ӨРІСІН ТАПҚАН ОТАНДЫҚ ӨНІМ

224

0

ӨРІСІН ТАПҚАН ОТАНДЫҚ ӨНІМЖақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев барлық сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болу үшін
«Қазақстанда жасалған” акциясын қолға алу қажеттігін тапсырған болатын. Сонымен
бірге барша азаматтарға осы күрделі жағдайда патриот болып, қазақстандық өнімді
сатып алуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін де жеткізді.

Үкіметтің
кеңейтілген оты­рысында әлемді жайлаған дағдарыстың келтіріп жатқан ауыртпалығы
күрделі екендігіне назар аударылды. Ал оның зардабы алдымен қарапайым халыққа
тиеді. Осындай ауыр жағдайды болдырмас үшін әрі біздің елдің қандай қиындыққа
болмасын төтеп беруін қамтамасыз ету жолдары 
нақты түрде талдап көрсетілді. Соның бастысы, елімізде отандық
тауарларды өндіруге баса көңіл бөліп, оны өзіміздің сатып алуымыздың
қажеттігіне де тоқталды.
Шүкір дейміз,
әлемді шарлаған дағдарысқа қарағанда Қазақстанда экономиканың барлық саласында
айтарлықтай даму бары қуантады. Соның ішінде біздің облыста да ілгерілеушілік
бағытында жүзеге асырылып жатқан істер жетерлік. Әсіресе 2010 жылдан бастап
елімізде белсенділікпен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму
бағдарламасы аясында облыста бірқатар нақты жұмыстар жүзеге асырылды. Осын­дай
ел дамуына айтарлықтай үлес қосатын жобалар ішінде өңірлік Индустрияландыру
картасына ен­­гі­зілген 25 жобаның 15-і то­лықтай іске қосылды. Солардың
арасында өткен жылы Қызылорда қаласындағы «Хуа Ю интернационал в Кызылорде” жауапкершілігі
шек­теулі серіктестігінің «Химиялық реагенттер өндірісінің көлемін ұлғайту
жобасы”. Бұл жобаны жүзеге асырушы компанияның басты ерекшелігі, ол облыста,
қала берді елімізде мұнай саласына қажетті өнім жасап шығаратын бірден-бір
отандық өнім өндіруші болып есептеледі.
Расында,
еліміздегі мұнайлы өңірлер секілді Сыр елінде де мұнай мен газ өндіру саласы
соңғы ширек ғасырдан бері қарқынды дамып келеді. Уақыт алға қарай озған сайын
бұл саладағы жұмыстар да жаңғыртылу үстінде. Соның ішінде мұнайшылар бұған
дейін мұнай құбырларының мерзімінен бұрын істен шығып қалу қиындығын бастан
өткеріп жүрген еді. Енді, міне, аталмыш компания өткен жылдан бастап бұл
мәселені де шешіп, оған қажетті өнімдерді шығара бастады.
Атап айтқанда,
аталмыш жоба 500 млн теңгені құрады. Оның іске асырылуымен 25-ке жуық адам
жұмыспен қамтылды. Негізі өндіріс орны жылына екі мыңға тоннаға жуық өнім
шығармақшы. Соның ішінде кәсіпорын алты түрлі химиялық реагенттер шығарады.
Өндірілетін осы химиялық реагент­тер мұнай құбырларының шіруі мен коррозияға
ұшырауын әрі қақ тұруын төмендетіп, құбырлардың пайдалану мерзімін ұзартады.
Бір баса айтатыны, серіктестіктің өнімін жергілікті жердің өнім өндірушілері
сатып алуда. Солардың қатарында «СНПС Айдан мұнай” АҚ мен «ПетроҚазақстан
Құмкөл Ресорсиз” АҚ, басқа да  ірі мұнай
компаниялары да бар. Енді серіктестік өз өнімін ел аумағындағы осындай
компанияларға шығарып сатуды да көздеп отыр.
Жалпы
серіктестік өткен жыл­дың он бір айында 1738,2 тонна химиялық реагенттерді
өндіріп шығарды. Бұл жоспардағы қуат­тылықтың 119,8 пайызға орын­далғанын
көрсетеді. Өнім өндіру­дегі өз мүмкіндігін есепке алған серіктестік өзінің
қуаттылық жағ­дайын алдағы уақытта мұнан да арттыра түсуді жоспарлауда. Сөйтіп,
отандық өнім отандық мазмұн алып отыр.
 
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз