ШЕКАРА БЕКЕТІ БАТЫР АТЫНДА

369

0

ҚР Үкіметінің Қаулысымен  «Оңтүстік» өңірлік басқармасы 2019 әскери бөлімінің «Қызылқұм» шекара бекетіне және Қармақшы ауданындағы №269 орта мектепке ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, қазақ даласының хас батыры – Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімі берілді.

Шекара заставасына Жанқожа батырдың есімін беру салтанатты шарасына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл қатысты. Әскери бекетте батыр ескерткіші ашылып, ас берілді.

– Жанқожа Нұрмұхаммедұлы өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел, халық алдындағы парызын адал атқарған перзенттер санатында. Озбыр да өктем жауға қарсы азаттық туын көтеріп, өмірінің ақырғы күндеріне дейін аттан түспеген батырдың аңсаған арманына Елбасы бастаған бүгінгі ұрпақ біз жеттік. Сондай-ақ, Жанқожа бабамыздың ұрпағына «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен қазақтың қасиетті жерін тіреп жатайын» деп аманат қалдырғаны туралы тарихта деректер бар. Әлі күнге батыр бабамыз шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай. Күні-түні еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген шекарашыларымызға бұл асқақ рух, айбат беріп, қайраттандырып, жігерлендіре түсері сөзсіз, – деді  облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Салтанатты шарада Шекара қызметінің директоры генерал-майор Дархан Ділманов және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл да шекарашылар мен тұрғындарға шекара бекетіне батырдың есімі берілуімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», деген болатын. Бүгін, міне, халқына қорған болған Жанқожа Нұрмұхаммедұлы есімінің шекара заставасына берілуінің мәні зор деп айта аламыз, – деді шекара қызметінің директоры Д.Ділманов.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депу­таты Бақытбек Смағұл батыр баба­ға арналған өлең жолдарын оқып, шекарашыларға кітаптар сыйлады.

– Күні-түні еліміздің, өңіріміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген шекарашыларымызға бұл асқақ рух, айбат беріп, қайраттандырып, жігерлендіре түсері сөзсіз. Олай болса, аруақты батыр, айтулы қолбасшы Жанқожа Нұрмұхамедұлының Қазақ елінің тарихындағы алар орнын тағы да бір айшықтауға бағытталған шара баршаңызға құтты болсын!

Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады. Кешегімізге көрсетілген құрмет келешегіміздің баянды болуына жол ашады. Ел тарихында өзінің жарқын істері, жанқиярлық ерліктерімен өшпес із қалдырған Жанқожа Нұрмұхаммедұлының асқақ рухы ел-халқымен мәңгі бірге бола бермек! Батырдың рухы баршамызға жар болсын! – деді Б.Смағұл.

Жанқожа Нұрмұхам­мед­ұлы – 18-19 ға­сыр­да Сыр бойы мен Арал теңізі аймағындағы халықтың ұлт-азаттығы жолындағы күресінің қаһар­маны. Ол – оңтүстікте Қоқан мен Хиуа хандығының шапқыншылығына, батыста Ресей патшалығының отар­­лау саясатына қарсы қозғалыстарды ұйымдас­тырған даңқты қолбасшы. Кенесары ханның тұсында Созақ қамалын қоқандықтардан тартып алу жолындағы жойқын соғысқа қатысқан. 19-ғасырдың ортасына дейін қазақ жерінің негізгі бөлігі Ресей империясының қол астына енгені белгілі. Осының салдарынан хандық биліктің жойылуы, жаңа әкімшілік басқару жүйесінің енгізілуі, қазақтардың құнарлы жерлерден ығыстырылуы қалың бұқараның наразылығын тудырмай қоймады. Қазақ даласының әр өңірінде күрестер жүріп жатты. Ал, Сыр бойында Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған көтеріліс қазақ тарихындағы ең ірі бас көтерулердің бірі болып тарихқа енді.

Қазіргідей Тәуелсіз мемлекет болу жолында жанын пида еткен дарабоз батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімін кейінгі ұрпағына ұлықтау мақсатында көптеген ауқымды шаралар ұйымдастырылып келеді.

Жанқожа бабамыздың жатқан жері қырқыншы жылдары жасалған КСРО-ның әкімшілік картасына негіз болды. Яғни, Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы ретінде белгіленген. Ғажабы, шекара сызығы дәл бабамыз жатқан биік төбені қиып өтеді. Құдды көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған әз батыр ұрпақтарына ата қонысты қадірлеуді, қас қақпай күзетуді мирастағандай. Міне, бүгінде Қызылқұм беткейіндегі №2019 шекара бекетінің шекарашылары еліміздің шебін көздің қарашығындай қорғап тұр.

Жанқожа бабаның әулиелік қасиеттері, киесі болғандығы жайында ел арасында түрлі аңыздар бар. Бабамыз ұрпағына «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен қазақтың қасиетті жерін тіреп жатайын» деп аяғын өзі өмір бойы соғысқан Қоқанға қарата бағыттатуды аманаттапты… Әлі күнге батыр бабамыз шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай. Ал 1992 жылы кесене тұрғызылғанда, «кесененің алдындағы қос жолбарысты аламыз», – деп келгенде болған жайттардың жөні бір басқа. Сондай киелі оқиға әскери бөлім ортасына ор­наласқан батырдың ескерткіш тақтасының шы­мылдығы түсірілгенде куә болдық. Ес­керткіш тақтаның алдына облыс әкімі мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің ықылас гүлі қойылған еді. Осы мезетте ескерткішке қарсы қыран құс зау биіктен көз алмай қарап, бір орында қатып қалғандай болды. Бұл сәтті жиылған қауымның барлығы да көрді. Бұдан сәл ертерек бұрын болмаған көк қырандарының кенеттен пайда бола кеткеніне, дәл ескерткіштің үстінде ғана шыр айнала қалықтағанына қарап, ішімізден жақсылыққа жорыдық. Ескерткіш тақтаның алдынан көпшілік кеткеннен кейін қос қыран да ізім-ғайым жоғалды… Аймақ басшысы сахнаға шығып, ақжарма лебізін білдіргенде осы көріністі тілге тиек етті. «Бабаның біздің ісімізге деген ризашылығы шығар, көк қыранының әп-сәтте пайда бола кеткені тегін емес» деді. Бұл нышанды батыр бабамыздың зеңгір көктен бізді желеп-жебеп жүрген рух-бейнесіндей сезіндік.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Қазалы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз