САРЫАРҚА ТӨСІНДЕГІ СӘЙГҮЛІКТЕР САЙЫСЫ

135

0

 САРЫАРҚА ТӨСІНДЕГІ СӘЙГҮЛІКТЕР САЙЫСЫАйшығы аспанмен астасып өтіп жатқан Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрмесі қазақ даласында сексен жыл дәуірлеген Қоянды жәрмеңкесінің заманауи бейнесін қайта жаңғыртқандай.  
Әсіресе көрме көркін кіргізген ұлттық ат спорты ойындары «көрген де, көрмеген де арманда» деген сөздің сипатын ашып берді.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесіне арналған ат спорты түрлерінен «ЭКСПО-2017» кубогы Астанадағы «Қазанат» -ипподромында өтті. 
Ат бәйгесіне өз еліміздің аймақтарынан басқа, қырғыз, өзбек, башқұрт елдерінен, Ресейден, Дағыстаннан, Солтүстік Осетиядан, Польшадан, барлығы 150-ден астам құйрық-жалын түйген жүйріктер келді.
Жел жыртқан жебедей жүйткіген тұлпар¬лардың 2 шақырым 400 метрлік айналымында Солтүстік Осетиядан келген Тигиев ¬деген азаматтың боз тарланы жанкүйерлерді қиқулатып, иесіне көрме кубогы мен 50 мың доллар ақшалай сыйлық алып берді. 20 мың доллар сыйы бар екінші орынды айыр қалпақты ағайындардың алты жасар жирен айғыры жеңіп алды. Қазақстандық Қ. Ақсақовтың күреңі мәрені үшінші болып қиды.
Ал, 1 шақырым 800 метрлік қа¬шық¬тыққа шапқан жүйріктердің іші¬нен «Шаңтимес» деп аталатын сәй¬гүлік шынында шаң тимес екен. Жа¬рықтық сөреден созыла шыққан күйінен жаңылмай он алтының алды болып келді. Атағын қазаққа, даңқын өзіне,  50 мың долларды иесіне алып берген сұлу сәйгүлікке шетелдіктер шуласа мадақ айтты. Көз тимесін!
Бәйге арасындағы «қыз қуу», «теңге ілу», «жамбы ату» сияқты ұлттық ойындар да көрерменінің көңілін көкке көтерді. Шауып бара жатқанда айналып секіріп, табанымен жер тіреп, аттың мойнына қайта қарғып міну қандай ғажап өнер.
«Кентавр» мифі дәл осы көрініске қатысты пайда болыпты дейді. Ертеде қазақтар Еділ мен Тұраннан шығып, алыс жерлерге жеткен. Шауып бара жатып аттың мойнымен тұтасып кеткен олардың кейпіне көз ілестіре алмаған еуропалықтар адам басты ат көрдім деген.
Енді, бәйгеге оралайық. Боладысы да, бол¬ғаны да қызық, аламанда «ат баптаған біздей болсын» деген алматылықтар алдына Атыраудан келген бір ғана жүйрікті, «Желқанатты» оздырды. Жетісу жүйріктері құнан бәйгеде де, топ бәйгеде де жүлделі болды. 7 шақырымдық ұшпалар жолында Асхат Әлімжанның «Доран» атты торы құнаны дараланса, 15 шақырымдық топ бәйгеде мәреге алматылық  шабандоздың «Сүлікқарасы» суырылып келді.
Айтпақшы, осы көрме аясында еліміздің 14 аймағында 20-дан астам сайыс өткізіледі деген ақпарат айтылды. Оны шеттен келген қонақтарымыз да тамашалайтын болады. 
Бәрін айт та, бірін айт, көкпарды өзінен басқа ешкімге өңгертпейтін жаңақорғандық жампоздарым аман болсын, біз де біраз мейманға қазақтың ат құлағында ойнаған өнерін паш етерміз.
Д.АЯШҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз