САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ

194

0

Сейсенбіде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың таңдаушылар – облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттарымен кездесуі  Қазалы ауданында жалғасты. 
Жүздесуге төрағалық жасаған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов кездесудің ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіттің мемлекет кепілдік берген тең дәрежеде өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып отырғандығын жеткізді. Айта кетерлігі, облыстан сайлануға тиісті Сенаттың бір депутаттық орнына 5 кандидат ұсынылған болатын. Олардың екеуі өз өтінішіне сәйкес ұсынылудан бас тартуына байланысты, тіркелген 3 кандидат 8 маусымнан бастап сайлауалды үгіт жұмысына қатысу құқығына ие болды. 
Жүздесу барысында үміткерлер Сырдария аудандық мәслихатының хатшысы Ержан Әжікенов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова  және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы көпшілікті өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, сұрақтарына жауап берді. 
***
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың елмен кездесуі солтүстік аудандарда өтті. Арал ауданынан сайланған облыстық және аудандық мәслихаттар депутаттары кандидаттармен кездесу барысында өңірдің өзекті мәселелерін талқылады.
Сенат депутаттығына кандидаттар М.Бақтиярұлы, А.Әлназарова, Е.Әжікенов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Жүнісов, комиссия мүшесі Қ.Наурызбаев, Арал аудандық мәслихатының хатшысы Д.Мадинов, облыстық, аудандық мәслихаттар депутаттары, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары қатысқан кездесуде «ҚР Сайлау туралы» Заңының  талаптары  түсіндіріліп, кандидаттар таныстырылды. Мұнан соң кандидаттар Ержан Әжікенов, Ақмарал Әлназарова, Мұрат Бақтиярұлы өздерінің өмірбаяндары мен сайлау алдындағы бағдарламаларымен бөлісті.
Жиында сөз алған аудандық мәслихаттың депутаты Қ.Аяпов екінші деңгейдегі банктер төменгі пайызбен қаржы алып, халыққа 20-30 пайызбен қымбат несие беріп отырғанынына, оқу бітірген жастардың басым бөлігі жұмыссыз жүргенін, өзге де бірқатар мәселеге жете көңіл бөлінбейтіндігін қозғады. Бұл сауалдарға ҚР Парламенті Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы толыққанды жауап берді. Сонымен қатар, аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары К.Айбосынов пен Ә.Са¬дықбаев қазіргі уақытта мектептердегі білім сапасының төмендігін айтып өтті. 
Кездесу соңында аудандық мәслихаттың хатшысы Д.Мадинов Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарға тілектестігін білдірді.
***
Кеше қала әкімдігінің мәжіліс залында Қызылорда облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат болып тіркелген Ержан Әжікенов, Ақмарал Әлназарова және Мұрат Бақтиярұлының таңдаушылар – облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесуі өтті.
Бұл облыстық сайлау комиссиясының жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп сайлауалды үгіттің мемлекет кепілдік берген тең дәрежеде өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Кездесу барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Жүнісов таңдаушыларға үгіт жүргізудің тәртібі бойынша бірқатар түсіндірме берді.
Биылғы сайлаудың бірқатар ерекшелігі бар. Маусымның 28-і күнгі сайлау кезінде дауыс берудің алдын-ала қорытындыларын көрсете отырып, таңдаушыларға электрондық тіркеу жүргізіледі. Сонымен бірге, өңірлерде дауыстарды санау аяқталған соң алдын-ала қорытындылары туралы ақпарат Ортсайлаукомның ресми сайтында онлайн режимде орналастыруға мүмкіндік бар. 
Жиын барысында кандидаттар сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Таңдаушылармен өтетін ендігі кездесу Шиелі, Жаңақорған аудандарында өткізіледі.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз