«ӨРЛЕУ» ӨСУ ЖОЛЫНДА

226

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу… Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» – деп, XXI ғасырдағы білімнің алатын орнына тоқталған болатын.

Әлемде өз дамуы барысында білім саласында тиімді реформалар жүргізіп, солардың нақты жемісін көріп отырған мемлекеттер аз емес. Сингапур, Малайзия, Финляндия, Норвегия, Германия, Ұлыбритания елдері өздеріне тән ұтымды білім жүйесін құра білуімен ерекшеленеді. Бұл елдер заман талабына, халықтың сұранысына, тарихи қалыптасқан ұлттық дәстүрге сәйкестендіріп, әр оқушының қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын жасаған. Яғни, адам капиталын дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда.

Еліміздегі біліктілік арттыру жүйесі өткен ғасырдың 40-жылдарының ортасында қалыптасқан болатын. Республикадағы ең алғашқы, біліктілік арттыру институты 1944 жылы Қызылорда қаласында Қазақ көшесіндегі (қазіргі М.Әуезов көшесі) 3 бөлмелі үйде ашылған болатын. Еліміз егемендік алғаннан кейін,білім саласында жүріп жатқан күрделі өзгерістерге қарамастан біліктілік арттыру жүйесі бұрынғы кеңестік кезеңдегі ескі қалыпта жұмыс жүргізіп жатты. Алпыс жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан біліктілік арттырудың мазмұны мен әдістемесі де бұрынғы деңгейде қалып қойды.

Бұл кезде елімізде мұғалімдердің біліктілігін арттырумен Білім жүйесіндегі басшы кадрлардың біліктілігін көтеру жөніндегі республикалық институт, Астана, Алматы және 14 облыстағы біліктілік арттыру институттары, педагогикалық жоғары оқу орындары жанындағы 5 орталық айналысатын. Осы жүйедегі 1606 маманның ішінде 20 ғылым докторы, 123 ғылым кандидаты ғана еңбек ететін. Педагог мамандар дайындайтын ЖОО-лардағы педагогтардың 29,9%-ның ғана ғылыми дәрежелері болды. Бұл көрсеткіш АҚШ-та – 75%, Канадада – 90%, Ұлыбританияда 100 пайыз болатын.

Мұғалімдердің білімін жетілдіру деңгейі де төмен күйде болды. Халықаралық зерттеулер бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 53-орында орналасқанын анықтады.

Облыстардағы біліктілік арттыру институттарының материалдық-техникалық базалары төменгі деңгейде қалды. Тіпті, мектептердің техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталуы біліктілік арттыру институттарынан жоғары болатын.

Ең бастысы, еліміздегі барлық институттар бір-бірімен еш байланыссыз, өз беттерінше жұмыс жасайтын. Астанада біліктілік арттыру бір бағытта жүрсе, Қарағандыда тіпті өзгеше, Қызылордада ол мүлдем басқаша жүргізілетін. Бір институттар кафедралық жүйеде жұмыс жасаса, екіншілері кабинеттік жүйе бойынша еңбек ететін. Штаттық кестелер әр институтта әртүрлі болатын. Институттар облыстық білім басқармаларының қол астында мекеме ретінде жұмыс жасайтын, яғни, 10% біліктілік арттырумен, 90% білім басқармасы тапсырған, біліктілік арттыруға еш қатысы жоқ жұмыстармен айналысатын.

Еліміздегі біліктілік арттыру жүйесінің мұндай шарасыз күйі түбегейлі шешімдер қабылдауды талап етті. Осы кезде педагогика саласында ұзақ жылдар табысты еңбек етіп жүрген, Білім жүйесіндегі басшы кадрлардың біліктілігін көтеру жөніндегі республикалық институттың директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлнас Кенжетайқызы Ахметова ҚР Білім және ғылым министрлігі алдына мүлдем жаңа, тосын ұсыныс жасады. Ғалым елімізде бір орталыққа бағындырылған, біртұтас бағытта біліктілік арттырумен айналысатын Ұлттық орталық құру мәселесін көтерді.

Осыдан 5 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 17 ақпандағы №232 қаулысына сәйкес елімізде ТМД елдері арасында ешқандай баламасы жоқ, біліктілік арттырудың жаңа жүйесі – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы құрылды. Оның құрамына Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институты, Алматы, Астана қалалары және 14 облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институттары енді. Бұрын әрқайсысы өз бетінше жұмыс жүргізіп жатқан институттар бір жүйеге біріктірілді.

Қазіргі уақытта Кембридж университеті мен Педагогикалық шеберлік орталығы бірлесіп дайындаған деңгейлік Бағдарламалар бойынша қазақстандық мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту бағытында жаңа әдіс-тәсілдер оқыту үдерісіне ендірілуде. «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» озық тәжірибелерін жалпы білім беретін мектептердің оқыту тәжірибесіне енгізу бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.

Мектептегі басты тұлға – мұғалім екендігі белгілі. Технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалімнің ролін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтынын халықаралық тәжірибелер көрсетуде. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамыған кемел ұстаздар ғана тәрбиелей алады.

Қазір бұрынғы 36 сағаттық біліктілік арттыру курстары орнына 72, 80, 120, 160, 470, 640 сағаттық және деңгейлік 3 айлық курстар өткізілуде. 2015 жылдан бастап «Өзін-өзі тану» пәнінен 3 айлық деңгейлік курстарды өткізу қолға алынды. 2016 жылдан білім мазмұны жаңартылған бағдарламалар бойынша біліктілік арттыру курстары өткізілуде. Ұстаздардың білім беру саласындағы жаңа педагогикалық инновациялық технологияларды терең игеруіне басым бағыт берілуде. Жылына 70 мыңнан аса ұстаздар «Өрлеу» арқылы біліктілік арттыру курстарынан өтіп, еліміздегі білім реформасының табысты жүзеге асуына өз үлестерін қосуда. 1944-2012 жылдар аралығында институтта 80 мыңға жуық тыңдаушы курстан өтсе, «Өрлеу» құрылғалы 26 мыңға жуық тыңдаушы біліктіліктерін арттырды.

Барлық институттарда модульдік оқытуға негізделген оқу бағдарламалары ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекітіліп, бүкіл оқу процесі елімізде бір бағытта ғана жүргізілуде. Ұлттық орталықта оқытушылар құрамының сапалық деңгейіне де жоғары талаптар қойылуда. Мысалы, 2012 жылы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында 2 ғылым кандидаты ғана еңбек етсе, қазір 2 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты, 17 ғылым магистрі қызмет етуде. Осы жылдары филиал оқытушылары ғылыми және ғылыми-әдістемелік зерттеулерге арналған 7 монография, 381 мақала, оның ішінде шетелдік белгілі басылымдарда 91 мақала жариялады.

Оқытушыларымыздың шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындары мен орталықтарында білімдерін көтерулеріне барлық жағдай жасалынған. 18 оқытушымыз Ұлыбритания, Франция, Австрия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Австралия және Ресейдің беделді оқу орталықтарында болып, алған білімдерін біліктілік арттыру курстарында пайдаланылуда. Сонымен қатар, осы жылдары шетелден 11 халықаралық әдіскер-консультант келіп, филиал оқытушылары мен тыңдаушыларына әдістемелік көмектер көрсетті.

Институтта көрнекті ғалымдар және қоғам қайраткерлерімен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Атақты академик Асқар Жұмаділдаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Қожахмет Баймаханов, Бекмырза Еламанов, Мәжіліс депутаттары Құттыхожа Ыдырысов, Наталья Жұмаділдаева және т.б. қоғам қайраткерлерімен кездесулер өтті.

«Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының» барлық филиалдарының материалдық-техникалық жағдайларын нығайту мәселесі де күн тәртібінен түспеуде. Барлық филиалдар моноблоктар, ноутбуктер, интерактивті тақталар, планшеттер, видеокамералар, компьютерлік класстармен және мини-типографиямен қамтамасыз етілген. Институтта «Өзін-өзі тану», «Монтессори» және робототехника кабинеттері жұмыс жасайды.

Сонымен бірге, республиканың басқа өңірлерінде жоқ «Тәжірибе алаңы» жобасын айырықша айту қажет. Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің (төрайымы Р.Байназарова) демеушілігімен Жаңақорған ауданындағы санаторий базасында  облыстың шығармашылықпен жұмыс жасайтын 100 мұғаліміне институт тренерлері апта бойы дәріс оқып, практикалық жұмыстар мен тренингтер өткізіп, ұстаздардың әдіснамалық, теориялық және технологиялық жағынан біліктіліктерін арттыруларына көмектеседі.

Биылғы жылы білім мазмұны жаңартылған бағдарламалармен қатар төмендегі бағыттарда біліктілік арттыру курстары өткізілуде:

– 470 және 640 сағаттық жаратылыстану: физика, химия, биология және информатика пәндері мұғалімдерін ағылшын тілінде дәріс беруге дайындайтын курстардың өтуі. Бұл – курстардың 1 айында Англиядан келген маман дәріс береді және тыңдаушылардың білім деңгейін Кембридж университетінің мамандары бағалайды. Қазіргі таңда 470 сағаттық курс аяқталды, тыңдаушылардың нәтижесі 97,2% пайыз. Бұл – республикадағы жоғары көрсеткіш. Кембриджден 36 сертификаттың 35-і алынды.

– физика және информатика пәндерінің мұғалімдеріне арналған «Робототехника негіздері» тақырыбында курстардың ұйымдастырылуы. Робототехника кабинетіне 2 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алынды.

– оқытудың жаңа формасы Аралас оқу (Blended learning) режимінде 3 курстар ұйымдастырылды, яғни, дәрістер of-line және on-line режимінде өтеді. Барлық оқу материалдары, оқу бағдарламалары және дәрістерге байланысты бүкіл контенттер «Өрлеудің» студиясында дайындалып, Оқыту сайтына орналастырылды.

Ұлытау төрінде берген сұбхатында Елбасы «Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан мен Мәңгілік Ел деген идеяны ұсынамын», – деді. Мәңгілік ел дегеніміз – дамыған ел, білімді ел.

Елдің экономикалық және ғылыми-техникалық дамуы, бәсекеге қабілеттілігі, ұлт болашағы, адам капиталының деңгейі мен мемлекеттің қауіпсіздігі сол елдің білім беру жүйесінің дамуы мен білім сапасына тікелей байланысты, ұстаздың білімі мен білігіне байланысты.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – дейді дана халқымыз. Ендеше, тұғыры биік тәуелсіз Отанымыздың дамып, Әлемдік өркениеттің төрінен өзіне лайықты орнын ойып алуы жолында жұмыла еңбек етейік!

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ, 

«Өрлеу» БАҰО» АҚ 

филиалы Қызылорда облысы бойынша 

ПҚ БАИ директоры, профессор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз