«Сарыарқа» газы Сырдан бастала ма?

50

0

«Сарыарқа» газы Сырдан бастала ма?«Бізге жеткен ақпаратқа сәйкес, жоғарыда аталған жұмыс тобы 2017 жылдың соңына қарай Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарын, Астана қаласын газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысын бастау мәселесін қарастыруда, ал, аталған құбыр желісінің қуат көзі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының бойындағы «Қараөзек» компрессор стансасы болмақ.
Бұл көп ұзамай облыста үлкен көлемдегі инвестициялар мен құрылыс жұмыстары пайда болады деген сөз. Сәйкесінше, жаңа жұмыс орындары мен жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің жаңа көзі ұлғая түседі.»
Облыс әкімінің облыстық мәслихат 
сессиясындағы есебінен.
 
Қазақстан газ өндіруден және оның барланған қоры жөнінен әлемдегі алпауыт мемлекеттер қатарынан орын алады. Қазіргі кезде бір жылда 45 млрд текшеметр шамасында өндіріліп жатса, алдағы уақыттары бұдан да жоғарылайтыны белгілі. Оның Қазақстандағы барланған дәлелді қоры 1,84 млрд тоннаны құрайды. Бұл көлем ТМД елдері аумағында дәлелденген қордың 3,3 пайызын, әлем елдері арасында 1,2 пайызды құрайды. Табиғи көгілдір отын негізінен еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік батыс аймақтарында өндірілуде. Өндіріліп жатқан газ Қазақстанның барлық аймақтарын газдандыруға және экспортқа шығаруға да жетеді. Алайда, территориясының көлемі жөнінен әлемде 9-шы орын алатын Қазақ елі үшін бұл мәселе өте қиын шаруа болып келеді. Өйткені, газды алыс өңірлерге жеткізу өте қымбатқа түседі. Сондықтан да еліміздің орталық, солтүстік және шығыс аймақтары табиғи газдың рахатын көре алмауда. 
Газ әсіресе еліміздің бас қаласы Астана үшін өте қажет болып отыр. Елорданы көмірмен жұмыс істейтін жылу орталықтары қыспағынан тек табиғи газ ғана құтқара алады. Сонда Астананың экологиялық жағдайы анағұрлым жақсара түсері сөзсіз. «Астанаға табиғи газ қашан жетеді?» деген сауал әрбір елордалық тұрғынды алаңдатып отырғаны белгілі. Алаңдатпай қайтсын, бұл мәселенің көтерілгеніне де біраз жылдың жүзі болды. 
Әуелде «Тобыл-Көкшетау-Астана» құбырын жүргізіп, Ресей газын әкелеміз деген жоба зерттелді. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Әйтсе де, көп ұзамай одан бас тартты. Біріншіден, бұл жоба да өте қымбатқа түсетін болды, екіншіден, Ресей газына тәуелділіктің белгілі қиындықтары көбейіп кететіні анықталды. Мұнан кейін Қарағанды көмірінен метан газын өндіріп, оны Астанаға жіберу жобасы талқыланды. Айта кетейік, қазіргі таңда әлемнің бірқатар елдерінде көмір бассейндерінен метан газын өндіру технологиясы жолға қойылған. Мәселен, АҚШ аумағында жаңа технологияның мүмкіндіктерінің арқасында жылына 36 млрд  м3 газ шығарылуда. Осын¬дай мақсатта 2014 жылы «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы мен «LeMarCAInc» компаниялар тобы арасында Қарағанды көмір бассейнінен метан шығару және барлау жобаларын жүзеге асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы құрылтайшы келісімге қол қойылды. «LeMarCAInc» жетек¬шілік ететін компаниялардың бұл тобы АҚШ-та және әлемде көмір және метан газын шығару бойынша толық кешенді жобаларды жүзеге асырумен шұғылданады. Оның ішінде кешенді газ дайындау және оны өңдеу, ең мықты бұрғылау схемаларын жасау, көмірді жер астында газдандыру барысында синтетикалық метан, отын және электр энергиясын алу сияқты жобалар бар. Бірақ, бұл бастама да бізге белгісіз себептермен жалғасын таппай қалды. 
Жоғарыдағы жобалар тиімсіз саналғаннан кейін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» құбырына «Қызылорда – Жезқазған – Теміртау – Қарағанды – Астана» магистралін жалғау арқылы елордаға газ жеткізу мәселесі көтерілді. Бұл магистраль бойынша аздаған теxникалық-экономикалық есептеулер жасалды. Өкінішке орай, үстіміздегі жылдың наурыз айында өткен Үкімет отырысында Астанаға газ жеткізу мәселесі белгісіз мерзімге дейін тоқтатылғаны туралы хабарланды.
Дегенмен, тамыз айының соңында Энергетика министрлігінде Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанныӊ газ өнеркәсібін дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобыныӊ отырысы өтті. Осы басқосуда «Сарыарқа» газ құбыры магистралін салу жобасының (Астананы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырынан: «Қараөзек» (Қызылорда) компрессорлық стансасы-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана маршруты бойынша) техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеу (мемлекеттік талдаумен қоса алғанда) жұмыстары қайта бастау туралы тапсырма берілді. Бұл хабар елорда тұрғындарының үміт отын қайта жаққаны түсінікті. Тек астаналықтар емес, қарағандылықтар да, жезқазғандықтар да, теміртаулықтар да табиғи көгілдір отынға қолымыз жететін болды ма деп елеңдеуде. Бұл қызылордалықтар үшін де қуанышты жаңалық болып отыр. Егер де аталған жоба қолға алынатын болса, жүздеген қызылордалық жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілмекші. Мамандардың айтуынша газ айдау компрессорлық орталығында 400-дей жұмыс орны пайда болмақ. Ендеше, осы жоба жалғасын тапсын деп тілейік. Астаналықтар, қарағандылықтар көгілдір отын рахатын көрсін, қызылордалықтар бұл игілікті іске өз үлестерін қоссын. 
Алайда, жобаны жүзеге асыру туралы шешім шыққанмен де, оның аяқталуына дейін біраз жылдар кетері анық. Бір білетініміз, Астанаға көктем де, көгілдір отын да кеш келеді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз