ҚҰС ӨСІРУ – ҚОЛАЙЛЫ КӘСІП

94

0

ҚҰС ӨСІРУ – ҚОЛАЙЛЫ КӘСІПҚызылорда қаласының тұрғыны Орынбек Асылбаев өз
ауласында құстардың түр-түрін өсіреді. Оның осы еңбекті қолға ала бастағанына
бес жыл болыпты. Бүгінде құстарының санынан жаңылады. Ал оларды көбейте беруге
ауласы тарлық етуде. Сондықтан, мыңнан асып жығылса, құстарын шетінен сата
бастайды. Алушылар бар. Әсіресе, бөдененің жұмыртқасына сұраныс жоғары екен.
Әуелгіде елімізде елеусіздеу қалып қойған бөдене өсіру ісіне әуесі ауғанда
«хоббиі» бұлай кәсіп көзіне айналады деп еш ойламаған-ды. Бөденеден бөлек,
тауық, түйетауық, қырғауыл, кептер бар. Ауласына кіре қалсаңыз, құстардың
дыбысы ерекше естіледі. «Бұл жаратылыстар жанымды жадыратады», – дейді өзі…

БӨДЕНЕГЕ
БАП КЕРЕК

 

Бізге Орынбек Жүсіпбекұлы құс асырауды қалай
бастағанын әңгімелеп берді. Төрт-бес жыл бұрын Түркістан қаласынан 30 бөдене
сатып әкеледі. Әу баста күтімін білмей, біразын өлтіріп алған екен.

– Пыр етіп ұшатын бөдене, дүр етіп ұшатын
қырғауылдардың қайда мекендейтіні, немен қоректенетіні туралы іздендім.
Аңшылыққа шыққанда да, ғаламторды ақтарғанда да көп жайтқа қаныға түстім.
Сөйтсем, бөденеге бөлек бап керек екен. Күн салқында бөденелерді жылы жерде
ұстайды. Өйткені, олар – жыл құстары. Күзде салқын түскен тұста бөденелер
топтасып, жылы жаққа ұшып кетуі керек, –
дейді Орекең.

Бөдене – өте сезімтал құс. Шақырайған жарықты, қатты
дыбысты, мекендеген орнын алмастырғанды ұнатпайды. Бөгде адамдардың өздерін
қызықтап қарағанын да қаламайды. Турасын айтсақ, оған «көзтигіш».

– Бірде бір жігіт бөдененің үнін естіп, «көрейін» деп
қоймаған соң сарайға кіргіздім. Бөденелерге таңдана қарады. Дереу ұялы
телефонының камерасына жұмыртқаны жаңа­дан жарып шыққан балапандарды түсіре бас­тады.
Жәшіктегі жүндері үлпілдеген бала­пандардың мазасы қашып, әрі-бері безе берді.
Әлгі жігітті сыртқа шығарып жібердім. Ал ертесінде бөдененің 102 балапанынан
бір-ақ түйірі тірі екен, қалғаны қырылып қалды, – дейді ол.

Орынбек Асылбаев биыл бөдененің санын 800-ге
жеткізген. Өте өсімтал құс. Инкубаторға салған жұмыртқа 16 күнде балапанға
айналады. Бір жарым айдан соң сол балапан өсіп, жұмыртқалай бастайды.

Өңір үшін таңсық құстың жұмыртқасы бүгінде үлкен
сұранысқа ие. Өйткені, ол ағзаға өте пайдалы. Денеге қуат береді, жүрек-қан
тамырларының дұрыс жұмыс істеуіне, күнделікті ұялы телефон, телевизор сияқ­ты
заттардан алып жатқан түрлі радиомагнитті зиянды тол­қын­дарды ағзадан шығаруға
кө­мек­теседі.

– Жапондық ғалымдар 1945 жылы тамызда Хиросима мен
Нагасакиге атом бомбасы тасталғаннан кейін зардаптың ізін жоюдың бірден-бір
жолы осы бөдене жұмыртқасы екенін тапқан. Қазіргі кезде де балабақшаға барған
жапон баласы міндетті түрде бөдененің екі жұмыртқасын жеуі тиіс деген заң
бекіткен-ді. Сан айғаққа жүгінсек, Жапонияның аталған қалаларында дүниеге
келген дені сау баланың өсімі басқа елмен салыстырғанда едәуір көп екенін
көрсеткен, – деген Орынбек бөдененің емдік қасиеттерін тізіп шықты.

Орекеңнің бөденені әбден зерттегені байқалады.
Айтуынша, адамзат баласының одан алар ғибраты мол. Жабайы табиғатта анасынан
айырылған балапандарды басқа бір аналық бөдене бауырына басып, жетілуіне
жәрдемдеседі. Құранды жатқа айтатын қарилар да қырағаты дұрыс шығуы үшін бөдене
жұмыртқасын пайдаланған екен.

– «Бөденелі үйде береке болады» деген. Атам қазақтың
«Бөденедей жорғалап, бақыт келсін қасыңа» деп бата беруі де бекер емес, – деді
ол.

 

Қырғауылға
құнттылық танытқан

Қызылордалық тұрғын бөденеден кейін тауық,
күркетауық, кептер өсіруді қолға алған. Ал қырғауылға қызығушылығы биыл
ояныпты.

– Қырғауылды даланың «агрономы», әрі «санитары» деуге
болады. Себебі, дала өсімдігінің тұқымын бір жерден екінші жерге саңғырығы
арқылы таратады және адамға қауіпті кенені, өсімдікке қауіпті құрттарды жояды.
Ал әдемілігі өз алдына бөлек әңгіме, – дейді Орекең.

Ол алғашқыда қырғауылдың төрт мекиені мен бір қоразын
сатып алған. Қырғауылға да құнттылықпен қарау қажет.

– Қырғауылдың жұмыртқасын 10 күннің ішінде
инкубаторға салу керек. Әйтпесе, балапанның жұмыртқаны жарып шығу қабілеті төмендейді.
Бұған қоса, жұмыртқа температурасы біркелкі, қараңғы жерде сақталуы керек.
Жұмыртқаның сүйір жағын ешқашан жоғары қаратып қоюға болмайды. Температура – 38
градус. Екі күннен кейін инкубатордағы жұмыртқа екі сағат сайын қозғалады. 14
күннен кейін инкубатор сөндіріліп, 15 минуттай салқындатылады да қайта
қосылады. 23-24 күн дегенде инкубатордан тарғыл балапандар шыға бастайды. Үсті
кепкенін инкубатордан алып арнайы жәшікке салып бағамын. Балапандарды үркітіп
алмас үшін жәшіктің бетіндегі әйнекке арнайы пленка жабыстырдым. Мен оларды
көремін, олар мені көрмейді. Адамға үйренгенше осылай тамақтандыруға тура
келеді. Қырғауыл мен бөдене балапандарын түнде екі-үш сағат сайын өз мөлшерімен
қоректендіру керек. Ал 15 күннен кейін суыққа төзімді құсты сырттағы кепеде
бағуға болады, – дейді Орынбек Асылбаев.

Төрт қырғауыл мекиенінің 200-дей жұмыртқасынан қазір
елудің үстінде балапаны бар. Бұдан бөлек, тағы отыздан астам жұмыртқа
инкубаторда.

Қырғауыл – ең әдемі құстардың бірі. Қарапайым
қырғауылдың қанаттарының бояу­лары арқылы ерекшеленетін 30-ға жуық түрлері бар.
Жалпы дене тұрқы тауыққа ұқсас болады, одан айырмашылығы ұзын құйрықтары ғана.
Біздің кейіпкеріміз қырғауылдарды үй жақта торлы қорада ұстайды. Ауру тарамас
үшін қораны тазалап тұрады, уақытылы жемін береді.

Сонымен қатар, Орекеңнің ауласында отыз шақты
күркетауық, екі жүзге тарта тауық, сексеннің үстінде кептер бар еді. Аула
тарлық еткесін, ала жаздай олардың көбісін сатып жіберді. Жалпы, бұларға Орекең
табыс көзінен гөрі жанын тыныштандыратын тірлік ретінде қарайды.

– Жұмыстан кеш келсем де, түн келсем де құстарды
тамашалаймын. Жаздыгүні көк шалғында құстардың қыр-қыр еткен үнін естіп,
жаратылысына үңіле қарап, әдемі бір күйге енемін. Қалада қоныстанғаныма неше
жыл өтсе де бала кезде ауылдағы аула толы құстардың үні құлақтан кетер емес.
Сол табиғатты өз ауламнан көргім келсе керек… Бұйырса, зейнетке шыққасын
жойылып немесе саны азайып, күрт кеміп бара жатқан құстарды көбейтіп,
табиғаттың құшағына қайтадан қайтаруды қолға алғым келеді, – деген Орекең
өзінің өн бойынан даланың дауысы мен тірлік тынысын аңсаған қазақтың болмысын
көрсеткендей әсер қалдырды

Дәурен
ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз