САРАТС ЖОБАСЫНЫҢ СЫЙЫ

236

0

САРАТС ЖОБАСЫНЫҢ СЫЙЫЕлбасы өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, өнім өндіру, өңдеу ісін қарқындатуды  назардан қалыс қалдырмайтыны белгілі. Соған  орайғ әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру бағытында ерекше маңызға ие «Ұлт Жоспары-100 нақты қадам» бағдарламасында кәсіпкерлік саласына байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берілген болатын. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында облыстың солтүстіктегі аудандарында да толағай тірліктер тындырылуда.  
Сөзіміз нақты болуы үшін дерекке жүгінсек. Нақты кезеңде Арал ауданында жылдық қуаттылығы 16400 мың тоннадан астам 6 балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды. Бүгінде олардың төртеуі «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО» ЖШС, «Камбала балық БӨО» ЖШС, «СДО Қарашалаң» ЖШС  балықты терең өңдеумен айналысатын болса, қалған екеуі «Бөген СДО» ЖШС мен «Қуаныш» ЖШС  шағын балық өңдеу зауыттары ретінде балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен шұғылданады. Ауданда Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісі  бар кәсіпорындар яғни «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-гі балық өңдеу зауытында бар дейді қолдағы құжатта.
Аудан бойынша өткен жылы 2653 тонна балық өнімі экспортқа шығарылған. Таратыңқырап айтсақ, Польша, Грузия, Әзірбайжанға 967 тонна, Ресей Федерациясына 1686 тонна балық өнімі жіберілген. Теңіз төскейіндегі  негізгі экспорттаушы кәсіпорындар «Арал СДО», «Камбала балық», «Қарашалаң СДО», «Бөген СДО», «Қуаныш» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Ақбасты»,  «Жамбыл» өндірістік кооперативтері болып табылады.
– Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан, ел ішінде ғасыр жобасы атанып кеткен «САРАТС» жобасының алғашқы кезеңі Арал өңіріне ерекше нәр берді. Теңіздің оралуымен ата кәсіп – балық шаруашылығы қайта жанданды. Солардың қатарында өзім еңбек  ететін «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС да бар. Өңдеу цехында балықтың көптеген түрлерінен өнім дайындалады. Өнімдер  Ресей, Грузия, Украина, Әзірбайжан, Дания, Польша, тағы басқа мемлекеттерге экспортқа шығарылады. Таяуда «САРАТС-2» жобасы басталады деген жағымды жаңалықты  тұтас жұртшылық  шаттықпен қабылдады. Ғаламат жобаның екінші кезеңінде жүзеге асырылатын шаруа мол екеніне сеніміміз мол, – дейді ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС өнім шығару бөлімінің аға шебері Күлмариям Кемалова. 
Қазалыдағы «Т.Игіліков» шаруа қожалығы  балық аулау өндірісін дамытуды қолға алған. Ұжымда Арал теңізінен ауланған балық  өнімдері  тоңазыту қоймаларында қатырылып, арнайы қаптамаларға салынып, еліміз бен  Ресейге  мұздатылған күйде сатылуда. Жергілікті кәсіпкер өткен жылы 100 тоннаға жуық балық өңделіп, экспортталды.
Жеке кәсіпкер Төребек Игіліков  «Балық өнімдерін өңдеу цехын іске асыру жобасы» бойынша «Банк центр кредит» АҚ облыстық филиалы арқылы несие  алып,  балық өңдеу, сақтау ғимараттарының құрылысы салынып, тоңазытқыштар мен қосымша қондырғылар орнатылған. Балық өңдеу цехы  балық өнімдерін тазалайтын, тұздайтын, жұмысшыларға арналған  бөлмелермен жабдықталған. Балық аулауға, тасымалдауға арнайы көліктер мен құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Зауыттың жобалық қуаттылығы тәулігіне 5 тоннаға дейін балық сүбесін өндіруге есептелген. Аталған өнімдерді экспорттау мақсатында «Еврокод» алу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
«СПК Қызылорда Балық» ЖШС-ның  индустриалды-инновациялық жобаларды дамыту бойынша  «Қызылорда» ӘКК» АҚ-мен бірлескен жобасы іске асырылды. Жоба аясында балық өнімдерінен сүбе (филе) дайындайтын цехы  пайдалануға берілді. Серіктестік «Бақыт» шаруа қожалығымен бірлесіп  кіші Арал теңізінің №8 учаскесінен және Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданына қарасты Байтақ көлінен, Қазалыдағы  «Қашқан су» көлінен балық аулап келеді. Өндірілген өнімді экспортқа шығару үшін  сапа сертификаты бар. «СПК Қызылорда балық» ЖШС-да 40 адам жұмыспен қамтылған. Балық өңдеу цехы  балық өнімдерін тазалайтын, тоңазытып сақтайтын бөлмелер, сыйымдылығы 750 тонналық балық сақтау қоймасымен жабдықталған. Балық аулау, тасымалдау үшін арнайы көліктер мен құрал жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Еуропаға өнімді экспорттау мақсатында «Еврокод» алынып, Дания, Германия, Австрия және т.б. елдерге экспортталуда. 2017 жылдың қаңтар-сәуір айларында серіктестікте 478,32 (214,0 млн. теңге) тонна балық өңделді. 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал, Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз