СЕРІКТЕСТІККЕ СЕРПІН БЕРЕР КЕЗ ЖЕТТІ

48

0

СЕРІКТЕСТІККЕ СЕРПІН БЕРЕР КЕЗ ЖЕТТІМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев
Катар мемлекетіне ресми сапары аясында осы елдің іскер және қаржы тобы өкілдерімен
кездесті.

– Катар тек қана өзінің өңірінде ғана емес, сонымен бірге халықаралық
аренада да маңызды ойыншы саналады және оның әлемдегі беделі жылдан жылға артып
келеді. Біз оны қолдаймыз. Катар жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім бойынша
ең жоғары көрсеткіштердің біріне ие және Үкімет мұнай-газ өнеркәсібін дамыта
отырып, экономиканы әртараптандыруды жүргізу
үстінде. Біз де қазіргі уақытта сонымен айналысудамыз, – деді ҚР Президенті
кездесу барысында.

Мемлекет басшысы Қазақстан да Катар сияқты табиғи ресурстардың, мұнай мен газдың
мол қорына ие екендігін атап өтті. Сондай-ақ, табиғи ресурстарға тәуелділіктен
арылу үшін еліміз индустриялық-инновациялық дамуға бағытталған әртараптандыру
реформаларын қолға алғанын еске салды.

– Қазіргі уақыттағы бағаның құбылмалығы қай елге де оңай тиіп
жатқан жоқ. Соған қарамастан біз елді индустрияландырудың екінші бесжылдығын
бастадық және өндеу өнеркәсібін құру үстіндеміз. Осы тұрғыда екі ел табысты
тәжірибе алмаса алар еді, – деді Елбасы.

Катар бизнесмендері қауымдастығының төрағасы, «Al-Faisal
Holding Co.» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Фейсал бен Касем Әл
Тани, Катар бизнесмендері қауымдастығының тең төрағасы, «Ezdan Holding Group»
холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Халед бен Тани Әл Тани, сондай-ақ «Um
Haish International», «Medicare Group-Ahli Hospital», «Al Rayan Bank», «Qatar
International Islamic Bank», «Qatar National Bank», «Qatar Solar Energy»,
«Qinvest Bank» сияқты ірі компаниялар мен банктердің басшылары қатысқан
кездесуде Елбасы екі ел қарым-қатынасының қарқыны жайлы да айтып өтті.

– Қазіргі уақытта мемлекетаралық қарым-қатынасымызда біз бар
мүмкіншілікті толық пайдаланып отырған жоқпыз. Тауар айналымы өте төмен, – деді
Елбасы.

Қазақстан Президенті мұндай жайттың орын алуына түрткі болып
отырған негізгі себептерді де атап, екі елдің бір-бірінен географиялық алшақ
орналасқанын, логистика дұрыс жолға
қойылмағанын жеткізді. Осы ретте Мемлекет басшысы өткен жылы аяқталған
Қазақстаннан Иранның Парсы шығанағындағы портқа дейінгі темір жол екі елдің
сауда-саттығына серпін бере алатындығын баса айтты.

– Катар мен Иран
арасында дұрыс қарым-қатынас болған кезде бұл жол біздерге сауда-саттық пен
байланыстарымызды жақсарта түсуге көмектеседі деп ойлаймыз. Қазақстан Орталық
Азияда зор экономикалық әлеуетке, мүмкіншіліктерге және үлкен территорияға ие.
Біз ұзақмерзімді негізде серіктестікке дайынбыз, – деді Елбасы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз