СЕРПІН БЕРЕТІН СЛЕТ

202

0

СЕРПІН БЕРЕТІН СЛЕТБүгін Қызылордада жас мемлекеттік қызметшілердің І аймақтық слеті ашылды. Екі күнге жалғасатын шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен облыс әкімдігі еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырып отыр. 
Оған Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан өкілдер қатысты. Салтанатты рәсімде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет департаментінің басшысы Мақсұт Өтешев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Құттықожа Ибадуллаев слеттің жас мемлекеттік қызметшілердің белсенді азаматтық ұстанымын, қызметтік имиджін қалыптастырудағы маңызын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. 
– «Отызында орда бұзбаған қырқында қамал алмайды» дейді дана халқымыз. Әлемдік деңгейдегі дарындар өздерін отыз жасқа дейін танытқан. Біздің жастарға мүмкіндіктерін толық пайдалануға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып келеді. Еліміздің мақсаты – алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарынан көріну. Осы мақсатқа жету үшін Елбасы халықты ортақ мүддеге жұмылдыратын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынып, оның алғашқы 15 қадамын кәсіби, дербес мемлекеттік аппарат қалыптастыруға арнады, – деді И.Құттықожаев. 
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментініӊ бастамасымен, облыс әкімдігініӊ қолдауымен «Жастар кадрлық резервін даярлау» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында жоғарғы оқу орындарын бітірген жас мамандар мен соңғы курс студенттері арасынан білікті кадрлар анықталып, іріктеледі. 
Жастарды мемлекеттік қызметке тарту, ынталандыру бағытында атқарылып жатқан жобалар мен жұмыстар жөнінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев айтып берді. «Ең үздік жас мемлекеттік қызметші» байқауы, спартакиада, «Жайдарман» сайысы, «Жастар кадрлық резерві» жобасы – соның көрінісі. Айта кетейік, бүгінде аймақта 200 мыңнан астам жас тұрады, бұл – жалпы халықтың 26,7 пайызы. 
Салтанатты шарада жергілікті «Томирис» би тобы биден шашу шашып, әр түкпірден жиналған жас мемлекеттік қызметшілер де өнерден құралақан емес екенін дәлелдеп, ән айтып, өлең оқыды. 
Назерке САНИЯЗОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз