ҚҰС ӨСІРУШІ ҚАЙТАРЫМСЫЗ НЕСИЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

99

0

ҚҰС ӨСІРУШІ  ҚАЙТАРЫМСЫЗ НЕСИЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІЖаңатұрмыс – Шиелі
ауданындағы шағын ауыл­дың бірі, төрт-бес көшесі, мыңға тарта ғана тұрғыны бар. Кеңестік жүйе кезінде Ы.Жақаев атындағы шаруа­шылық
бөлімшесінің бірі еді. Дербес ауылдық округ болып құрыл­ғандарына да оншақты
жылдың жүзі болды. Ауыл әкімдігіне сайлау жолымен келген азамат Мейірхан Қазыбай ауылдастарының шағын кәсіппен шұ­ғыл­дануына
бастамашыл болып, үнемі жол көрсетіп жүргені. Осы игі істің нәтижесінде
тұрғындар арасында жаңа кәсіпке икемделушілер қатары ­молая түсті. Солардың
бірі – Мейрамхан Ахметұлы құс шаруа­шылығын қолға алып, өз кәсібін ашты.

Үкімет Елбасы
тапсырмасымен шағын және орта кәсіпті өркендетудің түрлі бағдарламаларын жасап,
халыққа ұсынып келеді. Соның бірі – «Бизнестің жол картасы – 2020»
бағдарламасы. Қандастарымыздың көпшілігі жауапкершілігі мол шағын кәсіпкерлікті
қолға алуға көбінесе жүрексінеді немесе қажетті құжаттарды дайындауға
құлықсыздық танытады. Аз пайызбен несие қолына тие қалса, қаржыны мақсатсыз
өнбес шаруаға жұмсап, жер сипап қалатындары да бар. Ондайларға банк қайта сенім
білдірмейді, өзі де бұл іске тәуекел ете алмай жатады. Осындай түрлі себептен
екі қолға бір күрек іздеп жүретіндердің қатары кемімейді. Рас, сауда жасауды
машық еткендер бар, алайда, белгілі бір кәсіппен айналысып, жергілікті өнім
өндірудің жөні бөлек. Ал кәсіппен шұғылданып, өнім өндіруді қолға алған
азаматымыз Мейрамхан алдына мақсат қойып
отыр.

Ол әуелі, жан-жағын
барлап, құс өсірудің қыры мен сырын үйреніп, оларды көбейтудің жолымен танысты.
Қанат­тылар уақытылы жем-суын беруден бөлек, науқасқа шалдығып қалмау үшін
дәрі-дәрмек беріп, аялап отыруды қалайды. Жатар жері, жайылымы да таза болуы
керек. Осы жайттарды құс өсіріп ысылған азаматтардан сұрастырып, кейбіріне
барып көріп, құжаттарын тиісті жерге өткізді. Жас жігіттің талабы ескеріліп,
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 1,5 млн теңге қолға тиді.
Осы қаржыға өз үйі ауласынан құс бағатын тауық қорасын салды. Қыста тоңбасын
деп жылы кепесін де қамтыды. Сонан соң ғана барып, Түркістан қаласынан 30
күркетауық сатып әкелді. Алғашқыда күркетауықтарға қаз бен үйректің және
тауықтың жұмыртқаларын бастырып, балапан өсіруден бастады. Олардың өсуі қиындау
екен, алғашында шығындары да болды. Дегенде, тырысып жүріп, қаз бен үйрек балапанын 50-ге жеткізсе,
түйетауығының да қарасын осымен шамалас етті. Олардан басқа үйреншікті қазақы 100 тауығы тағы бар.

– Мемлекет басшысының
«Нұрлы жол – болашаққа бас­тар жол» атты Жолдауы талай игілікке жол ашты. Соны
басшылыққа алған кісі ешқашан кемдік көрмейді. Өз жағдайымнан соны ұқтым, өзім
де, балам да құс өсіруге кәдімгідей төселіп қалдық, – дейді біздің бүгінгі
кейіпкеріміз.

Бұл жерде тағы бір еске
салар жағдай Шиелі ауданының әкімдігі және осындағы кәсіпкерлер палатасының
аудандық фи­лиалын­дағы азаматтар жұртшылықпен етене араласып, нақты қамқорлық
танытып келеді. Нәтижесінің бірі – ­Мейрамхан мемлекеттік грант ұтып, 800 мың
теңге көлемінде қайтарымсыз несиеге қол жеткізуі. Бұл ақшаға 500 балапан
шығаратын инкубатор аппаратын алып, ыңғайлы етіп орналастырып та алды. Алдағы
уақытта Ресейден бройлер тауығының жұмыртқасын алып, көбейтуді жоспарлап отыр.
Осындай нақты қадам арқылы шиелілік жерлестеріне таза құс өнімін ұсынамын деген
талабы бар. Ал мақсатына мығымдар қашанда дегеніне жетеді. Азаматты сол жолдан
көрейік.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы,

Жаңатұрмыс ауылдық округі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз