СЕНАТ ДЕПУТАТЫ САЙЛАНДЫ

72

0

 
Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 27 сәуірдегі Жарлығына сәйкес, үстіміздегі жылдың 28 маусымында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Студенттер сарайы» ғимаратында таңдаушылар – облыс бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының бірлескен отырысында Қызылорда облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатына дауыс беру өткізілді.
 Онда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Жүнісов   сайлауға облыстағы барлығы 147 облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының 144-і қатысып, 3-і дәлелді себеппен қатыса алмай отырғанын хабарлады.
Сайлауда таңдаушылар Қызылорда облысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар Әжікенов Ержан Ертарғынұлы, Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы және Мұрат Бақтиярұлына дауыстарын берді.
Нәтижесінде, таңдаушылар Әжікенов Ержан Ертарғынұлына 13 дауыс, Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызына 30 дауыс, ал Мұрат Бақтиярұлына 101 дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.        
Сонымен, Мұрат Бақтиярұлы ҚР Парламенті Сенатына депутат болып сайланды.
Сайлау қорытындысы бойынша облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Жүнісов байқаушылар мен БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Онда жоғарыда аталған сайлаудың Қазақстан Республикасындағы барлық заң талаптарына сай өткізілгенін айтты. Сондай-ақ, сайлауға 4 шетелдік байқаушы, оның 2-і Ресей Федерациясынан, 2-і Өзбекстан Республикасынан, ал жергілікті жерден 19 байқаушы, атап айтқанда, 8 БАҚ өкілдері, 3 саяси партиядан, 3 кандидаттардың сенімді өкілдері, 5 қоғамдық бірлестіктерден  қатысқан.
Сайлау кезінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының дауыс берудің алдын ала қорытындыларын ҚР ОСК сайтында онлайн режимде көрсете отырып, таңдаушыларды электрондық тіркеу жобасы сәтті іске асырылды.  
 Ғазиза ӘБІЛДА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз