САЛЫҚ – ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫНЫҢ КӨЗІ

62

0

оны молайту –
бүгінгі күннің маңызды мәселесі

САЛЫҚ – ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫНЫҢ КӨЗІКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың
төрағалық етуімен салық базасын кеңейтуге арналған мәжіліс өтті. Мәжілісті ашқан
аймақ басшысы салық саласында өткен жылды қорытындылап, алдағы міндеттерді айқындап
алу қажеттігін атап өтті. Жергілікті атқару
органдарының ең негізгі міндеттері – салық базасын кеңейту, тұрақты жұмыс орындарын
ашу және әлеуметтік саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін жеткізген Қырымбек
Елеуұлы салық базасын кеңейту дағдарыс кезеңінде өте маңызды және өзекті мәселе
екеніне назар аударды. 2015 жылғы міндеттеме 106,6 пайызға орындалып, жергілікті
бюджетке 38,7 млрд теңге түсті. Жергілікті бюджетке түскен салық әлеуметтік, жеке табыс және мүлік салығынан болып
отыр. Мұнай бағасының төмендеп жатқан кезде салық базасының тұрақтылығын қамтамасыз
ету оңайға соқпайды. Сондықтан салық базасының тұрақтылығын арттыру үшін қолда бар
резервтерді пайдалану қажет.

Облыс бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы Серік Мұстафаев
өткен жылғы көрсеткіштерді ортаға салды. Мемлекеттік бюджеттің кіріс болжамы
106,6 пайызға орындалып, 76,4 млрд теңге қаржы түскен. Оның ішінде жергілікті бюджетке
38,7 млрд теңге түсіп, болжам 103,9 пайызға орындалған. Болжамнан артық түскені
1,4 млрд теңге. Облыстық бюджеттің жылдық жоспары 124,6 пайызға орындалып, нақты
түскені 6,7 млрд теңге. Оның ішінде артығымен түскені 1,3 млрд теңге. Департамент
басшысы өз хабарламасында салық түсімін арттыруға байланысты жүргізілген шаралар
туралы ақпарат берді.

Атқарылған бақылау-экономикалық жұмыстары нәтижесінде
275 кешенді және тақырыптық тексерулер бойынша 15,7 млрд теңге салықтар мен төлемдер
қосымша есептелген. Оның ішінде республикалық бюджетке 7,6 млрд, ал жергілікті бюджетке
8 млрд теңге түскен. Салық төлеушілермен жүргізілген камералдық бақылау және басқа
да бақылау шаралары бойынша жергілікті бюджетке 2,9 млрд теңге қосымша салықтар
мен төлемдер есептелді. Ал мемлекеттік сатып алу шеңберінде бюджеттен қаржы алған
салық төлеушілерге жүргізілген салықтық бақылау нәтжесімен 197 қатысушыдан 580 млн
теңге салық өндірілді. Жүргізілген рейдтік және виртуалдық тексерулерден кейін
1012 салық төлеуші жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Нысандарға жүргізілген хронометраждық
зерттеулерден кейін салық төлеушілердің бір күндік табысы 9,2 есеге дейін, ал жекелеген
салық төлеушілер бойынша 3 еседен 30 есеге дейін табысы өсіп, жұмысшылар саны
116 адамға көбейді. Кедендік құнды бақылау, тауарлардың дұрыс сыныпталуы бағыттары
бойынша кедендік әкімшілендіру нәтижесімен бюджетке қосымша 1,1 млрд теңге өндірілген.
Сотқа дейінгі тергеулер нәтижесімен 7,3 млрд теңге мемлекетке келтірілген залал
өтеліп, 56 млн теңгенің мүлкі мемлекет пайдасына өтті. Сот үкімімен жалған кәсіпорындардың
контрагенттерінен 228 млн теңге салықтар бюджетке өндіріліп, 19 млн теңгені құрайтын
тауарлар мемлекет пайдасына тәркіленді. Департамент басшысы сондай-ақ құрылыс жүргізген
компанияның жұмысшыларын есептен жасыру немесе жер салығын төлемеу, ауылдарда кәсіппен
айналысатын адамдарды тіркеуге алмау секілді салық түсімдерін кемітіп отырған мысалдарды
келтіріп өтті.

Облыс әкімі өткен жылы салық базасын
кеңейтуге арналған мәжілісте таксилерге таксометр орнату және жолаушы көліктерінде
билет жүйесін енгізу туралы тапсырма берілгенін еске салды. Әйтсе де, билет жүйесі
тек екі маршрутқа ғана енгізілген. Қалған 29 маршрут билеттік жүйеге көшпей отыр.

Бұл туралы облыстық
жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат
Бәйімбетов баяндады. Облыс бойынша жолаушы тасымалдау саласында 213 автобус
маршруты қалыптасқан. Оның ішіндеауданаралық – 71, қалаішілік – 25, ауыл және кентішілік –106, қала маңы мен сая­бақ
қатынасында 6 маршрут жұмыс істеп тұр. Ауданаралық, облысаралық автобус
қатынасында билеттік жүйе 100 пайыз енгізілген. Автовокзал мен автостанциялар
арқылы билеттер сатылады. Ал аудандарда жергілікті әкімшіліктер тарапынан дұрыс
ұйымдастырылмай отырған жайы бар. Бүгінде Қазалы, Шиелі аудандарындатолығымен, Қызылорда қаласында ішінара билеттік жүйеге өткен. Ал облыс орталығы мен оның маңындағы елді ме­кен­дердегі
автобус қатынасында тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы бөлімі әлі де дұрыс
жолға қоймай отыр. Облыс басшысы аталған мәселелерді ағымдағы жылдың 15
наурызына дейін әкімшіліктермен және ішкі саясат басқармасымен бірлесіп шешуді
тапсырды.

Мәжілісте облыстық жер
пайдалану және қорғау басқармасының басшысы Қайрат Тоғызбаев тиісті мақсатта
пайдаланылмай отырған немесе ҚР заңдарын бұза отырып пайдаланылып отырған жер
учаскелерін айқындау қағидасы бекітілгенін атап өтті Олар бойынша салықтық төлемдер ұлғайып
отыр. Осындай анықталған 146 жер учаскесінен 4,3 млн теңге түсуі керек
болса, енді он есеге ұлғайып 43 млн теңге түсетін болады. Пайдаланылмай отырған
ауыл шаруышылығы мақсатындағы жер үшін де төлем көлемі ұлғайтылған. Ол
Қызылорда қаласы мен Арал ауданында – 10, Шиелі ауданында – 8, қалған бес
ауданда 5 есе ұлғайтылды.

Жер экономикалық айналыста
болуы тиіс деген облыс әкімі басқарма басшысына жер учаскелеріне қатысты
мониторинг жұмыстарын әрі қарай жалғастыра беруді тапсырды. Аймақ басшысы
негізгі салықтық ауыртпалық ірі кен өндірушілерге түсіп жүргенін атап өтті.
Облысқа түсетін салықтың 77 пайызы солардың үлесіне тиеді. Кіші және орта
кәсіпкерліктің дамуы айтарлықтай емес. Ал олардың арасында жұмыс
істейтіндерінің көлеңкеде қалып отырғандары да бар. Құны 500 млн теңгеге жуық
нысан құрылысын жүргізген мекемеде жұмысшылар тіркелмеген. Адам тіркелмеген,
бірақ нысан салынып бітеді. Сонда олар адам күшімен емес ауамен салғаны ма!?

– «Судың да сұрауы бар» дейді
қазақ. Сұрайтын кез келді, – деп аймақ басшысы қатты айтты. Шағын және орта
бизнесті заңдастыру кәсіпкерлік және туризм басқармасының маңызды міндеттерінің
бірі,– деді осы ретте Қырымбек Елеуұлы. –Ал біздің базарларда тіркеусіз жұмыс
істеп жатқандар бар.

Кәсіпкерлік және туризм
басқармасының басшысы Мирас Төлебаев заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жатқан
адамдарды анықтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Ол қала
базарларында әкімшілік белгілеген орындардан тыс жерлерде бей-берекет сауда
істеген 174 азамат анықталғанын, оның 58-не 574 мың теңге көлемінде айыппұл
салынып, өндірілгенін жеткізді. Ал қалғандарына ескерту жасалынған. Облыс әкімі
осы орайда сауда істеуге келген адамды қуып шығу мақсаты тұрмағанын атап өтті.
Саудасын істеп, нәпақасын тапсын, бірақ ол заң аясында болуы керек. Аймақ
басшысы мемлекетке кіріс кіргізу мәселесінде ауыл әкімдерінің өз міндеттерін
толыққанды орындамай отырғанын келтірді. Ауыл әкімдіктеріне қосымша штат
берілген. Ал Шиелі ауданының тоғыз ауылында соңғы жылда бірде-бір кәсіпкер
тіркелмегінін қалай түсіндіруге болады? Тіршілік тоқтап қалғаны ма? Әр ауылда
кемінде 5-6 таксист, кесек құйып сататын немесе той басқаратын азаматтар бар
емес пе? Мұндай жағдай Арал ауданында да орын алған. Осы екі ауданның салық
базасын кеңейту мәселесі мемлекеттік кірістер департаментінің қатаң бақылауында
болатынын айтты. Облыс орталығына
жасалып отырған қамқорлықтың аз емес екенін жеткізген аймақ жетекшісі, қала
басшылығына салық түсімін арттыруға күш салуды тапсырды. Сондай-ақ, мемлекеттік
кіріс департаментіне салық көлемін ұлғайтуда облыстық ішкі істер департаменті
мен жергілікті полиция барынша қолдау жасау қажеттігін атап өтті.

Мәжілісті қорытындылаған
облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту қазынаға түскен
қаржыға тікелей байланысты, сондықтан салық мәдениетін көтеруге барлығы да
атсалысуы тиіс деді. Сөз соңында мәжілісте айтылған тапсырмалардың орындалуы
алдағы сәуір айында талқыланатынын жеткізді.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз