РУХАНИ МҰРА КЕҢІСТІГІНДЕГІ ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

87

0

РУХАНИ МҰРА КЕҢІСТІГІНДЕГІ ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚКеше Қызылордада облыс әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы бірлесіп
ұйымдастырған «Қорқыт ата мұралары – түркі халықтарының рухани қазынасы»
тақырыбындағы ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Бұл конференция «Қорқыт және
Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі музыкалық өнер фестивалі аясындағы шара.

Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев,
Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов, «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетін дамыту
ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан,
Қырғызстан, Молдова елдерінен арнайы келген және отандық ғалымдар қатысты.
Басқосуды Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры,
профессор Қылышбай Бисенов жүргізді.

Конференцияның ашылуында облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев құттықтау сөз сөйледі. Күллі түркі руханиятының ортақ тұлғасы –
Қорқыт ата тыныс тапқан мекенге келген қонақтарға облыс жұртшылығы атынан ізгі
лебізін білдірді.

– Мұндай іс-шаралар жаһандану заманында
түркітілдес халықтардың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға, мәдениеті мен өнерін,
тілі мен ділін, салт-дәстүрін насихаттауға тарихи жауапкершілікпен қарау үшін
де керек, – деді облыс басшысы.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама­сы­­ның
рухани дүниелерді түгендеудегі ор­ны ерекше болды. Ұлы Жібек жолы бойын­­да
жатқан ескі қалаларды зерттеу, әдеби мұ­­раларды жинақтау, Сыр бойындағы саф
өнер­дің бастауын зерделеу үшін облыс әкі­мі жанынан ғылыми-әдістемелік кеңес
құрыл­ды. Елімізге белгілі мәдениет, руханият қай­раткерлері осы кеңес
құрамында жұмыс істейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне негізгі
номинациялардың бірі болып Қорқыт ата күйлері мен күй дәстүрі ұсынылды. Елбасы
тапсырмасына сәйкес Қорқыт ата ескерткіш-кешеніне қайта жаңғырту жүргізілуде.
Екі аптада құрылысшылар жұмысын аяқтайды. Алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген
қонақтарды Байқоңыр ғарыш айлағына жақын жатқан Қорқыт ата ескерткіш-кешенімен
таныстыру жоспарланып отыр.

РУХАНИ МҰРА КЕҢІСТІГІНДЕГІ ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚҚырымбек Елеуұлы түркі тектес халықтарға
ортақ мол мұраны сабақты жібіне дейін шашау шығармай жинақтауды мұрат еткен
конференция жұмысына табыс тіледі.

Одан әрі Қазақстанның халық жазушысы,
ақын Олжас Сүлейменов, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен
Қасейінов, Түркия Республикасының Ататүрік атындағы Түрік тілі құрылымының
президенті Мұстафа Качалин, Түркияның Ескішеһир қаласы әкімінің орынбасары
Гүнхан Язар сөз алды. Олар Қорқыт ата мұраларын ортақ құндылыққа айналдырудың
өзекті тұстары талқыланатын басқосудың маңызына тоқталды.

Ғылыми баяндамаларға кезек келгенде
алғаш болып Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Саида Елеманова
қазақтың дәстүрлі музыкасы мен Қорқытты алғашқы музыкалық аспапты жасаушы деп
танудың астарына үңілді. Қазақ аңыздарындағы Қорқыт образы мен «Қорқыт ата
кітабының» аражігін ажырататын ғылыми тұжырымдарын ұсынды.

Орталық Азиядағы полигенезис қағидасы
мен этнолингвомәдениет тарихын зерттеген Чуваш мемлекеттік Тіл білімі
гуманитарлық ғылымдар институтының бөлім меңгерушісі Николай Егоров көшпелілер
өркениетінің басты дәуірлеріне өз бағасын берді. «Деде Коркут дастаны – түркі
халықтарының ескерткіші» тақырыбында баяндама жасаған әзір­байжандық ғалым
Азизхан Танрыверди ортақ мұраның түбі бір халықтарды біріктіретін маңызы туралы
айтты.

Қорқыттану белестеріне шолу жасаған
елімізге белгілі ғалым Тынысбек Қоңыратбаев
алдағы уақытта Қорқыт мұрасын зерттеу мен насихаттауда қандай танымдық
мәселелерге назар аудару керектігіне тоқталды. «Қорқыт» энциклопедиясын,
халықаралық деңгейде «Қорқыт» атты журнал, Қорқыт туралы көркем шығармаларды
әлемдік сахнаға шығару ұсыныстарын ортаға салды.

Конференцияда Сырдариядағы руна жазулары
туралы қызықты деректер келтірген РҒА Археология институтының профессоры Игорь
Кызласовтың, түркі­тілдес халықтар педагогикасында «Китаби деде Коркуд»
тағылымдарын ұғындыру туралы айтқан Манас қырғыз-түрік университетінің
профессоры Акматалы Алымбековтың баяндамалары тыңдалды. Бүгінде Молдовада
тұратын гагауздардың ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа берілген рухани
құндылықтары ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл туралы
М.Маруневич атындағы Молдова ҒЗО директоры Петр Пашалы айтты.

Түс ауа конференция жұмысы одан әрі
жалғасып, ғалымдар Қорқыт ата туралы
деректердің тарихи шындығы, Алпамыс дастаны мен Қорқыт ата кітабының алғысөздері, түркілердің мәдени мұрасын
түсіндірудің кейбір мәселелелері туралы сөз қозғады.

Түркі халықтарының ауыз әдебиетінде де,
жазба жәдігерліктерде де кездесетін
Қорқыт ата бейнесі туралы әртүрлі пікір бар.
«Қорқыт ата кітабының» түркітілдес елдерге ортақ құндылық болып
қалыптасуының сырын зерттеген ғалымдар оны исламға дейінгі идеология мен
таным-түсініктен тауып жатады.

Қорқытқа қатысты деректердің бас-аяғы
жүйелен­ген деп айту ерте. Өйткені ақиқаттан, ғылыми тұжы­рым­­дардан гөрі
аңызға жүгінушілік басым. Бүл тұтас
түркі­нің күллі мәдени мұраларына арқау болған тұлғаны та­нып-білудің әлі де
кемшін тұстары бар екенін дәлелдеп тұрғандай.

Соңғы уақытта түркі тұтастығы, әр
халықтың рухани мирасын түгелдеуі, ғылыми айналымға қосуы туралы жиі айтылады.
Осы ұлы міндетті орындауда мәңгілік мұраға айналған Қорқыт бейнесі мен «Қорқыт
ата кітабының» қосар үлесі зор болмақ. Конференцияда ғалымдар түйген ойдың
тобықтай түйіні осы ойға қазық байлатты.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз