САЙЛАУШЫЛАР ТІЗІМІ ӘЛІ ДЕ НАҚТЫЛАНАДЫ

84

0

САЙЛАУШЫЛАР ТІЗІМІ ӘЛІ ДЕ НАҚТЫЛАНАДЫ«Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар
орталығында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов, орынбасары
Қорғанбек Қайроллаұлы және хатшысы Аягөз Сырлыбаева журналистерге арнап брифинг
өткізді.

– 2016 жылғы 20 наурыздағы Парламент Мәжілісі мен
жергілікті мәслихат депутаттарын сайлауды облыс бойынша 9 аумақтық, 29 об­лыстық
округтік, 118 аудандық және қалалық округтік сайлау комиссия­­лары, сонымен
бірге 350 сайлау учаскелері қамтамасыз ететін болады, – деді А.Жүнісов. – Олардың 24-і арнайы жабық сайлау
учаскелері, яғни оның 13-і қаланың емдеу мекемелерінде: перинаталдық орталық,
қалалық перзентхана, жұқпалы аурулар ауруханасы, наркологиялық орталық, т.б.,
2-і әскери бөлімдерде, 1-і уақытша ұстау изоляторында және 8-і шалғай
мекендердегі вахталық қоныстарда орналасқан.

2016 жылдың 1
қаңтарындағы мәлімет бойынша барлығы 405736 сайлаушы болса, заңға сәйкес дауыс
беру күніне 20 күн қалғанда, яғни 29 ақпанда сайлаушылардың тізімі нақтыланатын
болады. 2016 жылғы 19 ақпандағы түнгі сағат 24-00-дегі жағдай бойынша облыста
мәслихаттар депутаттығына барлығы 498 кандидат ұсынылды. Олардың 22-сі
өтініштерін қайтарып алды, 438 кандидаттың құжаттары тіркелді. Кандидаттардың
95-і облыстық мәслихатқа (орташа жасы – 49), 337-сі аудандық мәслихаттарға,
(орташа жасы – 45), 66-сы қалалық мәслихатқа (орташа жасы – 42) үміткер. Облыс
бойынша кандидаттардың орташа жасы 45-ті құрайды.

Облыстағы мәслихаттардың 147 мандатына саяси
партиялардан 153 кандидат ұсынылып, 137 кандидат тіркелген. Соның ішінде «Нұр
Отан” партиясынан 147 кандидат, «Ауыл” ХДПП – 2 кандидат, «Ақжол” ҚДП – 1, ҚКХП
– 3 кандидат, 2 қоғамдық бірлестіктен – 2 кандидат және 341 кандидат өзін-өзі
ұсынып, оның 267-сі тіркелген.

Қазіргі сәтте кандидаттардың басым көпшілігі
Жаңақорған ауданында (74 адам, 1 мандатқа 4 адамнан), Қармақшы ауданында (58
адам, 1 мандатқа 3,7), Қызылорда қаласында (99 адам, 1 мандатқа – 3,5)
ұсынылды. Ұсынылған кандидаттардың 4-і партияға мүшелігін көрсетпеген, 152
кандидат «Нұр Отан” партиясының мүшесі, 3-і «Ауыл” ХДПП, 1-і – «Ақжол” ҚДП, 3-і
– ҚКХП мүшесі, 335-і – партияда жоқ. Кандидаттардың 494-і – қазақтар, 2-і корей
ұлтынан. Ер адамдар – 397 (79 пайыз), әйелдер – 101 (21 пайыз).

Ортсайлауком бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес мәслихаттар
депутаттығына кандидаттарды тіркеу 23 ақпанға дейін жүргізіледі. 20 ақпаннан
бері саяси партиялар үшін 18 наурыз сағат 24.00-ге дейін созылатын сайлауалды
үгіт науқаны басталды. Барлық үгіттік баспа материалдарында оны шығарған ұйым,
басылған жері мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан
төленгендігі туралы мәліметтер болуға тиіс.

Үгіттік баспа материалдарын ел аумағынан тысқары
жерлерде дайындауға, анонимдік үгіт материалдарын таратуға, үгіт материалдарын
ескерткіштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи-мәдени немесе сәулеттік құндылығы
бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ, дауыс беруге арналған үй-жайларға іліп
қоюға тыйым салынады.

Мәслихат депутаттығына кандидаттар не олардың сенім
білдірген адамдары болып тіркелген журналистердің, БАҚ редакцияларының
лауазымды адамдарының сайлауды БАҚ арқылы көрсетуіне құқығы жоқ. Үгіт кезеңінде
саяси партиялар мен кандидаттардың сайлауалды іс-шараларды ұйымдастыруына және
өткізуіне рұқсат етіледі. Бірақ заңнамаға сәйкес осы тәрізді іс-шаралар өткізу
үшін 10 күн бұрын жергілікті атқарушы билік органдарымен келісілуі тиіс.

Мәслихаттар депутаттығына кандидаттар, сондай-ақ
олардың сенім білдірген адамдары Сайлау туралы заң талаптарын бұзса,
кандидаттарды тіркеу туралы шешім күшін жояды. Сайлау туралы заңның ережелерін
бұзғандарға заңмен белгіленген жауапкершілік қолданылады.

Үгіт жүргізу кезеңінде жергілікті атқарушы органдар
үгіт материалдарын орналастыру үшін уақытылы түрде орындар белгілеп, оларды
стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Сондай-ақ партиялар
мен кандидаттарға сайлаушылармен кездесу үшін шарттық негізде үй-жай беруі
қажет. Үй-жайларды беру шарттары барлық партиялар мен кандидаттар үшін бірдей
және тең болуы тиіс.

Кандидаттарды тіркеу 23 ақпанға дейін созылады, ал 24 ақпаннан
бастап мәслихаттар депутаттығына тіркелген барлық кандидаттар үгіт жұмысына
кірісе алады. Сайлау процесіне қатысушылар, сондай-ақ байқаушылар, оның ішінде
шетелдік байқаушылар тарапынан алдағы сайлауға жоғары қызығушылық танытып отыр.
Ортсайлауком Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша 22 елден 52 халықаралық
байқаушыны аккредиттеді. Шетелдік сарапшылардан басқа, алдағы сайлауға отандық
ҮЕҰ-лар да тәуелсіз байқау жүргізеді. Осы процеске қатысуға Сайлауды бақылау
жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия құрылып, оның облыстық филиалы да өз
жұмысын бастады. Бүгінде сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларына
арналған оқу семинарлары өткізілуде.

Брифинг соңында облыстық сайлау комиссиясының өкілдері
журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Гүлжазира
ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз