ШЕКАРАШЫЛАР

151

0

Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ елі ғасырлар бойы ата-бабамыз арман еткен ұлан-байтақ жеріміздің шекарасын бекемдеп, мызғымастай беріктігі мен тұтастығын дәлелдеді. Еліміздің Ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ұлан-ғайыр мемлекеттік шекарамызды қорғауда сарбаздардың сіңірген еңбектері ерлік үлгісімен пара-пар. Күнделікті бетпе-бет келетін қауіптің алдын алатын шекарашылар өмірінен бір үзік сырды назарларыңызға ұсынсақ дейміз. 
Қармақшы ауданының шалғай ауылдарының бірі Қуаңдария елді мекенінде Қосшың шекара заставасы орналасқан. Құмды жердің өзіндік қиындығы көп. Былтырғы жылдың шілде айы. Бір күні таңғы салқынмен отын жинауға шыққан ауыл адамдары әлдебір жақтан дырылдаған мотордың үнін естиді. Бұл өңірде өздері секілді сексеуіл жинағандар мен шекарашылар ғана жүреді. Сосын, дырылдағанына қарағанда көлік емес… Осы ауылдың тап іргесінде «Қосшың» шекара заставасы бар. Капитан Алмас Досқараев басқаратын шекарашылар мен ауыл адамдары бауырмал, аралас-құралас. Қажет болған жағдайда шекарашыларға көмек етіп, қол ұшын беру үшін ауыл тұрғындарынан ерікті жасақшылар құрылған. Құм ішіндегі мотор дыбысын естіген жасақтардың бірі екен. Застава бастығы алдымен ауыл тұрғыны айтып келген аумақты карта арқылы жіті тексерді. Мотор үніне қарағанда құдықтан су тартатын немесе жарық беретін құмның ішіне ыңғайлы дизельді агрегат сияқты… Ал, мұнда отырған шопандар ауылы жоқ. Демек… Бірден Қызылорда шекара отрядының бастығымен байланысқа шыққан капитан А.Досқараев тәжірибелі сардарға болған жағдайды баяндап, аумақты барлап шығуға рұқсат сұрады. Застава бастығын мұқият тыңдаған подполковник Р.Шалахановқа осы оқиғаның астарында әлдеқандай бір қылмыс бұғып жатқандай көрінді. Сондықтан, кешеуілдетуге болмайтынын түсінген ол сол күні шекара отрядының десанттық-шабуылдаушы заставасының басты¬ғын өзіне шұғыл шақыртты…
…Командир берген қосымша күшпен бірге учаскеге аттанған «Дабыл» шекара наряды қашан «УАЗ» көлігі мен мотоциклдің ізін тапқанша бархандар мен қалың сексеуілдердің ішін көп шиырлауына тура келген. Ізге түскен шекарашылар ақыры кешкі сағат бестердің кезінде бір сайдың ішінде қаңтарулы тұрған «УАЗ» көлігі мен «Урал» мотоциклінің үстінен түсті. Төбе басына шыға келген шекарашыларды көріп, өздерінің қапы қалғанын сезген бір адам дереу мотоциклмен қашпақшы болды. Бірақ, кеш қалған еді.
Қалың сайдың ішіне тігілген қоста екі адам қолға түсті. Қызылорда қаласының тұрғындары екен. Олар қарасораны қалай егіп, қалай өсірудің жолдарын өте жақсы білетіндер болып шықты. Жайқалып өскен улы өсімдікті мұқият іздемесе, бірден байқау қиын еді. «Бақшаның» басына сексеуілден қос жасалыпты. Бір қызығы, мұнда «диқандардың» күнделікті өміріне қажетті жағдайдың барлығы дерлік жасалған. Азық-түліктің мол қоры жасақталған. Тамақтарын дайындауға газ баллондарын пайдаланыпты. От жақса, түтінді байқап қояды деп секемденсе керек. Қостың қасында су скважинасы бар. Осыған қарағанда, қарасора өсірушілердің жоспарларын іске асыруға мұқият дайындалғандары көрініп тұр. «Алқапты» суғаруға пайдаланатын дизельді агрегаттың үстінен шыққан кездерінде шекарашылар мән-жайды бірден түсінді. Дырылдаған даусы алысқа кететінін білетін контрабандашылар қылмыстарын жасыру үшін дизельді тек таң алдында, маңайдағы ауыл адамдары ұйқыда жатқан кезде қосатын болған. Тек, олар өздерінің шекара аймағында екенін, мұнда құс ұйқылы шекарашылар мен олардың қырағылықты ешқашан естерінен шығармайтын көмекшілері бар екенін ұмытып кеткен сыңайлы. Ертеңіне келіп жеткен құзыр¬лы мекеме қызметкерлерінің қатысуымен 344 қарасораның көзі жойылды. Сөйтіп, мол пайда табудың жолына түскендердің арам ойлары іске аспай қалды. Застава бастығы, капитан Алмас Досқалиев басқарған операцияға тәжірибелі шекарашылар тартылды. Олар қызмет итінің аға нұсқаушысы, сержант Жеңісбек Бектібаев, ефрейтор Нұржігіт Жүстаев, қатардағы жауынгерлер Рамиль Ирисбеков, Темірхан Ильмурадовтар еді.
Бұл – Қызылорда шекара отряды үшін шекара шебінде өрбіген жалғыз оқиға емес. Соның ішінде бір ғана «Қосшың» шекара заставасының шекарашылары қаншама заңсыздыққа тосқауыл қойды. Бір мысал, өткен жылы заставаның учаскесі арқылы үш жарым тонна мыс пен 700 келіге жуық спиртті көрші елдің аумағына заңсыз асырмақ болған контрабандашылар қолға түсті. Міне, осы жолы да шекарашылар академиясының 2011 жылғы түлегі капитан Алмас Досқараевтың арқасында «ғасыр тажалының» жолы кесілді. Мұны біз шекарашылардың қырағылығына, Отан алдындағы адалдығына теңейміз. 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз