ҮРЛЕМЕЛІ ТОСПА СУ ТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

94

0

ҮРЛЕМЕЛІ ТОСПА СУ ТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛАДЫАптаның жұмасы күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев Шиелі ауданында болды.

Облыс әкімінің бұл жолғы сапары Шиелі ауданындағы суландыру мәселесін жақсартуға қатысты еді.  Әсіресе құрғақшылық жылдары, сондай-ақ, су көп буланатын жаз мезгілінде, егіс алқаптарының аяқ судан тапшылық көретіні жылда қайталанатын көрініс. Осының салдарынан көктемде жерге дән тастаған егіншілер, ала жаз бойы еткен еңбегінің қайтарымы бола ма, болмай ма деп сенімсіздікке бой алдыра бастаған.
Жағдайды жете зерттеген мамандар Төменарық маңындағы бас саға тұсынан үрлемелі су тоспасының құрылысын салу жөнінде ұсыныс берген еді. Облыс басшылығы ұсынысты қолдап, оның жүзеге асуын бақылауда ұстады. Азиялық мемлекеттер тәжірибеден өткізген бұл тоспа облысымызда әуелі Жаңақорған ауданының Көктөбе елді мекені жанына салынып, осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілді. Аталмыш су тоспасының шарапаты нәтижесінде жаңақорғандықтар су тапшылығынан құтылды, межелі дақылдарын егіп, одан лайықты өнім ала бастады. Міне, оның ендігі кезегі Шиелі ауданына да келіп жетті. Шындығында ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайына елеулі әсер ететін су тоспасының құрылысы өткен жылдың соңғы айларында-ақ басталып кеткен-ді.
Аймақ басшысы комитет төр­ағасымен құрылыстың жүру қарқы­нымен танысты. Нақты кезеңде бұл жерге республиканың әр аймағынан 150 техника алдырылып, қызу жұмыс жүріп жатыр. Жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын нысанды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің тапсырысы негізінде «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы жүзеге асыруда. Құрылыс жұмысының барысымен филиал дирек­торы Болат Арыстанбаев таныстырды.
– Жаңақорған ауданында салынған үрлемелі су тоспасынан 30 мың гектар жерді суландыруға мүмкіншілік туғызылған болса, мына құрылыс арқылы да 27-30 мың гектар алқапқа аяқ су еркін жететін болады. Бұл жөнінде біздің пікірімізбен санаса отырып, бірлесе жұмыс істеуге келісімін берген комитет басшыларына ризамыз. Енді аталмыш құрылысты тездете бітіріп, жаз айларында шиелілік диқандар су молшылығына кенелуі тиіс, – деді өз сөзінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Ол осы жерде су мамандарымен, аудан
ардагерлерімен пікірлесті.
– Көктөбеде
салынған үрлемелі су тоспасының ашылу салтанатына мен де қатысқан едім, енді
сол сияқты алып су құрылысының біздің Шиелі ауданында басталғанына куә болып
отырмын. Бұл елге деген жанашырлық, халықтың қамын ойлаған әрекет деп
түсінеміз. Енді осының тезірек іске қосылғандығын көрейік, – деді су шаруашылығының
байырғы маманы, ардагер Төлес Апбасов тұрғындар атынан ризашылығын жеткізе
отырып.
– Биылғы жылы
Тоқтағұл су қоймасынан төмен жіберілетін су көлемі жылдағыдан едәуір кеміп,
шамаман 3,8 млрд шаршы болады деген болжам бар. Мұндай жағдайда Сырдария өзенінен
су алатын оңтүстік аудандарда жаз айларында тапшылық болуы мүмкін. Сондықтан да
Елбасы тапсырмасына орай барлық аймақтарға комитет тарапынан қамқорлық танытылу
үстінде. Аталмыш үрлемелі су тоспасын салу уақыт жағынан да, қаржылық тараптан
да тиімді. Мәселен, бұл тәсіл Ертіс, Жайық, Іле, Сырдария өзендерінде
қолданылып, өзінің пайдалылығы мен қолайлылығын көрсетті. Мұның жарамдылық
мерзімі 15 жыл, яғни, экономикалық тиімділігіне сөз жоқ, – деді ҚР Ауыл
шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев
журналистерге берген сұхбатында.
Аймақ басшысы
тұрғындар ахуалымен танысып, келелі мәселелерді сөз етті. Газ тарату
орындарының құрылысы басталғандығын айтып, биыл әр үйге газ келетіндігін еске
салды. Яғни, аймағымызда халықтың әлеуметтік жағдайларына, олардың жұмыс
орындарымен қамтамасыз етілуіне мән берілуде деген сөз.
 
Нұрмахан
ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз