ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

59

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институционалдық реформасының 

және облыс әкімі берген тапсырмалардың аймақта жүзеге асырылуы бойынша атқарылып жатқан 

ауқымды істер жөнінде әңгімеледі.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста 54 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде, оның ішінде  23-і өткен жылдан өтпелі болса, 31-нің құрылысы жаңадан басталған. Қазіргі таңда 9-ы тапсырылса, тамыз айында 10 нысан, ал жыл аяғына дейін тағы 7 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде.

– Басқармаға 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік және жеке инвестициялар есебінен салынатын нысандарға құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу туралы 161 хабарлама түсті. Оның 85-і бюджет қаражаты есебінен салынатын құрылыстар, қалған 76-сы жеке қаражаттарына тұрғызылады, – деді М.Молдабаев.

Басқарма тарапынан жалпы саны 124 тексеру жүргізілген. Облыс көлемінде салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасын бақылау және қадағалау кезеңінде анықталған бұзушылықтарға байланысты ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында 53 әкімшілік іс қаралған. Сондай-ақ, есепті мерзімде басқармаға эксперттік қызметпен айналысуға 254 өтініш түссе, лицензияны қайта рәсімдеу, қосымша жұмыс түрін қосу және жаңадан лицензия алуға барлығы 265 өтініш қабылданған.

Қазіргі таңда облыс орталығында 2 балабақша, шыны зауыты, мұрағат, Титов қыстағынан индустриялық аймаққа дейінгі темір жол тұйығы, 15 көпқабатты тұрғын үй, автобус паркі мен газ толтыру компрессорлық станциясы құрылыстары және Белкөл кентін газдандыру, Қорқыт ата көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс процесінің негізгі көрсеткіштері сапа мен мерзім болса, нысанның сапалы және уақытылы аяқталуы бірінші кезекте мердігердің ішкі бақылауына, сонан соң тапсырыс берушінің авторлық және техникалық қадағалау қызметтерінің өз дәрежесінде атқарылуына тікелей байланысты. Басқарма осы бағытта алдын алу мен анықталған кемшіліктерге тосқауыл қою, жою жұмыстарын атқарып келеді.  М.Молдабаев басқарма тарапынан қадағалау жүргізу барысында бас мердігерлер тарапынан құрылыс нормаларынан ауытқушылықтар, нысанда техникалық қауіпсіздік талаптарын, құрылыс ережелерін сақтамау жағдайлары әлі де болса кездесіп отыратынын жеткізді.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз