір мезетте аймақтың солтүстігі
мен оңтүстігінен қатар басталып, облыстағы барлық ірі елді мекендерді бірдей
қамтуы керек деп шештік.
Аталған жұмысқа Қызылорда
облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы арасында жасалған
меморандумға сәйкес 23 миллиард теңге инвестиция тартылып жатыр. Бұл қаражат
Арал, Әйтеке би, Байқоңыр қалалары мен Шиелі, Жаңақорған кенттеріне газ
тартуға, ауылішілік желілер салуға, автоматтандырылған газ тарату станциясынан
көгілдір отын алып, 5 бірдей газ құбырының құрылысын бастауға жұмсалады.
Қажетті құжаттардың барлығын
дайындауға облыстық бюджет есебінен қаржы бөлінді.
Күзде «ҚазТранс Аймақ»
өндіріске қажетті жабдықтар алуға конкурс өткізді. Бүгінде Оралдағы
«БатысМұнайГаз Жабдықтары» зауытында бес автоматтандырылған газ тарату
станциялары құрастырылып, құрылыс-монтаж жұмыстарына дайын болады. Аймақты
газдандыру аясында мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргідей қысылтаяң
кезде бұл да көңілге демеу болатын жағымды бастама деп санаймыз.
Жоғарыда айтылғандай, аймақ
елді мекендеріне газ тарту жұмыстары облыстың солтүстік және оңтүстік
аудандарынан қатар жүргізіледі. Соған орай, Арал және Жаңақорған аудандарының
орталықтарындағы газ тарту жұмыстары бүгін басталмақшы. Қазір осы мүмкіндікті
пайдаланып, екі ауданмен тікелей байланысқа шығу арқылы басталып жатқан жұмысқа
куә болайық.  
Құрметті қауым!   
Бұған қосымша аймаққа
«көгілдір отын” тарту жобасы аясында Жосалы және Сексеуіл елді мекендерінде де
автоматтандырылған газ тарату станциясын салудың жобалық-сметалық құжаттары
әзірленуде.
Қызылорда қаласына қарасты
Қызылжарма ауылдық окгругі мен Тасбөгет кентін газдандыруға байланысты
құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. 2014 жылы осы мақсатта біз
республикалық бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңге тарта алдық.
Осының арқасында биыл облыс
халқының 70 пайызы тұратын елді мекендерге газ жеткізуді жоспарлап
отырмыз. 
Көгілдір отын елді
мекендердің көшелеріне дейін жеткізіледі. Үйлеріне тұрғындар оны ауыл әкімімен
бірлесе отырып кіргізетін болады.
Осылайша, көптен күткен
«көгілдір отын» Сыр елінің ауылдарына да келе бастады. Біз кезінде
әріптестерімізбен бірге Батыс Қазақстан (70 пайыз) және Маңғыстау (100 пайыз) облысындағы
қызмет кезінде де өңірді газдандыру мәселесімен айналысқан едік. Аймақтардағы
ең шалғай ауылдарға көгілдір отын жеткен кезде 
халықтың қуанышында шек болмағаны есімізде. Бірі «газбен бірге ауылға
өркениет келді” десе, енді бірі «Газ келді – жаз келді!» деп өлең де шығарып
жатты. 
Өйткені аймақты газдандыру
көптеген күрделі мәселенің күрмеуін шешеді. Жалпы алғанда, газ әлеуметтік
салаға да, әсіресе экономикаға да тың серпін әкелуі тиіс. Себебі өндірісте
шығарған өнімнің өзіндік бағасы арзандайды. Жекелеген тұрғындардың,
отбасыларының тұрмысы жақсарып, тұтас елді мекеннің дамуы ілгерілеуі тиіс.
Мұның барлығы аудан және ауыл әкімдерінің назарында болуы қажет.   
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де күн
тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі.
Үкімет және Ұлттық экономика
министрлігімен атқарған  жұмыстың
нәтижесінде соңғы екі жылда таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 15 миллиард
теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 54 пайызға көп
(2011-2012 жылдары 9,7 миллиард теңге). Соның ішінде былтыр ғана бұл мәселені
шешуге 6 миллиард теңге қаржы тартылды.
Осының арқасында қазір біздің
262 елді мекеніміздің 185-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Онда ауыл
тұрғындарының 94 пайызы өмір сүріп жатыр. Тиісті министрліктің есептеуінше, бұл
республикадағы ең жоғары көрсеткіш.
Жылумен қамтуға келер болсақ. Былтырғы қыстан айтарлықтай
қиналыссыз шықтық. Бұлай болуына Үкіметтен қосымша мазут отынын сатып алу үшін
2,5 миллиард теңге алуымыз септігін тигізді.
Соның есебінен жоспарланған
облыстық бюджеттің қаржысын (234 миллион теңге) жылу-электр орталығындағы 4
қазандықты жөндеуге жұмсадық. Олардың біреуі қосымша қазандық болатын. Сол
шаралар биылғы қыстан да еш қиындықсыз өтуге көмегін тигізіп отыр.
Аудандарда атқарылған ауқымды
істердің бірі ретінде, Әйтеке би кен­тіндегі жылу жүйесі кеңей­тілгендігін
атағым келеді. Бұл жұмысқа 1 миллиард теңге жұмсалды.
Өңірдегі басты проблемалардың
бірі – электр қуатына тәуелділік. Бізге қажетті қуаттың 60 пайызы сырттан
келеді.
Аталған мұқтаждықты өтеу
үшін, Елбасының тапсырмасымен 
Жылу-электр орталығын кеңейту және қайта жасақтау жобасы қолға алынды.
Бұл өңірге қажетті электр энергиясын өзімізде өндіріп, жылумен де тұрақты
қамтамасыз етуге жол ашады.
Жарықпен қамту бағдар­ламасы
бойынша аудандарда электр тарату орталықтары құрылды. Жаңақорған, Тас­бөгет,
Шиелі және Әйтеке би кенттеріне қажетті энер­гетикалық жабдықтар орнатылды.
Арал қаласы мен Әйтеке би
кентінде қосалқы бекеттерді қайта құру жұмыстары басталды.
Естеріңізде болса, 2013 жылы
Қызылорда жылу тарату орталығының жұмысын оңалту шараларын қолға алдық.
Компания қарыздарының көп бөлігі жабылды. Ха­лық пен Жылу тарату орталығы
арасындағы делдал ұйымдарды қысқартып, біреуін ғана қалдырдық (бұған дейін 6
делдал ұйым жұмыс істеп келген).
Осыған қарамастан,
тұтынушылардың ақы төлемеуі салдарынан, 
тұрғындар мен кәсіпорындар үшін электр қуаты (5,7 пайызға) мен жылудың
(12 пайызға) бағасын көтеруге мәжбүр болдық. Өйтпеген жағдайда қызмет көрсетуші
мекеме тұрақты түрде жылумен және жарықпен қамтамасыз ете алмас еді.
Егер халық өзі тұтынған
коммуналдық қызмет үшін уақытында ақысын төлеп отырмаса, онда тариф бағасын
қайта қараудан басқа амал жоқ.
Кеңестік кезеңнен біздің
халықтың бойына сіңген бір жағымсыз қасиет бар. «Өкімет өлтірмейді» деген бейқамдық
пен берекесіздік. Осындай масылдық психологиядан арыла алмай, өзінің өмірін
өзгеге міндет ететіндер әлі де аз емес. Бұл қазіргі заманға жат, әрі біздің
ұлттық мінезімізде жоқ қасиет. Біздің дәстүр де, дін де адамды қарыздан
сақтандырады. «Судың да сұрауы бар» деп үйретеді емес пе?         
Аймақ экономикасының негізгі
тірегінің бірі – ауыл шауашылығы. Өткен жылы
аталған саланы қолдауға бюджеттен 8 миллиард теңге қаражат бөлінді. Ол 2013
жылмен салыстырғанда 50 пайыздай артық.
Біздің диқандар екі жыл
қатарынан бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, күріштің
мол өнімін жинады. Егіншілік шаруашылығын әртараптандыру үшін өзге де өнімдерді
субсидиялауды қолға алдық (соның ішінде тамшылатып суару технологиясының
негізінде).
2014 жылы «Байқоңыр»
әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сатып алынатын күріштің бағасын килограмына
50 теңгеден белгіледі. «Агрохолдинг» 14 мың тонна күрішті бірден сатып алды.
Соның арқасында шаруашылықтар құрал-жабдықтарын жаңарт­ты және жаңа техника
сатып алуға мүмкіндік алды.
Қазіргі таңда Жалағаш
элеваторындағы жаңа зауытты  монтаждау
жұмыстары аяқталды. Бұл күріш өңдеу көлемін 3 есеге дейін арттырады (бұған
дейін күніне 40 тонна болса, енді 150 тоннаға дейін күріш ақталады). Сондай-ақ,
өндірілген күріштің сапасы да жақсара түседі.
Асыл тұқымды мал басын
көбейту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. («Егіншілік пен мал шаруашылығын
дамыту Оңтүстік-Батыс ҒЗИ» бірлесіп, Шымкент қаласы. «Аграрлы кредит
корпорациясы», «Құлан» жобасы арқылы).
Мемлекеттік ветеринарлық
орталықтардың материалдық-техникалық базасының жаңармағанына талай жыл болған
еді. Былтыр осы мәселені шешуге қажетті қаражат бөлініп, (425 миллион теңге),
ветеринарлық бекеттер үшін 133 ғимарат, автокөлік пен керекті жабдықтар сатып
алынды.
Ветеринарлық бақылау қызметі
өз алдына бөлек облыстық басқарма болып құрылды. Осы шаралардың арқасында біз
биыл буферлік аймақтан шығып, өзімізді де етпен қамтамасыз етіп, оны сыртқа да
шығара бастауға жол аштық.      
Балық шаруашылығын қалпына
келтіру бағытында қолға алынған жұмыстар жалғасып келеді.
Былтыр 6,7 мың тонна балық
ауланды, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Балық өңдейтін 8 зауыт
жұмыс істейді. Олар жылына 11 мың тонна балық өңдей алады. Барлығы да соңғы
технологиялармен жабдықталып, халықаралық талаптарға жауап береді. Өнімдері
жақын және алыс шет елдерге экспортталады. Аралда ауланған балық Еуропа
нарығында сатылып жатыр. Соңғы бір жылдың ішінде экспорт көлемі 14 пайызға
артқан.
Былтыр «Бақыт» шаруа қожалығы
өзі шығарып отырған өнімдерге еурокод алды.
«Байқоңыр» әлеуметтік
кәсіпкерлік корпорациясы балық өнімдерін өндіру және өңдеу бойынша бірнеше
инвестициялық жобамен айналысып келеді. Әсіресе, Арал балық өндіру зауытының
жұмысын жандандыру және Иіркөл бөгетінің шаруашылығын қалпына келтіру
жұмыстарын ерекше атау керек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың
тікелей қолдауымен САРАТС жобасының екінші кезеңі «Қазақстанның су шаруа­шылығын
реттеу» мемлекеттік бағдарламасына енді.
Республикалық бюджеттік
комиссия жобаны қаржыландыру үшін Әлемдік банктен ақша алуға (85 пайыз) рұқсат
берді. Қалған қаржы (15 пайыз) республикалық бюджет есебінен бөлінеді. Әрине,
қазіргі экономикалық жағдай мәз емес. Бірақ жобаның алғашқы кезеңінде де
маңдайымыз шылқып отырғаны шамалы еді. Ол уақытта да түрлі қиындықтар аз болмады.
Сондықтан Елбасының тікелей қолдауының арқасында САРАТС жобасының екінші кезеңі
биыл басталады деп сенеміз.
Халық үшін ерекше маңызды
мәселенің бірі – тауар бағасының тұрақтылығы. Осыдан бір жыл
бұрын Ұлттық банктің шешімімен теңгенің айырбас бағамы өзгергені  естеріңізде болар. Өз кезегінде бұл нарықтағы
бағаның көтерілуіне жол ашты. Бірақ артынша аталған жағдай тұрақталды.
Теңгенің айырбас бағасы
өзгеріссіз қалғанда, біздің қаржылық қорымыз мамыр айында таусылып қалар еді.
Бұл мәселені Украина мен Ресей арасындағы саяси қақтығысқа дейін шешіп
алмағанда, ұлттық валютамыздың долларға шаққандағы бағамы 200 теңгеден де асып
түсуі мүмкін еді деген болжам бар. 
Қазір қаржы нарығында валюта
бағамының күрт өзгеруіне негіз жоқ.
Өткен бір жылда ғана өңірдегі
бөлшек сауданың көлемі 22 пайызға өскен. Осының өзі бағаның қолжетімді
екендігін айғақтайды.
Біз арнайы зерттеу жүргізіп,
сиыр еті, бидай мен картопты санамағанда, Қызылорда облысындағы азық-түлік
бағасы республикадағы орташа бағадан төмен екеніне көз жеткіздік. Ал 600
грамдық әлеуметтік бөлке нанның бағасы 40 теңге көлемінде сақталып тұр.
Бағаны тұрақтандыру
мақсатында аймаққа шеттен азық-түлік тасымалдайтын ірі мекемелермен
меморандумға отырдық. Сол арқылы бағаның шарықтап кетуіне жол бермедік.
Халықты арзан көкөніс және
басқа да өнімдерімен қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде арнайы жәрмеңкелер
ұйымдастырылады.
Қадірлі қауым!
Әлеуметтік саланың дамуын
жеделдету – біздің алдымызда тұрған ең негізгі басымдылық екендігін білесіздер.
Соның ішінде барлық деңгейдегі
әкімдер жеке айналысатын ерекше мәселе – жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұл әкім
жұмысының тиімділігін анықтайтын негізгі фактор.
Былтыр экономиканың түрлі
саласына 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның 10 мыңы тұрақты. Бұл
2013 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін,
әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендеттік. «Жұмыспен қамтудың Жол
картасы» бойынша соңғы екі жылда біз микро кредит арқылы 5,4 миллиард теңге
қаражат тараттық. Соның арқасында жұмыс таппай жүрген 2,5 мың адам өз
кәсіптерін бастап кетті. Банктер мен қорлар арқылы қаржы алуға дайын емес
адамдар үшін мұның таптырмас құрал екені айдан анық. Көктен іздегендері жерден
табылып, қаншама адам жоқшылықтың құрсауынан жол тапты.
Тұрғындардың жұмысқа орналасып,
өз бизнестерін ашуға көмектескеннің нәтижесінде табыстары ең төменгі
деңгейіндегі адамдар саны 2 есеге азайды. (Бұл көрсеткіш 2013 жылдың
1-қаңтарында 5360 адам болса, 2015 жылдың 1-қаңтарында 2774 адамды құраған).
Өздеріңізге белгілі,
«Жұмыспен қамту Жол картасын» жабу жоспарланған болатын. Бірақ, біз барлық
деңгейде бұл мәселені көтердік. Нәтижесінде осы жылдың 11 ақпаны күні Елбасы
Үкіметке аталған бағдарламаны жүзеге асыруды әрі қарай жалғастыруды тапсырды.
Қарапайым адамдарға микро
кредиттер, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесі әжептәуір
көмектесті. Аталған жоба бойынша өткен жылы 4 мың 300 адам жұмысқа орналасты.
Біз бұл бағдарламаны одан әрі
жалғастыру қажеттігін орталыққа ұсынамыз. Бірақ оның тағдыры жалпы экономикалық
жағдай мен республикалық бюджеттің қауқарына да байланысты болмақ.
«Мүмкіндігі шектеулі
адамдардың құқын қорғау мен өмір сапасын жақсартудың Жол картасы» екінші жыл
қатарынан іске асырылып келеді. Осы екі жыл ішінде біз мүмкіндігі шектеулі
адамдардың күнделікті күйбеңнен ойларын бөліп, өз мемлекетіне қажет екенін
сезіндіре алдық деп ойлаймын. Парқын білгенге мұның өзі аз емес.
Былтыр Мемлекет басшысы
мүгедек жандардың жұмысқа орналасуын тапсырды. Елбасы тапсырмасына сәйкес 540
адам әртүрлі мекемелер мен кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа орналасты.
Мүмкіндігі шектеулі
азаматтардың да белсенділігі артқаны байқалады. Бірталай адам «Даму» қоры
арқылы несие алды, микрокредиттерге қол жеткізіп, өз кәсіптерін ашып жатыр.
Мүгедектерге мемлекет
тарапынан берілетін әлеуметтік тапсырыстың көлемін 2012 жылмен салыстырғанда
1,5  есеге ұлғайта алдық.
Сонымен қатар, былтыр біз
«Қарттар үйі» және «Әлеуметтік үйі» ғимараттарын күрделі жөндеуден өткіздік.
Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Облыстық мекемелер үйінің құрылысын аяқтап,
барлық дерлік басқармаларды сонда орналастырдық.
Бірақ халыққа солай ыңғайлы
болғандықтан әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту, еңбекті қорғау секілді
мемлекеттік органдарды қаланың орталығындағы бұрынғы орнында қалдыру керек деп
шештік. Ғимаратын мүгедектердің 
қажеттілігін есепке ала отырып қайта жөндеп шықтық.
Әлеуметтік саладағы ең
маңызды бағыт денсаулық сақтау қызметінің
сапасы мен оның қолжетімділігін қамтамасыз ету. Соңғы
зерттеулер көрсеткендей, барлық мемлекеттік қызмет түрлерінің 83 пайызы
медицина саласына тиесілі екен. Сондықтан халықтың медициналық қызметке берген
бағасын тұтастай мемлекетке, яғни билікке берілген баға деп қабылдау керек.
Соңғы үш жыл ішінде денсаулық
сақтау саласының қажетіне облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы 2 есеге көбейген.
Денсаулық сақтау саласының осы аралықтағы жалпы бюджеті 94,1 миллиард теңге
құрады. Аталған сала бойынша жан басына шаққандағы шығын көлемі бойынша біз
Астанадан кейінгі екінші орындамыз.
Былтыр медициналық
мекемелерді қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау үшін ғана 3 миллиард теңгеге
жуық қаржы берілді. Барлық аудандағы орталық ауруханалар жаңа техника алды. Бұл
емдеу-сауықтыру шараларының ауданда көбірек жасалып, халықтың қалаға қатынауын
азайтты.
Заманға сай жасақталған
облыстық «Ана мен бала орталығы» ақыры пайдалануға берілді. Жұмысын бастағалы
бері Орталықтың дәрігерлері 2 мыңнан аса бала туғызып алды.  Қазір Орталық мамандары жасанды ұрықтандыру
тәсілін (ЭКО) енгізуге жұмыстанып жатыр.
Екі жылда бұрын жабылып
қалған 13 ауылдық аурухананы қалпына келтірдік. Қармақшы және Сырдария
аудандарындағы жаңа емханалар іске қосылды. Жаңадан ашылған 14 дәрігерлік
амбулатория да былтырғы жылдың табысы. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына,
наркологиялық диспансерге, қалалық туберкулез диспансеріне, Жаңақорған, Тереңөзек,
және Жосалыдағы аудандық орталық ауруханаларға күрделі жөнде

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз