Салафизм – тұрақтылыққа төнген қауіп

88

0

Еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктеген 25 жылдың ішінде мемлекеттің барлық салаларында түбегейлі өзгерістер орын алды. Елдегі дін саласында жасалған маңызды қадамдардың арқасында халықтың діни-рухани бостандығына еркіндік берілді. Елбасымыз рухани мұрамыз бен ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға, руханиятымыздың негізі болып табылатын дін мәселелеріне баса назар аударып, халыққа арнаған жолдауларында бұл мәселелерді қалыс қалдырған емес.
Бүгінгі таңда әлемдік деңгейде белең алған діни экстремизм және терроризм бір мемлекеттің ғана проблемасы емес екені анық.
 Соңғы уақытта елді елең еткізген лаңкестік әрекеттер салафизмнің радикалды ағымдар мен экстремистік идеялардың бастауы екендігін дәлелдей келе,оның идеялықтан қылмыстық негізге өту қаупін көрсетті.
 Салафилік идеология – зайырлы мемлекет ұстанымын терістеп, азаматтардың бостандығы мен қауіпсіздігіне, ішкі тұрақтылықпен ұлттық құндылықтарға шабуыл жасау арқылы ислам мемлекеті идеясымен алмастыру мақсатында әрекет етіп, орасан зор қауіп төндіруде. Сондықтан Қазақстан қоғамына жан-жақты орнығып қалыптасқан мемлекет ретінде салафизм идеологиясының тамырына балта шабатындай шешім қабылдайтын уақыт келді.
Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде еліміздің конфессиялық кеңістігі және дін мен саясат қатынасында біраз тәжірибе жинақталып, құқықтық жағынан дін туралы заң жобалары мен баптары толықтырылып,өзгерістер енгізілді. Осы ретте бізге радикализмге шектеу қоятын жеке жолдарды қарастыру керектігі айқындалады.
Ішкі мазмұнынан гөрі сыртқы формаға баса мән беру арқылы мұсылмандықтың көрінісін қалыптастырғысы келетін бұл ағым ежелден қалыптасқан дәстүрлі ұғымдарды, елдің тірегі болып саналатын ұлттық-рухани құндылықтарды, салт-дәстүр, мәдениет және тарихымызды жоққа шығаруды көздейді. Олардың керітартпалықтары, сондай-ақ зайырлы мемлекеттердің қағидаттарына, дінаралық татулық пен толеранттылық түсініктеріне, түбегейлі қарсылық көрсетіп, шариғи заңмен басқарылмайтын мемлекеттерді мойындамау және бағынбау арқылы жақтастарын «дінсіз мемлекетпен» күресуге үгіттеп, қоғамда үлкен алауыздық тудыруынан көрініс табуда. Бұның бір ғана дәлелі – төрткүл дүниеде орын алып жатқан лаңкестік әрекеттердің қаптап кетуінде.
Кез келген діннің қиянат біткенге қарсы екендігіне мән бермейтін салафизм – ешқандайда дін емес, саяси мүдделерге негізделген идеология деп тану керек. Осы қарапайым қағиданы түсінбей, санасы уланғандардың бүгінде билікке, басшыға, ата-анаға қарсы шығып, оларды «кәпір» деуі, мемлекеттік жүйеге түбегейлі қарсылық таныту арқылы өз елінде лаң жасап жүргендердің белең алуы, қазақтың қасиетті топырағында саясиланған салафиліктің тыйым салынуы керектігін айғақтайды.
 Бүгінгі таңда елімізде жат идеологияға қарсы күреске ерекше ден қойылып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысының күн тәртібінде экстремизм мен терроризм қаупі және оған қарсы күрес мәселелері ерекше талқыланып, елімізде орын алған шабуылдардың мәнсіз және зұлым әрекет екені басты назарға алынды. Мұның дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының террористік шабуылы екенін және республикада дін ұстану бостандығына кепілдік бере отырып, діннің атын жамылып, елдегі жағдайды ушықтырушылардың барлығына қатаң тойтарыс беру жақтары қатаң ескерілді. Елбасының бұл тапсырмалары керағар идеологияға қарсы күрес жүргізу бағыт бағдарын тайға таңба басқандай айқындай түседі.
         Осы ретте, тек бізді ғана емес, бүкіл ислам әлемін алаңдатып, жастардың санасына шабуыл жасап жатқан бұл идеологияға қарсы ғылыми, ақпараттық және құқықтық тұрғыдағы ұтымды шараларды қабылдау – кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан қоғамда орын алуы мүмкін қатермен күресте мемлекеттің жат идеологияға қарсы жүргізіп отырған саясатына қолдау таныту – ел мен келер ұрпақ алдындағы азаматтық қоғамның борышы екені анық.
Бүкіл қоғамға белгілі болғандай, бүгінгі заманауи әлемде дін төңірегінде маңызды сұрақтардың біріне айналып отырған сәлафилік ағым.
Салафилік ағымға Қазақстан Республикасының заңмен тыйым салу қажет пе,әлде жоқ па? –деген сауалдар азаматтық қоғам арасында туындап жатқаны белгілі.
Осындай ойдың туындауына да себеп бар. Өйткені елімізде олардың шашбауын көтеріп, екі топқа бөлетін тұлғаларда аз емес. Мәселен, оларды халық арасында «байсалды» және «радикалды» деп бөлу орын алды.
Бірақсәлафилік ағымның бүгінгі таңда елімізде орныққан зайырлылық ұстанымына қарсыекенін және өздерінің алға қойған халифат құру мақсатында тайынбайтынын ескеруіміз қажет.
Негізінен бұл ағымХІІІ-ХІV ғасырларда Шам (қазіргі Сирия) өлкесінде өмір сүрген Ибн Тәймия(1263-1328 жж.)есімді тұлғадан бастау алатынын білеміз. Ибн Тәймия өз заманындағы мұсылмандар арасында іріткі туғызып, бір-біріне қарсы қойған кездері тарихтан белгілі.
 Бүгінгі таңда сәлафилік бағыттағы «байсалды» және «радикалды» ұстанымындағы азаматтар жоғарыда аталған тұлғалардың әдебиеттерін ерекше ден қойып оқиды. Бұл әдебиеттерден сусындағандардың ойлары мен қөзқарастары бір арнада тоғысуы нәтижесінде олардың ұстанымдарымен амалдары ортақ келеді. Қасиетті Құраннан кейінгі негізгі исламның қайнар көзіне теңейтін әдебиеттерді өздерімен қатар өзгелерге де иманның негізі ретінде қарастыруға үгіттеу арқылы міндеттейді.
Сондықтан сәлафизм ағымындағы әдебиеттердің елімізде, оның ішінде жастар арасында етек алмауына тиісті шара қолданып, олардың дұрыс таңдау жасауына бағыт-бағдар көрсетуіміз қажет. Бұл идеологияның түп мақсаты мұсылмандар арасында іріткі тудырып, бір-біріне қарсы қою арқылы үлкен саяси мүдделерді көздейді. Мұның зардабын бүгінгі таңда қоғамда орын алған жат әрекеттерден айқын аңғарып жүрміз.
 Сәлафизм ағымы ентелеп енген отбасының шаңырағын шайқалтпай қоймайтыны анық. Күллі мұсылман әлемімен қатар, елдігімізбен ертеңімізге қатерлі сәлафизм ағымының тамырына түбегейлі балта шабу – кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан, мемлекет және азаматтық қоғам болып сәлафизм ағымына елбасының жүргізіп отырған саясаты мен тапсырмаларына қолдау танытып, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау жолында күрес жүргізуде күш біріктіруіміз қажет.
Жұмагүл Әлішева,
Арал ауданы әкімінің орынбасары 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз