ҚҰС ӨСІРГЕН ҚҰТТЫ МЕКЕН

317

0

ҚҰС ӨСІРГЕН ҚҰТТЫ МЕКЕНШиелі ауданындағы белгілі кәсіпкер Насыр Мырзабековтің құс фермасын қолға алып, өз жұмысын бастады деген хабардың тарағанына да біраз болған. «Жақсыны көрмек үшін» деген оймен кенттің бір шетіндегі кәсіпкердің жұмыс алаңына табан тіредік. Мұнда Насырдың бұрыннан жұмыс істеп тұрған темір-бетон жабдықтарын жасайтын цехы мен ағаш өңдеу шеберханасы және көкөніс өсіретін жылыжайы орналасқандығынан хабардар едік.
– Бұл идея мені сонау тоқсаныншы жыл¬дардың соңынан бері мазалап жүретін еді, осы шаруамен айналысқым келгенімен, кешеге дейін тәуекел ете алмадым. Өйткені, әуелгіде құс өсіруді қолға алғандардың көп ұзамай бан¬крот болып жататынын да көріп жүрмін. Сөйлесе қалсаң, әрқайсысы әртүрлі себептерді айтады. Бұл, әрине, көңілге күмән ұялатады, қо¬мақты ақшаны далаға шашып жіберудің салдары қаншалықты ауыр болатындығы болса да түсінікті. Алайда, әр нәрсенің басталуы мен аяқталуы бар демекші, өткен жылдың көктемінен бері ойға алған осы ісіме шындап кірістім. Көрші Оңтүстік Қазақстан облысының Шілік ауылы маңындағы құс өсірумен шұғылданатын Гүлсара Сейтжанова апайдан кеңес алдым. Ол кісі Сарыағаштағы мал және құс шаруашылығымен шұғылданатын Шерәлі есімді ірі кәсіпкермен таныстырды. Осы азамат арқылы Шымкент құс фабрикасымен байланыстық. Сонан соң Алматы қаласында өткізілген халықаралық құс өсірушілердің үш күндік семинар-кеңесіне қатысудың сәті түсті. Менің бір сүйсінгенім, бұрыннан құс өсіруді кәсіп еткен азаматтар бір-бірін қолдап, білгенін жасырмай үйретіп жүреді екен. Соның бірі Талдықорғандағы «Ломинн-Жетісу» ат-ты фирма басшысы Константин Цой деген жі¬гіт. Бұл оқиғаларды тізбелеп айтып отырған себебім, ерінбей еңбек етпей, ізденбей ештеңе өнбейтіндігін сездіру және менен басқа да осы кәсіпке мойын бұрғандар болса, біле жүрсін деген ізгі ниет, – деп Насыр бір демалып толастады. 
Сонан кейін не болды дейсіздер ғой, мақсатын айқындап, белгілі ұстанымға тоқталған кейіпкеріміз интернет желісі арқылы Қытайдың Чженчжау провинциясындағы «Мachinery Manufaktorina C.O.» компания¬сымен байланысады. Кейіннен аталған елге іссапармен барып, келісімге отырады.
– Жанымдағы Әлібек есімді орынбасарым  құрылыс жұмысына аса жетік маман еді,  екеуміз ақылдаса отырып, құс фермасының бар жабдығын сол жерден алуға келісім шартқа отырып, мәміле жасадық. Әуелі келісілген қаржының 30 пайызын аударып бердік те екі ай уақыт күттік. Не керек, өткен жылдың қыркүйек айында бар жабдығымыз контейнермен мұнда келді. Оның кедендік рәсімдеуі едәуір қиыншылық туғызды. Бір нұсқауға екінші нұсқауы сай емес, бірнеше күн әуре болуға тура келгендігі өкінішті. Алайда, осы өтпелі қиыншылықтардың барлығына төтеп беріп, жабдықтарды құруға Қытайдан 2 маман-инженер алдырып, қараша айының соңында ғана ферманы дайындадық…
Иә, сонымен өткен жылдың 11 желтоқсанында 11 мың бас балапан күтімі Насыр Мырзабековтің жаңадан ашылған құс фермасында бастау алды. Нақты кезеңде 11 мың балапан жетіліп, келесі сатыға көшіріліп те үлгеріпті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың жуырдағы оңтүстік аудандарға сапары кезіндегі кәсіпкерлік саласын өрістету тұрғысындағы бағдарламасына сай арнайы осы нысанды көрді. Жалпы, кәсіпкердің түрлі банктерден несие алудағы тынымсыз еңбегі барысында жалпы шығын 165 млн теңгені құрады. Құс фабрикасы өз өнімін бере бастағанымен, әлі де қосымша шығындардың қосылары тағы бар. Дегенде, мамандардың есептеулеріне қарағанда осы шығындарды жабу уақыты 5 жыл мерзімге жобаланатын көрінеді. 
– Сәуір айының соңына қарай алғашқы жұмытқалар алына  бастайды. Әзірге күніге рацион бойынша жем-суын, емдік шараларын тәртіпке сай жүргізіп келеміз, – деді білікті маманның бірі Рақымжан. Біздің өз тарапымыздан қосарымыз өндіріс орны жылына 3,5 млн дана жұмыртқа және 65 тонна құс етін өндіруі тиіс. Мұнда 5 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған. Және де ретіне қарай балапандар өсіріліп, талапкерлерге сатылады. Міне, осы жұмыстардың бәрін ретке келтіру мақсатында кәсіпкер Насыр Мырзабеков тынымсыз еңбек үстінде. Облыс басшысы жоғарыдағы сапары кезінде бірқатар жыл мемлекеттік қызметте болып, аудан әкімінің орынбасары, кент әкімі лауазымдарын атқарған жаңашыл жанның кәсіппен айналысқанын қуатталып, іргелі іске сәттілік тілеп, қолдау көрсетті. 
Иә, Мемлекет басшысы ел азаматтарының кәсіпкерлікпен шұғылданып, оның кең қанат жаюына бағыт беріп, мол мүмкіндік жасап келеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз уақыт талабын жүзеге асырушы батыл азамат екендігін ісімен дәлелдеген жан. Шиелі ауданының әкімдігі де осы секілді талай шаруаның оңтайлы жүзеге асырылуына тұрақты қолдау көрсетіп келеді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Шиелі ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз