ӘСЕМ ТАЛ ЖӘНЕ ЖҮЗ ЖЕМІС АҒАШЫ ардагердің бүгінгі сырласы

395

0

Тіршілік болған соң, жұмыстың ауыры мен жеңілі қабаттаса келіп жатары өмірдің өз заңдылығы ғой. Өзі пенде, көңілі патша ақылды тіршілік иесі соның кейбіріне қуан­са, кейбірінен қарадай қуа­рып, тү­ңі­летіні де өтірік емес. Бай­қа­ға­ны­мыз, адам өзінің сауапты ісінен ләззат алса, кері ісінен қынжылысқа ұрынады.  Иә, жақсы істің ауыры мен жеңілі білінбейді, қайта шаршатпайтын желігі болады. Біз білетін Әлекең етек-жеңі кең пішілген, көнтерлі де мінезі ауыр, салмақты кісі. Ат үстіне міне қалса, екі тізезі аттың құлағын қағар, ертедегі батырлардай алып адам. Осындай ерекшеліктерінен болар, Әлімбай ағамыз қуанғанын да, бір нәрсеге ренжіп, қабақ шытқанын да аса байқата қоймайды. Алайда, жақын әңгімелесудің сәті келе қалған бір кездескенімізде «Ауладағы же­міс ағашы мен саялы ағаштар санын 151-ге жеткіздім», деп хабардар етті. Қуанып тұрғандығы жүзінен бі­лін­ді: – Жаңа жерге қоныстанған 5-6 жыл аралығында жылма-жыл 15-20 шы­бықтан отырғыза бердім. Мына жердің жоғарғы қабаты құнары жоқ керіш топырақ болған соң, тізеден келер қазан шұқыр қазып, білетіндердің ақылымен ең астына шақпа тас салсам, оның үстіне ағаш жаңқасын төк­тім. Содан соң тапырақтың төрт­тен біріндей көлеміне көң араластырамын,– дейді бағбандықты кәсіп ете бастаған Әлекең. Жақсыны көрмек үшін деп жуырда Әлімбай Шерубаевтың ауласын барып көруге де жол түсті. Расында атшаптырымдай кең аула жеміс ағашы мен сая­­лы ағашқа толы екен. Кіреберіс маңда жапырағы жайқалған көктал қою көлеңкесімен бүркеп, шатырлы үйге ыстықты жібермей тұрса, одан бері жағалай біздің өңірге енді жерсіне бастаған оншақты туя ағашы ауланың сәнін кіргізіп тұр. – Ал мына ағаш – Әсем тал деп айтылады екен, ерте көктемде әдемі гүл шығарады да, сонан соң, байыз табады. Пілдің құлағындай үлкен жапырақтарын көрдің бе, ауаны желпіп, тазалап тұрады, – дейді бағбандыққа мойын бұрған отағасы.

Өзіміз мекен ететін Сыр өңірі расында шөлейт және жартылай шөлейт аймақ екендігін жасыра алмаймыз ғой, күнінің көзі өткір, шаң суыратын желі де оқтын-оқтын бар екендігін білдіріп қояды. Сондықтан да әр үй иесінің өз ауласына түрлі жеміс пен саялы ағаштар егуі өте қажеттілік деп түсінген жөн. Еліміздің елордасы Астана қаласының маңына қаншама гектар жерге түрлі ағаштар отырғызуға пәрмен беріп, жасыл белдеу ор­нат­қызған Президентіміздің игі ісі елге қаншама шарапат шашып тұр емес пе?! Уақыты қанша тығыз болса да, оны назарынан тыс қалдырмаған Елбасы әр өңірдің өсіп өркендеуі жалпы елдің көркеюіне апаратынын әр жиында қадап айтып, атқарушы орындарға тапсырып, елге үлгі көрсетумен  келеді. Міне, осы орайда бүгінгі кейіпкеріміздің ісіне сүйсініс білдіреміз. Енді шамалы уақытта жетпіс жастың жалына қол артатын ауылшаруашылық саласының ардагері Әлімбай Шерубаев зейнеткерлікке шықтым деп, төрдің төбесінде шалжиып жатуды әдет қылмаған адам. Таңғы сағат 6-дан орнынан тұрады да, бау- бақшасының күтіміне кіріседі. Содан 9-ға дейін тыным жоқ, ертеңгілік шәйланып алған соң, тағы да кетпен-күрегін алып, қалыпты шаруасына кіріседі. «Жаңа өзің аралап көрген ауладағы 151 ағаш пен 33 атызжоңышқаны бірсыпыра суару үшін 11 күн уақытым кетеді. Сонда айына үш реттен суарады екенмін. Оның арасында отақ шабу, жетілген жоңышқаны орып-жинау секілді шаруаларым бастан асады, –дейді ол шаттана сөйлеп. Міне,  сөз басында адам құмартқан ісі қанша ауыр, қиын болса да, ләззат алады екен деп жатқандығымыз сондықтан еді.

Шерубаевтың ауласында әлі­гін­де өзіміз тілге тиек еткен ағаш түрлеріне тағы айналып соғар болсақ, 20 түп жүзім биыл алғашқы жемістің нышанын көрсетті. Алманың саны – 24, шабдалы – 2, өрік 8 түп болса, мұнан өзге оншақты түп шие талы бар. Айтпақшы ауланың сыртқы қабатындағы 14 түп көкжиденің исі бұрқырап, айналаны көріктендіріп тұрғаны бар. Батыр тұлғалы аға­мыз­дың жеңгемізге деген құрметі де ерекше екен: «Мына гүлдерді Сәуле жеңгең еккен, мына қияр мен қызанақ та сол кісінің еңбегі», деп қояды. Тағы бір атызда қызылша қаптап тұр екен, оны да жеңгеміздің қызметіне жатқызды Әлекең.

Бау-бақшаның мәнісін бір­шама айтқан секілдіміз, енді кейіп­ке­рі­міздің кешелі-бүгінгі өміріне де тоқтала кетсек, оқырманымызды жа­­лық­­­тырып алмайтын шығармыз деп ойлаймыз. Жаңақорғандықтар жақсы біледі кезінде Әлімбай Шерубаев совхозға басшылық жасаған ең жас директордың бірі болды. Небәрі 32 жасында қиыр шеттегі Қаратөбе ауылына, КПСС-тің 24-съезд атын­­­дағы совхозға директор болып тағайындалды. Күріш шаруа­­шылығымен шұғылданатын ұжым еңбеккерлері негізінен Өзбекстан мен Оңтүстік облыстан оралған жерлестеріміз болғанымен, алға­шында егіншіліктен оншалықты та­бысқа қол арта алмады. Оның үстіне егін­шіліктің бәрі дерлік жабайы жерлерге орналастырылды. Біріне су барса, екіншісіне ағын су бара қоймайды. «Ортақ өгізден оңаша бұзауды» артық көретін пси­хология да еңсені көтертпей, дала жұмысы сеніп тапсырылған жұ­мыс­шылар қаға беріс жерлерге тары мен қауын егуге ден қойып, осы­лардың кері әсерінен қоғамдық жұмыс ақсап жататындығы  аудан басшылығына мәлім болған еді. Су мұрап мамандығын игерген, жас та болса, қара жұмыста шың­далған Шерубаев, міне, осындай кезеңде 24-ке директор болып келді. «Шаруашылығымыз 1 млн 200 мың теңгемен зиянға тұтылған екен, жұмыс жүйесін қайта құрып, жаңаша еңбек етуге талпындық. Алғашқы жылы мемлекеттік жоспарымызды 97 пайызға ғана орындасақ, келер жылдары оны асыра орындау, тіпті міндеттеме межесінен көрінуге де жол таптық, дейді Әлекең өткен күндерді еске алып. Жанына білікті мамандар агроном Асан Нақышпанов, гидротехник Әбжаппар Құдайбергенов, инженер Тұрсынбай және мал шаруашылығының бри­га­дирі Құлмағанбет Исаханов сынды жастарды топтастырған директор кеңшарды 1994 жылы 1 млн 200 мың теңге пайдаға шы­ғарды. Одан кейінгі уақыттарда Қыркеңсе ауылында ауыл әкімі, Келінтөбе кооперативінің төрағасы, аудандық жер бөлімінде бас маман қызметтерін атқарған ол 2014 жылы зейнеткерлікке шықты. Содан бері бау-бақшаның бағбандығымен шұғылданып жүр. Айтпақшы, аудан орталығына орныққан соңғы оншақты жыл көлемінде жас кезін­дегі өзі сүйетін волейбол спортына ден қойды. Аудандық ардагерлер командасының белді мүшесі. Жаз айында Алматыға  арқалы ақынымыз Олжас Сүлейменовтің атындағы турнирге қатысып, өзімен де жүздесіп қайтты.

Иә, өмірді мәнді де мағыналы өткізу әр адамның өз қолында. Соның жарқын үлгісін жаңақорғандық Әлімбай Шерубаевтың өмір жолынан байқар едік.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз