Шарапатқа бөленген шаңырақ

128

0

Шарапатқа бөленген шаңырақ1955 жыл. Көктемге салым уақыт. Түскі шайдың үстінде шешем Рахима Бердалықызы Жалағаштың Молотов колхозына Шәменнің баласы Мөрәлі төраға болыпты дегенді айтты. Ол кезде мен Тереңөзек кентіндегі М.И.Калинин атындағы орта мектепте оқимын. Шешем әлгі естіген жаңалығын құдды өз ба¬ласы колхозға басшы болғандай риясыз қуанышпен жеткізді. Шешем өзі Дуана табынның қызы, Қаракеткен ауылында туып-өскен. Алыстап қалған жылдардың ескі суреттерін есіне түсіргендей сәл үнсіз отырған анам қолындағы кесесін бір ұрттап алып, әңгімесін әрі қарай жалғады. 
– Шәмен ағаның үйімен көрші тұрдық. Қауқылдаған ақкөңіл жақсы адам еді. Ісмер, аяқ киім тігеді және ол еңбегіне ақы сұрамайды. Әйелімен екеуі бір балаға зар болды. Айым апамыз құрсақ көтермей жүрді. Бір күндері сол кісілер жол жүріп кетіпті дегенді естідік. Мен ол кезде 13-14 жастамын. Көп ұзамай ауылға оралды. Жұрт айтатын әңгімелерден естігенім: «бұл жақта неғып жүрсіңдер, әулиелерің ауылыңның іргесінде жатқан жоқ па?» дегесін қайтып келіпті. Со¬дан екеуі «қасымыздағы әулиеміз Түмен шығар, сонда барып Аллаға, Әулиеге жалбарынайық» деп тағы да жолға шығады. Араға екі-үш күн салып ауылға екеуі көңілді оралды. Тағы да екі мұңлықтың жұртқа айтқан әңгімесі ел ара¬сына аңыздай тарайды. Шын ниеттерімен Түмен әулиенің басына барып түнейді. Алғашқы екі түнде ештеңе байқалмады. Үшінші түні таң алдында әулие түстеріне еніп, аян береді. Қолында асасы бар, ақ сақалды қария бір перзентке зар болған Шәменге мөр ұстатыпты. Үйлеріне келген соң бір мал шалып, құдайы жолын жасайды. Көп ұзамай Айым апамыз бала көтеріп, шекесі торсықтай ұл туады. Түсіне кірген әулие мөр ұстатқан соң атын ырымдап Мөрәлі қойыпты. Мөрәлі менен 13-14 жастай кіші. Жасынан өте зерек, қабілетті бала болып өсті. Қазір 38 жаста, әлгі колхозға бастық болып келіп жатыр. Тоқберлі табын Ақанайдың Ақшонық де¬ген қызына үйленді. Екеуі біріне бірі сай қосылды,-деп шешем әңгімесін аяқтады. 
Арада біраз жылдар өтті. Осы әңгімеден кейін 18 жыл өткенде Мөрәлі ағамызбен тағдыр жазып, қызметтес, дәмдес болдым. 
1966 жылы Алматы облысының Ақсу ауданындағы аупарткомдағы қызметімді тастап, анамның алдындағы парызымды орындап елге оралдым, анамды туған жеріне қауыштырдым. Алматы қаласындағы жоғары партия мектебін бітіріп, Жалағаш аупарткомында шамалы уақыт қызмет істеп, «Еңбек Қызыл ту” орденді «Коммунизм» совхозына партия комитетінің хатшысы болып ауыстым. Бұл қызметте маған дейін Бибіханша Сайымова деген апайымыз істеп, «Заготскот” мекемесіне директор болып ауы¬сыпты. 
1972 жылдың қыркүйек айының соңғы күндері. Егін аяқталуға жақын қалған. Жаңа жұмысқа қызу кірісіп кеттім. Мөкеңнің денсаулығы жақсы. Ерте тұрып таңғы тоғызға дейін көптеген жерді аралап, атқарылған жұмыстарды өз көзімен көріп келеді. Содан соң гараж, мастерскойдағы жұмыстарды реттеп, 10.00-ден 10.30-ға дейін кабинетінде бо¬лып таңғы шайына кетеді. Содан түстен кейін 14.30-дан 15.00-де кеңсеге оралады. Бұл ол кісінің күнделікті жұмыс дағдысы. 
Бірқалыпты жұмыс ырғағы бұзыл¬майды. Мөкеңнің бір жақсы қасиеті жұмыс барысында ешкімге дауыс көтермейді. Барлық шаруа дау-дамайсыз ретімен шешіліп, атқарылып жатады. 
Мен ол кезде отыздың бел орта¬сындамын. Жаспын деуге болмайды, мойыныма жауапкершілігі зор жұмыс артылған. Оның үстіне партия басқарған елміз. Бәрін партия шешіп жатады. Десе де, ол дәреже аупарткомның төңірегінен төмен түсе қоймайды екен. Партком хатшысы, бастауыш ұйым, цехтық ұйым хатшысы деген лауазымдар қоғамдық жұмыс есебінде жоғары беделге ие бола бермейді. 
Райкомның бюросы бар мәселені ше¬шіп, орын-орнына қойып жатса, біздің партком мәжілісіміз ағымдағы жұмыс¬тарды жедел шешуге, кадрлардың жауап¬кершілігін көтеруге, тапсырылған жұмыстардың орындалуына бақылау жасау сияқты маңызды мәселелерді шешеді. 
Совхоз ірі шаруашылық әр салалы: егін де, мал да, құрылыс та жүріп жа¬тады. Бар мақсат – коммунистерді бір мақсатқа, бір бағытқа жұмылдыра отырып шаруашылықтың экономикасын нығайту, озат ету, орденді совхоздың беделін түсірмеу. Коммунистерді жұмылдыру, сан қырлы ұйымдастыру, іздену, іске асыру директор Мөрәлі Шәменовтың мойнында. 
1962 жылдары аудандар қосылғанда Жалағаш кентінің күні таймасын деп сов¬хоз орталығын осында қоныстандырып, кенттің терістік бетін елді мекенге айнал¬дырып, үлкен демалыс паркін ашып, орта¬сына үлкен мәдениет орталығын салды. Ауданда халық жиналатын жалғыз орын Абай кинотеатры болса, енді екеу болды. Ол қазіргі Оқушылар үйі. Соған іргелес көшенің шығыс бетінен жылу орталығын салып, содан жылу жүйесін қазіргі Мыр¬залиев, қазіргі Өмірбай шешен, Қыстаубаев көшелерінің терістігіне жаңа қоныстанған үйлерге тартты. Үлкен балабақша, қазіргі әуез мектебі, екі пәтерлік 40-50 үй, мұнай базы, №3 бөлімше орталығын, қонақ үй (кейін жедел жәрдем, күндізгі емхана) салынды. 
Кент орталығына толық қамқорлық жасады. Жаңа қоныстарда Ақсу, Мырзалиев, Заводская деген көшелер түсіп, тас төселді, тротуар салынды. 
Аудан айналасындағы «Ахмет базы», «Шошқа базы», «Тоқтамұрат базы», «Бозтай базы», «Төрттам базы» биік дуал¬дармен қоршалды. Үлкен кешендер салынды. 
Мыңға тарта сауын сиыры бол¬ды. Ахмет базында 150 сауын сиырға арналған жаңа үлгіде салынған ке¬шен толық техникаланды. Сауыншылардың жұ¬мысы жеңілдеп, си¬ырлар электр агре¬гатымен сауылды. Үш жерде толық механикаландырылған үлкен қырман болды. Тыңнан «Ақбостай», «Жетіарал» игерілді. Жаңадан су жолда¬ры мен қашыртқылары қазылды. Көзін тауып әскерилердің күшімен Бостайда күріштік жер тегістелді. Қыруар жұмыстар атқарылғанда Мөкең «Ленин», тағы басқа орден-медальдармен марапаттал¬ды, бірақ, ерен еңбектің ері болса да, Социалистік Еңбек ері атана алмады. Алайда, бұл атақты халқы берді. 
Мөкеңнің сыйластары көп болды. Алматыдан келетін ақын-жа¬зушылар, өнер адамдары бірден ат басын Мөкеңнің үйіне тірейтін. Ал, облыс, аудан басшылары Мө¬рәлі ағамызбен өздерімен тең дәрежеде сөйлесетін-ді. 
Мөкең бейнеттен қашпайтын. Қиыншылықтан қорықпайтын. Шаруашылықтың жетістігін көрсетуге облыстық, аудандық семинарлар жиі ұйымдастырылатын. Соның себебімен көптеген мәселелер шешіліп, өте қажетті техникалар мен құрылыс материалдары¬на ие болатын. 
Мен Мөкеңмен аз ғана уақыт қызметтес бодым. Ол кісі сол жылдары науқасқа шалдықты. Бірақ, денсаулығының сыр беріп жүргенін сездіре бермейтін. Мені өзіне жақын тартып, келген қонақтармен бірге болуға, қызмет көрсетуге жиі шақыратын. Сыйлы қонақтардың сөзін тыңдасын, әңгімелерін естісін деген ойы болса керек. 
Алматы облысынан елге оралып, енді орналасып жатқан бізде бәлендей көз тоқтатар дүние, байлық болмады. Мөрәлі аға жомарт жүректі азамат еді. Қарт ана мен 4-5 бала азын-аулақ айлықпен күн кешіп жатқан бізге үлкен қамқорлық жа¬сады. Үлкен парктің батыс жағынан екі пәтерлік үй салып, тұтасымен маған берді. 
Бірде мен жоқта үйге соғып, анам¬мен сөйлесіпті. «Елге оралдыңдар. Енді ешқайда көшпейсіңдер ғой, мына бос жатқан жерге үй салып алыңдар, балаларға ағарған керек, бір бұзаулы сиыр беріп жіберейін, сауып ішіндер деп кетіпті”. Сиырды су алғанша он шақты ай сауып ішіп, балалар мәз болып қалды. Сол кезде «С-100» бульдозер тракторын айдайтын Алексей Родиончик деген механизаторды жіберіп, келешек үй салатын орынға топырақ үйдіріпті және мына көршіңіз Түймебай да Өзбекстан жақтан көшіп келді деп та¬ныстырыпты. Мөкеңдер бір күннің, он күннің, бір айдың жұмысымен жүрмеген, келешекті ойлаған, алдағы істі қалай атқару керек, кім атқара алады, барлығын мұқият зерделейтін, кемел ақылдың иесі еді. Аумақтағы жұмыстар, атқарылғаны, атқарылатыны, бәрі-бәрі көз алдында електен өтетін. Сырқатын сездірмей кешкі қонақасыларға бірге барамыз, ба¬рынша көңілді отыруға тырысады. Кейін білдім. Мөкең түн ұзаққа көз ілмейді екен, сырқаты жа¬нына қатты батады екен. Содан кейін шақырысты жиілеттік. Мөкең ондайда ширап қалатын. Бірде демалыс күні, таңертеңгілік жаңа УАЗ машинасымен жүргізушісі Сайран деген жас жігітті алдырып, маған Кеңтүбектегі шөпшілерге ба¬рып қайтайық деді. Сағат ондардың шамасында жүріп кеттік. Кеңтүбектің шығыс иініндегі қайырға тоқтап, суға түсіп алатын болдық. Мен ыңғайсызданып едім, кел бірге түсейік деген соң шешініп қасына бардым. Сондағы сөзі ойымнан кетпейді. «Біржан шырағым, азды-көпті өмір сүрдік, көп нәрсе көрдік, қанды соғыстан аман оралдық, бала-шаға сүйдік, ризамыз ғой. Десе де, мынау кеселі құрғыр жаныңды жегенде ара түсер ешкімнің, ештеңенің болмауы қинайды. Әйелің де, бала-шағаң да, ағайын-туысың да, дүние-мүлкің де арашасы бола алмайды екен» деп күйзелгенде мен де қоса егілдім. 
Судан шығып ыдыстағы судан сіміріп, қайта-қайта аузын шайып отырды. Шөпшілермен сөйлесті. Жатар орындарын, тамағын, тағы басқа шаруала¬рын сұрастырып қайтуға бет бұрдық. «Мына жерде менің сиыршы Мәжит деген құрдасым бар, соған соғайық» деді Мөкең. Ол кісілер түс мезгілі болған соң бәрі үйінде екен. Дайын шайдың үстіне келдік. Үй иесі іргеде жатқан уақ малдың ішінен бір марқаны ұстап Мөкеңе сыбаға дайындауға кірісті. Мәжит ағамыз бен Сақыпжамал жеңгеміз бала-шағалы, дастарқанды отбасы. Сары шаш¬ты 2-3 жас шамасындағы қыз бала ойнап жүрді. Сол қыз бала, қазірде Қа¬зақстан Респбуликасының еңбегі сіңген қайраткері, ақын, композитор, әнші, бү¬гінде біздің мақтанашымызға айналған Лена Әбдіхалықова еді. 
Мөкең жұмыстың сапасына, қаржыға, жазылған нарядтар мен еңбекақыға қат¬ты қарайтын. Бірде, шешен ұлты өкіл¬дерінен құрылған құрылысшылар бригадасының жұмысын көріп қағазда бар да, орнында жоқ орындалмаған жұмыстың қаржысын кесіп тастапты. Оны естіген бригада мүшелері директор¬ды қорқытып аламыз деген ойға беріліп, түгелімен 7-8 шешен ішінде қарттары да бар Мөкеңнің кабинетіне кірген. Айқай-шу көтерілген сәтте қабылдау бөлмесіндегі хатшы келін¬шек маған келіп жайсыздықты ескертті. Дереу барсам, Мөкеңнің үстелін қоршап алған әлгілер (тіпті біреуінің қолында қан¬жары бар) күш көрсету әдісін қолданып жатыр. Бара салып, «тоқтаңдар, бұл не деген тәртіпсіздік?!» деп айқайладым. Мө¬кеңнің ештеңеден қорықпайтынын, со¬ғысқа қатысқанын, бұл әдіспен ештеңені шеше алмайтындарын ай¬тып, аудандық ауылшаруашылық басқармасына барып құрылыс бөлімімен, төрағасымен сөйлесіп, сосын сотқа беріңдер деп түсіндіріп, тарат¬тым. 
Бірде ақын Әбділда Тәжібаев ағамыз келді. 2-3 күндей Мөкеңмен бірге болды. Бозтайдағы қырманды, тегістелген инженерлік күріштік жерлерді аралап көрді. Кейін Әбілда ағамыз «Ленин жолы» газетінде көргендерін алған әсерлерін топтама мақала етіп жариялады. «Бостайда» деген очеркі үлкен суреткерлікпен жазылған. Бүкіл тіршілікті, еткен еңбекті, диқандардың бейнетін қарапайым тілмен суреттеген. Құдды сурет көріп тұрғандай боласыз. 
Мөкең, белді азамат інілерімен сыйласты, сырласты. Ол інілері де ағаларын құрметтей білді. Камал Бердәулетов, Нағымар Назмаханов, Молдағали Сариев, Асанбек Оспанов, Ұзақ Еспанов, Алдаберген Бисенов, Төлеген Сүлеев деген азаматтар сөз арасында ағаларының қабілет-қарымына риза болып отырушы еді.
Мөкеңнің, Ақшонықтың арты жақсы ғой деп өзімізге басу айтамыз. Шынында да жақсы ғой. Десе де, Айтмұраттың оры¬ны бөлек еді. Пайғамбар жасына жетті де, көп жүре алмады. Оның азаматтығы, ой¬лау қабілеті, іскерлігі, сөз сөйлеу мәнері, тығырықтан тез жол таба білуі ерекше еді. Бір сөзді, мәрт, айтқанын орын¬дайды да, орындатады да, жалған уәде, өтірік сөз оған жат еді. «Зейнетке шықтым, енді ауданның тіршілігіне қолғабысымды тигіземін, бір¬сыпыра жұмыс орнын ашамын, жылқы бордақылап, қымыз өндіреміз. Кент тұрғындарын шөппен, құрама жеммен қамтамасыз етеміз. «Шошқа баз», «Ахмет базды» өндіріс ошағына айналдырамыз, ақша деген қамыс басында, жол жиегінде сыңсып тұрған жоқ па?!» деуші еді қайран інім. 
Айтмұрат бастаған Мөкеңнің ұрпақ¬тары туған ауылында әкелерінің атындағы үлкен мешітті салды. Ол мешіттің іргетасын мықты етіп үш жыл қалады. Алла бұйыртса, енді халық игілігін көреді. Мөкеңнің еңбекқор бейнесі мәңгілікке айналып мешіттің жанында тұр. 
Алла Айтмұраттың ғұмырын келте қылды. Топырағың торқа, жатқан жерің жайлы, жаның жанатта бол¬сын, Айтмұратым. ”Тектіден текті туады, текті¬лік тұқым қуады ” деген сол тектілік жалғасуда. 
Шүкір, Атамұрат, Өмірбек, Балжан, Айжан, Айман, Балқаш секілді Мөкеңнің ұрпақтары өмірде өз орындарын тапты. Өсіп-өніп ұрпақ жалғасуда, Өмірбектің Асылбегі де ауызға іліне бастаған, Мө¬кеңнің немересі, шөберелері де, жиендері де жетіліп жатыр. 
Мөкең 1974 жылы 11 қыркүйекте егін орағының нағыз қайнаған кезінде өмірден озды. «Ерлер майданда өледі» деген рас-ау. Егін науқанын 1-2 күнге саябырсыттық. Мөкеңді жерлеу шарасына араласып, өз қолымызбен топырақ салып, мәңгілік мекеніне қондырдық. 
Енді Мөрәлі ағамыздың алдағы 100 жылдық шарасы лайықты дәрежеде өтуіне әрбір азамат атсалысуы тиіс. Өйткені ел үшін еңбек еткен, халқы үшін қан төккен тұлғаның есімі халық жадынан өшпеуі керек. 
Біржан КӨШТАЕВ, 
Жалағаш кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы, тыл және еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз